Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3780 0 пікір 5 Сәуір, 2013 сағат 06:15

Бейбіт Исхан. «Қ» дыбысы – қазақтың ұлттық нышаны

 

Біз 2006 жылғы бір мақаламызда «кирилге негізделген қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді латынға сол қалпында көшіре салсақ, ұтарымыздан ұтыларымыз зор болады, біздің қаупіміз сол - қазақтың латынша жаңа әліпбиін түзгісі келіп жүрген қазіргі талапкерлердің көбісі қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана қамтитын әліпби жасауды емес, қазіргі әліибиіміздегі 42 әріпті латыншаға көшіре салуды мақсат етіп жүр» деген едік. Айтылмыш қаупіміз қазір алдымыздан жиі шығып жүр.

 

Біз 2006 жылғы бір мақаламызда «кирилге негізделген қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді латынға сол қалпында көшіре салсақ, ұтарымыздан ұтыларымыз зор болады, біздің қаупіміз сол - қазақтың латынша жаңа әліпбиін түзгісі келіп жүрген қазіргі талапкерлердің көбісі қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана қамтитын әліпби жасауды емес, қазіргі әліибиіміздегі 42 әріпті латыншаға көшіре салуды мақсат етіп жүр» деген едік. Айтылмыш қаупіміз қазір алдымыздан жиі шығып жүр.

Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін Ахмет Байтұрсынұлы бұдан жүз жылдай бұрын анықтап, нақтылап, дәлелдеп кеткен. Соның негізінде латыншаланған қазақ әліпбиі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында - баяғыда-ақ жасалып қойылған болатын және ол он-он бес жылдай (1926-1940) ұлтымызға тәп-тәуір қызмет еткен еді. Егер латыншаға шынымен де көшетіндей болып жатсақ, «белесебетті қайта ойлап шығарғандай» болмай-ақ, сол латынша әліпбиімізді сәл жетілдіріп пайдалана беруге әбден болады. Бірақ осыны елеп-ескермей, түктің мәнісіне бармай-ақ, ертеңгі ел (қазақтілді қоғамның) сауаты қалай болады дегенді естен шығарып, өзге тілдің тіліміздің табиғи бітім-болмысына мүлдем сәйкес келмейтін дыбыстарын небір сылтау-дәлелдермен латыншаланатын болашақ жаңа әліпбиімізге тықпалап, ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы секілді XXI ғасырдағы қазақтың жаңа әліпбиін түзушісі болғысы келетіндер тым көбейіп кетті. Оны филологиялық жоғары білімі жоқ жәй адамдар сөз қылып жатса бір сірә ғой, ғылыми атақ-дәрежесі дардай тілші-лингвистердің өзі де үлкен әңгімеге айналдырып жүр.

Мәселен, Abai.kz сайтында Кәкімбек Аюбай: «Қазақ әліпбиінің негізін 28 төл дыбысы құрайтыны даусыз. Жаңа әліпбиге «ф», «х», «в» дыбыстары қосыла ма, жоқ па? Пікірлер әралуан. Мәселені, анықтау үшін бұлардың тілімізге ену сипатын пайымдайық»,- дей келе,- «арабтар Дешті Қыпшақ даласын жаулап алғаннан бастап (қашан жаулап алып еді? Автор) ислам діні мен араб жазуының үстемдігі орнайды. Нәтижесінде көне түркі жазуы қолданыстан шығарылады. Араб жазуының ықпалымен жергілікті халықтар тіліне «ф», «х», «һ», «ў» дыбыстары ене бастайды. Бұлар  ертедегі түркі ғұламаларының еңбектерінде және кісі есімдерінде жиі кездеседі (Фараби, Хорезми, Қожа Ахмед, т.б.). Бұл дыбыстардың тарихы түркі тілдерінде мың жылдан асады екен»,- деп қорытынды жасай келе, өз тұжырымын әлеуметтік, лингвистикалық тұрығыдан негіздеуге тырысып бағады.

Біздің ойымызша, бұл мүлдем қате түсінік. Тағы да өзге тілдік сөздерді өзіміздікі деп малданғандай, сол сөздердің құрамындағы жат дыбыстарды да өзіміздікі деп иемдену немесе өзіміздің төл дыбыстарымызға айналған деген құр әншейін адасу. Фараби, Хорезми, Ахмед т.б. араб-парсы тілдерінен келген есімдер мен басқадай сөздерді атам қазақ еш уақытта солар құсап айтпаған.  Егер біз Аюбай Кәкімбек Қалиұлының  «қазақ ол дыбыстарды (х, ф, в) айта алады немесе шетелдік сөздерді жазу үшін керек» дегенін желеу етіп, тіліміздің латыншаға негізделетін болашақ жаңа әліпбиіне енгізер болсақ, онда «ч, ц, я, ю, е, э, щ» әріптерін де енгізуге мәжбүр боламыз.

Мәселен, қазақ сөзінің құрамында айтылып-жазылатын «я» мен «ю-ды» (аян, ояу, баяу, бояу т.б., аю, жою, қою, ою т.б.) айтпағанда «ц» (т+с), «ч» (т+ш) дыбыс тіркесімдері де түбір сөздердің басы мен соңында айтылмағанмен, «айт+са», «жат+сын», «кет+ші»» «серт+шіл» деген сияқты т.б. сөз бен қосымша аралығында «ц», «ч» дыбыс тіркесіміне жуық түрде айтылады емес пе, тіліміздің артикуляция заңына сәйкес айтылатын, құлаққа нақты естілетін осындай дыбыс тіркесімдері бар екен деп оларды да қабылдау қажет пе? Алайда олар қазақ тілінде түбір сөздің құрамында айтылмайды. Сол себептен болар, кезінде қазақ тіл білімінің білгірі               А. Байтұрсынұлы олардың қазақ сөзі құрамындағы орны (басында, ортасында, аяғында) мен қолданылу жиілігінің аса белсенді еместігін ескере отырып, өзі құрастырған әліпбиінде оларға арнап арнайы әріп белгілеуді қажет етпеген.

Халел Досмұхамедұлы: «Тілді бүлдіретіндер - оқығандар» деп айтқандай, Кәкімбек Қалиұлына «оқу өтіп» кетсе керек! Осындай оқымыстылар өздері ғана адасып қоймай, өзгелерді де шатастырады. Мысалы, оның аталған мақаласына пікір білдірген Серікжан деген біреу: «Х» дыбысын сақтап қалу туралы пікіріңізді қолдаймын. Ол - парсы тілінен енген дыбыс. Қалай болғанда да, «халық» - «қалық» (озық, қалық), «хор қызы» - «қор қызы» (қор болу, қорлану), «хикая - қыйқайа» (қыйқай, қыйқаңдау), хат - қат (тапшы, зәру, дефицит) «хан - қан» («хан» (Абылай хан) дегеннің «қан» (аққан қан) болып кетуі тым ерсі), Яғни, «Х х» дыбысын шет тілден енген деп алып тастасақ, қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің мәні өзгеріп кетеді. Оған қоса, х дыбысы батыстан енген сөздерде кездеседі, Конгресс-холл, холестерин, хор-капелла т.б. Сондықтан Х дыбысын сақтап, жоғарыдағы қазақ тілі үшін «бар дыбыс/жоқ дыбыс» санатында жүрген «Һ һ» (қаһар - қахар, шаһар - шахар, Гауһар - Гаухар) дыбысын қазақ тілінен шығарып тастауыңызды қолдаймын»,- деп жазады.

Міне, қызық! Егер біз «хат, хабар, хан, хор, халық» деген сияқты бар-жоғы 10-15 сөздің басында жазылып, соның әсерінен сөйлеу (тірі!) тілімізге де көшкен «х» дыбыс-әрпін өз тіліміздің ықылым заманнан бері қалыптасқан бітім-болмысына сәйкес «қ» дыбысымен айтатын болсақ, «қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің мәні өзгеріп кетеді» екен. Мөлшері, Серікжан кез келген тілдің, әсіресе қазақ тілі сөздік қорындағы бір буынды сөздердің (ақ, ат, ас, аш, әр, ер, бас, қас т.б.) көпшілігінің, сондай-ақ бірсыпыра көп буында сөздердің (мақта, қорғасын т.б.) омонимдік мағынасы болатынын және ондай сөздердің жеке тұрғандағы нақты лексикалық мағынасы мынау деп дәл айтып, анықтап көрсетуге болмайтынын білмейтін болса керек. Мен егер: «Кеше досымнан қат алдым» деп айтып-жазсам, ол осы сөйлемдегі «қат» деген зат есімді «зәру» деген сөзбен шатастырса, ал «Қазақтар өз қандарын сайлады» десем, басқаша түсініп қалуы мүмкін екен ғой! Осындайда еске түседі, қазақ тілі бойынша бір ғылым докторы қазақ радиосыннан сөйлеп, «Осы біз - қазақтар «мақта» (хлопок) деп дұрыс айтпай жүрміз, өзбектер секілді «пахта» десек, «мақта» деген етістіктен өзгеше болар еді-ау!» деп соққан еді.

Серікжан сияқтыларға айтарымыз - әр сөздің лексикалық нақты немесе ауыспалы, келтірінді, синтаксистік шарты, фразеологиялық байлаулы мағынасы еркін сөз тіркесінде, сөйлем құрамында (қор болды//қор қызы//қор-капелла) ғана нақтыланады. Өз тіліміздің төл дыбыстық жүйесіне сәйкес қат-қабар, қан (түркілік көне тұлғасы - қаған), қалық т.б. деп айтып, «х» дыбысынан құтылғанымыздан ештеңеміз кетпейді. Керісінше, қазақтың қазақтығын айқындайтын, ұлттық нышанымыз секілді «қ» дыбысының қолданылу аясын кеңейте түсеміз.

Осы орайда тілші-лингвист ғалым болмаса да, «қ» дыбысының өзіндік мән-мағынасын терең зерделей білген атақты сазгеріміз Шәмші Қалдаяқавтың: «... Қазақ деген қасиетті халық қой. Соған орай, қасиетті сөздердің бәрі де «қ» әрпінен басталады деп білемін. Мәселен: қазы, қарта, қымыз, қымыран, құймақ, құрт, қатық, қуырдақ, құтты қонақ, қазақ, Құдай қосқан құда, құдай, Құран, құлшылық, құрмет, қыран, қырғи, қаршыға, құлын, Құралай, Құртқа, Қобыланды, қаһарман, Қонаев, тіпті менің әкемнің аты - Қалдаяқ та «Қ» әрпінен басталады». (Әбдірахман Асылбек. Соңғы сапар немесе Шәмшінің Таластағы күндері. «Жас Қазақ» газеті, №8 (424) 1 наурыз 2013 жыл),- дегені талайларға ой салары анық.

Шынында да «қ» дыбысының тілімізден алар орны ерекше. Сол себептен болар, кеңестік саясаткерлер ұлттық тіліміздің орыс тіліне мүлдем ұқсамайтын өзіндік қадыр-қасиетін аңғартатын, төл сөздеріміздің 30 %-ның басында және өте көп сөздің құрамында кездесетін, аса белсенді қолданыстағы «қ» дыбысының ықпалын әлсірету үшін, тіліміздегі сөз мағынасын өзгертуге еш әсері жоқ «һ» дыбыс-әрпі мен қазақ сөздерінің «ах», «ух» деген секілді бірен-саран одағайларында ғана айтылатын «х» дыбыс-әрпін «қ»-ға қосамжарлап әліпбиімізге енгізген болатын. Бұл болса, ұлттық тілімізді түбірімен өзгертуге бағытталған жымысқы саясаттың қазақтарды орыстандыру үшін жасаған бір әрекеті еді.

Кезінде «осы біз латыншаға көше қалсақ, кімдер көшеді? Таза қазақтар ғана ма, әлде еліміздегі басқадай қазақтармен (орыстілді) бірге орыстар, өзбектер, ұйғырлар, кәрістер тағы басқалар да латынға көше ме? Орыс, өзбек, ұйғыр және басқалардың мектептерінде де, орыс-қазақ тілінде білім беретін кәсіби орта және ЖОО-да да латынша әліпби қолданыла ма екен? Олар көшпей қалып, онсыз да өз тілінде өз өкіметіне сөзі өтпей жүрген немесе орыс тілін нашар білетіндіктен, өз елінде жетім қозының күнін кешіп жүрген «нағыз қазақтар» орыстілді қандастарынан ажырап кетіп, Арал теңізінен бөлініп қалған қазіргі шағын бөлігіндей болып жеке қалып қоймай ма? Сөйтіп, біз «Қазақ пен Ноғайлының бөлінуін» тағы да бастан кешіріп жүрмейік! - деп те өз қаупімізді білдірген болатынбыз. Сол қаупіміз расталды.

2013 жылы 28 наурыз күні мәжiлiс үйiнде латын әлiпбиiне көшу мәселесi талқыланып, бірталай шешендер өз ойларын ортаға салды. Бізді елең еткізген Гүлнәр Сейтмағанбетованың: «Кiм жауап беретiнiнiн бiлмеймiн, бiрақ латын әлiпбиiн енгiзген кезде, мәселен, орыс мектеп­те­рiнде қандай әлiпби болады? Кейбiр БАҚ-та айтылған әңгi­мелерге қарағанда орыс мек­тептерiнде кириллица жүре бередi, ал қазақ мектептерiнде латын әлiпбиi болады. Сонда бiр мемлекетте екi түрлi әлiпби бола ма?» деген сұрағы болды. Оның бұл сұрағына А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының директоры Мырзаберген Малбақов: «Латын әлiпбиiне бүкiл қазақстандықтар көше ме, әлде тек қазақтар көше ме деген сұрақ саяси жағынан қойылуда. Жауабымыз, латын әлiпбиiне мемлекеттiк тiл ғана көшедi. Бас­қалары кейiнгi мәселе»,- деп жауап бердi. Мәжілістен кейін БАҚ-қа сқхбат берген басқалар да тек мемлекеттік тіл ғана жаңа әліпбиге көшетінін «шаттана» айтып жатты.

Демек, латынға көше қалсақ, оның бар ауыртпалығы қазақтілділерге түсетіні, ал орыстілділердің қылшығы да қисаймай, өздерінің балаларын орыс мектептеріне беріп, орысша оқытып жүре беретіні, сосын біз олардың көзіне қазіргіден де қиын болып көрінетін латыншаланған қазақшамызды тіптен де үйрете алмай, сол бұрынғыша, тіпті одан да жаман күй кешіп, тағы да бір 20 жылдай жүре беретініміз айқындалды. Себебі ұлттық (орыс, өзбек, ұйғыр т.б.) білім ошақтарының барлығы - өздерінің төл жазу-сызуымен білім бере береді екен.

Әлбетте, бұл - заңдылық. Оларға қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыс-әріптер ғана қамтылатын латынша әліпбиімен орысша, өзбекше, ұйғырша т.б. оқулықтар жазып-оқыт деп айта алмайсың. Әлде қазақстандық орыс мектептеріне арнап, қазақша, орысша, өзбек-ұйғырша сөздерді де, тіпті ағылшын, француз, қытай сөздерін де таңбалай алатын, 42 әріптен тұратын қазіргі әмбебап әліпбиімізді латыншаңа қотарып көшіре салармыз. Міне, табылған ақыл!

Енді латынға көшудің дәл қазіргі уақыттағы қиындығына келер болсақ, 1928 жылы көшкен түріктердегідей немесе кеңестік саясаттың құрсауынан босай салып, латынға дереу көшіп кеткен әзірбайжан, түркімен, өзбектердегідей, сонау ХХ ғасырдың басында болған біздің біршама ұлттық тұтастығымыз әзірше болмай тұр. Елімізде қазақша және орысша білім беру жүйесі халыққа қатар қызмет етуде.

Осыған байланысты және түк те жасырып-жабары жоқ, өзге ұлт өкілдерін есепке алмағанда, қазақ қоғамының өзі қазақтілді және орыстілді болып екіге жарылған. Бүгінгі таңда қазақтар ел халқының 65-70%-ын құрайды дегенімізбен, олардың жартысына жуығы - қазақша аздап түсініп, сөйлей алатын немесе мүлдем өз ана тілін білмейтін орыстілді өз қандастарымыз екені баршаға аян. «Қазіргі кезде 3455 мектеп мемлекеттік тілде жұмыс істейді. Онда 1530,1 мың оқушы оқиды. Сонымен бірге сабақ орыс тілінде жүргізілетін 2522 мектеп (1462,4 оқушы); өзбек тілінде - 78 мектеп (77,2 мың оқушы); ұйғыр тілінде - 14 мектеп (22,3 мың оқушы); тәжік тілінде - 3 мектеп (2,5 мың оқушы); украин тілінде - 1 мектеп (0,1 мың оқушы) және аралас тілде оқытатын 2112 мектеп бар» (Балахметава Г.К. және т.б. Қазақстан тарихы пәнінен дәрістер. Ал., 2012 ж. 119-бет),- деген деректі нақты мәлімет дейтін болсақ, елдігіміздің - кемел келешегіміздің ертеңі деп жүрген жас ұрпақтың жартысынан астамы өзге тілде білім алып, тәрбиеленіп жатқанын пайымдауға болады.

Сондықтан қазақ қоғамы біршама қазақы сипат алып, қоғамдық-психологиялық ахуал бір қалыпқа түскенше латын қарпіне көшуді 2025 жылға дейін біртіндеп жүргізіп, ең әуелі ұлттық-лингвистикалық мәселелерді реттеуге аса мән бере отырып, осы бағытта мандытып жұмыс істеуіміз қажет сияқты.

Ал латынша жазуға көшсек, компьютерде жұмыс істеу оңай болады, ғаламторды жетік игереміз, ағылшын тілін тез үйренеміз, шетелдердегі қандастарымызбен және түркітілдес бауырларымызбен тығыз байланыс орнатамыз деп желігіп-желпінудің түкке де қажеті жоқ. Мәселен, қазақ тілі әліпбиін өзгерту, осы, кімге керек? Шетелдегі, оның өзінде еуропадағы ағылшын, француз, неміс, түрік болып кеткен аздаған қазақтар үшін бе, әлде қазақстандық қазақтілді қазақтар үшін бе? Ғаламторда қазақша жұмыс істеу қазаққа ма, әлде басқаға да керек пе? Ғаламтордың қазақша сайтына кімдер кіреді? Ондағы қандай да болсын бір қаріппен (араб, латын, кирилл, руна т.б.) қазақша жазылған ақпарат кімдерді қызықтырады? Оның қандай таңбада (әріпте) болғандығы кімге қажет? Айналып келгенде, қазақ пен қазақ қана, оның өзінде қазақтілді қазақтар ғана бір-бірімен хат-хабарды қазақша алысады емес пе? Біздің ойымызша, бұның жалғыз жауабы - қазақ тілі қазақша сөйлеп-жаза алатындарға ғана керек. Сондықтан алдағы уақытта біз бір шешімге келіп, латыншаға көшетіндей болып жатсақ, өзіміз әбден жетісіп-жетіліп кеткендей болып, бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпби жасаймыз деп бостан-босқа лағымай, және де тілді техникаға бағындыруды көздемей, техниканы тілге икемдей отырып, тіліміздің төл дыбыстық жүйесінің ұлттық табиғи бітім-болмысын қатаң елеп-ескереуіміз қажет. Әйтпесе, ісіміздің бәрі бекер!

Бейбіт Жалелұлы ИСХАН,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371