Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Ақмылтық 2687 12 пікір 18 Ақпан, 2023 сағат 17:06

Қазақстанға саяси реформа керек!

«Қанды қаңтар» оқиғасына бір жыл толғанда «қаңтар» қайталанбау үшін не істеу керек деген сұрақ ортаға шықты. Сұрақтың бұлайша бас көтеруі аталмыш оқиғаға бір жыл толса да, күдік-күмән қоюлап, жұрт көңілі күпті болып отырғанын түсіндіреді.

«Қанды қаңтар» қайталанбасы үшін ең алдымен осы қанды оқиғаны тудырған басты себеппен күресіп, мәселені түп-тамырдан үзу керек. Аталмыш қанды оқиғаның туылуының басты себебі жөнінде билік пен халықта ортақ әділ түсінік бар. Бұл Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыз жолдауында: «Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім», - деп айтылған шындық.

Басты себепті тудырған басты жауапкерлер кімдер? Тек К.Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаевтар ғана ма? Отбасы мүшелерінің монополияға қатысы жоқ па? Қазірге дейін отбасының бір мүшесі де жауапқа тартылмады. Отбасы мүшелерінің қатысы жоқ дегенге, айпарадай ашылған шындық алдында ақыл-есі сау адам қалай сенеді?.. Жаңа Қазақстан президентінің бұл мәселеге ашық нүкте қоймай тұрып, жаңа Қазақстанда әділеттілік туралы сөз қозғауының өзі ұят.

Отбасы мүшелері жауапқа тартылмаса, мемлекет қызметкерлері елде өзгеріс болатындығына сенбейді. Мемлекет қызметкерлеріндегі сенімсіздік қандай бір әділетті заңды, әділетті Қазақстанға қажетті бұйрықпен нормативтік құжатты қағаз жүзінде қалтырады. Елде ешқандай өзгеріс болмайды.  Халықтың сенімі сарқылады.

«Қанды қаңтардың» туылу себебін түбегейлі жойып, әділетті жаңа Қазақстан құру үшін істелетін ең маңызды жұмыстың бірі саяси реформа жасау. Бұл бағытта айтар сөз көп. Қане, әділетті Қазақстаның деген дегібірсіз сұрақ пен әділетті Қазақстан бір күнде бір жылда қалыптаспайды. Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады деген уәждің текетіресі тоқайласып тұр. Екі пікірдің де қисыны бар.

Жаңа Қазақстандағы саяси реформа жасалғанының атрибуты тек саяси бәсекелестіктің қалыптасуы. Біз президент сайлауын түрлі себеппен бәсекесіз өткіздік. Саяси бәсекенің ендігі алаңы алдағы Мәжіліс сайлауы. Келесі шақырылым Мәжілісте оппозициялық саяси күш (саяси партия немесе оппозициялық коалиция) анық бой көрсетуі керек. Сонымен бірге өздерін нағыз оппозициямыз деп, авторитарлық билікті сынаумен айналысқан топтарға партия құруға мүмкіндік беру керек. Бұл да биліктің әділ саяси бәсекелестікке жол ашқандығының айқын белгісі болады. Қ.Тоқаев билігінде саяси бәсекелестікке жол ашу туралы анық ниет болса, Қазақстан қоғамы саяси күштерге ұйысып бәсекелесуге даяр. Менше біз қазір мынаны анық түсініуіміз керек. Әлеуметтік әділеттілікті іске асыру үшін атқарушы биліктің әкімшілік механизміне өзгеріс енгізу, адам алмастыру, заңмен қамтамасыз ету қалыптасқан мәселені ешқашан түбегейлі шешпейді. Тек саяси бәсекелестік қана әкімшілік құрылымда бұндай механизмдерді табиғи тудырады. Амалсыз іске қостырады. Өміршең етеді.

«Қанды қаңтар» оқиғасының бүгін анық болған хронологиясының қалыптасуына көптеген факторлар себеп болды. Осы себептердің аражігін анық, әділ ажыратып, ашық құқықтық баға беру қаңтар оқиғасының қайталанбауының және бір қажетті шарты.

Ата Заңымызда адам өмірі мен тіршілігі бостандығы ең басты құндылық деп көрсетілген. Сосын елімізде өлім жазасына тыйым салынған. «Қанды қаңтарда» 238 адам қаза тапты. Сондықтан бұл адамдардың өлім құшуының себептерін заң бойынша анықтап құқықтық баға беру ең маңызды. Ата Заң беделін қорғап, жаңа Қазақстанда заң үстемдігін қалыптастырудың алғышарты. 142 адам антитеррористік операция мен төтенше жағдай режимін бұзғандығы үшін атылды. Бұлардың қаны кімнің мойнында? 67 адам шабуылдау барысында оққа ұшыпты. Бұлар террорист па? Бұларға анық заңдық статус, құқықтық баға берілуі керек. Тергеу изалиоторында 328 адам азапталып, 6 адам  азаптаудан көз жұмды. Заң атқарып адам құқын қорғайтын күштік құрлымда адамды азаптап өлтіру еш ақылға сыймайды. Бұл күштік құрлым жүйесінде өте ауыр мәселенің бар екенін көрсетеді. Адам өлтірген қанды қолдар мен жауапты тұлғаларды заңдық жауапкершілікке тарту керек. Тек жоғары басшылық құрамды жаңалау ешқандай өзгеріс әкелмейді. Онсыз құқық қорғау саласына ел сенбейді.

Алтыншы қаңтарда Алматыдағы алаңда «қарапайым халықпыз, біз-террорист емеспіз» деген плакатпен тұрған топты неліктен, кім атты? Қазір қоғамда мынандай жорамал бар. Бейбіт шерушілер алаңда шатыр тігіп ас-су әзірлеп, бейбіт митинг өткізіп, билікке табандап талап қоюды ойластырған (шынында бұл сөз Алматыда шеру басталған 4 қаңтарда айтылды). Бұл билікке тиімсіз болғандықтан, билік мақсатты түрде атты деген пікір бар. Дәл осы мәселені анықтап, нақтылы құқықтық баға берілу өте маңызды. Алматыға жирма мың террорист шабуыл жасады. Екі солдаттың басы кесілді. Бұл ақпараттар Президент аузымен айтылды. Нәтижесінде елге ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерлері кірді. Қазір жоғарыда президент аузымен айтылған ақпарат жалған болып шықты. Шет ел әскері ел аумағына кіріп, егемендігімізге қауіп төндірді. Ескертусіз оқ атудан жазықсыз жандар ажал құшты. Бұндай жалған ақпараттың таралу жауапкерлігін кім арқалауы керек? Бұған міндетті түрде құқықтық баға беріліп, жауаптылар заң жазасына тартылуы тиіс. Онсыз әділетті Қазақстанда әділеттіліктің мәні қалмайды. Бейбіт шерудің шырқын бұзған маргинал жастар емес, арнаулы дайындалған топ. Бұлар мемлекеттік төңкеріс жасамақшы, бұлардың бас ұйымдастырушысы К.Мәсімов деген пікір билік тарабынан ашық айтылды. Бас ұйымдастырушы күдігіне ілінген адамға қатысты сот аяқталған жоқ. Өте құпия өткізіліп жатыр. Егер Самат Әбіш не Қайрат Сатыбалды бұл рөлде деп айтылса онда ойлануға болар еді. Бірақ бұл екеуінің аталмыш әрекетке еш қатысы жоқ деп танылып отыр. Онда бас ұйымдастырушы кім? Бұл Қазақстан халқы тағатсыздана күтіп отырған сұрақ. Бұл сұраққа жауап берілмесе немесе берілген жауапқа халық иланбаса, биліктің тығырыққа тірелгені тірелген.

Жоғарыда айтылған мәселелердің біреуіне қисынды дәлел көрсетіліп, ойға қонымды үкім  шықпаса қаңтардың көзі өшпейді.

Наурызбай Тұңғатарұлы

Abai.kz

12 пікір