Сот шешімі: «Кублей» мен әкімдік соты жалғасады...
Бүгін Орал қаласындағы ет, балық және көкөніс консервілерін өндіретін ірі зауыт – «Кублей» кәсіпорнына қатысты сот отырысы өтті. «Кублей» кәсіпорны Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың үстінен облыстық сотқа шағым түсірген болатын.
Себебі, 23 қарашада Орал қаласының соты «Кублей ісіне» қатысты өндірістік істі тараптардың ымыраға келуі үшін тоқтатқан. Бірақ, «Кублей» зауыты қалалық әкімдікпен ымыраға келуге қарсы. Олар істің тоқтатылуын заңсыз деп атап, аппеляциялық сот алқасына шағымданған. Бүгін судья Айгүл Маштақова «тараптардың ымыраға келіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге қарсы екеніне көзіміз жетті, сондықтан сот ісі әрі қарай жалғасатын болады», - деп шешім шығарды.
Сондай-ақ, оның айтуынша, судья Жорабаевтың әрекетінде заңсыздық деректері жоқ. Мәселені бейбіт жолмен шешуге ынталандыру мақсатында судья өндірістік істі тоқтатуға құқылы. Алайда бұл жағдайда судья өндірістік істі 10 жұмыс күніне ғана тоқтата алады.
Естеріңізде болса, бұған дейін Орал қаласы әкімдігі мен «Кублей» зауыты арасындағы жанжал туралы егжей-тегжейлі жазған едік. 700 адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бүкіл Қазақстанның ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосып отырған кәсіпорынды Орал қаласының әкімдігі жаппақ болған.
Кублей зауытының өкілдері екі жыл бойы әкімдікпен соттасып жүр. Оның себебі, 2020 жылы Орал қаласының әкімдігі зауыттың іргесінен тұрғын үй салуға қаулы шығарады. Зауыт өкілдері қаулының заңсыз екенін дәлелдеп, арыз түсіріп, ақырында облыстық сот 2020 жылдың 28 желтоқсанында сол кезде Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтің шығарған қаулысын негізсіз деп таниды.
Соған қарамастан, әкімдік соттың шешімін бел ортасынан басып, БҚО әкімдігіне тікелей қарасты мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесі «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне құрылыс жұмысын монтаждауға рұқсат береді.
«2020 жылы 28 желтоқсан күні облыстық соттың шешімі шыққаннан кейін, Ғали Есқалиевке тікелей бағынатын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тұрғын үйді салуға рұқсат құжаттаманы бере бастайды. Зауыттың 6 ай бойы бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Ешкім қарамайды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы алты ай бойы тексерісті ашпады. Содан кейін, сол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы және Ерменовтердің үйін дайындаған жобалау компаниясының басшысы туған ағайындылар болып шықты. Оларға қылмыстық іс қозғап, тергеу керек еді. Бірақ, оны жай ғана қызметтен босата салған. Бірақ ең келтірілген залал қандай? Алты ай бойы тексерісті ашпағаннан кейін, Ерменовтер бүкіл үйді соғып, бітіріп, сатып жіберген», - деген болатын Бақытжан Базарбек.
Әкімдіктің заңсыз іс-әрекетінен тек қана зауыт емес, пәтерді сатып алған тұрғындар да зардап шегіп отыр. Олар әлі күнге дейін үйдің құжатын қолдарына алмаған.
Айта кетейік, Бақытжан Базарбек Орал қаласының әкімі болған, қазір БҚО әкімі аппаратының жетекшісі Абат Шыныбековтың, БҚО әкімі болған Ғали Есқалиевтің үстінен, Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Күлбаевтың үстінен іс қозғайтынын мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, егер соттың шешімі «Кублей» зауытының пайдасына шығарылмаса, 2024 жылы зауытқа тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейді. Бұл дегеніміз экологиялық сараптаманың қорытыныдысы болмайды деген сөз. Ал бұл құжаттар болмаса онда тауарларға декларация берілмейді.
Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары малымызды сатып алатын облыста басқа ірі ет комбинаты жоқ дейді. Егер зауыт жабылса, үнсіз қалмаймыз, бәріміздің де бас көтеруімізге тура келеді деп отыр.
«23 қазан күні судья Жорабаев шешім шығарады деп үміттендік. Бірақ ол кеңесу бөлмесіне кетіп, ақыры тараптарды татуласуға шақырды. Ол 23 қазанда шешім шығарып тастауы тиіс еді. Уақытты созды- созды. Оның әрекеті азаматтық процессуалдық іс жүргізуге сай емес. Жорабаев ҚР Азаматтық процессуалдық іс жүргізу кодексінің 273 бабын негізге алып, өзара ымыраға келуге шақырғанын айтты. Бұл жерде медиация бар, ымыра жоқ. Сондықтан мен қалайша ымыра келу керектігін мүлдем елестете алмаймын және заңның талабы бұзылған деп санаймын. Өндірістік істі тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Ымыраға келу туралы қаулының күшін жойып, істі экономикалық соттың қарауына жіберуіңізді сұраймын», - деді «Кублей» ЖШС тағы бір қорғаушысы Жәнібек Башанов.
Айта кетейік, «Кублей» зауытының ет және ет-өсімдік консервілерін өндірудегі үлесі 65%-ды құрайды. Осылайша, бұл кәсіпорын ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар тек Қазақстанды ғана емес, оны Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және т.б. экспорттайды. Бүгінгі таңда консервілеу зауыты 100-ден астам консервілеу өнімдерін шығарады: ет және көкөніс, балық, деликатес, жеміс-көкөніс консервілері, тауық консервілері, дайын түскі ас және сүт консервілері. Зауыт бір ауысымда 200 мың банка консервілерін шығаруға қауқарлы. Батыс Қазақстан облысының 3 мыңға жуық шаруа қожалығы кәсіпорынға ет өткізеді.
«Кублей» зауыты заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталған. Кәсіпорын тәулігіне 70 тоннаға дейін консерві өнімдерін шығарады. Батыс Қазақстан облысында 2021 жылғы қаңтар-қазан кезеңінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет консервілерінің өндірісі 26,1%-ға (3 418 тоннадан 4 311 тоннаға дейін), ет және өсімдік консервілерінің өндірісі 46,8%-ға (405 тоннадан 595 тоннаға дейін) ұлғайған.
Зауыт соңғы үш жылда бюджетке 5 миллиард 652 миллион теңге салық төлеген.
«Кублей ЖШС зауыты жабылуы – шикізаттың жеткіліксіздігімен, ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуі төмендеуімен елдегі ауыл шаруашылығының жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын тауарлар төмендеп, импорттық тауардың ішкі нарықта көбеюіне әкеліп соғады. Зауыттың жабылуының нәтижесінде 700 адам жұмыссыз қалады. Сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді.
Abai.kz