Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3374 0 пікір 6 Наурыз, 2013 сағат 03:57

Еркебұлан Әлімханұлы. Өзбек иммигранттарының қазаққа айналуы мүмкін бе?

 

Қазақстан ұлт саясатында ендігі жерде еуропалық емес, азиялық ұлттарға (әсіресе өзбек пен ұйғыр ұлтына) баса мән беруі қажет. Өйткені бұл мәселе болашақта Қазақстанның басын ауыртар үлкен проблемаға айналғалы тұр...

 

Қазақстан ұлт саясатында ендігі жерде еуропалық емес, азиялық ұлттарға (әсіресе өзбек пен ұйғыр ұлтына) баса мән беруі қажет. Өйткені бұл мәселе болашақта Қазақстанның басын ауыртар үлкен проблемаға айналғалы тұр...

Алдымен өзбек ұлтына қатысты мемлекеттің саясаты қандай болу керек деген мәселеге тоқталайқ. Өзбекстан Республикасының статистика комитетінің мәліметіне жүгінсек, 2011 жылы елдегі жалпы халық саны  - 29 123,4 млн. адамды құрапты, туу мөлшері - 626 881, сыртқа көшіп кеткендер - 184 149 болған.[1] Демек халық саны  - 298 147 адамға артқан. Әрине, бұрынырақтағы жылдармен салыстырғанда демографиялық өсім азайып келеді: «если в 1991-1995 годах население республики ежегодно росло в среднем на 453,8 тысячи человек (среднегодовой прирост - 2,2 процента), а в последующем пятилетии - на 393,3 тыс. человек (1,7 процента), то в 2001-2005 годах - всего лишь на 303,3 тыс. человек (1,2 процента). Темпы прироста по сравнению с началом 1990-х годов снизились почти в два раза, а с 1980-ми годами - в 2,5 раза. Это обусловлено двумя важнейшими факторами: снижением уровня рождаемости и ростом миграционного оттока за пределы республики при стабилизации смертности на достаточно низком уровне.»[2]. Дегенмен өзбек халқының өсімі әлі де болса жоғары. Сарапшылар 2030 жылға қарай Өзбекстанның халқы 36 млн- ды құрауы мүмкін екендігін болжауда.[3]

Алдағы уақытта Өзбекстан территориясының мұнша халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі қиынға соққалы тұр. Халықтың артық өсімі болашақта үлкен проблема болатынын түсінген ресми Ташкент 90 жылдардан бастап «отбасын жоспарлау» саясатын жүргізіп келеді (халық өсімінің жылдан жылға азаюына бұл да септігін тигізуде),  алайда дәстүршіл өзбектерге, әсіресе ауылды жерлердің халқы үшін бұл саясаттың ықпалы әлсіз болып отыр.

Жоғарғы демографиялық өсім жұмыссыздық пен кедейшілікке де жанама септігін тигізіп отырғандықтан, халық тығыз қоныстанған Ферғана, экологиялық зардап шегіп отырған Қарақалпақстан территориясының тұрғындары негізінен сыртқа барып жұмыс істеуге, сонда тұрақтап қалуға тырысуда. Мемлекет те эмиграцияны халық өсімін азайтудың бір жолы ретінде және мүмкін басқа да «ішкі есептермен» оған кедергі болмауда. Ал, өзбек мигранттары Ресей, Қазақстан, Түркия, Араб елдері, Оңтүстік Корея мен Батыс елдеріне дейін тарап жатыр.

Әйтседе Өзбекстаннан келген иммигранттардың негізгі шоғарын Ресей мен Қазақстанның қабылдап отырғаны жасырын емес. КСРО-дан қалған көптеген ұқсастықтарға байланысты бұл елдердің шарттарына бейімделу өзбектер үшін оңайырақ. Алайда, соңғы жылдары солтүстік көршімізде «неофашистік» әрекеттердің көбеюіне байланысты, ол жаққа бару да өзбектерден үлкен тәуекелді талап етуге мәжбүр етуде. Осындай жағдайда олар мүмкіндігінше Қазақстаннан жұмыс табуға тырысатыны анық. Демек ала тақиялы көршілеріміздің негізгі миграциялық соққысын алатын ел (егер экономика бірқалыпты дамыса...) Қазақстан болмақ.

Мұндай жағдайда «не істеу керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстанның алдында екі таңдау бар: бірі - шекараны тарс бекітіп, иммигранттар шоғарын мемлекетке қажетті еңбек күшіне сәйкес ғана енгізу, екіншісі, келген иммигранттарды сіңіру.

Бірінші сценарий бойынша иммигранттармен күресудің тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеп берді. Шекарасын қанша қырағы күзетсе де АҚШ мексикалықтардың, Батыс Еуропа дамушы елдерден келген иммигранттардың ағынынына тосқауыл қоя алмады. Олар мемлекет территориясына өтудің түрлі жолдары арқылы мемлекеттік бақылауды айналып өтуде. Дамыған елдердің өзі заңсыз иммиграцияны жеңе алмай отырғанда шекарасы кең және басым бөлігі тосқауылсыз, көші қон полициясы әлсіз және «жең ұшынан жалғасу» кең тараған Қазақстан үшін онымен күресу, оған қосымша қаржы шығындау ауыр тиері анық.

Ал, екінші жол еліміз үшін салыстырмалы түрде пайдалырақ болмақ. Яғни, Қазақстан иммигрант өзбектерді сіңіруге тырысуы керек. Екінші сценарийдің тиімді жақтары:

  • Заңсыз иммигранттармен күреске қаржы жұмсалмайды, қайта олардың жалақысынан салық алынады;
  • Олардың тапқан қаржысы елдерінде емес, осында жұмсалатын болады;
  • Отбасымен осында тұратын болғандықтан елдің тұтыну қабілетінің өсуіне, қаржы айналымының артуына септігін тигізеді;
  • Бәрінен де қазақ халқының санының өсуіне септігін тигізетін болады.

Ол үшін мемлекет арнайы стратегия жасап, белгілі бір жоспарға сүйенуі керек. Арнайы заң қабылдануы тиіс. Осы заң арқылы оларға азаматтық беру оңайлатылады. Бірақ мемлекет ешқандай әлеуметтік көмек бермейді, қайта бірқатар төмендегідей талаптар қоятын болады:

  • Ең кемі 3 жыл Қазақстанда тұру;
  • Қазақ тілін меңгеру, балаларын қазақ мектебіне беру;
  • Төлқұжатына және басқа құжаттарға қазақ деп жаздырту;
  • Жасы 40-тан аспаған болуы тиіс;
  • Оларды солтүстік облыстарға қоныстандырып, басқа жаққа қоныс аударуы үшін арнайы рұқсат алғызу (осылайша өзбектердің оңтүстікте тұруының, кейін ол өңірге көшуінің алды алынады);
  • Сайлауға қатысу және түсу құқығын бермейтін уақытша азаматтық беріледі (Латвияның латыш тілін білмейтін орыс ұлты өкілдеріне қолданып отырған саясаты сияқты).

­Өзбек иммигранттарын ассимиляциялау саясаты осы ұлттың Қазақстандағы демографиялық үлесін бірқалыпты ұстауға мүмкіндік береді, өйтпеген жағдайда олардың пайызы арфметикалық прогрессиямен жоғарылауы ықтимал екендігін ескеру керек. Әрине, ассимиляциялау үдерісі оңай шаруа емес, оның үстіне қазақтың рулық және жүздік құрылымына олардың сіңісіп кетуі оңай ма, сіңіссе бұл институттың қай жерінен орын алады деген сұрақтардың да көкейге келетіні жасырын емес. Бұлар бұл жүйеден тысқары қалады. Қазақта жүздік институтқа кірмегенімен өз алдына бір-бір ру болып отырған қожалар, төрелер, төлеңгіттер сияқты топтар баршылық. Кезінде Абылай хан әкелген қырғыздарда бүгін бір ру болып елге сіңіп кетті. Ендеше, өзбек иммигранттары да жүзге кірмейтін ру бола алады. Әрі бұлар барған өңірлеріндегі рулық картаға өзгеріс енгізіп, кей жерлердің бір тайпалылығын басқа аймақтардағы өзге ұлттардың басымдығын әлсіретеді... Мүмкін қарақалпақтармен қоса алты алаштың бір баласы етерміз?

Сіңіргенде де бұл саясатты екі топқа бағыттап жүргізген жөн болар. Алғашқысы қарапайым еңбек мигранттары, екіншісі түрлі саланың сапалы мамандары, инженерлер, ғалымдар мен болашағынан үміт күттіретін жастар. Екіншілеріне бірқатар жеңілдіктер жасау арқылы ғана тартуға мәжбүрміз (Қазақстанды аймақтағы ақыл ағынын тартушы елге айналдыратын да стратегия да керек-ақ).

 

ХХ ғасырдың басында қазақтардың саны өзбектерден көп еді. Алайда ХІХ ғасырда  сіңісіп кеткен қазақ руларын айтпағанның өзінде, 1920-21 мен 1931-33 жылдардағы аштық кезінде талай қазақ Тәшкенді паналап, соңында өзбекке айналып кетті, межелеу жылдарында арғы жақта қалып қойған қандастар да ала тақия киіп жүруге әдеттеніп үлгерді, солардың ұрпағының өзі бүгінде бейресми деректерге сенсек, бірнеше миллион болып қалады екен. Сондықтан тарихтың қазаққа жасаған осы бір әділетсіздігін түзету міндеті тұр мойнымызда... Егер өзбек болып кеткен қазақ руларының немесе кейін ашаршылықта ауып барған қазақтардың ұрпағы келіп жатса оларды қайта сіңіру тіпті оңайырақ болады.

Қазақстанға алдағы уақытта келетін өзбектердің жалпы ағынын есептеу қиын. Дегенмен Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен Өзбекстандағы халық өсімінің бәсеңдеуіне қарап, олардың саны 1-2 млн арасында болуы ықтимал деп болжауға болады. Демек осы саясатты дұрыс жүргізсек халқымыздың санын миллион адамға арттыра аламыз деген сөз. Әрине, олардың өздері қазақ бола қоймасы анық, балаларының да қазаққа сіңе кетпесі белгілі, алайда немерелері қазақ емессің десең намыстанатын болады, ал шөберелері...

Әрине, ассимиляциялаудың қиын үдеріс екені баршаға аян. Оның көптеген әлеуметтік проблемалар туындатарлық факторлары бар екендігі де белгілі. Бірақ Қазақстанның алдында оңтүстік көршімізден келетін заңсыз иммигранттармен күрестің ең тиімді жолы осы ғана сияқты болып көрінеді. Сондықтан мемлекеттің алдында оның зардабын минимумға дейін түсіретін, келісіп, пішіліп жоспарланған арнайы бағдарлама жасау міндеті тұр.

Abai.kz



[1] http://www.stat.uz/demographic/  (02.03.2013,  22:15)

[2] http://www.fergananews.com/articles/6410  (02.03.2013,  22:18)

[3] http://www.ifs.du.edu/ifs/frm_CountryProfile.aspx?Country=UZ  (03.03.2013,  23:30)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364