Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 3009 5 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 12:49

Астауы мол, дәмі жоқ, сабаны көп, дәні жоқ...

немесе сана тәуелсіздігі хақында бірер ой

Тәубә, тәу етер Тәуелсіздігіміз бар. Әлімсақтан арман еткен азаттығымыз қолымызда. Дөңгеленген дүниеде дүрбімен көз жетпестей болған дербестігіміз төрімізге тұрақтады. Әттеген-айы сол, есін жиып, етегін жапқан егемен елімізде сумаңдап жау, сұғынған қол келмесе де, ішімізден ірітіп, ішік-тонымызды шірітіп жатқандар жетерлік.

Отбасы, ошақ қасын ұйыта алмайтындар елге ақыл айтып «әлек». Ел ішінде жүргесін, мұндайларды күнде емес, сағат сайын кездестіріп, айран-асыр боп аңтарылып қалатынымызды несіне жасырайық. «Мемлекет бізге алтын-күмісті үйіп-төкпеді» деп өзімен қоса, өзгелерді де емеуірсітіп, ұлтымыздың арын таптап, ішбөрідей белімізден аттап, мемлекет абыройын айғыздағанға мәстір. «Кеңес тұсында ас та төк заман еді, не ішеміз, не жейміз... мәселе жоқ» деген қара күйедей қара ниеттілерді естігенде жаға ұстаймыз. Мұның бәрі құлдық сана екенін бейбіт күнде түсіне алмай жүр ме деген ойға қаласың. Әңгімені әріден ақтарайық. Бәлкім, оқығанның ойында, естігеннің санасында сақталар.

Кеңес бізді қалай отарлады? Әбілқайырдан басталған саясат екі ғасыр бойы ұлт санасын сілкіледі. Аттың жалында, түйенің қомында түнеген бабаларымыз жоңғарлармен, оңтүстіктегі Орта Азия хандықтарымен тізе бүкпей тіресті. Қазақтың 1723-1730 жылдардағы Отан соғысынан кейін саяси элитасы сыртқы жаулардан қорғануда Ресей империясының «қамқорлығын» қабыл алуға мәжбүр болды. Отарлық саясат сол сәттен басталды.

19-шы ғасырдың 20-шы жылдарында өлкені басқару жөніндегі арнайы заңдарын шығарып, ішкі Ресейдегідей тәртіп енгізді, қазақ елін империяның әкімшілік жүйесіне түбегейлі қосты. Жылдар желеуі желбіреген сайын халық санасында өзгеріс пайда болды. Бұрынғы жақсы қасиеттерінен алыстап, билік өкілдеріне жағыну үшін өтірік сөйлеу, жала жабу белең алды. Мұның бәрі құлдық сананың көріністері. Осы турасында Хакім Абай:

«Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап, – дейді өзінің өлеңінде.

Рас, қазақ қашан да қасқыр мінез, жолбарыс жүрек ұлт болған. Осынау қасиеттерімен талай дала заңында жараланды һәм дараланды да...

Өкініштісі, алдымен патшалық Ресей тік мінезді турашыл қазақты жағымпаздыққа, халқына опасыздық жасауға үйретті. Құлдық сана ана болатын қызымыздың етегін ашты. Қырма сақалдыларымызды құдай алжастырды, қымызымызды шайтанның шайы алмастырды. Нәтижесі көз алдымызда: ұлтын сататын опасыздар, дүниеқоңыз дүдәмалар, тасжүрек ана, қоқыстағы бала, безбүйрек әке жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Ол аз десеңіз, ешкімнің ала жібін аттамаған алаш ұрпақтарын жалған ақпар беруге, сұғанақтыққа, баукеспелікке, еңбек майданында көзбояушылыққа үйретті. Кеңес тұсында ет комбинатындағы еңбекшілер зауыттардан ет, сүт ұрлап машықтанды. «Көктегі қыранды жердегі жем ұятқа қалдырады» демекші, тауда туып, тасында түлеген баһадүрлер ұрпағы құлдық сананың кесірінен құрып бара жатқан ұлтын емес, қуыс құлқын ойлап әдеттенді.

Халықтың шырайы, ұлттың ұяты болған қыздарымыз жезөкшелікке салынды, қазақ болмысында жоқ қарттар үйі қаптады.

Ол аздай, сонау 1944 жылы 10 сәуірде Мәскеуде тарихшылар кеңесінде қабылдаған тезисте: «Кіші халықтарды үлкен елдердің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын объективті-прогресшіл факт (отарлау)» деп ашық көрсетті. Әңгімемнің әліппесінде айтқанымдай, аста-төктің артында сайқал саясат тұрғаны осыдан-ақ белгілі. Мұны көрген дана Абай:

«...Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық,

Аздырар адам баласын» деп ашынды. Есті сөзге тоқтайтын есті құлақ қайдан? Әттегені сол, алаш арыстары осынау қасіретті сезген еді. Әйткенмен, патшалық Ресей елдің егесі һәм шегесі болатын азаматтарымызды жатып ішер мешеу қылды.

Мұнда да хакім Абай:

«Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның», – деді.

Осы арада тіпті, ұлтымызды ғұрпынан айырды, ата-дәстүрінен алыстатып, тамырынан ажыратуды көздеді. Тіпті, генерал-губарнаторларды «жарты құдайы» деп көкке көтерді.

Не керек, түмен сөзге тоқтаған текті халық отарлық жетпіс жылда астауы мол, дәмі жоқ ас ішіп, сабаны көп, дәні жоқ күй кешті. Осынау құлдық сана қамытын күні бүгінге дейін шеше алмай келеді. Масылдыққа еті өліп, құлқынның қамын күйттеп әлек. Яки, санамыз тәуелсіздік алмады.

Сана тәуелсіздігі дегеннен шығады, жуырда Смағұл Елубайдың «Қылмыс қайдан шығады?» мақаласын оқыдым. Әліппесінде бұл сұраққа төтесінен жауап беріпті белгілі жазушы: «Адам санасына сайтан салған ойдан шығады» - депті. Рас-ау. күңгірт ойлар сайқал саясатқа айналып, елімізді талан-таражға түсіргеніне тағы да тарих таразы.  Сонау ХХ ғасырда Маркстің маңдайынан жел ескен, Ленин, Сталин, Мао, Пол Поттардың жазушы айтқандай «сайтан салған ойлары» жүз миллионнан астам жазықсыз жандарды жаһаннамға жіберді. Тіпті, теріс идеологиямен санасын тілімдеп, ата дініне тас аттырды. Оған дәлел десеңіз айтайын: «Дін – апиын» деген сол Маркстің теориясы емес пе? Жойқын соғыстарда жаназасыз бақилық болған миллиондардың сүйегінің үстінде «сайтан ой ойнақ салды». Сөйтіп, ХХ ғасыр тарих беттерінде қанды кезең боп қалды.

Ол аз десеңіз, Гитлердің санасында сыбырлаған «сайтан ойын» саралаңыз. «Арилерден өзге жұрт адам емес!» дегені террористік теория емес пе? Салқын түннің қалың шығындай бір сәтте фашизм жалпақ жұртты жайпады. 50 миллион адамның өмірін жалмады. Елдің аймаңдай азаматтары «Халық жауы» боп шыға келді. Ауқаттыларынан құтылды. Оның салдары – ашаршылық. «Сорбұлақтың басындағы сорды» Голощекин жалғап әкетті. Басын тауға да, тасқа да соққан қазақ енді құзғынның тырнағына ілінді. Тарихта «Кіші қазан төңкерісін» сол сайтан ойын «ойнақтату» арқылы жасаған Голощекин тағы да жазықсыз миллиондардың қанын мойнына арқалады.

Жылдар жылжыған сайын суылдай соққан суық жел елімізді тоңдырғаны былай тұрсын, көрімізді қазуға күрек ұстатты. Қаймақтарды қырып алды, ауқаттыларымызды аударып салды. Не керек, большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин қазақ даласындағы ашаршылықты көріп: «Маркстік теория тұрғысынан келгенде қазақ тәрізді экономикасы артта қалған  халықтың аштан қырылып жатуы заңдылық» деп мырс етті. Әрбірі келіп елді сайтан ойымен буындырған арқанның түйінінде тұншығып кеткен шер-мұңды білмеді-мыс сол Тоболин? Мұның өзі еркіндікке шөлдеген елдің айылын жимай, рухын тұншықтырып, санасын улаудың әрекеті-тін.

Хош, тағдыр талайында сан сүріндік, сан құладық, сонда да ақ сәулесін шашқан арманымыздан адаспадық. Көкбөрідей көкке қарай ұмтылдық. Досымызға құшақ аштық, дұшпанымызға қанды қылыш тостық. Сөйтіп, егемендігімізді алдық. Жер асты кенге, жер үсті төлге толған осынау ұлан-ғайыр өлкенің бүгінгі иесі де біз, киесі де біз: Біртұтас ұлт, берекелі қоғам, Әділетті де қуатты мемлекет!

Ендігі мәселе жалғыз: ақ найзаны қолға алып, шекарамызды қанымен сызған, қабырғасымен уығын қадап, даналығымен дауды шешкен дала данышпандарының жолын жалғау.

Түйінінде ойдан ой қозғайық: еркіндік еркінсу емес, еркін сөйлеу. Ендеше, Шәкәрім айтқандай, «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбекті» серік етейік! Дала тәуелсіздігін мәңгілік мұратымен арналастырып, әділеттілікті аңсасақ, сана тәуелсіздігін алатын күн туды.

Қайнар Жұмағожа

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371