Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3374 5 пікір 1 Ақпан, 2023 сағат 11:59

Шаңқан боз

Әмірқан жылқысын атасынан жек көретін Көтекейдің үлкен үйінде көп емес, ішінде шаңқан бозы дендес екі айғыр үйір жылқысы болды.

Ұлтарақтың салмасындағы қоңыр бөктелі бұжырқайдың елеусіз бір қуысына қорғалай қалған бұл ауылға кезінде сәулетін түзеген әлдекім құйрық-жалы сұп-сұйық қарсақ құлақ, ұзынша қайқыш белі созалаң келген, шегірткенің арланы секілді арбиған бойы бар, қарабайыр тұрқына көрген адам көз тоқтатып талай айналатын кесек денелі, арты мен алды ел көшкендей, таудағы қауым сирек кезіктіретін жылқы баласын тұқыртып мініп келгені бар.

Жаңбыр тырнаған аласа төбесіндегі бүрі қураған алаботаның қу сояуын жел ызыңдатқан, қаласын тастан қаласа да сыртын сабанды лаймен сылаған қыстаулықтың қасындағы төбесінің саңылауынан үйренген жағымды мал иісі бұрқаған қора алдында аз ғана ауыл адамы жиылып тұрды.

Жылқы біткеннің төресі осы болар, бітімі басқаша түліктің алды-артын орап, тіпті таяп барып ыңыршақтың қысқа қасынша биіктеп, доғал тартқан алдыңғы шоқтығына қол созғандарды қағып тастап, ұсақ қызыл құм ойнаған тұманның көзі секілді сұрғылтым екі жанарынан кісіні сескендіретін біртүрлы айбат байқатқан, тортбақ, кішілеу ғана бойы бар, қызылы сыртына тепкен, күп-күрең жүзіне жан тұмсығы жарасқан Көтекейдің үлкен ұлы Қажыбай келді. Қалың шұлғауымен нығыз байпақ сіреген балық қарын саптамалы қамыт аяғын жай тастап, үш тілдеп өрген қайыс шылбыры, ұшындағы тұғылынан тотияиын түстес торғай саңғысы көрінген өзге денесі күн сорғы болып шытынап жарылған ағаш қашадағы атты шешіп алды, арғымақтың үстіне шыққысы келіп ыңғайланып тұрған еріккен жас жігіттің бірін қолтығынан демеп те жіберді.

Сол-ақ екен, сорайған бойы бар, денесін бос тастаған, тұяғы күректей, бақайы бұралған жылқы екі атаған жоқ, сүрініп кетті.

Жер үсті сары сағыз тартып, күз енді түсіп келе жатқан. Кеше ғана жауып өткен жаңбырдың илегіндегі көң-топырақ, есік алдындағы саудырап жатқан түйе қарынның үстіне бытыраның оғынша шашылды.

«Жылқының төресі десең төбе шашым тік тұрады, сурет секілді бойы болмаса, бұдырға салсаң ішіңді пысырады, екі қап астық теңдесең белі қармақша иіледі, өзі барып тұрған шікірәзі, ашқарақ, аяқ алысын көрмейсіңдер ме, аттамай жатып сәлем етіп жатқан...».

Әлгінде әулие көрінген астындағы аты сүрініп кеткен соң, өзінен-өзі суы қайтып жасып қалған әлгі жігіт ұзамай-ақ бетін бері бұрды, жүрісі, аяңы жоқ көдек қимылды жылқыдан тез түсіп, бидай өңі ағараңдап ұялып қалды, Қажыбай еттері толық қолын артына қайырып ұстап аулақ кетті, тарай бастаған шағын топ ішінен күбір байқалды:

- Бардам кісі болған соң басқанікін қайдан жаратсын, өз дәулеті өзінде болса да арғымақ мініп көрді деймісің?

- Көтекейдің көп жылқысында қасиет бар, жүйрік те, жорға да, бір үйдің қазан-ошағын бір-ақ көтеретін атан секілді қақпан бел аттарын айтсаңшы?!

Аздан соң әлдекімнің лақтырып жіберген безіне шыбынша үймелей қалған бес садыра үйлеріне кетіп, тозып анадайда тынды.

Асық ойнап жүргем, үлкендер кеткен соң таяп келдім де қалқыны тау секілді  көрінген тұлпарға қайран қалдым, ойымнан бір жағы арман туды, күндердің күнінде дәл соның өзіндей желқұйын астыма түсе қалса...Азамат болғанда бүкіл ауыл мініп көрмеген жылқы патшасын тақымымда ойнатып, өзге емес, дәл сол Қажидың есік алдында шіреніп тұрып «ішің күйсе тұз жала» деп кекете жөнелсем, қолымның жеткені сонда болар деп ойладым. Ішкі арпалысымды баса алмағаным соншалық, терінің бояуымен бірге қайнап кемігіне дейін күреңітіп алған құлжаның асығын шырық үйірдім, жан дүнием дал-дұл болды, Қажыбайға ыза түсті.

Бір көрген түс секілді сол күндер зулап қана өте шықты, кейінгі өмір ойлағанымнан басқаша болды. Өзімнің де мандығаным сол сиыршы болдым, құдіретше бала күнімде қолыма түспестей болған сол арғымақ астыма түсті, көңілім шайлығып қалды, алғашқы құмарлықтың далбасасы сүйрелеген адам көңілі желді күнгі толқын тасқа соғылып дал болғанша қайдан тынсын?! Бір тұста көзімнің құрты түскен қалайда өле құмартқан сол әмірқан жылқыны, астымдағы қолбала секілді ақбозымды түсіп бергеннің үстіне қу жанымның панасы болған көмірдей қара сеңсең ішігімді шешіп беріп, өлердегі сөзімді айтып жүріп бригадирден алып қалдым, ат алысқан тамырға құйрығы тегенедей ала кепемді де алып ұрдым, қара өзек шақта бала-шағамның кепкеніне кейігем жоқ, тақымға толымды ат тапқанға дардидым.

Қалап алғанымның қызығын үш-ақ ай көрдім. Өкіндім, құлынында қол сауып, құнанында құрыққа тұрғызған, дөненінде допша тепкілеп көмпіс еткен, қанды бұт бесті шыққанда, бір жыл қоя беріп қолымнан уысты құлақ жем берген, жат тақымға кетерде ауламнан оқыранып әрең кеткен, айта берсең бел аса бере артына күшпен бұрылып, бүкіл бір сайдың ішін сілкіндіріп кісінеген ақбозыма жаным ашыды, қолындағы барының қадірін білсе пенде неге сорлансын?! Сырын білмегеннің сыртынан жүріп нем бар десеңші, қалап алған әлгі қара құс секілді қалқындым, қолдан босаса болды құрбаңдап желіп береді, дымыңды құртады, шұбатылған шылбырға қолың жете бергенде артына бір қарап алып безіп береді, алдыңғы айылды тартқанда байқамасаң, дәлдеп тұрып күкірт түсті арсиған қасқа тісімен мықыныңның уыз етін жұлып тастайды, артқы айылды қозғап қалсаң болды, дәлдеп тұрып тақыр тізеден періп кетеді де қан қақсайды, иен-аулақта, қайдағы бір қаперсізде, тәтті бір қиял үстінде, үп еткен жел тұрып селеу басы қозғалса болды, түйеше үркіп өзіңді тастай жөнеледі, өзгесін қойғанда тұтам тарлау қысқа шідермен бір таңның өзінде салт аттының түстік жерінен сұрау салып жүріп әрең табатын, сорыма бола тілеп тапқан тозыққа қалай кезіккеніме қайранмын...Тірлік дүниесінің естісі саналған адам баласының ақымақтығы бір басына жетіп жатыр, үстіндегі киімін дәл тапқанды қойып аузындағы асын қайдағы бір өз нәсілінің жеміріне жегізіп қойып, өзіне қоңылтақсып отыратындары, өзі келген бақытты басқа теуіп бақастық тапқандарды көргенде, сол екі аяқты әулиенің де күні белгілі, жауыздығы, аңғалдығы, ақылының кемдігі, ішінің тарлығы мен өктемдігі, озбырлығы тұрғанда, күндердің күнінде өзімізді де шырық иіріп шыбыртқының астына алатын әлдебір әмбиенің, жеті қабат жер астын төбесімен тесіп шығып тәубе түсіретініне бұлдырап болса да көзім жетті, өзін-өзі жазғырған кісі оңашада ашынып отырып осыны ойлайсың, өз жазаңды өзің бересің, сонда ғана қапылыс атаулыдан тыныс табасың.

Дәмі солай болған, үйіріліп келіп менің қолыма түссе де тұрағын таппаған Көтекейдің үлкен ұлы Қажыбай қастер тұтқан шаңқан бозда ғажап бір қасиеттің барына кейіндеп барып көзім жетті. Осыны ерте білген Қажыбай марқұмның өзі де асарын асап, жасарын жасаған сәтте, асатынан емес, азабы қатты қылтамақ ауруға тап болды, әуелде еттен, сонан соң шайнам наннан қалды, бара-бара тамырлары сойылған, қашыңқы еттері ақшылтым бола бастаған саусақтарын дірілдетіп бірер шыны көже ішетін болды.

Оның да күні қараңға соқты, сиырдың етін қорек етуші еді, ақыры оны да қылғынып, қинала отырып, сол баяғы қызыл түйіршік құм тулаған тұманның көзі секілді, кісі жасқанатын сұрғылтым қос жанарын жәудіретіп қана әрең жұтатын халге жетті, ақыры қайнаған қара су да өтуден қалды да, жыл жарым сартап болып, шөп буыны қата бере арыздасуға жетті, жан тәсілім үстіндегі, пәниден көшер алдындағы аш аруаққа қараудың өзі қандай аяныш, үсті доғал тартқан бозалаң жалпақ тілімен өргі таңдайының арасына желімше созылған қоймалжың сілекей шұбатқан, әбден қуарып тұрған аузын әрең ашып, таттанып түптері көгерең тартқан, мөрі таусылып ұсақталған азу тістерін күңгірт қана жарқ еткізді:

- А-та-мның ықыла-сы ауған, ала таудың алабын кездірген есті жануарым, Шаңқан бо-з-ға сүйегімді артыңда-ар...

Бір тұстағы пәк кербез, кешегі сал-сері, өркеуде кісі осылайша созылып барып көз жұмды. Қол-аяғын өзі түзеді, ең соңғы көк жалын кеудесінен бұрқ етті.

Көтекейдің көп жылқысының керекке жарайтын жалғыз тұяғы да марқұмның артынан кетті, бүгінгінің пұлдысы, ертеңгінің құндысы болмайтын алма-кезек қадамы жиі аунаған талай күндер өтті, бұл тұстағы ауыл жылқысы да аламайланып басқаша түске енді, десе де тағы сол біздің ауылда мың баранның бір танасы болып Көтенейдің жалғыз жатаған боз байталы жүрды, тағы сол еріккен жылқышының бірі қайдан тапса да түсі-түгі өзінен аумайтын пішілмеген дөненнен айғырды алып келіп, күйіт үстіндегі боз байталға қосты.

Өзге ұрғашы жылқы атаулының құйрығы қимылдаса ұша жөнелетін боз айғырдың шаппағаны, атасы ат жалын тартып мінбеген әлгі қара дойырдың ашуын қозғады, әдейілеп жетелеп те көрді, мал асылы сонда да жоламады. Сонан соң ыза кернеген ноған, зомбылықтан басқаны білмейтін қара басқыр ауашалап әбден баптаған әлгі айғырдың екі көзін таңып тастаған тұмсығын тұқыртып тұрды да, енелігі дендеген биеге зорлап шаптырды. Сайқысын жасап сер құмардан шыққан жылқышы көзіндегі көлегеймен тұқырған тұмсықты босатып жібергені мұң екен, құйрығы әлгінде ғана оң мен солға шипақтап қалған биенің артынан түскен жас тезекті иіскеп жіберген жануар бір түрлі оқыс мінез байқатты, тұмарша көздерінің үшкілінен мөлдір ғана су тамды, бармақтың басындай болып үлкейе қалған тұп-тұнық қарашық қызараң тарта қалды, сонан соң өн бойын тосыннан тер бусады да, тұрған орынында «гүрс» етіп құлай кетті, оңды-солды ыңыранып аунап алды, сөйті де лезімде сілкініп атып тұрып, ақ күмісше төгілген жарма жалын төгіп жіберіп ішін тартты, осқырынды, қызғылтым астауша пердесі шымылдық тарта қалған танау қуысының күшті желі екі жақтағы жусан басын жапырып тынды.

Енді бір кез осылай тышқаншақ атқан шаңқан боз, суылдаған боран ұшырған қалың құйрығын бұлғап тастап, қып-қысқа бақалтық мықты жаралған аяқтарын көсіле басып мал күйінен мақұрым, әлгінде ғана ноқта сыпырған сол бір екі аяқты көркеуденің жасқағанына да қараған жоқ, бураша тарпып шайнап өтті, сөйтті де соңына сұйқыл шаң тастап жалғыз кетті.

Ендігі күні әлдебір малғұнның қолына өткен, періштесі шамданған, әркімнің қолында тозып жүрген Көтекейдің көк жылқысы көз көрім жердегі, баяғы Қажыбайдың ескі зиратының сырты қатқыл ақ керсін қырлатып кеміріп алды да, сол бір үнсіз ғана іштей тынған томпақ төбені бір айналды, онан соң кезінде өзі шығып самалдаған, шыбын-шіркейдің шақтысынан панасын тапқан, Ұлтарақтың ең биігі, алды арқан салым жаламаның ұшпа басына бір-ақ шықты. Бүкіл таудың тасын суылдатып, қорымды сілкіп жалғыз рет қатты кісінеді, сонан соң өз тізесін өзі қауып алды да, алдыңғы екі аяғын тік көтеріп жал-құйрығын додыратқан қалпында заңғар басынан еңіске қарай ұша жөнелді, ақ таңдай саңғырық байқатқан ортасы жапырыңқы жаламадан шошынды көріп ұясынан ұшып шыққан сұңқар да тосыннан саңқ етті, жарылған ауада ызыңдаған дыбыс қалды.

Ей, топырақтан жаралған Адам-Атаның кенжесі, өзіңнен басқаны азғырудың оңайға соқпасын байқарсың...

 

Жұмабай Біләлұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377