Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Саңлақ 88 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 12:33

Пас падишалары

Коллаж: Abai.kz.

Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғаймыз.

Алаңдағы «сиқыршы»

Француз футбблының аңызы Тьерри Анри айтады:

«Андрес Иньеста – негізінен доппен ғана әңгімелесетін жігіт. Алаңда онша сөзге жоқ, былайғы өмірде де көп сөйлемейтін тұйық адам, судыратып сұхбат та бере бермейді. Бірақ аяғына доп тисе, онымен таңертеңнен кешке дейін сырласуға әзір. Егер ол басына кепка киіп ап, көшеде кетіп бара жатса, ешкім танымай да қалады. Андрес – ұяң да сабырлы жігіт, бірақ оған доп лақтыршы, Суперменге айналады! Ол сені шебер алдайтыны сондай, аяқ-қолыңды қатар қармасаң да, тіпті футболкасынан ұстап үлгермейсің – лып етіп өтеді де шығады. Зығырданың қайнайды. «Бәленің» бәрі – оның басында. Ол өте жылдам ба? Жоқ. Денесі аса қуатты ма? Қайдам. Бірақ футбол ойнау үшін не керектің бәрі оның бойында бар. Иньеста көп гол соқпайды, тіпті нәтижелі пас шығару жөнінен де алда болмауы мүмкін. Алайда ойынның ырғағын үнемі сол ұстайды, сол бақылайды. Сен қай кезде алға ұмтыласың, қай кезде артқа қайтасың – шешетін соның қимылы. Командада мергендер бола береді: Неймар, Это’О, Роналдиньо, Месси... Олар өз жұмысын атқарады, бірақ командада ойынның ырғағы мен қарқынын өз уысында ұстай білетін таланттың болуы – мүлде басқа бақыт. Иньестамен ойнау – ғажап!».

Сурет: football-fun-live.com сайтынан алынды.

Расында да, 1984 жылғы 11 мамырда Испанияның Альбасете аймағындағы Фуэнтеальбилья атты шағын қалашықта ерлі-зайыпты даяшылардың отбасында дүние есігін ашқан ол кішкентайынан өзге қатарластарынан ерекшеленіпті: қара торы емес – аппақтығымен, тыным таппас жыбырлақ емес – ұстамдылығымен, үй бетін көрмес қаңғыбас емес – ата-анасының айтқанын ғана орындайтын тәртіптілігімен... Сосын, әрине, айрықша допқұмарлығымен. Осы құмарлықтың арқасында 11 жасында-ақ бала Андресті жоғарғы лигада ойнайтын «Альбасете» клубы өзінің балалар командасына алып кетеді. Бір жылдан соң ол талантты жеткіншектерді таба білетін «Барселона» мамандарының көзіне түседі. Сөйтіп, 1996 жылы «Барселонаның» балалар командасына қабылданады.

Атақты клубтың негізгі құрамында ол алғаш рет 18 жасында алаңға шықты. 2003 жылы тұңғыш голын соқты. 20 жасқа толғанда «Барселонаның» жетекші ойыншыларының біріне айналды. 2006 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп алды, әрі ұлттық құрамаға шақырылды. Содан бері Иньеста бүкіл әлемнің назарынан түскен жоқ. Клубпен бірге тағы үш рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды, Испания құрамасының сапында екі рет Еуропа чемпионы, бір рет әлем чемпионы болды. 2010 жылғы дүниежүзілік додада тартысты финалдың тағдырын да Андрестің голы шешті. Сол жылы ол «Алтын допты» алуға әбден лайық еді, бірақ ФИФА-мен біріккен «Франс футбол» жүлдесін Месси иеленіп кетті...

«Қарға бойлы» қаһарман

2014 жылғы әлем чемпионатының үздік ойыншысы деп аргентиналық Лионель Месси танылды.

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

1987 жылдың 24 маусымында Аргентинаның Росарио қаласында дүниеге келген ол – қарапайым фабрика қызметкері Хорхе Месси мен шағын мекеменің еден жуушысы Силияның отбасында дүниеге келген төрт перзенттің кенжесі. 5 жасынан-ақ доп ойнай бастаған талантты жасөспірімнің талабына қызыққан жергілікті «Ньюэлл Олд Бойз» кәсіпқой футбол клубы оны өз құрамына шақырды. Балақай 10 жас толғанда дәрігерлер оның ағзасында соматотропиннің (бойдың өсуіне қажетті гормонның) жетіспеушілігі бар екенін аңғарады. Оны емдеу үшін айына 900 долларды дәрі-дәрмекке жұмсау қажет болады. Әуелде оның бәрін өз мойнына алған клуб бірте-бірте бұл жағдайды өзі үшін артық шығын санай бастайды.

Міне, осы кезде құйтақандай аргентиналық талант туралы дақпырт Испанияға да жетеді, себебі, бұл елдің Барселона қаласы орналасқан Каталония аймағында Мессилердің туыстары тұратын еді. Дәлірек айтсақ, оның түп нағашылары каталондықтар болып келеді. Солар арқылы бар әңгімеге қаныққан «Барселона» клубының спорт директоры Карлес Рексач жасөспірім футболшының әкесіне арнайы шақырту жібереді. Сөйтіп, қарапайым жұмысшы Хорхе 11 жасар баласы екеуі Испанияға келіп, келіссөз жүргізеді. Нәтижеде Лионель «Барсаның» жастар командасына қабылданады, ал оның ем-домын клуб түгел өзі төлеуге келіседі. Бұл 1998 жыл болатын...

Жасөспірімнің айрықша дарынын байқаған испандықтар онымен 2012 (!) жылға дейін шарт жасасады (кейін бұл келісім 2018 жылға дейін созылды). Ол үшін дене күш-қуатын дамытатын арнайы бағдарлама түзіп береді. Лионель жатпай-тұрмай жаттыға бастайды. Соның әсері болар, ол 16 жасында-ақ «Барсаның» жастар командасының негізгі ойыншысына айналады. Жалғыз ғана кемшілік: қанша уақыт ем-дом жасаса да, оның бойы сол күйі өсе қоймады, бар-жоғы 170 см-ден аспады. Алайда, бой өспегенмен, ой өсті (футболшының өзі де «Мәселе – бойда емес, ойда ғой» дегенді жиі айтады). Л.Мессидің ойын мәнерін көргендер оны «болашақ Марадона», деп бағалай бастады. Расында да, оның доп жетектеуі, кез келген қарсыласты керемет жылдамдықта алдап өте алуы, қажет кезде әріптесіне аса ыңғайлы ғажап пастап шығара білуі көп ұзамай футболға жаңа жұлдыздың келетінін байқатқандай еді.

Ол уақыт та көп күттірген жоқ. «Барселонаның» негізгі құрамына 2005 жылы өткен Лионель бір жыл ішінде-ақ өзін көпшілікке мойындата алды. Оның каталондық туыстары бар екенін негіз еткен Испания футбол федерациясы Мессиді ұлттық құрамада ойнауға шақырды. Алайда, ол өзінің туып-өскен Отанын таңдады. Аргентина ұлттық құрамасындағы алғашқы ойынын Месси 2005 жылдың 4 тамызында Венгрияға қарсы өткізді. Алайда, 70-минутта әріптесін алмастырған ол небәрі үш минуттан соң қызыл карточка алып, алаңнан қуылды! Құдай оңдағанда, бұл тек жолдастық кездесу болатын. Ал оның ұлттық командадағы тұңғыш ресми матчы – сол жылдың 3 қыркүйегіндегі Парагваймен болған ойын еді.

Месси 2006 жылғы әлем чемпионатында 3 ойын ойнап, 1 гол соқты (Сербия құрамасының қақпасына). Өкінішке қарай, аргентиналықтар ширек финалда Германиядан пенальти арқылы жеңілді (2:4, негізгі уақыт есебі 1:1). 2010 жылғы доп додасында да Лионельдің алтын кубок алуға деген үмітін немістер үзді (0:4). Ал 2008 жылы ол Бейжің Олимпиадасына қатысып, алтыннан алқа тақты. Финалда олар Нигерия құрамасын 1:0 есебімен жеңді, жалғыз голды Мессидің пасынан соң Анхель Ди Мария соқты.

«Алтын допты» сегіз рет жеңіп алған Месси ұлттық құрама сапындағы алғашқы елеулі табысына тек 2014 жылғы додада ғана қол жеткізді. Бразилия жасыл алаңдарында Аргентина құрамасы 8 доп соқса, соның тең жартысын Мессидің өзі енгізді. Рас, ол чемпион болуға да лайық еді, бірақ финалда Германиядан ұтылды. Бірақ бұл – Аргентинаның 24 жылдан кейін шыққан тұңғы финалы, ал Месси үшін алғашқы медаль еді.

Ал 2022 жылы Месси әлем чемпионы атанды. Ол биылғы чемпионатта да ерекше көзге түсіп жүр. Екі ойында 5 гол соғып, әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік мерген атанды (18 гол).

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір