Сенбі, 23 Қараша 2024
«Қаңтар оқиғасы»: 2971 11 пікір 5 Қаңтар, 2023 сағат 15:52

ВВС: Құпиясы көп қаңтар...

«2022 жылдың басы Қазақстан тарихында «Қанды қаңтар» деген атпен қалды. Сұйытылған газдың қымбаттауына наразылық бүкіл республиканы қамтып, оның арты билікке қарсы шеруге айналды. Бейбіт басталған шерулердің кейбірі тәптіпсіздіктерге ұласты. Билік бой бермей кеткен тәртіпсіздіктерді жаншып, басты. Бір жыл өтсе де, оқиғаның қалай өрбігені, неге болғаны туралы нақты жауап берілген жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: қаңтар оқиғалары көптеген қазақстандықтың өмірін «дейін» мен «кейінге» бөлді және елдің саяси құрылымын өзгертті»,-деп жазады BBC қаңтар құрбандары туралы мақаласында.

Қаралы қаңтардың ең жас құрбаны 4 жасар Айкөркем президенттің ескертусіз оқ ату бұйрығынан кейін қаңғыған оқтан қайтыс болды.
«Жаңа жылдан бері 7 күн өткен. Алматыда наразылықтар тоқтай бастады. Теледидардан қалада тәртіп орнағаны айтылды. Бірақ интернет қосылмаған болатын. Дүкендерде сауда тек қолма-қол қағаз ақшамен жүріп жатты. Мелдехан отбасының төрт баласы азық-түлік алуға көлікпен қалаға шығады. Олар керек-жарағын алу үшін қаланың тең жартысын айналып шығуына тура келеді. Үйге қайтып келе жатып, Сейфуллин мен Сәтпаев қиылысына келгенде олар Республика алаңына қарай бұрылады. Сол сәтте көлікке оқ жауа бастайды. Рөлде отырған 18 жастағы Айдар кері бұрылып, кетпек болады. Бірақ оқ үдей түседі. Кейін белгілі болғандай, жеңіл машинаға 20 оқ атылған. Жараланған балалар жолдан көлік тоқтатып, жақын жердегі ауруханаға жетеді. Отбасының үлкен қызына 7 жерден оқ тиіп, реанимацияға түсті, ал 4 жасар бүлдіршін Айкөркем қайтыс болды. Балаларын азық-түлік алуға жіберген Айдос Мелдехан сол күні таңертең ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін білмеген еді»,-дейді мақала авторы.

Прокуратураның дерегі бойынша Алматыдағы республика алаңынан өтіп бара жатып, «абайсызда оққа ұшқандар» саны – 20 адам. Бірақ құқық қорғаушылар мұны өте аз деп санайды. Себебі кейбір отбасылар қаза тапқан туыстарын билік өкілдеріне хабарламай жерлеген болуы мүмкін. Қаңтар кезіндегі қарбаласта қанша адамның бақилық болғанын қазір анықтау, шынында, өте қиын.

Қаңтар оқиғалары басталған бес күнде биліктің риторикасы мың құбылды. Әуелі билік мән бермеді. Кейін газ бағасын түсіретін болды, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп баға берді, кейбір қалаларда наразылықтар агрессивті түрде жаншып басылды.

Тоқаев биліктің құламайтынын айтты. 3 жылдан бері елді басқарып келе жатқан президенттің мұндай қатаң шешімін халық көрмеген болатын. Бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, 2019 жылы мерзімінен бұрын болған сайлауда жеңіске жеткен Тоқаевты саясаткерлер Владимира Путин мен Дмитрий Медведевтің тандеміне ұқсататын. Президент қызметінен кеткеннен кейін Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, билеуші партияның басшысы, ұлт көшбасышы, «Елбасы» атағын сақтап қалған болатын (Қаңтар оқиғаларынан кейін бұлар өзгерді). Тоқаев президент болған кезде, ең бірінші ел астанасын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертті.

Бірақ 2022 жылдың қаңтарында Тоқаев бұрын-соңды болмаған қатаңдық танытты. Ол үкіметті тәртіпсіздіктерге жол бергені үшін айыптап, отставкаға жіберді, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен Назарбаевтың басқа да серіктестерін тұтқындады. Тоқаев Мәскеу әскери одағы басқаратын ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. ҰҚШҰ Қазақстанға 3,6 мыңға жуық әскерді жіберді. Оның көпшілігі Ресейден келді.

Билік елде төтенше жағдай жариялады, интернет пен телефон байланысын өшірді. 6 қаңтарда Қазақстанға ҰҚШҰ әскерлері енгізілді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы, Назарбаевтың серіктесі Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды. Оның екі орынбасары билікті басып алу әрекетін жасады деген айыппен ұсталды. Үшеуіне қарсы іс құпия түрде тергелуде. Қаңтар айында комитеттің басқа үш қызметкері өлі күйінде табылды, олардың өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланды.

13 қаңтарға қарай бүкіл ел бойынша 10 мыңнан астам адам ұсталды. Ресми мәліметтерге сәйкес, полиция мен шерушілер қақтығысып, 238 адам қаза тапты, оның ішінде 19-ы қауіпсіздік қызметкері. Әр түрлі бағалаулар бойынша жаралылар бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін артты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандарға қатысты екі түрлі қылмыстық іс қозғалды: кісі өлтіру және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру/қатысу. Бірақ, шынына келгенде, кісі өлтіру фактісі бойынша істер тоқтатылды.

"Істің бірінші санаты бойынша, адам оқпен жараланса, бірақ денесінен оқ табылмаса, онда бұл іс жабылады. Өйткені кім атқаны белгісіз. Екінші санат бойынша, оқ адам денесінен табылса, онда қандай қарудан атылғанын, кімнің атқанын анықтауға болады. Егер әскери немесе полиция қызметкері атқан болса, онда мұндай істер "құпия" тергеледі»,-деді құқық қорғаушы.

Төреғожинаның сөзінше, билік тұрғындарға оқ атқан әскерилерді жазалауға мүдделі емес. Бастапқыда кісі өлтіру деп саналған істер кейін "қызметін асыра пайдалану" деп қарала бастады. Бұл баптың жазасы әлдеқайда жеңіл.
Билік қоғаммен «уағдаласқысы» келеді. «Шерушілерді атқандарды жазаламаймыз, есесіне наразылыққа шыққандарды да «қатты» қудаламаймыз». Бір жыл ішінде кісі өлтіру бабы бойынша сотқа бір ғана іс жеткен.

"Қаза тапқандардың көпшілігі полициямен келісімге келіп, өтініштерін қайтарып алды. Өйткені олардың ешқайсысы қайтыс болған туыстарының «террорист» атанғанын қаламайды. Бұл Кеңес үкіметі кезіндегі «халық жауы» деген айып сияқты әсер етеді. Кейін ондай фамилиямен өмір сүру қиын. Ал өлгендердің кінәсіз екенін дәлелдеу одан да қиын", - дейді Төреғожина.

Қаңтар оқиғаларынан кейін туыстарын жоғалтқандар көп болды. Адамдар мәйітханаларды, ауруханаларды, тергеу изоляторларынан шарлап, бауырларын таппай шарқ ұрды. Құқық қорғаушыларға полицияның тұтқындарды азаптап жатқаны туралы хабарламалар келе бастады.
Полицияның адамдарды аурухана төсегінен тұрғызып, изоляторға сүйреп алып кетіп жатқаны туралы видеолар тарады.

«37 жастағы автомеханик Ермек Әбдірешев 5 қаңтарда үйден кеткеннен оралмады. Екі күн ес-түссіз ауруханада, бір көзінен айырылып жатқан Ермекті есін жия сала, полиция автозакка салып алып кетеді. Жолдан тағы да бірнеше адамды тиеп алады. Тергеу орнына жеткенде, оларды қаз-қатар тізіп қояды. Ермектің жалғыз аурухана халатымен тұрғанын көріп, ұсталғандардың бірі үстіне күрте жабады. Бұл әрекетті бақылап тұрған орган өкілі Ермектің үстіне мұздай су құйып жібереді. Оларды тергеу кезінде де, камерада да азаптайды. Ермекті тергеудің 11-ші күні босатады. Оған дейін сәл-пәл көретін екінші жанары толықтай сөнеді. Ермектің айтуынша, оны көрмейтін болған соң босатқан. Себебі біреудің көмегінсіз дәретханаға да шыға алмаған. Оның үстінен қозғалған іс 7 айдан кейін, істің құрамы болмағандықтан жабылды. Бірақ Ермекті азаптау бойынша іс ашық, еш қозғалмай бір орнында тұр»,-деп жазылған мақалада.

Қараша айында адам құқықтары жөніндегі уәкіл Элвира Әзімова билік азаптауға байланысты істердің 80 пайызын жауып тастағанын хабарлады. Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы өзінің соңғы есебінде атап өткендей, ұсталған адамдарды өлтіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Қаңтардағы наразылықтардың неліктен үлкен масштаб алғанына, бейбіт шерулердің неге тәртіпсіздікке ұласқанына ешкім нақты жауап бере алмайды. Кейбіреулер наразылықтар артында Назарбаевтың адамдары тұр дейді. Қазақстандағы биліктің өзгеруіне кейбір сыртқы күштер ықпал етті немесе қылмыстық топтар наразылықтарды өз пайдасына асырды деген пікірлер де бар.

2022 жылғы қаңтар айынан бері бір жыл ішінде біраз нәрсе өзгерген сияқты. Тұңғыш Президент Назарбаевқа арналған көптеген ескерткіштер тәртіпсіздіктер кезінде құлатылды. Олар қалпына келтірілмеді. «Елбасы» артықшылықтары мен лауазымдарының көпшілігінен айырылды. Тәртіпсіздіктерден кейін үндеу жасап, өзін «демалыстағы қарапайым зейнеткермін» деп атады. Елорданың бұрынғы атауы – «Астана» қайтарылды.

Қасым-Жоомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізді, саяси реформаларды бастады. Президент тек бір рет, жеті жылға отыра алады деген өзгерту енгізді. Қараша айында Тоқаев мерзімінен бұрын сайлау өткізді. Сайлауда оп-оңай жеңіске жетті.

«Тоқаев жаңа Қазақстанды құрып жатқанын айтады, бірақ сайлау ескі Қазақстан стилінде өтті. Оған нақты қарсылас болған жоқ»,- дейді Қазақстанда жұмыс істейтін британдық журналист Джоанна Лиллис.
Оның пікірінше, алдағы жарты жылда "Жаңа Қазақстанды" жаңа сынақ күтеді. Елде маусым айына дейін парламенттік сайлау өтуі тиіс. Қараша айында 2013 жылдан бері алғаш рет жаңа партия тіркелді, бірақ билікке шынайы балама бола алмайды. Тоқаевты шынымен сынайтын және биліктен өз әрекеттері үшін жауапкершілікті талап ететін нақты оппозиция келмейінше, мұның бәрі Назарбаев дәуіріндегі саясатқа ұқсас болып қала береді.

 Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371