Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3517 0 пікір 6 Наурыз, 2013 сағат 12:02

Жәди Шәкенұлы. Аналар өнегесі

(8 наурыз әйелдер мерекесіне орай)

Мен ес білгенде заман қанша қатал болғанымен ауылдағы қазақы салт-сананың қаймағы бұзыла қоймаған кез еді. Әже, апаларымыздың шалдарының (күйеулерінің) бетіне тік қарап, айғайлап жатқанын көрмейтінбіз. Үйдің ұсақ жұмыстарын үнсіз тындырып, бір-біріне аса инабатпен, сыйласыммен қараушы еді. Иіліп төсек, жайылып жастық болып, жаны ерінің үстінде жүретін сол аналардың өзге де өнегесі көп болатын.

Өз анамнан және оның абысындарынан көбірек көрген сондай тәліматтың біразын еске алсам, төмендегідей ізгі қасиеттері ойға оралады:

Қайын ата, ене, қайын аға, қайын әпке, қайыны, қайын сіңілісі сияқты күйеуінің тіке туыстарының атын тіке атамайды, тергеп айтады. Мысалы: «Қайрақбай» болса - «Жаныма», «Егеу тас», «Дүз қайрар» секілді аттардың бірімен атайды. Намаз деген атамыздың аты кетеді деп бүкіл ауылдың әйелдері «намаз» сөзінің орнына «оқу», «бес уақытқы оқу», жайнамазды - «оқу шүперек» десе, атамыз Өтеудің атына байланысты «өт» немесе «өтеді» деген сөзді қолданбай, «озады», «кетеді», «ары-бері барады» дейтін. Әкемді жеңгелері «кенжем», «еркем», «тентегім» деп атайтын.

(8 наурыз әйелдер мерекесіне орай)

Мен ес білгенде заман қанша қатал болғанымен ауылдағы қазақы салт-сананың қаймағы бұзыла қоймаған кез еді. Әже, апаларымыздың шалдарының (күйеулерінің) бетіне тік қарап, айғайлап жатқанын көрмейтінбіз. Үйдің ұсақ жұмыстарын үнсіз тындырып, бір-біріне аса инабатпен, сыйласыммен қараушы еді. Иіліп төсек, жайылып жастық болып, жаны ерінің үстінде жүретін сол аналардың өзге де өнегесі көп болатын.

Өз анамнан және оның абысындарынан көбірек көрген сондай тәліматтың біразын еске алсам, төмендегідей ізгі қасиеттері ойға оралады:

Қайын ата, ене, қайын аға, қайын әпке, қайыны, қайын сіңілісі сияқты күйеуінің тіке туыстарының атын тіке атамайды, тергеп айтады. Мысалы: «Қайрақбай» болса - «Жаныма», «Егеу тас», «Дүз қайрар» секілді аттардың бірімен атайды. Намаз деген атамыздың аты кетеді деп бүкіл ауылдың әйелдері «намаз» сөзінің орнына «оқу», «бес уақытқы оқу», жайнамазды - «оқу шүперек» десе, атамыз Өтеудің атына байланысты «өт» немесе «өтеді» деген сөзді қолданбай, «озады», «кетеді», «ары-бері барады» дейтін. Әкемді жеңгелері «кенжем», «еркем», «тентегім» деп атайтын.

Аналарымыз басынан жаулық, үстінен көйлек үзбейтін. Өзге түгілі өз балаларының алдында тәнін (тіпті судан кешу үшін балтырын, бала емізу үшін омырауын көрсетпей) жабық ұстайтын.

Үй жұмысы болған - тамақ істеу, бала бағу, киім тігу және оны жуу, үй ішін ретті, таза ұстау, сиыр сауу, отын жағу секілді барлық ұсақ істерді өз мойындарына алып, таңертеңнен қара кешке дейін күйбеңмен болатын.

Балаларының киімінің бүтін, жылы, құрғақ болуына ерекше көңіл бөлетін. Анамыз кешкісін бізді ұйықтатып тастап, аяқ киімімізді, ұлтарағымызды жайып, ертеңгі киер киімдеріміздің кір немесе кір еместігін, жыртылған-жыртылмағанын қадағалайтын. Таңертең ерте тұрып тамағымызды әзірлеп, құмандағы суымызға дейін жылтып, киіміміз жыртылса жамап, түймеміз үзілсе, қадап қоятын. Үнемі өз қолымен суға шомылдыратын. Бір-екі емес, бір үйдегі 9 баласын солай өсірді.

Біздің ауылдың аналарының тағы бір қасиеті қыдырмашы, өсекші, сұрамшақ, суық қолдық секілді жаман аттардан аулақ болатын. Арақ, темекі дегендеріңнің атын естісе аузы-мұрнын басатын. Өзгелермен аса көп араласа бермегенімен өз отбасын тап-тұйнақтай ұстайтын. Күйеулерінің түзден тапқан нәпақасын (табысын) шашпай, төкпей аса үнемшілдікпен істететін. Қандай қиын күнде де үйімізге қонақ келгенде шешеміздің кебежесінің түбінен бір дастарқанға толық жетерлік тағам түрлері табылатын. Өздері жемесе де қонақ үшін деп бір жілік етін сақтап отыратын. Әкеміз сырттан келгенде оты жағулы, шайы қайнаулы тұратын.

Балаларын еңбекшілдікке баулып, қолдарынан келетін жұмыстарды соларға атқартатын. Әрі адал, таза болуын жиі қадағалайтын. Қыздарының қыдыруына қатты тиым салатын.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей аналарымыз инабатты, ұятты, тәрбиелі болғандықтан ұл-қыздарының олардың бетінен алып, сөзін бұрғанын да көрген емеспіз. Қарындастарым шешемнің айтқанын әмір санайтын.

Қыл қысқасы, қазақ аналарында бар қасиеттің көбі біздің шешелерімізден табылып отыратын.

Сөз кезегінде өткен тарих беттеріне бір қайрылып аяулы аналар мен аруларымызды еске алсақ олардың бізге берер өнегесі де аз емес.

Асыл дініміз бойынша, әз ана­лардың ту басында Адам атаның қосағы Хауа анамыз тұрады. Одан кейін аталатын Мұса пайғамбарды тәр­биелеген Әсия ана (Пер­ғауын­­ның зайыбы), Иса пай­ғам­бардың анасы Мәриям ана есімдері бар. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с)   зайыптары - Хадиша, Айша, қы­зы Фатима аналарымыз да ізгіліктің бастауы ретінде аталады.

Томирис - Тұмар пат­шайым, Шыңғыс ханның зайыбы Бөр­те ханым, Көшім ханның зайы­бы Сүзге сұлу, Қазанды би­ле­ген Сүйімбике ханша, қырғыздың Құрманжан датқасы, Айша бибі, Айбике, Бегім ана, Рабия Султан Бегім, Бәйдібек батырдың әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы - Домалақ ана, керей Абақ ана, найман Қызай ана, арғын Қарақабат ана, қыпшақ Алтыншаш ана, кіші жүз Балқы ана, Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш сүлу, Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы Гаухар ана, Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли сұлтанның кіші әйелі Айғаным Сарғалдаққызы, Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан сынды ұлы аналар да тарихтың сан парағын аударып алтын зерімен бізге жетті. Ерлермен бірге найза ұстап, ел қорғаған Бопай ханшан(Әбілқайыр ханның зайыбы), батыр арулар - Әлия, Мәншүкті де еш ұмытуға болмас. Асыл аналардың жалғасындай өнер жұлдыздарына айналған Ұлбике Жанкелдіқызы, Сара Тастанбекқызы, Нұрпейіс келіні Дина, Күләш Бай­сейітова, Роза Бағланова, Ша­ра Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбай, Мақпал Жүніс сынды әйгілі ән­ші-күйші, ақын, бишілеріміз де аз емес.

Бір қарағанда осының бәрі ізгілік, адамдық, батырлық, ақылдылық, өнерлілік, тектіліктің түп төркініндей алтын арқауды ұрпақтарына жалғап жатқан сияқты.

Біздің ауылдың үлкендері сондай аяулы аналардың қатарында Баршабай атамыздың үлкен әйелі Таңжанның бүкіл керейде жоқ жақсы адам болғанын аңыз етуші еді. Өтеу бабамыздың қара шаңырағын ұстаған Мұхаметқали Абыұлының отбасындағы Аққаз Айтбайқызы да (қаратай) сыйлы адам болыпты.

Есіргеп атамыздың кіндігінен тарайтын аяулы қыздарымызда аз болған жоқ. Әйгілі Зуқа батырдың бір әйелі Доди (Қызыке) Тоқымбайқызы, Шынжаңдағы радио-газет саласының саңылақтары - Тұрсын Жолымбетқызы (әйгілі актриса Жанар Сағатқызының шешесі), Қайникамал Жолымбетқызы, қытайдағы қазақ әйелінен шыққан үздік қазына-банк маманы Күлшира Нұрсолтанқызы, ақын Ханышай Мұсаханқызы, аудармашы Қасиетхан Солтанқызы, биші Нұршила Бейсенбайқызы да ауылымыздың ғана емес күллі Алашының мақтанышына айналған, еліне елеулі еңбек сіңірген арулар еді.

Осылайша ананың ақ сүтімен даритын адамдықтың алғашқы мектебі бізді тазалықтың талғарына, адалдықтың ақ жолына, ізгіліктің иіріміне, өнердің биігіне қарай жетелеп отыратын. Сөйтіп біздер түркілікті, мұсылмандықты, қазақылықты түп тамыр еткен аналардың ақ уызына марқайып, жаман болуға қақымыз жоқ деген асқақ қиялдармен есейдік.

Қарындастарым, қыздарым, келіндерім, асыл аналардың рухы сендерге де озық өнегесімен жұғысты болсын!

Мерекелеріңіз мерейлі болсын!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371