Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3688 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 12:42

Бүркіт Аяған. Бізді басқарғандардың бет-бейнесі: Голощекин… қызтеке болып шықты!

 

Голощекин... қызтеке болып шықты!

270213-13

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды кімдер басқарды, жалпы «орталықтан» арнайы жіберілген «қолшоқпарлардың» шынайы келбеті қандай еді? Мемлекет тарихи институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның мақаласы осы жайында ой толғайды.

Кеңестік тарихнамада «орталықтың» өкілдері туралы, олардың адамгершілік, кәсіби қасиеттері туралы сыңаржақты жазбалар сақталған. Алайда, кейінгі зерт­теулер көрсеткендей, «революцио­нер­лердің» шынайы келбеті, мүлдем басқаша болып шықты. Билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телеарналарда партиялық қызмет­керлерді «шынайы марксист» «нағыз ле­ниншіл», «интернационалист» ретінде асыра дәріптеді. Ал, шындығында, олар­дың көбінің білімі таяз, ой-өресінің төмендігі байқалды. Оған ұстазым, белгілі академик Кеңес Нұрпейістің «...В.И.Ленин құрған партияның басқару аппа­ратындағы жетекшілердің кейбіреулерінде тіпті орта білім де жоқ екен, мысалы С.Орджоникидзе бар болғаны бір жылдық ветеринар курсын бітірген. Ал, Алашорда үкіметінің басқару аппа­ратындағы он бес адамның сегізінде жоғары білім бар және білім болғанда қандай!» деген сөздері дәлел.

 

Голощекин... қызтеке болып шықты!

270213-13

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды кімдер басқарды, жалпы «орталықтан» арнайы жіберілген «қолшоқпарлардың» шынайы келбеті қандай еді? Мемлекет тарихи институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның мақаласы осы жайында ой толғайды.

Кеңестік тарихнамада «орталықтың» өкілдері туралы, олардың адамгершілік, кәсіби қасиеттері туралы сыңаржақты жазбалар сақталған. Алайда, кейінгі зерт­теулер көрсеткендей, «революцио­нер­лердің» шынайы келбеті, мүлдем басқаша болып шықты. Билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телеарналарда партиялық қызмет­керлерді «шынайы марксист» «нағыз ле­ниншіл», «интернационалист» ретінде асыра дәріптеді. Ал, шындығында, олар­дың көбінің білімі таяз, ой-өресінің төмендігі байқалды. Оған ұстазым, белгілі академик Кеңес Нұрпейістің «...В.И.Ленин құрған партияның басқару аппа­ратындағы жетекшілердің кейбіреулерінде тіпті орта білім де жоқ екен, мысалы С.Орджоникидзе бар болғаны бір жылдық ветеринар курсын бітірген. Ал, Алашорда үкіметінің басқару аппа­ратындағы он бес адамның сегізінде жоғары білім бар және білім болғанда қандай!» деген сөздері дәлел.

Партия қызметкерлері біліксіздігімен қоймай, қоршаған ортасына қаты­гез, адамдарға мейірімсіз болған. «Қы­зылдардың» қолы тиген жерлердің бәрі қанға боялып, елдің демографиялық ахуа­лы күрт нашарлады. Әрине, бұл құр­ғақ сөздер емес. Мұның бәрін «гор­бачевтық дәуірде» ашылған құпия мұ­рағат қорлары айғақтайды. Мысалы, 1917 жылы Қызылордадағы (бұрынғы Перовск - Ақмешіт) билік, жасы 20-ға жетер-жетпес Иосиф Гержод деген «бұзақыға» бұйырды. Ол соғыстан қайт­қан солдаттар мен тылда қалған «суық қарулы» адамдарды соңынан ертіп, Сыр­дың бойын паналаған. Оның ал­ғашқы қадамы «қызыл террордан» бас­талып, сол баяғы «бұратана» «халықты тәрбиелеу», «адам қылу» сияқты бөспе сөздерге құрылды. Мыңдаған ақмешіт­тіктер Гержодтың «қанды қол тырна­ғына» ілікті, ал қалғандары көрші елдерге қашып, жан сауғалады.

И.Гержодтың өмір жолына қарасақ, революцияға дейін жәй хат тасушы, «пошта қызметкері» болыпты. Соғыс жыл­дарында ғана қазақтың біртуар аза­маттары Тұрар Рысқұлов пен Сұл­танбек Қожановтың тікелей араласуымен ұс­тал­ған. Тергеу-тінту жұмыстары кезінде И. Гержодтың үйінен біршама алтын қоры табылған, соған қарағанда әйелі екеуі тоналған алтынды үйінде жа­сырған болуы керек.

1919 жылы И.Гержод Ташкент Сов­­депінің шешімімен ату жазасы­на кесіледі. Бірақ, Иркутскідегі (Қиыр­ Шығыс) оның серіктестері «револю­ционерді» Таш­кенттен шұғыл алдыртып, сол күні-ақ еркіне қоя береді. Осылайша, ке­ңес­тік саясаткерлер «бір кемедегінің жаны бір» дегендей, оның өмірін «көздің қарашығындай» сақтап қалады.

Одан кейінгі 1937-1938 жылдардағы жаппай репрессиялау, фин соғысы, екінші дүние жүзілік соғыс, жапон соғы­сынан аман құтылған Иосиф Гержод, 1967 жылы Қызылордаға қайтып ора­лады және ұялмай бір көшеге есімін беруді сұрайды. Оның 260 беттік қол­жаз­басында «қазан» революциясының кереметтері туралы ойлары жазылған.

Келесі белсенді революционер - Филипп Исаевич Голощекин (шын есімі Шая Ицкович). Оның саяси портретін алғаш сомдаған академик Манаш Қо­зы­баев болатын. Ол «өте қатыгез, көкірек, барынша беймаза» болыпты. «Қан­ды­қол», «даңғаза» Филипп Исаевич «Кіші қа­зан» саясатын іске асырды, қа­зақ зия­лыларын «сейфуллиншілдік», «мең­­де­шев­шілдік», «сәдуақасов­шыл­дық» деп бөліп, бәрін қуғын-сүргінге ұшыратты.

Ал, өзі арсыз, азғындаған адам бо­лып шықты, яғни «еркектің еркекпен құмарлануы» ауруына шалдыққан. Бұл туралы 1939 жылдың 24 сәуірінде Николай Ежов (ол Қазақстанда, Семейде бірқатар қызметтер атқарды) мынадай мәліметтер береді: «В 1924 году в Семипалатинск со мной поехал мой давний приятель Дементьев. С ним у меня были в 1924 году несколько случаев педерастии. В 1925 году в городе Оренбурге я установил педерастическую связь с Боярским, тогда представителем Казахского облсовпрофа. В том же 1925 году состоялся перевод столицы Казахстана из Оренбурга в Кызылорду, куда на работу выехал и я. Вскоре туда приехал секретарем крайкома Ф.И.Голощекин. Приехал он холостяком, без жены, я тоже жил на холостяцком положении. До своего отьезда в Москву (около 2-х месяцев) я фактически переселился к нему на квартиру и там часто ночевал. С ним у меня также вскоре установилась педерастическая связь, которая периодически продолжалась до моего отьезда. Связь с ним была, как и предыдущие взай­моактивная». Қараңыз: Петров Н., Янсен М. «Сталинский питомец - Николай Ежов».М., 2009. Центральный архив ФСБ. Ф.3., опись 6., д. 3. 420-423 лл.). Партиялық басқару аппаратындағы жетекші қызметкерлердің келбеті, рухани дүниесі (егер солай деуге келсе), міне осындай. Бұл - тоталитаризмнің бір ғана қыры. Жүгенсіз кеткен билік, мәде­ниет­сіздік, адам тағдырын таптау, мұның бәрі - тоталитаризм әлемімен астасып жатыр. Мысалы, 1956 жылы Н.С. Хрущев Қа­зақ­станның оңтүстігіндегі Бостандық ауда­ны мен 500 мың гектарға жуық жерлерін Өзбекстанға беруге мәжбүр етті. Сол кезде республиканың Жоғарғы Кеңесін Жұ­мабек Тәшенов басқарған-ды. «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жақында шық­қан «Жұмабек Тәшенов» атты кітапта мы­­­­на­­дай ойлар айтылады: «Ресми құ­жат­­та депутаттар «қолдады, қуаттады, бірін-бірі құттықтады» деп жазылғанмен, қан­­дай қазақ жерінің бір бөлігін өз қол­дарымен басқа республикаға беріп жатса, қуана қойсын. Амал жоқ, мұны күштінің алдында бас ию деп білгеніміз жөн. Ал, Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының стенографиялық есебінде жазылғандар­дың бәрі кеңестік идеоло­гия­ның сол ке­зең­­дегі көзбояушылығы деп ұғынуымыз керек».

*  *  *

Кеңестік билеуші Иосиф Вис­сарио­нович Сталиннің жеке басын дәріптеуде ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы технологиялық революцияның маңызы зор болды. Өйткені, телеграф, радио ар­қылы жеткен ақпараттардың мүмкіндік­тері ұлғайып, партиялық насихаттау жұ­мыстары КСРО кеңістігін толық қамты­ды. Алғашқыда большевиктер партиясы, сосын коммунистік партия, ал 1936 жылдан бастап - бүкілодақтық коммунистік партиясы, ақырында Кеңес Одағы коммунистік партиясы аталған жетекші компартияның мүшелерінің ерекшелігі неде? Ең бастысы, коммунистер мақсат­ты­лық, тегеурінділік, сенімділік сияқты қасиеттерімен миллиондаған адамдардың жүрегін жаулап алды, сөйтіп қоғамның бірден-бір жағымды саяси күшіне ай­нал­ды. Әсіресе, Германиямен соғыста боль­шевиктердің (синонимі - коммунистер) беделі бұрынғыдан да арта түсті.

Кеңестік насихат соғыстың себептерін бүркемелеумен шектелмей, адам шы­ғынын барынша жасыруға тырысты. Ай­талық, кейінгі деректер бойынша Кеңес мемлекетінің соғысқа дайындықсыз кірісуі, әскери тұтқындардың тағдыры белгілі болды. Мысалы, 1941 жылдың мау­сым-қазан айларында КСРО-ның 3 млн. 900 адамы тұтқынға түскен. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сандар!

Тіпті кеңестік билік отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Алайда, елге оралған соғыс тұтқындары темір торға қайта түсті. КСРО өмір сү­руін тоқтатқанға дейін олардың құқық­тары шектелді, арнайы қызметтің (спецслужба) қатаң бақылауында болды. Ал, Батыста дәл осындай жағдай өркениетті тұрғыдан шешіліп жатты. Олар тиісті тексеруден кейін ел қатарына қосылды, ал кейбіреулері «Тірі қалғаны үшін» медалімен марапатталған.

Бәрінен де өз елінің қорлығын көтере алмаған талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншасы кеңестік концлагерьлерде із-түз­сіз кетті. «Бүйткенімше өлгенім жақ­сы еді ғой» деп бірнеше рет оқтал­ға­нымен жеме-жемге келгенде дәті жетпегендері бар. Еріксіз күрсінесің, көкейде «Апыр-ай, не деген қоғам еді, адамды қор­лау­дың бұдан асқан түрі болар ма?» деген ызалы сауал қалады. «Қазақ тұт­қы­ны» кітабының авторы Сүлеймен Беке­новтің «соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастан­дығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ішкі ойларымен арпа­лы­суы заңды құбылыс.

Осы ретте Үкілі Ыбырайдың «Айна­лайын» хүкімет, Қылғаның қырғын хикмет. Құрсауға салдың сау басты, Маңай­ымды жау басты... Ақиқат жолын тай­ғыздың, Тар түрмеге сыйғыздың. Аппақ қудай шал күнде, Қияметке қиғыздың» деген өлең жолдары еріксіз еске оралады.

Екінші дүниежүзілік соғыста да ке­ңестік әскердің шығыны көп болатын. Мұны партиялық басшылық барынша жа­сыруға тырысты. Мысалы, 1945 жылы И.Сталин 7 млн. адамды жоғалттық десе, 1961 жылы Н.Хрущев оны 12 млн.-ға өсірді, ал КСРО Қорғаныс министрлі­гі­нің 1991 жылғы мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысында 28 млн.-нан астам адам қаза тапқан. Соғыстың ауыр зар­да­бын адамзат басына бермесін деп тілейік.

Осыдан кейін ешқандай еркіндігі жоқ, адам құқықтары тапталған кеңестік мемлекеттік құрылыстың болашағы туралы не айтуға болады?

Кеңестік мәдениет пен тілді дамыту туралы айтсақ, жаппай орыстандыру сая­сатының зардабынан ұлттық тілдегі бала­бақшалар мен мектептер жабылып қалды, өзге халықтарды ана тілінен айыру мақ­саты көзделді. Н.Хрущевтің кезінде КСРО социализмді ысырып, «коммунизм елесін» қуып кетті. 1961 жылғы бағ­дарламада «КСРО 1980 жылдары ком­мунизмге жетеді» деген тұжырым­да­ма болатын. Қайда сол коммунизм? Елес сол елес күйінде қалды.

Кеңестік ар-ождан еркіндігіне келсек, діндердің бәріне бір мезгілде қатаң ба­қылау орнатылды. Жалпы, ленинизм ілімі фетишизмге негізделген-ді, өйткені ол әлемдік діндерді де алмастырды ғой. Ел­дің түкпір-түкпірінде қиратылған мешіттер мен шіркеулердің үйінділері көбейді. Олардың орнына жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған революция кө­семдеріне арналған біртекті (біртипті) ескерткіштер бой көтерді. Тіпті колхоз-совхоздардың да сыртқы келбеті бір-бірі­нен айнымаушы еді. Кеңестік биліктің әлеуметтік саясатының нақты көріністері КСРО-да бірыңғай үлгіде салынған қала­лар мен елді-мекендерден де байқалды. «Социалистік қоғамның» «казармалық» сипаты кеңестік архитектуралық ғима­рат­тардан да айқын көрініп тұрды.

Большевизм басшылары мемлекеттік институттардың бәрін жоққа шығарды. Оның кеңестік типін ғана мойындады, ол қатаң бақылауға негізделген, қоғамның барлық саласын түгел қамтитын органға айналды. Осылайша, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Ангола және т.б. елдерде шексіз, бюрократиялық мемлекеттік аппарат іске қосылып, халқы қанға боял­ды.

Кеңестік дәуірдің әлеуметтік саласы да ақсап тұрған-ды. Қанауды жою­ды (эксплуатация) жақтаған большевиктер, енді жұмысшыларды қанаудың механизмдерін айқындап берген К.Маркстің «қосымша құн» туралы тезистерін бас­шы­лыққа алды. Қанаудың бұл түрі эко­номикалық категория емес-тін, ол адам бол­мысына сәйкес келді. Мысалы ауқат­ты-бай адамдар, қазіргі тілмен айтқанда «меценаттар», қарапайым адамдарды жұ­мыс­пен қамту арқылы қоғамның әлеу­меттік мәселелерін (жұмыссыздық, еңбе­кақы, жатақхана) шешуге тырысты. Ке­ңестік мемлекеттік аппараттың қанаушы­лық рөлі де болды, ол жұмысшылардың маңдай терімен келген пайданы («қо­сым­ша құнды») талан-таражға салды, «түгі­мен жұтқандары да бар». Кейбір шетел ғалымдары біздерді мысқылдап, «homo sovetikus» дейтін.

Кеңестік-Мәскеулік номенклату­ра­ның ең ауыр қылмысы - эксперимент арқылы жасалған «біртекті кеңес хал­қын» құру болатын. Миллиондаған адам­дардың ана тілі мен тарихи тамырлары жоғалып, қойыртпақтанған «кеңес ұлты» пайда болды. Мұның астарында «орыс­тандыру саясатының» жатқанын КСРО басшылары Н.Хрущев, М.Суслов жасыр­ған жоқ, ашық айтып отырды. Осы тұста АҚШ-тағы байырғы халық - үндістердің тарихы еске түседі. Кеңестік тарихнамадан «резервациялауды» көне тайпа - үн­дістерді қудалап, бір жерде ұстау деп тү­сіндік. Ал, шын мәнінде ХVІІІ-ХІХ ға­сырлардағы америкалық гуманистердің (Т.Джефферсон, Р.Франклин т.б.) тұ­сын­да Еуропа халқының үндістерге зорлық-зомбылық көрсетуіне қатаң тыйым са­лын­ды, тіпті оларға кішігірім жер телімдері беріліп, қамқорлық жасалған. Жал­пы «резервация» аймағына АҚШ-тың заңдары жүрмейді, байырғы халықтар өздерінің салт-дәстүрімен өмір сүріп жатыр.

Ал, кеңестік билік не істеді? Олар «бұ­ратана» халықтарды жою саясатын жүргізді, осы мақсатпен миллиондаған адамдарды шет аймақтарға қудалады, сөйтіп 1930-1940 жылдары неміс, корей, кавказдықтар мен Қырым татарларын депортацияға ұшыратты.

Миллиондаған адамның тағдырын осылайша тәлкекке салған жүйені - қа­лайша «теңдік әперген социализм» дейміз?..

Өркениетті елдерде «адам құқық­та­рын шектеу мен ұлттардың намысын тап­тау - аса ауыр қылмыс» саналады және БҰҰ-ның құжаттарымен заңдас­тырылған. Осы құжатты мойындайтын ондаған елдердің тізімінің басында КСРО тұратын. Алайда, тіпті «Женева конвенциясын» мойындамаған КСРО, ондай халықаралық құжаттарға пысқы­рып та қарамады. КСРО әлемдегі бірден-бір «социалистік ел», «коммунизм құры­лысшысы» деп кеуделерін керіп, көрші­лес жатқан әлсіз елдерді қорқытумен ай­налысты.

Сол саясаттың ықпалымен соғыстан кейінгі жылдары, нақтылап айтсақ, 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехослова­кияға, 1979 жылы Ауғанстанға, 1980 жы­лы Польшаға мұздай қаруланған КСРО әскерлері енгізілді. Кеңестік биліктің бұл агрессиясы барынша бүркемеленіп, «ин­тер­на­ционалдық көмек» деп аталды.

К.Маркстің «социалистік құрылыс» экономикасын басқару қағидаларын іске асырған В.И. Ленин, И.Сталин, Н.Хрущев, кейіннен Л.Брежнев пен Ю.Андроповтар, қоғамның барлық саласын мемлекеттендіруді көздеді, сол арқылы мемлекеттік капитализмді одан әрі дамытты. Нарықтық экономиканың орнын жоспар­ға негізделген экономика басты. Партия­лық басқарудың тиімсіз әрі күрделі жүйе­сі КСРО экономикасының тамыры­на балта шапты, экономика бәсекеге қабілетті болудан қалды. Миллиондаған адамдар қанша тырысқанымен, КСРО-ны өндірісті, қуатты елге айналдыра алмады. Нәтижесінде елімізде күнделікті тұтыну тауарлары тапшы болды: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектер жетіспеді. Кол­хоздарға негізделген ауыл шаруашы­лы­ғы кеңес халқын асырай алмады. КСРО жыл сайын шетелден астық сатып алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ, алтын, валюта сату арқылы Австралия, Канада, Аргентина сияқты елдерден бидай алып отырған. Ресми мәліметтер бойынша АҚШ-тан 17 млн. 900 тонна бидай сатып алған (1975 ж.), көп кешікпей оның көлемін 12 млн. тоннаға өсірген. Бұл процесс осылай жалғаса берді.

Мамандардың айтуынша, 1954-1956 жылдары тыңайған жерлерді игерудің де пайдасынан зияны көп болған, тағы да азық-түлік шетелден жеткізілді.

КСРО-да халыққа «жоғары білім беру», «медициналық көмек» сияқты әлеу­меттік салалардың қызметі тегін болды. Осы бір «тегін» деген сөз партиялық үгіт-насихат жұмыстарында ұтымды пай­да­ланылды. Бірақ, бұл «тегіншілік» адам­дардың айлық жалақысын төлеу немесе кем төлеу есебінен жүргізілді. Қазақта «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген сөз бар, яғни тегін дүние болмайды, «судың да сұрауы бар» деген мағынада айтылған.

Тағы бір проблема - адамдарды мүлкінен айыру. Жалпы кеңес халқы жеке меншігінен, басқару ісінен, мәдениеті мен салт-дәстүрінен айырылу қаупін бастан кешірді. Колхоздар мен совхоздар, за­водтар мен фабрикалар «жалпы халық­тық меншікке», яғни бюрократия мен номенклатураның қолына өтті, бұқара­лық мекемелер құрылды, сөйтіп жұмыс­шылар өндіріс құрал-жабдықтарынан айы­рылды. Олардың көбі еңбегінің жемісін көре алмады, теңгермешілік салдары­нан жалақы, сыйақы бөлінген кезде «жо­ғары көрсеткіштері» ескерусіз қалды. Сондай-ақ, мемлекет қоғамдық ұйымдар арқылы адамдарды ынталандырып оты­ру­ды естен шығармады, олардың кеудесін ордендер мен төсбелгілерге толтыр­ды, аты-жөндерін баспасөз арқылы жариялап, ел-жұртымен таныс­тырып қойды, сауықтыру орындарына жолдамалар ұйым­дастырды.

Соғыстан кейін АҚШ-пен текетірес­кен КСРО жанталасып бақты. Бірақ, бә­секеге қабілетсіз КСРО жеңіліп қалды, социалистік идеология мен компартия­ның беделі түсті. Мынадай фактілерді келтірейік, 1991 жылы компартия мүше­лерінің саны 21 млн.-нан 15 млн.-ға қыс­қарып кеткен. Бірақ, компартияны біржолата күйреткен ақырғы соққы 1991 жыл­дың тамызында берілді. Көп кешікпей, билікке келген Борис Ельцин РКСФР аумағындағы КОКП қызметін мүлдем тоқтатты. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Коммунистік партиясы да таратылады. Осылайша, 1991 жыл тарих қойнауына маркстік-лениндік экспери­мент­­тің аяқталу кезеңі ретінде енді. Коммунистік партия кеңес халқына жасаған қиянаттары үшін не кешірім сұрамады, не қоштаса алмады, сол күйімен аренадан шықты.

Кеңестік жүйе арқылы өзін көрсеткен, бұрын-соңды болмаған қатыгез, шексіз билікті қалай ақтасаңыз да, ол бір кездері ар соты алдында жауап беруі тиіс.

Өткен жылы Астана қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құр­бандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бұл, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллион­дардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым» деген болатын. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, тәубеге келу рухани жағынан тазаруға, ілгерілеуге жол ашады.

*  *  *

ХХІ ғасырдағы қоғамтанушылар мен ғалымдардың көпшілігі Маркс «Мани­фе­сінің» бүкіл адамзатқа «зиян­ды кітап» болғанын мойындайды. Кеңестік дәуірде әлеуметтік эксперименттің әсерімен адам­дардың құқықтары шектелді, жан­дары күйзелді, құрбандыққа ұшырады. Бұл жүйе, ХХ ғасырдың 90-жыл­да­рын­да жер-жаһанға өзінің тым әлсіз, бәсекеге қабілетсіз мемлекет құрғанын көрсетті. Бір кездері одаққа біріккен республикалар да кеңестік биліктің осалдығын мойындады, ақыры олар жанталасып, КСРО-ның күйреуін тездетті. Бұл нені көрсетеді?.. Қандай кезеңде де, қандай қоғамда да бюрократия үнемі бақылауда болуы керектігін көрсетеді, олай етпеген жағдайда тоталитаризм күш алып, қайтадан тірілуі мүмкін.

Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396