Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 2891 9 пікір 26 Қаңтар, 2023 сағат 13:34

Боранбаевтың "достары" араша сұрағалы келе жатыр

Экс-президенттің құдасы, белгілі олигарх, қазір істі болған Қайрат Боранбаевты қолдауға жан-жақтан танымал тұлғалар жинала бастады. Таяуда Астанаға келген белгілі ресейлік кинорежиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов досы Қайрат Боранбаевтың сотына қатысып, оған қолдау білдіру үшін келгенін айтқан.

Режиссер «Қазақстанның құқықтық тетіктерімен таныс емеспін»,- дейді, дегенмен айыпталушының сот процесі аяқталғанша қамауда отырғаны дұрыс емес деп санайды.

"Біз доспыз. Дүниенің тыныш кезінде, жақсы уақыт өткіздік. Америкада, Ресейде кездескенбіз. Енді оның басына қиындық түскенде менің «жоқ» дегенім жарамайды. Біздің дос болғанымызға көп жылдар өтті. Тіпті қай уақыттан бері екені есімде жоқ. Мүмкін 2005 жылдан бері шығар, бірақ 15 жылдай дос болғанымыз анық. Жалпы, адамды бас бостандығынан айыру дұрыс емес»,-дейді ол.

Бекмамбетовтың ойынша, «сот процесті кәсіби жүргізбеген».

Қазақстандық қалталыны сот отырысында қолдау үшін белгілі музыкант, танымал A’Studio тобының негізін қалаушы Байғали Серкебаев пен Ресейдегі алғашқы McDonald’s мейрамханасының негізін қалаған кәсіпкер Хамзан Хасболатов да арнайы келген.

Серкебаевтың айтуынша, ол Боранбаевты сотта жақтап сөйлеуді ұйғарған. Бірақ оған рұхсат берілмепті.

«Мен Қайрат Боранбаевпен жиырма жылдан астам доспын, оның отбасын білемін. Қайратты үлкен меценат, көптеген өнер адамдарына, спортқа қолдау көрсететін адам ретінде танимын. Оның Қазақстан Паралимпиадалық спортшыларды қолдаудағы еңбегін бәріміз жақсы білеміз. Мен оның адамдарға қаншалықты игі істер жасағанын білемін. Оның біреуге көмектеспеген бір күні де болған емес»,-деді Байғали Серкебаев.

A’Studio жетекшісі досын қолдауға өз қалауымен келгенін жеткізді. Ал Хамзан Хасболатов Боранбаевты «әрқашан жаңашылдық әкелуге құмар, жауапты, адал әрі әдепті» деп сипаттайды.

Айта кетейік, олигарх Қайрат Боранбаев 2022 жылғы 17 наурызда квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде мемлекеттік қаржыны ұрлады деген күдікпен уақытша тергеу изоляторына қамалды. 30 қыркүйекте тергеу жұмыстары аяқталды.

30 желтоқсанда Астанадағы  №2 Сарыарқа аудандық сотында кәспкердің ісі бойынша сот процесі басталды. Бұған дейін прокурор қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру мақсатында Боранбаев пен Ноханов "Азия Газчунджа" ЖШС-нен 4,8 млрд теңгеге жуық ақшаны шығарғанын айтқан болатын.

Кәсіпкер қамауға алынғаннан кейін Қазақстандағы McDonald 's тамақтану желісі жабылды. Бірақ ресми тұлғалар «Тамақтану желісінің жабылуы Қайрат Боранбаевтың ісіне еш қатысы жоқ»,- деп мәлімдеді.

Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның бұрынғы келіні Әлима Боранбаеваның әкесі. Боранбаевтың аты Қазақстандағы әртүрлі саладағы 30-ға жуық компаниямен байланыстырылады. Кәсіпкердің активтері арасында Esentai Mall сауда орталығы, "Алмалы" және «Esentai Tower» бизнес-орталығы, Алматы тау бөктерінде салынып жатқан қонақ үйлер мен фитнес-орталықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және т.б. бар. Боранбаев Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкерінің ішінде 14-ші орында тұр. Оның 2021 жылғы байлығы 590 миллион доллар болды.

 

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320