Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3305 0 пікір 13 Наурыз, 2013 сағат 08:04

Сәбетқазы Ақатаев. Ұлтшыл болу ұят па?

Ұлт қызметіне адал болған аяулы тұлғаның бірі - Сәбетқазы Ақатаев.

Сәбетқазы ағамыздың 1992 жылы жазған мақаласын ұсынып отырмыз.

Мақалада Мемлекет Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы саяси ахуал, Президент Назарбаевтың қолға істері мен жүргізе бастаған саясаты, Желтоқсан оқиғасы, биліктегі рушылдық және тағы ұлт пен мемлекет үшін өзекті мәселелер қозғалған. Қарап тұрсақ, арада 21 жыл өткеніне қарамастан, Сәбетқазы Ақатаев жазған дүниелер маңызы мен мәнін әлі күнге жоғалтпаған екен.

Материалда қозғалған ұлт тағдыры мен мемлекет мәселесі күні бүгінге дейін сол қалпында қордаланып жатқанын көзіқарақты оқырман өзі де білер.

Abai.kz

 

Қазіргі Қазақстанның əлеуметтік-саяси ақыл-ой айдынында ұлтшылдықтың бірімен-бірі қабыспайтын,  біріне-бірі қарсы тұратын екі түрі бар. Бірі - "ұлы", əміршіл, отарлаушы ұлттың қаскөй ұлтшылдығы.  Екіншісі -  жергілікті,  тоналушы,  отарланушы  "кішкентай"  ұлттың  "ұлтшылдығы".  Бұл - қазақтың қара тілімен айтсақ,  ұлтжандылық,  патриоттық.  Демек, ұлтшылдық санына қарай  "ұлы" жəне  "кішкентай", сипатына қарай өктемшілдік жəне азаттыққа ұмтылыс түрінде екіге бөлініп, əлеуметтік əділеттілік өресінен  "жаман" мен  "жақсы" болып бағаланады екен.

 

Ұлт қызметіне адал болған аяулы тұлғаның бірі - Сәбетқазы Ақатаев.

Сәбетқазы ағамыздың 1992 жылы жазған мақаласын ұсынып отырмыз.

Мақалада Мемлекет Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы саяси ахуал, Президент Назарбаевтың қолға істері мен жүргізе бастаған саясаты, Желтоқсан оқиғасы, биліктегі рушылдық және тағы ұлт пен мемлекет үшін өзекті мәселелер қозғалған. Қарап тұрсақ, арада 21 жыл өткеніне қарамастан, Сәбетқазы Ақатаев жазған дүниелер маңызы мен мәнін әлі күнге жоғалтпаған екен.

Материалда қозғалған ұлт тағдыры мен мемлекет мәселесі күні бүгінге дейін сол қалпында қордаланып жатқанын көзіқарақты оқырман өзі де білер.

Abai.kz

 

Қазіргі Қазақстанның əлеуметтік-саяси ақыл-ой айдынында ұлтшылдықтың бірімен-бірі қабыспайтын,  біріне-бірі қарсы тұратын екі түрі бар. Бірі - "ұлы", əміршіл, отарлаушы ұлттың қаскөй ұлтшылдығы.  Екіншісі -  жергілікті,  тоналушы,  отарланушы  "кішкентай"  ұлттың  "ұлтшылдығы".  Бұл - қазақтың қара тілімен айтсақ,  ұлтжандылық,  патриоттық.  Демек, ұлтшылдық санына қарай  "ұлы" жəне  "кішкентай", сипатына қарай өктемшілдік жəне азаттыққа ұмтылыс түрінде екіге бөлініп, əлеуметтік əділеттілік өресінен  "жаман" мен  "жақсы" болып бағаланады екен.

 

Əдетте,  орталықтары қызыл комиссарлар бұратана басшыларды мақтағанда - "нағыз интернационалист",  ал табалағанда  - "барып тұрған ұлтшыл" деп, таңбалайды. "Интернационалист" болып атанған басшы бұған шен алмаса да, разы болып жатады. (Мəселен, Камалиденов, Меңдібаев, Юсупов жəнет.  т.),  ал  "ұлтшылдық"  қоңырауы тағылған басшы  (мəселен, Тəшенов,  Дəуленов)  орнынан жұлынып,  ісі тергеуге кетеді. Жергілікті басшыларды бұлайша "тəрбиелеу" жаппай тəсіл сипатын алып,  бала бақшадан бастап,  совпартмектебі жүйесіне дейін жайылды. Аудан мен ауыл деңгейіндегі басшылар арнайы совпарт мектепті бітірмей-ақ мұны "100  процент"  іске асыруда: қазақты қылқындырып,  қазақ еместі көтеріп отырсаң болды. "Интернационалистік" философияның жабайы мəні үлкен ұлттың сойылын соғып, өзіңді-өзің тежеумен түйінделеді.

Көне грек философы Фразимах: "Əділет дегеніміз - күштінің сөзін сөйлеу"  депті. Сонан бері бұл түсінік өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Мұның шың басына шықты-ау деген сəтін бастан кешіріп жатырмыз. Философия тарихынан бейхабар жандардың бұл концепцияны жақсы меңгергендігіне таңым бар.

-  Ұлтшылдық жаман! -  деп,  бұратана халықтарға зеки сөйлеген орыс шовинисі өз ұлтшылдарына қарап, - Жарайсың, патриотым! - деп, арқасынан қағып, еркелетіп жатады. Ондайларына шен тағып, атақ-абырой ұсынып, аузынан тастамайды. Орыс ұлтшылдарының баршасы - "ұлы".  Олар отаршыл соғыстарға қатысып,  шен алған Пушкин,  Лермонтовпен ғана,  немесе құмықтарға қарсы соғыста жүріп олардың тілін үйренген Лев Толстоймен ғана шектелмейді. Бұратана ұлттарды қаламымен ғана қан қақсатып жүрген Д. Лихачев пен В. Быковтар неге тұрады?..

-  Ұлтшылдық жақсы! -  деп күбірлесіп,  ішінен тынады бұратана халық өкілі.  Айтқан сөзі дастархан басынан аспайды, қатты айта алмайды. Өйткені бұл сөзді орыс ұлығы естісе түрмеге қамайды,  жəбірлейді,  жасқайды.  Даусы қаттырақ шыққандарды өз билеушілері-ақ ауыздықтап отырады. "Ұлтшылдығы"  үшін зəбір көрген,  таяқ жеген аз санды халықтардың ішінде сормаңдай қазақ та жүр. Ұлтын сүйгендігі үшін жаза кесу, "итжеккенге" айдау жағынан коммунистер патша отаршыларынан да асып түсті. Қазақстанның халқын қырып,  жерін тозаққа айналдырды. "Үлкен" ұлттың ұлтшылдығы қазақ халқының мойнына бұғау болып түскенін интернационализмнің жарқын көрінісі деп, арқамыздан қағып, күле сөйлеп, мəз қылып отырды.  Ал,  шынымызды айтсақ,  біздей көнбіс халықтың отаршылдыққа қарсы қойылатын ұлтшылдықтан басқа қаруы

да жоқ еді. Ұлтшыл болмағандықтан - жерден айрылдық.

 

М. Шахановтың  "қазақ ұлтшылдығы жоқ" дегеніне қарсымыз

Ұлтшыл болмағандықтан -  Еділ мен Ертістен,  Іле мен Есілден айрылдық. Енді елден айырамыз деп қоқаңдайды қара орыс.  Сонда ұлтшылдықтан басқа бізде не қалды? Демек,  отаршылдық үдеген сайын ұлтшылдық та дəуірлей

түсіп,  отаршылдық бəсеңсісе -  ұлтшылдық та бəсеңсіп отыруы заңды.  Ұлтшылдықты қоздырушы күш -  отаршылдық. Ұлтшылдық өздігінен өзі тумайды.  Оның себебі бар. Отаршылдық қысымның кез-келген түрі кездесе беретін Қазақстанда ұлтшылдық бар, бола береді, бола беруге де тиісті. Сондықтан Желтоқсан оқиғасының шындығын əлемге əйгілеп, қазақтың алғысын алған М. Шахановтың  "қазақ ұлтшылдығы жоқ" дегеніне қарсымыз. Қазақ халқының бүгінде дүниеде бар болып, жасап жатқаны рас жəне келешектен үміті болса, ол - қазағымның бойында ең əуелі ұлттық асыл қасиетінің жоғалмағандығы мен рухының тозбағандығының арқасы.  Ал оған біздің қожайындарымыз қалай ат қояды -  оны өздері біледі.  Өзімізге беймəлім,  бірақ басқа елдерде дүниежүзін дүрліктірген  "қазақ құпиясы" ("казахский феномен") деп аталған жаңа құбылыстың есімі - осы.

Сөйтіп біздің қарсыластарымыздың ұлтшыл дегені біздің бойымыздағы асыл да,  киелі қасиетіміз екен.  Бұны қазақтың қасиетті жеті қазынасының бірі деп есептеймін өз басым. Ондай саяси философиялық категорияны ой елегінен өткізіп, оны санамызға орнықтырарлық дəлел іздестіре бастағанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ойға оралады. Əлемдік тарихта болат құрсанған армияға қазақтан басқа қай елдің қару ұстамаған жалаңтөс жастары қарсы шығып еді? Тіпті Берлин қабырғасыда Қазақстанның желтоқсанынан көп кейін құламады ма? Желтоқсан оқиғасында жалаңаяқ,  жалаңбас қазақ жастары көрсеткен көзсіз ерлікке,  соларды басып-жаншып, қабырғаларын күйретіп жүрген танкисттер, əскерлер МХК, ІІК албайлары, түрме қызметкерлері əлі күнге дейін таңдай қағады.

Қайратымыздың қаны қазақтың бұл жолда төгілген соңғы қаны болғай.  Азаттық үшін енді тек тер төгелік!  Қазақтың азаттығы тек термен өлшенбек.  Қазағым терді неғұрлым көп төксе - тəуелсіздігі де толығырақ, ал керісінше аз төксе, аянса  - соғұрлым аз болмақ. Тəуелсіздік деген өзінен-өзі келмейтінін, өлшеніп келетінін сол ұрпақ білгені жөн.

Дүниені күрт өзгерткен жаңаша ойлау философиясына түрткі болған қазақ жастарының Желтоқсан дүрбелеңі екенін əлем білгенмен қазақтың сол жастары ұмыта бастаған жоқ па? Білеме? Əрине, білетіндерінен білмейтіндері көп. Өйткені, тағы да тоқмейілси қалдық. Қазақ  "ұлтшылдығы"  туралы көпірме насихат толқынында ел билігіне келген президентіміздің өзі енді жастарды "ұлтшылдығы" үшін жазғырып та, жазалап та жатыр. "Үкімет билігің қолына ұстаған қазақ"  жəне  "қарапайым қара қазақ" болып бөлініп,  өзара жауықсақ,  Қазақстан кімнің қолында қалмақ? Мұны империя бағамдамай, есепке алмай отырған жоқ.

Біресе онан, біресе мұнан қаулаған орыс атамандары "қазақ пен қазақ жұлқыласса арашашы болсам, ақыл айтып, ара түсіп, айламды асырсам" деп армандайды. Өз елінде аттан сыпырылып, есігінде қалған ұлт - қазақ болды. Қазақ ұлтшылдықтан емес, ұлтсыздықтан ақсап отырғанын президент білмейді деп кім айта алар екен? Біледі, əрине.

Ұлттық идеологиясыз қазақ XXI  ғасырға кіргенмен,  сол ғасырдан шыға алмауы былай тұрсын-ау, қазіргі экономикалық-əлеуметтік өзгерістер де бос сөз болып қала бермек. Жетістігіне таңдайымызды қағып жүрген Жапония,  Корея,  Тайланд пен Тайвань ұлттық идеология арқасында төбесі көкке жетіп отыр.

Ұлттық идеологиясыз Қазақстанның болашақтағы иесі кім боларын да айту қиын, бірақ ол қазақ болмасына мен кепіл. Өйткені саяси билік қазақтың қолында болғанмен,  экономикалық биліктің тұтқасын кім ұстап отыр?  Ойлан,  қазағым,  оян!

Ұлттық идеология дегеніміз, əрине, басқа ұлт өкілдеріне деген қиянатты, құқайлықты насихаттау емес. Бұған ұлт өзіне-өзі қол салсын деген жауыздар ғана барады. Қазақ емес ұлт өкілдеріне қиянаттың кез-келген түрін жасау - сорлы қазаққа жау тауып беру, Қазақстанның əлемдік өркениет алдында сағын сындыру, тəуелсіздік жолына тосқауыл құру. Мəселенің саяси қатпары  "көпұлтты"  Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді,  қысқаша айтқанда, Қазақстан кімдікі?" - осыған саяды.

 

Президентіміз: "Қазақстан -  қазақстандықтардікі"  дейді. Біз айтамыз: "Жоқ, қазақтікі...

Президентіміз: "Қазақстан -  қазақстандықтардікі"  дейді. Біз айтамыз: "Жоқ, қазақтікі, бірақ басқа ұлт өкілдері тұрғысы келсе тұра берсін -  оларға кет те,  кел де демейміз".  Əрине, келімсектердің рұқсатсыз келмегенін қалар едік. Мұндай сөзді Ресей де, АҚШ та өз келімсектеріне жасырмай айтады. Ал біз айтпайтындай не көрініпті. Ұлтымыздың тəуелсіздігі мен бірлігінің символы болып саналатын президентіміздің басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп,  ізбасар інісі болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағына президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан ғана емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз. Қазірде президент тарапынан болып жатқан  "жалпақшешейлік"  Қазақстаннан басқа мемлекеттерде болса конституциялық қылмыс қатарына саналады да, жауапқа тартылады. Əрине, ол əзірге бізге бұйырмаған - басқа қиырларда. Ел басылары ұлттың ұлттық мүддесін қорғамаса, басқа ұлттармен жарыста өз ұлтын оза шаптырмаса, онда олар несімен президент, несіне басшы? Мұны мен мəртебелі президенттің құлағы шала ма деп арнайы айтып отырмын.

Əлі күнге Қазақстанның мемлекеттік шекарасының жабылмауын,  қорғаныс қабілетінің нығаймауын,  мемлекеттік саяси мекемелердің басшылары ел алдында ант-су ішпей,  бригадир сайлағандай қойыла салуын -  тəуелсіз мемлекетке деген қастандық деуге болады. Мұндайға терісі қалың -  қазақ қана шыдайды. Мұны да президентіміз білмейді емес.

Көкейкесті саяси мəселелердің шешілуі кейін де осы қазіргі өгізаяң сипат жалғаса берсе,  Қазақстан дағдарыстан XXII  ғасырда да шыға алмайды.  Онда XX  ғасыр қазақ үшін соңғы ғасыр болып қала бермек.  Президентіміздің қазіргі əрекеті тым машықты,  бірбеткей,  əлжуаз, "не ол емес, не бұл емес",  орысқа деген көңілжықпастық, "бұқпа саясат".   Н.  Назарбаевтың  "интернационализмі"  алдындағы Д.  Қонаевтың интернационализмінен асып түсер жұмсақ. Д.  Қонаевты  "қазақ бюрократиясының атасы"  десек, оның кемшілігін емес,  артықшылығын айтқанымыз болып шығар еді.  Заманының барында Қазақстанның түтінін өзінше түзу шығарғысы келген Димекең қазақ буржуазиясының негізін қалай алмады,  əрине,  оған шамасы келмес еді.  Бірақ, буржуазияны ұлттандыра алмаған  "политбюро мүшесі"  ұлтандырудың басқаша,  өз дəуіріне сай ұтымды жолын салды. Қазақ баласын кеңсеге кіргізді, креслоға отырғызды оның жақсы көретін дүниесін - "папкасын"  қолтығына қыстырды.

Қазіргі ұрпақ Қонаевты осынысы үшін жан тартады, сондықтан да бұрқасынға қарамай, 1986 жылғы желтоқсанның шыңылтыр аязында маңдайын ызғарға тосты,  Колбиннің тастай суық "душына"  түсті, (ал Д.  Қонаев қазақтың несін бүлдірді деген əңгімені кейінге қалдыралық). "Істемеу" бөлек те, "істей алмау" мүлде бөлек. Д. Қонаевтың істей алмағанын Н.  Назарбаев істегісі келмейтін,  бүгін тындыратын істі ертеңге қалдыратын секілді.  Иншалла,  бұл жолы мен-ақ қателесейін, президенттікі-ақ жөн болғай! Бірақ, өзінен-өзі келген  "егемендікті"  де, "тəуелсіздікті"  де осы пікірдің дəлелі ретінде ұсынсам,  қайтер еді?!  Егер осы рас болса,  онда Нұрсұлтанға іні ретінде айтарымыз бар.  Қашанда орыс ұлықтары қазақ сұлтандарының арқасынан қағып, мадақтап,  сылдырлақ байғазы тағып жатса болды,  қазақтың үстінен қара түнек үйіріліп,  қан жұтып жататынын тарихтан білеміз.

Ал,  Б.  Ельциннің көп алдында мақтайтынындай, біздің президентіміздің оған қандай еңбегі сіңіп еді? Оны орыс офицерлері мен казак атамандар: кəріс пен неміс бизнесмендері несімен алып жүр? Оларға қазақ президенті неге құштар болды? Жекешелендіру деп қазақ несібесін соларға алып бергені үшін бе? Ұлттық мүддеге селқостық танытатындай оған қазақ не жазды? "Жуас түйе жүндеуге жақсы" дегені осы ма? Есейе алмай жатқанымызды пайдаланғаны ма?  Қазақстан тəуелсіз патшалық ретінде президентке қажет,  əрине. Əкімдік жүйе келгеннен бері қазақты ұлттық мемлекеті емес, патшалық құрылып жатқанға ұқсайды.  Алайда мемлекет тəуелсіздігі ұлт тəуелсіздігінің белгісі ғана. Оны президент түсінбесе, кім түсінбек?!

 

Президенттің қазақ халқынан басқа туысы,  жанашыр жақыны болмауы -  басты шарт

Көп қорқытады,  терең батырады.  Президенттің Қазақстаннан,  қазақ халқынан басқа туысы,  жанашыр жақыны болмауы -  басты шарт. Сөйте тұра,  бүкіл Қазақстанды дүркіреткен жүрек ауруының хирургтерінің аштық жариялау барысында орнынан алынған М.  Əлиевке Алматы прокуроры директорлық лауазымын қайтарып бергеніне қарағанда Н. Назарбаев құрған "праволық" патшалықтың қызығын  "құдандал" М. Əлиев қана көріп жатқан секілді.

Əзірше ұлттың қан төгіп істейтін шаруасын тегін жасаймыз деп, орыстың ойынан шығып жатырмыз. Президентіміздің орысты өзіне көндіріп сөйлегеннің орнына оған көніп сөйлейтіні ішімізді удай ашытады. Онда жағдай осылай болған соң қазақ қайда барып күн көруі керек? Арызын кім тыңдайды, япырмау? Президенттің Ресейге шаша ма деген сапары,  керісінше, қазақты тоңдырып жатыр.  Екі бірдей президенті -  Ресейде Б.  Ельцині,  Қазақстанда Н.  Назарбаевы  бар орыс не деген бақытты еді!

Осы уақытқа дейін қазақты торғайдай тоздырып,  жерге қаратып келген Ресей еді.  Ресеймен -  ішіндегі немесе тысындағы  -  көршілес бір де бір мемлекет я халық оңғанын көре алмадым.  Маған сенбеген жан КСРО-ның картасына назар салсын. Империя ешкімнің көсегесін көгертпейді,  тиіп кеткен жерін оңдыртпайды, наразылық жасаса қан қақсатады. Демек, Ресеймен көрші отыруға шыдағанның ғана жаны қалмақ екен. Ресей өз бетімен жуасымайды. Өйткені оны жуасытпайтын, бұратана ұлттарға жауықтырып отыратын орыс қоғамында бір ұлы итергіш күш бар. Ол - православие діні. Православие шіркеуінің аз санды халықтарға күлімсірей қарағанына қазағым алданып қалмағай.  Православие дін басылары Руське  "киелі"  деп айдар таққан дəуірде біз секілді халықтар орыс қаруынан қан жұтқан. Оның алтынмен апталған ашамайының астында айшық белгісі тегіннен тегін шалқасынан 330 туып жатқан жоқ.  Айшық -  біздің тізе бүккендігіміздің ишарасы.  Орыс шіркеулерінің ашамайларының алтын құрамы Қазақстан алтынымен тең. Өйткені біздің жерден алынған. Православие философиясының өзегі - ұлы мемлекеттілік (великодержавность),  мемлекет алдында тізе бүгу,  соған қызмет ету, құрбаны болу. Сондықтан орыс қоғамында ғана құлдықтың "қамалдық" (крепостнойлық)  тұрпаты сақталған ("закон тайги  - медведь хозяин"). Мұны Герцен мен Чернышевский "орыс социализмі"  десе,  Пушкин  "орыс исі"  деп атайды.  Православиеден құтылмай орыс оңбайтынын ұлт зиялылары сезгенімен, одан құтылудың жолын ойластырған орыс ойшылын мен əлі кездестірмеппін.

 

Биліктің мына жүргізіп отырған орысшыл саясатының зардабын қазақ көреді

Біздің эрамыздың IV  ғасырынан қуат алған православиеше ойлау жүйесі Грекияны, Византияны, Күнгей Кавказ бен Балқан елдерін күйретіп бітті.  Украина,  Белоруссия мен Россиядағы қазіргі дағдарыс та соның салдары. Бұл философия дағдарысқа өзі ғана түсіп, өзінің кесірін өзі ғана тартып отырса менің онда ешқандай шаруам да болмас еді-ау! Мұндай философия бізді де қуратып отыр. Болашақ Қазақстанның  "орыс жолына" түсуіне болмайды деп, байбалам салуымыз сондықтан. Бұл жол тұйық: жанжалдан басталып, жанжалға тіреледі. Демек Қазақстанның Ресейден іргесін аулақ ұстағаны жөн. Орысқа жауық демейміз.  Құнанбайдың Абайға қойған мінін біз президентке де қоямыз:  президентіміз тым орысшыл болып көрінеді.  Қазіргі Қазақстан президентінің Н.  Назарбаевтан артық та,  кем де болуы мүмкін емес.  Президент тұлғасы дəуір тұлғасына сай. Мұны сезінеміз. Бірақ Н. Назарбаев өзінің ең əуелі қазақтың Ұлттық Президенті екенін сезінсе дейміз. Президенттің мына жүргізіп отырған орысшыл саясатының зардабын қазақ көреді. Президент орысқа күле сөйлеп, алдаусыратқысы келеді. Отар елді ұстаудың 500  жылдық тəжірибесі бар орыс алдатпайды, алданған болып арбайды. Өйтіп ұлттың құнын түсіруге болмайды. "Тоқтай тұру" бар да, ұлт намысын табанға салу бар. Малын жанының, жанын - арының садақасына пида ететін халық бұған көнбейді, төзбейді. Бұлқынады. Жұлқынады. Созылған сіңірін соза берсе қан шығады.

"Қазақ құпиясын"  тағы да жария етіп,  айды аспаннан шығарады.  Орысты ақыл алдында тұрғызарлық президентке де,  қазаққа да ақыл қажет.  Президентті орысшыл қылған біздің жуас мінезіміздің де əсері екенін мойындау керек шығар. Сондықтан да ол не Əзірбайжан, не тəжік, не өзбек, не шешен бауырларымыздай сын сағатта қорғай алмайды деп халқын олқы санай ма екен?  Бірақ Нұрекең -  желтоқсанды көзімен көрген жан. Президенттің қазақ жастарының құлын даусын сол кезде өз құлағымен естігеніне мен куəмін - алаңда тұрдым.

 

Желтоқсан оқиғасы: Президенттің баррикаданың ар жағында, ит айтақтаған жағында, ал жастардың бер жағында қалуы ұлттың иесіздігінің дəлелі болды

Ұлт зиялылары мен жастарының арасындағы жік сол күні белгі берді. Болашақ президенттің баррикаданың ар жағында, ит айтақтаған жағында, ал жастардың бер жағында қалуы ұлттың иесіздігінің дəлелі болды. "Иттің иесі болса, бөрінің тəңірісі бар" деген қазаққа ие болып сөйлеу - президенттің басты қасиетіне айналғаны жөн.  Өлгенде көрген тұңғыш президентімізді басқалардан қызғанатынымызды да жасырмаймыз.

Қазірде Ресейдің  "сыртқы істері"  əлем деңгейінде кеміп, "ішкі істері" алдыңғы қатарға шыққан сайын Қазақстанға деген дəстүрлі ызғарлы көзқарасы күшейіп отыр. Дүние жүзіне қауіп төндірген Орыс империясына əлем теріс қабақ танытқан сайын ол Қазақстанға шеңгелін батырып, бар қаһарын бізге төкпек.

Қауіп -  зор,  өте зор.  Бірақ қорқуға еш негіз жоқ.  Қорықсақ, жалтақтасақ, Қазақстаннан айрыламыз. Қорқыту мен үркітуді айлаға айналдырған орыстың күркілдек империясында басқадай дəрмен де қалмады.  Саусақтың бірін бұған да бүгіп ұстаған жөн. Демек, Қазақстандай алыпты орыс тракторының тіркемесіне айналдыруды үзілді-кесілді доғарған абзал. Орысты теңдік пен достыққа шақыра отырып, қазақтың төл несібесіне қол сұққызбауды,  президент маңайындағы құзғын құлқын жылмақайларды аластауды, орыс алдында қазақ намысын жібермеуді, ұлтқа жанашыр адамдарды, бұл істің ебін білетіндерді мемлекет ісіне тартуды саяси машыққа айналдыратындай заман туды.

Халқымыз ұйқыда,  бағынуға көнбіс.  Сондықтан дəл осы кезеңде оған қорған болу керек.  Оянып алған қазақ Азияның алыбына айналатыны сөзсіз. Сонда күллі түркі жұртының жаңа əліппесі Н.  Назарбаев есімінен басталады деп айту - астамшылық, əрине, бірақ бел ортасында жүреді деп сендіруге əбден болады. Сондықтан президент оны қазіргі саяси процестердің баршасына қазақ мүддесі арқылы қараудан бастағаны жөн.

"Əлемдік тарихтан тыс,  тұтқиылдан жол табамын"  деген қазақтың не бір басы артық,  не дені сау емес. Ал ұлт болып азаттық жолын іздеуге,  құлдықтан құтылған басқа өзі секілді ұлттардың тағдырына көз салуға, соның тағлымын оқып үйренуге құлшынған адамды президент төңірегінен көрмеуіміз қалай?  Ұлы Абай президентті төңіректегендерді көзі көрсе:

"Бас басына би болған өңкей қиқым,

мінеки алған жоқ па елдің сиқын" демесіне кім кепіл?

Президент маңайындағы Димекең мен Колбин заманынан қалған кадрлар тобын өзі ауыстырғысы келмей ме,  жоқ, президенттің үстінен қарайтын тағы да əлдекім бар ма?

Қазақстанға Н. Назарбаев басшы болғалы Америка президентімен оның төңірегі төрт рет ауысты, бұрынғы КСРО басшылары да, оның саяси бюросы да ғайыпқа кетті. Н. Назарбаевтың ғана айналасы бұрынғы қалпы. Коммунистер мен социалистер дегеннен қашан құтыламыз?

Президент келеді,  кетеді.  Тепкіден көз ашпаған қазақтың мойнына партократтардың құрығы қайта түспесіне кім кепіл?

Сонда ақбас ақсақал мен ақ жаулықты апаны немен жұбатамыз?  "Қазақстандықсың" деп басынан сипағанға олардың көз жасы тыйыла ма?  Президент өздігінен түзелер,  бетін жыртпай-ақ қояйық дей ойлаған да едік, - олай болар емес. Қазақтың өзі де, сөзі де, сазы да Н. Назарбаев деп бас ұрады, президентіміз деп құлшынады,  қолындағысын шашады.  Президентті көсегеміз көгере ме деп, ел қатарына қосыламыз ба деп сайлаған едік, аузымызды жапсын деген жоқ едік. Біз Н. Назарбаевты "істей алмай жүрген"  азаматтар қатарына қосушы едік.  Ол көңілшектіктен бе деп қалдық. 333 Ұйқышыл халықтың қабілетін ұштап,  құл болмайтындай дəрежеге көтере ме деген ақпарат құралдары президентке ғана ауаны ауып, сорлы қазақты онан əрі маужыратады. Айтыс та, дастан да, əн де, күй де керек-ақ. Бірақ əр нəрсенің өз орны бар.

Мінез-құлықты қазіргі дəуірге лайықтайтын шақ туды. Қазірде қазақтың бұғып қалған санасын қалпына түсіру,  халықты құл болуға көндірмеу -  кезек күттірмейтін жалпыұлттық мəселе. Орыс пен қазақты қатар өмір сүргізуге болады,  əрине, -  егер қазақты тізе бүктіре сөз саптап,  қит етсе, "ойбай,  орыс естіп қояды" деп отырсақ.

 

Қазақ руға бөлініп,  шекісті. Президент төңірегінің географиясын мұқият бір қарап байқай салыңыз

Қазіргі ақпарат құралдарының,  оның ішінде теледидар мен радионың іс-тəжірибесі осыған ұқсайды.  Отаршылдық көнбістіктен енді құтыла ма деген қазақ санасы осының нəтижесінде таз қалпына қайта түседі. Қамшыдан шайлыққан колхоздың жауыры секілді -  басымызды жүгенге созып тұрғанымыз. Қазақ неге үндемейді, неге жуас? Оны жуасытқан тұрмыс тауқыметі, ауыр тіршілік. Қысқа сирақ кедейшілік біздің күллі тіршілігіміздің мəнін анықтады. Жалғыз сиыр баққанның миы жалғыз сиырдың ғана төңірегінде қалады.

Президентіміздің қазақтан, қазақтың өз президентінен басқа кімі бар?  Таққа отырарда президентіміздің қазақтың басын біріктірмек болған уəдесі есімізде. Ол мəселені Хамит Ерғалиев ақсақал босқа көтерген жоқ. Димекең мен  "Асекеңнің тұсында "ата жарыстыру"  деген індет қазақ арасын қуратып жатты.  "ДТ" мен  "ҚТ"  трактордың емес-ау,  қазақтың этнографиялық атауына айналды.  Қазақ руға бөлініп,  шекісті.  Өтірік десеңіз алысқа бармай-ақ, президент төңірегінің географиясын мұқият бір қарап байқай салыңыз. "Дəндеген қарсақ құлағымен ін қазады" дегендей, ру "мектебін" бітіргендер қазақ ішін жалмап барады. "Қақпан баса алмаған қасасын алдырады"  дегенді де айтқан  - қазақ.

"Бəйбіше ауылының"  еркетотайларының зардабын түбінде президент өзі көре ме деп қуыстанамын.  Шала сауатты зиялысымақтар мұны  "ұлттық ерекшелігіміз"  деп шіренеді. Əй, қайдам?! Бұл құбылыс қазаққа ғана емесе, өздерінің өздері қыбыр еткен жерін шайнап беріп отырған Африкаға да тəн екенін біле ме екен солар? Бұған тосқауыл құратын президенттен басқа кім бар? Құда -  жекжаттың төңірегінде қалмай,  қазақтың төрінде жүрсе, аспанында қырандай қалықтаса деп, президент тұлғасы сөз болған жерде қазақ арман айтады.  Жүзге,  атаға бөліп,  аз халықты кемітіп алмаса дейміз. "Атаңның баласы -  жауың, адамның баласы - досың" деп ызғар шашады қазақ кемеңгері.

 

Назарбаевтың бір ісі бар - жолында, тағы бір ісі бар - қолында өлгіміз келеді

Əлемнің əр түсті нəсілінің басын қосар мұнан артық даналықты мен естіп көрмеген екенмін. Білеміз: президентіміздің жолы ауыр. Өте ауыр. Бар салмақ соған түсіп жатыр.  Оның белін Шыңғыстың да,  Темірдің де, Абылайдың да жүгі қайыстырады.  Бұрынғылардың жасай алмағанына,  жіберген қателіктеріне Н.  Назарбаев жауапты. Əйтпесе,  қазақ тағына отыруы қате.  Тарих үкімі де солай. Нұрсұлтан XIII  ғасырда туса Шыңғыстың, XV  ғасырда туса Əмір Темірдің, XVIII ғасырда дүниеге келсе Абылайдың не өзі, не оң көзі болып туар еді деп ойлаймыз.  Біздің президенттің қабілетіне шүбə келтіруге болмайды.  Бұл азаматтың XX ғасырдың аяғында қазақ тағына отырғанына да тəубə дейміз. Басқа жан Назарбаевтан кем болуы мүмкін, бірақ артық болар еді деу- күнə. Жыртық үйдің құдайы болса, сол құдай - Нұрсұлтан шығар.  Қазіргі кез  -  оның қабілетінің де,  азаматтығының да сыналар шағы.  Бұл -  оның күллі Азия континенті алдындағы артықшылығы.  Сөйте тұра,  қазақтан басқа жүйрік шықса, Нұрсұлтан тосқауыл құра қоймас деп ойлаймыз. Бəйгеден, кім озса да, ата озбай, қазақ озсын!

Осы уақытқа дейін біз, "Азаттықтар", президент деп өзімізбен өзіміз алыстық. Н. Назарбаевқа сендік, сенім арттық. "Сынайық" дедік.  Қатар жүрген  "Алаш"  пен  "Желтоқсанның"  үнін шығармауға тырыстық, қылқындырдық. Өйткені таразының бір басында ұлт бірлігі тұрды. Ол біз үшін бұрын да тұрған, мəңгі тұра да бермек. Президенттің іс-əрекеті таразының екінші басында. Нұрсұлтан алты алаш елдің зарығып күткен президенті екені рас болса,  сағымызды сындырмағанын,  Абылай мен Кене, Мұстафа мен Əлихан ағалар салған жолдан таймағанын қалаймыз.  Ол жол -  қазақтың түпкі арманы.  Ұлтжанды болсын! Көлденең ел не десе, о десін. Əркім өз асығын сақа қояды.

Біз Нұрсұлтанды үкімет басына сайлағанда, көкейде осы үміт тұрды. Нұрсұлтан түптің түбінде ұлт үдесінен шықса - дүниеде қазақ үшін одан артық жан жоқ,  ал шыға алмай,  қазақ жүгін тарта алмай жатса,  жұмылуға бармыз.  Біздің көзқарасымыз мəлім: Н. Назарбаевтың бір ісі бар - жолында, тағы бір ісі бар - қолында өлгіміз келеді. Дүниеде қазақ балары үшін "өзі білсін" дегеннен ауыр сөз жоқ.

Өзі білсін!..

«Жас қазақ» газеті 24 маусым 1992 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435