Сенбі, 23 Қараша 2024
Дей салдым-ау 3633 7 пікір 14 Ақпан, 2023 сағат 12:53

«Жаңа Қазақстан» ба әлде «Жасырын Қазақстан» ба?

Біздің елде ерекше шексіз биліктің иелері деп облыс әкімдерін айтуға болады. Олар, былайша айтқанда, Құдай емес, алайда ол Құдайдан кем де емес, тым шырқау биікте. Жалақысы да соған сәйкес, олқы түспейді. 2 миллион теңгеге жетіп жығылады. Өзі басқаратын өңірде оған бағынбайтын ешбір лауазым иесі жоқ. Сондықтан облыста оның айтқаны заң, істегені қашан да дұрыс, қателесуі мүмкін емес ақ қанатты періштенің деңгейінде.

Бір қызығы, Президенттен басқа ешкімге де есеп бермейді. Ал бере қалған есебі қашан да адамның басы айналатындай ғажап көрсеткіштерге толы болады. Оған ешкім де күдік келтірмейді. Тіпті анда-санда сол есепті алып отырған адамның өзі де. Сосын көкірегі өспей, өзін-өзі құдірет санамай қайтеді? Ал ана үкімет басшысының анда-санда бірер айтқан сыни пікірін ол еш жеріне де қыстырмайды. Әрине, бас шұлғыған болады. Тіпті құлақ салып тыңдаған сыңай да танытады. Алайда, бұл жағдай оның тыныш та, қайғысыз өміріне еш сызат түсіре алмайды. Өйткені, оның қожайыны біреу.

Ал қалғаны... Е, Астанада отырып, қолынан көп нәрсе келмесе де, ақыл айтып қопаңдайтындар жетеді емес пе? Солардың бәрін тыңдай берсең, қай өмірің жетеді? Сосын "ит үреді, керуен көшеді" дейтін ешқашан тозбайтын пәлсапамен тіршілік ете бер. Мұртыңды балта шаппайды. Тек кейбіреулер қожайыныңа бірдеңені бықсытып жүрмесе болғаны. Ондайлардың да жөнін келтіруге болады. Олар да пенде, олардың да осал тұстары кездесіп қалады. Мәселе, соны дөп басу. Арғы жағы оп-оңай.

Ең бастысы, сен қандай дүниені қалай бүлдірсең де, ешкім ештеңе білмейді. Әкім болған кезіңде бәрін қатырып қойсаң жетіп жатыр. "Қалғанын бір құдайдың өзі кешіреді" деп жүре бер. Сенбейсіздер ме? Оларыңыз бекер, әрине. Бізде қандай әкімнің қандай таланты үшін тағайындалғандығы немесе орнынан түссе, не кінәсі үшін жылы орнынан айырылғандығын халыққа кім, қашан түсіндіріп еді? Мәселен, біздің Қостанай облысына Құмар Ақсақалов жақында ғана әкім болып келді. Солтүстік Қазақстан облысындағы осындай қызметінен ауысты. Сонда ол ана Қызылжар өңірінде бүкіл ел сүйсінерліктей қандай игілікті істер тындырыпты? Ол неге айтылмайды? Неге біз соған бөркімізді аспанға атып, риза болмаймыз? Әйтпесе, бір облыстан екіншісіне ығыстыра салудың өте тиімді екендігін  кім тайға таңба басқандай етіп халыққа дәлелдеп беріпті?

Ал енді осында 7 жылдан астам отырған, Ақтөбеден ауысып келгенде, құйрығына "30 пайыздық әкім" атағын бірге байлап келген бұрынғы әкіміміз Архимед Мұқанбетов кімге ұнамай қалыпты? Үн-түнсіз түсіріп тастайтындай не бүлдіріпті? Ал мұны да аз десеңіз, Қарағандыны басқарып жарытпаған Жеңіс Қасымбектің Астананың әкімі болып көтеріліп кетуі қандай талантының арқасында екен? Әлде оның әкесі Махмуд Қасымбековтың кезінде бұрынғы Президенттің өмір-бақи кеңсесін басқарып, талай-талай мемуарын жазғандығына айтылған рахмет пе?

Мінекей, облыс әкімдерінің ауыс-түйісінің осылайша халықтан аса құпия түрде, жасырын жүргізілуі "Жаңа Қазақстан" немесе "Әділетті Қазақстан" деген сөздердің тек әдемі ұрандарға айналып бара жатқандығын көрсетпей ме? Олай болса, олардың ескірген Қазақстаннан айырмашылығы қандай? Мүмкін, сіздер білерсіздер?

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525