Айдос САРЫМ, саясаттанушы: "Ниет болса Түркі одағын құру қиын емес..."
Айдос САРЫМ, саясаттанушы
- Соңғы жылдары «Түркі бірлестігі, Түркі одағы, түбі бір түркі, бірге бол» деген бастамалар жиі көтерілуде. Өткен жылы Түркияға арнайы сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі одағын құру» мәселесін түрік ағайындардың алдында тағы қайталады. Бірақ жан-жақта шашырап жатқан һәм жеке-жеке шаңырақ құрып, мемлекет болып отырған түркі жұрты бір одаққа топтаса қоюы неғайбыл секілді көрінеді. Жалпы Түркі одағы ақиқатқа айнала ала ма?
- Менің ойымша көп мәселенің шешім табуы ықыласқа, ниетке байланысты. Мәселен, 86-шы жылы не болмаса оның алдында «КСРО тарқайды, оның орнына жаңа тәуелсіз ондаған мемлекет пайда болады» деген адам болса, «мынау жынды ма, не айтып тұр?» дер едік. Я болмаса бірден жындыханаға қаматар едік. Бірақ сол Желтоқсан оқиғасынан кейін, арада 5 жыл өтісімен әлемді тіреп тұрған қаһарлы империя үш күн ішінде күйреді де қалды. Бұл әрине, біздің бағымыз. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күні арада екі сағат өткен соң, Түркия ресми түрде еліміздің тәуелсіздігін мойындады. Бұл Қазақстанның, қазақ жұртының ұмытылмас кезеңінің бірі.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы
- Соңғы жылдары «Түркі бірлестігі, Түркі одағы, түбі бір түркі, бірге бол» деген бастамалар жиі көтерілуде. Өткен жылы Түркияға арнайы сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі одағын құру» мәселесін түрік ағайындардың алдында тағы қайталады. Бірақ жан-жақта шашырап жатқан һәм жеке-жеке шаңырақ құрып, мемлекет болып отырған түркі жұрты бір одаққа топтаса қоюы неғайбыл секілді көрінеді. Жалпы Түркі одағы ақиқатқа айнала ала ма?
- Менің ойымша көп мәселенің шешім табуы ықыласқа, ниетке байланысты. Мәселен, 86-шы жылы не болмаса оның алдында «КСРО тарқайды, оның орнына жаңа тәуелсіз ондаған мемлекет пайда болады» деген адам болса, «мынау жынды ма, не айтып тұр?» дер едік. Я болмаса бірден жындыханаға қаматар едік. Бірақ сол Желтоқсан оқиғасынан кейін, арада 5 жыл өтісімен әлемді тіреп тұрған қаһарлы империя үш күн ішінде күйреді де қалды. Бұл әрине, біздің бағымыз. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күні арада екі сағат өткен соң, Түркия ресми түрде еліміздің тәуелсіздігін мойындады. Бұл Қазақстанның, қазақ жұртының ұмытылмас кезеңінің бірі.
Жақында ғаламторды ақтарып отырып, бір суретті көзім шалып қалды. Онда Кемал Ататүрік өзінің мүдделестерімен бірге, әлем картасын ашып қойып, ондағы түркі тілдес елдерді белгілеп қарап отыр екен. Осыған қарап, Кемал Ататүрік те Түркі одағын құруды армандаған болар-ау деп ойладым. Жалпы Түркі бірлігін құруды өзіміздің алаш арыстары да ойлады, бірге болуға тырысты. Арғы ата-бабаларымыздың да арманы сол еді. Мұның артында тарихи, мәдени, тілдік, діндік және басқа да негіздері бар екені сөзсіз. Мысалы, осыдан жүз жыл бұрын біздің Алашорда арыстары әлемді аралаған кезде, яғни өзбекке, қырым татарына, т.б. жерлерге барған кезде еш аудармасыз емін-еркін сөйлесіп, бір-бірін түсініскен. Ал қазір тілдесуден қалдық. Бір жерге бара қалсақ не орыс не ағылшын тілін алға тартамыз. Бұл арада бір ғасыр өткендегі жағдай. Әрине оған осы аралықтағы түрлі саяси жағдайлар әсер еткені белгілі. Осыдан келіп түркі одағын құру қиын, қиял әңгіме деген ойда тууы мүмкін. Тіпті бір қарасаң, мүмкін емес секілді. Бірақ осы мүмкін еместің өзі адамды алға ұмтылуға жетелейді емес пе?
Мысалы, қарап отырсақ, пост кеңестік кеңістіктегі көптеген интеграциялық жобалардың іске аспай жатуының басты себебі, астарында үлкен рухани негіз жоқ. Халықтың ықыласы жоқ. Мысал үшін көшеге шығып кез келген қазақтан сұрашы, Ресеймен одақ болғысы келе ме, жоқ па? Әрине «жоқ» дер еді. Соңғы кезде байқап отырмыз, Ресейдің саясаты, саясаткерлерінің сөзі өзгерген. Олар Кедендік одақ дегенді, Кеңестік империяны жаңғыртудың басы деп қабылдайды. Бұл біздің мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін дүние. Біз көбіне интеграция дегеніміз - екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, сауда-саттық, пайда табу деп қабылдасақ, олар керісінше, саяси мәселелерді алға қояды, яғни әскери, геосаяси мәселелерді. Шынтуайтына келгенде Ресей үшін бақ болатын нәрсе, өзге үшін сор болып шығуы мүмкін. Сондықтан біздер осының бәрін таразыға тартып алуымыз керек.
Қытайдың кемеңгер көсемі Конфуцийден бір жоғарыға басшы болып баратын жігіт келіп ақыл сұрапты. «Бәленбай деген жерге патша болып бара жатырмын. Көпті көрген дана ретінде маған қандай ақыл бересіз, істі неден бастауым керек?» деген ғой. Сонда Конфуций сәл ойланып тұрып: «есімдер мен атаулардың атын түзеуден баста» деген екен. Яғни біздер әр нәрсені айқындап алуымыз керек. Мысал үшін «интеграция дегеніміз не, оның пайдасы қандай болмақ, кеңістігі қандай, соңы қайсы, шеті қайсы?» дегендей. Осындай мәселелерді қазірден бастап анықтап алмасақ, ертең дау туғызары анық. Қазақстанның көп досы да жоқ. Біз еш елмен соғыса алмаймыз. Армиямыз әлсіз, әлеуетіміз кем. Сондықтан әр нәрсені айқындап алсақ, ешқандай дау болмасы хақ. Мәселен, менің де сөзім емес, қазақстандық саясаттанушылардың да сөзі емес, ресей саясаттанушыларының өзі, «баяғы кеңістікте өмір сүрген саясаткерлер өмірден өтпей, ТМД кеңістігінде тыныштық, шынайы достастық, шынайы интеграция болуы мүмкін емес» дегенді айтады. Бұған қосылуға болады. Өйткені олардың ішінде жатқан құбыжық тыныштық бермейді. Себебі баяғы заманды аңсауды бірден доғару қиын. Түркі бірлестігіне келетін болсақ, мынадай бір нәрселерді түсіну керек сияқты. Саяси өзгерістердің түр-түрі бар. Мысалы, алдағы бес-он жылда шешуге болатын мәселелер, жиырма-отыз-елу жылда шешуге болатын мәселелер және ешқашан шешімін таппайтын мәселелер болады. Яғни біздер шешімін таппайтын мәселелердің алдын алуымыз керек. Болмаса бірден анықтап алу қажет. Ақиқатын айтар болсақ, біз Қытаймен, Ресеймен ешуақытта одақ бола алмаймыз. Бұл - басы ашық дүние. Мынаны түсінген жөн. Қытай да, Ресей де алпауыт елдер. Біреуінде миллиард жарым, екіншісінде жүз қырық миллион адам бар. Олардың экономикасы да бізден қырық-елу есе әлеуетті, қуатты. Осы мемлекеттердің саясаты түпкілікті түрде өзгермейтінін түсінуіміз керек. Жарайды, олардың басшылығына Ельцин секілді жайбарақат бір президент келді дейік, ол ары кетсе бес-он жылдың әңгімесі. Ал он бес жылдан кейін я болмаса жиырма жылдан кейін билікке кім келетінін кім білген?!
Жақында Қытай мен Жапония арасында аралға байланысты дау туды. Қытай қалаларында ондаған мың адам көшеге шығып, наразылық білдіріп, жапон бизнесін талқандады. Демек мұны Қытайдағы үнсіздіктің оянуы деп түсінген жөн. Яғни қытайдың бүгінгі жастары теңсіздікке, әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмеуіне, т.б. нәрселерге наразылық таныта бастады. Қытайда 600 миллион адам өте кедей тұрады. Оларды бағып отырған шығыс аймақтары, нақтылап айтсақ - теңізге жақын жатқан өңірлер. Егер де Қытайда топалаң бастала қалса, біз тұрмақ Ресейдің өзі түк істей алмай қалады. Осыны түсінген жөн бізге. Бұл екі империя да бізбен мәңгі-бақи достық рәуіште болады деп айта қою қиын. Билікке түрлі адамдар келеді. Түрлі көзқарастар болады. Осыны таразылап, соған сай саясат ұстанған жөн. Әсіресе Ресейде үлкен өзгеріс болуы ғажап емес. Айтайын дегенім, алпысыншы жылдары орыстың диссиденті Андрей Амалюк деген жігіт бір мақала жазып кеткен екен. «Кеңес одағы 1984 жылға дейін өмір сүре ме?» деген. Сонда ішкі жағдайын, жалпы шенеуніктердің коммунистік идеяға деген сенімдерін жоғалта бастағаны, ұлттық республикалардың оянып келе жатқанын сөз ете келе, «алдағы жиырма-жиырма бес жылда Кеңес одағы құриды» деген тұжырым жасаған. Оның жазғандарын оқыған билік, оны есі ауысқан деп тауып, жындыханаға тыққан. Кейіннен жол апатынан қайтыс болғанын білемін. Мәселе оның көрегендігінде болып тұр ғой. Мұны мысал ретінде келтіріп отырғаным, «бүгінгі күні бұл қиын екен, түркі одағы құрылуы екіталай дүние» деп қарауға болмайды. Яғни біз ондай бола ма, болмай ма дегеннен гөрі, түркі елдері арасындағы түрлі байланыстарды ұлғайта беруіміз қажет. Мұның ақыры үлкен бірлестікке алып келуі әбден мүмкін. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардың басында Түркия бостандық алған түркі республикаларымен қарым-қатынасын жақсартып, жақындағысы келді. Біраз жобаларды ұсынды. Бірақ ол кездегі түрік элитасы, бизнесі әлі де болса үлкен ағайын тұсынан келді. Сол тұста біздің де басшылар «кешіріңіздер біз үлкен бір ағаның қолтығынан шығып, екінші бір ағаға құлдық дегiміз келмейді» деген. Бірақ уақыт өте келе түркі одағын құру мәселесі қайтадан алдан шығып отыр. Әсіресе оған бірнеше мемлекет мүдделі. Соның бірі Әзірбайжан. Өйткені ол елдің біраз жерін Армения басып алған. Жартылай тәуелсіздігінен айырылып отырған мемлекет. Оны қайтарып алайын десе армяндар Ресейге арқа сүйейді. Сондықтан Ресейге күшті балама табылмай, ана жер мәселесі шешілмейтінін біліп отыр. Екінші бір мемлекет - біз. Өйткені бір жағымыз Ресей, екінші жағымызда Қытай империясы, үшінші жағымыз өсіп келе жатқан, бірақ болашағы бұлыңғыр мұсылман елдері. Түркі бірлігі дегеннен шығады, біз мына бір мәселенi түсінуіміз қажет, бізге ортақ радио, ортақ телеарна, қысқасы ортақ ақпараттық кеңістік қажет. Бұл бізді жақындастырады. Кейде тувалардың, хакастардың, сахалардың кітаптарын қолыма алып ақтара қалсам, өзіме таныс әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді кездестіремін. Пазыл деген ойын бар. Кішкентай-кішкентай мозайкалар, шашып тастасаң түсініксіз. Суретімен ретін келтіріп орнына келтірсең, ортақ бір картина пайда болады. Түркі халқы да сол шашылып жатқан ойынға ұқсайды. Ретін келтіріп құрастыра алсақ, әлемде өзіндік орны, салмағы, айтар уәжі бар мықты одақ дүниеге келер еді. Біздің түбіміз бір. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қиын емес. Тек ниет болса болғаны. Құдайға шүкір, қазір жақындасуға деген талпыныс бар, сондай бір процестер жүріп жатыр.
- Біз тәуелсіздікке ие болғалы неге қол жеткізе алдық?
- Жиырма жылдың екі-үш жақсы жетістігі бар. Мәселен, біріншісі өз жерінде қазақтың санының артуы. Бір миллион адамның сырттан атамекенге оралуы және жаңа ұрпақтың дүниеге келуі. Мейлі ол оқушы болсын, студент болсын, тіпті нашар тәрбие алсын, міндет емес, ең бастысы жаңа буын. Ол буын кеңес уақытын көрген жоқ. Жүрегі егемен деп соғатын жаңа ұрпақ. Екінші үлкен мәселе, жиырма жыл дегеннің өзі елдің, ұлттың, халықтың белгілі бір саяси көзқарастарының, құндылықтарының пайда болуына алып келеді. Мысалы, бүгінгі қазақ баспасөзін алып қаралық, біз билік жағында болайық, оппозиция жағында болайық, тәуелсіз болайық, бизнес баспасөзі болайық бірақ қазақ баспасөзін біріктіріп отырған құндылықтар бар. Ол құндылықтар - тіл, дін, діл, тарих, мәдениет мәселесі. Осы жағына келгенде қазақ баспасөзі қай жақта жүр-се де ортақ бітімге келе алады. Жалпы, жиырма жыл ішінде саяси санамыздың, тарихи санамыздың, геосаяси санамыздың қаңқасын жасай алдық.
Әңгімелескен
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
"Айқын" газеті