Мұхан Исахан. Діннің феноменологиясын түсінбегендер бүлік жасауға бейім тұрады
Әсілі, тылсымнан келген илаһи құндылықтар немесе адамзат баласы ойлап шығарған гуманистік тұрғыдағы түрлі заңдылықтар адам баласының бойындағы қара ниетті бұғаулап ұстап, өзге ізгі қасиеттерді өмірлік ұстанымға айналдыруды мақсат етеді. Олай болса, дін фенеоменологиясын трансцендентальді (илаһи күш) деп ұғатын болсақ, терроризмді дінге телу мүлде негізсіз, түбірімен қате пікір. Ұлы Жаратушыдан түскен әрбір дін адамзат баласына қиянат жасауды емес, мейірімді болуға, бейбіт ғұмыр кешуге үндейді. Сонымен қатар, ізгілік парадигмасын негізге алған өзге заңдылықтар да тіршілікке зәредей бір зиянын тигізуді мұрат етпейді. Керісінше, үрей мен қауіптің алдын алуды көздейді.
Әсілі, тылсымнан келген илаһи құндылықтар немесе адамзат баласы ойлап шығарған гуманистік тұрғыдағы түрлі заңдылықтар адам баласының бойындағы қара ниетті бұғаулап ұстап, өзге ізгі қасиеттерді өмірлік ұстанымға айналдыруды мақсат етеді. Олай болса, дін фенеоменологиясын трансцендентальді (илаһи күш) деп ұғатын болсақ, терроризмді дінге телу мүлде негізсіз, түбірімен қате пікір. Ұлы Жаратушыдан түскен әрбір дін адамзат баласына қиянат жасауды емес, мейірімді болуға, бейбіт ғұмыр кешуге үндейді. Сонымен қатар, ізгілік парадигмасын негізге алған өзге заңдылықтар да тіршілікке зәредей бір зиянын тигізуді мұрат етпейді. Керісінше, үрей мен қауіптің алдын алуды көздейді.
Жалпы, діни наным бойынша зұлым күштер жамандықты жасауға итермелейді дегенімен, терактілер екі аяқты пенденің қолымен жасалады. Демек, адам баласы табиғи тұрғыдан алғанда, зұлмат-зобалаң жасауға қабілетті, яғни обырдың (вампир) адам бойында ошағы бар деген сөз. Осы себептен де ғұламалардың ғұламасы Имам Ғазали адам баласының бойында ізгі қасиеттерімен қоса, жыртқыш аңдарға тән өзінде жоқты өзгеден тартып алып, әлсізге әлімжеттік жасап, үстемдік құру, сайтанға тән көреалмаушылық, күншілдік, бақастық, алдап-арбау, тіпті, дуалап-жадылау секілді жиіркенішті пиғылдың ұя салғанын айтып өтеді. Құран-Кәрімде зұлымдық жасап, халыққа қаһарын төккен перғауындар сын тезіне алынса, Хақ Елшісі (с.а.у.) өз хадис-шарифтерінде де адамзат баласын қан қақсататын тажалдың екі аяқты пенденің кіндігінен жаратылатынын жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, жыртқыш аңдарға тән үстемдік ету, сайтанға тән күншілдік қасиеттер, адам психологиясы мен характеріне тән құбылыс. Олай болса, терроризмнің ең басты ошағы - адам баласы, оның ішінде жебір ойға берілген желбегейлер жадыгөйлік жасауға құмбыл тұрады...
Ислам дінінде терроризмге үзілді-кесілді жол жоқ. Себебі, Ислам сөзі арабшадан аударғанда бейбітшілік мағынасын береді. Мұсылмандар да бір-бірімен есен-саулық сұрасқанда «Алланың саған бейбітшілігі болсын» (Ассалаумағалейкум!) деп сәлемдеседі. Момын-мұсылманға бір-бірін әрбір көрген сайын осылай жөн сұрасу жосық болғаны секілді, дәйім бейбітшілік пен татулықты ту етіп ұстау да илаһи парыз саналады. Жалпы, Ислам дінінің заңдылықтарында да (шариғат) терроризмге үндейтін бірде-бір норма ұшыраспайды. Яғни, Ислам тіршіліктің бейбіт ғұмыр кешуін мұрат ететін кемел дін десек, әсте қателеспейміз. Өйткені, Құран-Кәрім нақақтан-нақақ қан төгілуге түбегейлі қарсы. Бұл жөнінде «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреу-ді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең» (Мәйда, 32) деп бұйырылады. Яғни, адам баласының бейбіт тіршілік кешуі Исламның басты қазынасының бірі саналады. Задында, Алла-Тағала өз Елшілерін жер бетіне осы бейбітшілікті паш ету үшін түсірген. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107) деп ұйғарылған. Яғни, бейбіт ғұмыр кешуге үндеу Хақ Елшісі (с.а.у.)-ның асыл борышы болса, онда Ол (с.а.у.) әкелген асыл діннің де мұрат-мақсаты адамзат баласының бейбіт те бақытты күн кешуі болмақ.
«Терроризм» араб тілінде «ирхаб» деп аталады, яғни қорқыту мағынасына саяды. «Ирхаб» сөзі Құран-Кәрімде бірнеше жерде қолданылған. Дегенмен, қазіргі біздің түсінігіміздегі терроризм мағынасында емес. Мысалы: «Уа, Израил ұрпақтары! Берген нығметімді еске алыңдар! Уәделеріңді орындаңдар. Мен де серттеріңді орындаймын. Әрі Менен ғана қорқыңдар (фархабун)». (Бақара-2).
Шариғат ғұламалары «ирхабты» (қорқыту) «рұқсат етілген» және «тыйым салынған» деп екі түрге бөледі. Ал шариғатта заңдастырылған қорқытудың үш түрі болады:
Біріншіден, әскери әрекет етумен дін дұшпандарын қорқыту немесе оларды талқандау. Бұндай оқиғалар тарихта кәпірлердің шабуылынан қорғану және «фатх» жорықтары кезінде орын алғаны белгілі.
Екіншісі екіжүзділер мен бидғат (Исламға теріс жаңалықтар енгізу) жасаушыларды ақыреттік азаптың болатынын ескертумен қорқыту. Ислам илаһи құндылықтардың сақталуы үшін оған селкеу түсіретін жайттерге де осылайша тыйым салады.
Үшіншісі қылмыс жасаушыларды шариғатта белгілеген жазаларды (уһудат) қолданумен қорқыту. Яғни, қылмыскерге жаза тағайындаумен тәрбиелеуді және теперіш көрген тараптың мүддесін қорғау мақсатында мұсылмандық сот жаза тағайындайды.
Көріп отырғандарыңыздай, шариғат қорқытуды қоғам және жеке адамның игілігі үшін ғана қолданады. Демек, дүниелік мұратты көздеп, бейбіт өмірге сына қағатын терактілерді ұйымдастыру белгілері Хақ дінде ада-күде жоқ деген сөз.
Шахид болу араб тілінен аударғанда «дін үшін жан тәсілім ету» ұғымын білдіреді. Хақ жолында қан төккен шахидтердің қиямет-қайым күні барлық күнәлары кешіріліп, жаны жаннаттан жай табады деген деректің Исламның түп-негіздерінде (Құран мен Сүннет) бар екені рас. Алайда, өзін-өзін жарып жіберудің шахид болумен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Дін негіздерінде мұндай қанды-қасап амалды «интихад» деп атайды. Яғни, өз-өзіне қол салу мен шахид болудың бір-біріне еш қатысы жоқ. Керісінше, бір-біріне мүлде керағар ұғымдар. Дін негіздері бойынша өз-өзіне қол салу ауыр күнәлардың санатына жатады. Хақ-Тағала Құран-Кәрімде: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» (Ниса, 30) деп бұйырады. Ал Алла Елшісі (с.а.у.): «Мүмінді лағынеттеу оны өлтіргенмен тең, кім мүмінге кәпірсің деп жала жапса, оның өлтірушісі сияқты болады. Және кім өз нәпсісін (өзін) бір нәрсемен өлтірсе, сол себепті Алла оны қиямет күні азаптайды» (Бухари мен Муслим риуаяты), - деп, өз-өзіне қол салудың қате екенін қатаң ескертеді. Ұлы Жаратушы себепсізден-себепсіз өз-өзіміздің жанымызды қию былай тұрсын, бізге он екі мүшеміз бен ағзамызды ақыретте қайта сұрау үшін аманатқа берген. Олай болса, «аманатқа қиянат жасаудың ауыр күнә» (хадис) екенін ескерсек, «шахид белбеуін» тағып, шімірікпестен өзін-өзі жарып жіберу - орны толмас зор қателік.
Әлеуметтанушылардың зерттеуіне қарағанда, терроризмнің орын алуының көптеген себептері бар. Әлбетте, әрбір дәуірдің қайшылықтарына орай себептер де өзгеріп отырады. Бүгінгі күнгі терроризмнің негізгі себептері ретінде мынадай факторларды атап көрсетуге болады:
Біріншіден, дінге таңылған түрлі ағымдардың теріс танымдағы әрекеттері. Бұл категорияға христиан, ислам, иуда, будда діндерінің атын жамылған экстремистік пиғылдағы діни топтардың радикальді іс-қимылдарын айтуымызға болады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы, Ирландиядағы «ИРА» ұйымы, Токиодағы метрода улы газ шашқан «Аум Синрике» сектасы, Бен Ладеннің жетекшілігіндегі «әл-Қайда» секілді ұйымдар діннің атын жамылған террористік топтар санатына жатады.
Екіншіден, ұлтаралық қатынастардағы теңсіздіктер. Өткен тарихымызға назар аударар болсақ та, дәл қазіргі күні де бір ұлттың келесі бір ұлтқа үстемдік етуі терроризмнің туындауына түрткі болып келеді. Мәселен, Шешенстандағы содырлық әрекеттердің орын алуына тікелей орыс империализмі себеп болды. Газа секторындағы лаңкестік оқиғаларға еврейлердің палестиналық арабтарды басынуы негіз болып отыр. Шыңжандағы ұйғыр сепаратистерінің әрекеттеріне ҚХР-дің аз санды ұлттарды езіп-жаншуы түрткі болуда.
Үшіншіден, әлеуметтік ахуалдың төмендеуі немесе қоғамдық әртүрлі теңсіздіктердің орын алуы. Терроризмнің осы факторы өткен ғасырларда жиірек орын алғаны белгілі. Қоғамның әлжуаз тобының мүддесін қанағаттандырмақ болған түрлі қозғалыстар орын алған шақта адам қаны судай шашылды. Әсіресе, бай-манаптар мен билеуші ақсүйек топ коммунистік биліктен қатты теперіш көрді. Атылды, жер аударылды, қапасқа түсті.
Төртіншіден, бір мемлекеттің келесі бір мемлекетке жасаған диверсиясы. Әрине, ашық соғыс жариялау бір басқа, астыртын жолмен арандату арқылы диверсия жасау саясаты бір басқа. Қазір ашық соғыс жариялау әдісі біртіндеп жойылып келеді. Бірақ, алпауыт мемлекеттер бір мемлекеттің ішінен саяси қозғалыстар жасап, сол мүдденің негізінде тыныштандыру мақсатымен диверсия жасауды жиі ұйымдастыруда. Мысалы, әл-Кайданы сылтауратып АҚШ-тың Ауғанстанға басып кіруі, Каддафи режиміне қарсы қозғалыстарды қолдаған болып, НАТО-ның Ливияға әскер енгізуі секілді жайттарды негізге алуымызға болады.
Бесіншіден, сыртқы күштердің бір мемлекетті бөлшектеу мақсатында сепаратистік қозғалыстарды ұйымдастыруы. Негізінен сепаратизм көбінесе белгілі бір тарихи-ұлттық жіктеліске сай іске асырылады. Айталық, Ресей Грузияны бөлшектеу мақсатында Оңтүстік Осетия мен Абхазияның ұлттық ерекшелігін негізге алды. Осы ерекшелікті қоздыру арқылы Грузияны бөлшектеуді ұтымды түрде жүзеге асырды.
Алтыншыдан, терроризмнің туындауына бір мемлекет ішіндегі лоббистік топтардың мүддесі әсер етеді. Билікке ықпал еткісі келген топ өкілдері өз дегенін терактілерді ұйымдастыру арқылы іске асырады. Мәселен, Өзбекстандағы «Андижан оқиғасының» орын алуына Ферғана жазығының бай алпауыты Акрамия өкілдері тікелей себепкер болды. Кешегі «Жаңаөзен оқиғасының» орын алуына да еліміздегі татулықты қаламаған белгілі бір топтардың мүдделі болғаны айтылуда.
Жетіншіден, әртүрлі қылмыстық топтар да өз мақсатына қол жеткізу үшін терактілерді қолдан ұйымдастырады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде орын алып отырған жағдай. АҚШ пен Еуропа елдерінде тоқсаныншы жылдардың басында орыс мафиясы, Түркияға қарсы армияндардың Асала тобы, Қытайдың Триадда секілді қылмыс-тық ұйымдары түрлі сипаттағы терактілерді ұйымдастырғаны мәлім.
Ал, еліміздегі «шахид белбеуіне» тәуекел еткен топтарға нақты тоқталар болсақ, қазір бөтегесі бүлкілдеп, бірлігімізге сына қаққысы келген Хизб-ут-Тахрир, Тәкфир және һижрат жамағаты, уахапшылдықтың Сурурия мен Мадхалия және Тахияшылар атты діни ұйымдар жасырын да ашық та жұмыс жасауда. Бұдан өзге шөре-шөре болып жүрген Түркиядан келген діни жамағаттар да баршылық. Бұлардың радикальді пиғылдары болмағанымен, Қазақ мүддесі үшін сырттан басқарылатын кез-келген құрылымның қауіпті екенін ескерсек, күндердің күнінде бізге түрік ағайындармен де қоштасуға тура келеді. Себебі, Алаш баласының рухани тұтастығы бізге үлкен саясаттағы түрікшілдіктен де аса қымбет.
Түйін
Қаситті Құран-Кәрімде «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217 аят) деп бұйырылады. Ал Хақ Елшісі (с.а.у.) хадис-шарифтерінің бірінде: «Намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе... жарастыру, татуластыру...» - деп, бүлінгенді бүтіндеу, бұзылғанды түзеу мұсылманның қасиетті борышы екенін жеткізеді. Олай болса, Алаш баласының бірлігі һәм қоғамның тыныштығы мен бақ-берекесі үшін күресу - қай-қайсысымыздың да асыл міндетіміз. Лайым, ел азаматтарына осы үдеден шығуды жазсын деп тілейміз
Abai.kz