Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3108 16 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 12:50

Тақиясына тар келген... территория

немесе агрессордың ағынан жарылуы

«Жаңа территориялар пайда болды. Міне, Ресей үшін қажет нәтижелер. Бұл маңызды мәселелер. Несін жасырайық, Азов теңізі де РФ-ның ішкі теңізіне айналды, бұл маңызды нәрселер».

Міне, күні кеше Бішкекте ЕАЭО саммитінде (айтқан жері мен аудитория да маңызды!) Ресей президенті өзі «арнайы әскери операция» деп атауды талап етіп жатқан Украинаға қарсы соғыстың шын мәніндегі, түпкі мақсатын ресми түрде жария етті.

Соғысты жариялар алдында ол бұл соғыстың негізгі мақсат «денацификация». «демилитаризация» деп жариялағаны естеріңізде болар. Яғни, Украинаны «ұлтшылдықтан арылту», «қарусыздандыру» сияқты миссиялар мен міндеттерді атаған-ды. Қырымды аннексиялауға қатысты «біз орыстілділердің құқын қорғаймыз» деп ақталғаны естеріңізде болар.

Сырын айтамын деп, шынын айтқан осы шығар.

Бұдан біз, қазақтар, нендей қорытынды шығаруымыз керек?

Біріншіден, дипломатия саласында әлем алпауыттары ядролық қарудан бас тартқаныміз үшін еліміздің жер тұтастығына кепілдік берген Будапешт келісім-шартын Біріккен Ұлттар ұйымы арқылы бекітіп алу. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресей бар екені белгілі ғой. Ол да қолын қойып, дүйім жұрт алдында бекітсін. Әйтпесе, Будапешт келісім-шарттарына қатысып, әлемдік державалардың кепілдігіне сеніп қалған Украинаның жағдайын өз көзімізбен көріп отырмыз ғой.

Екіншіден, жерімізге ешкімнің көз алартпай, қол сұқпауы үшін қосымша кепілдіктерді де қарастырған жөн. Мәселен, таяуда Қытай мен Түркия басшылары сол туралы мәлімдеді. Ол – Қазақстан дипломатиясының жеңісі. Бірақ, ол жеткіліксіз: игі ниет ресми түрде бекітіліп қойып, заңды, бір-біріне міндет жүктейтін мәртебеге ие болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Үшіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы «достық», «тату-тәтті көршілестік», «стратегиялық әріптестік» және басқа да тәп-тәуір сөздерден құралған келісім-шарттарға сене бермей, еліміздің жер тұтастығын қамтамасыз ететін тұстарын қайта рәсімдеп алған жөн.

Төртіншіден, Кремльдің шынайы аннексиялық ниетін әшкерелейтін ақпаратты ел ішінде кеңінен тарату. Әйпесе, түпкілікті қожайындары Мәскеуде отырған қаншама БАҚ Қазақстанджа өзін емін-еркін сезініп, ойына келгенін істеп жатқаны рас. Соның ішінде, іштей және жария түрде Ресейдің неоимпериялық саясатын қолдап, тиісті ақпараттық насихат жүргізіп отыр. Соған тегеурінді тойтарыс беретін кез келді. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан тиісті саяси ерік-жігер мен тапсырыс болмаған соң, өзіміздің отандық (ішінде қазақтілдлері де бар) БАҚ та осы өткір де өзекті тақырыптан бойын аулақ ұстап, қашқалақтайды. Сөйтіп, ел ішіндегі «бесінші колоннаның» қолтығына су бүркіп, «ватниктер» армиясының қатарын көбейте түседі.

Бесіншіден, соңғы кезде қоғамдық пікірде «билік ел ішінде дүрбелең боп қалса, жер тұтастығына залалын тигізуі мүмкін ішкі және сыртқы қауіптер туралы әдейі айтады: ешқандай да қауіп жоқ, біздің жерімізге егкім де көз алартып отырған жоқ. Оның бәрі оппозициялық ұмтылыстарды, митингілер мен шерулерді болдырмаудың амалы ғана» деген идеологема тарап кетті. Көп адам соған сеніп қалды. Путин соның бәрін жоққа шығарып жатыр емес пе? Билік үшін таласып, өкіметпен қасарысамыз деп жүріп, жерімізден айрылып қалмайық!

Әзірше осы. Қалғанын уақыт көрсете жатар. Путин тағы да ниетін білдіре жатар. Не болса да, бәріне дайын болуымыз керек.

Әміржан Қосан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489