Қоян-қолтық ұрыс: Қазақ әскері спортта да оқ бойы озық тұр!
Әскери қызметкерлердің бейбіт күнде әскери техникаларды игеруге көңіл бөліп, басым уақытын жұмсап қана қоймай, күнделікті физикалық жаттығуларға да басымдық беретіні даусыз. Бұл ретте Олардың жеке дайындығын, денелік шымырлығын шыңдауда, жетілдіруде спорттың алатын орны ерекше.
Қорғаныс саласы басшылары да оны басты назарда ұстап келеді. Сонымен бірге техникалық базамен қамтамасыз етіп, барынша жағдай жасауда. Мұндай қолдаулар өз кезегінде өнімділігін көрсетіп, табысты нәтижелерге жеткізуде. Соның бір айқын көрінісі жақында өткен Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатындағы қарулы күштер қызметкерлерінің жеткен толағай жетістіктері.
Чемпионат Ақмола облысының Щучинск қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық, армиялық қоян-қолтық, толық жанаспалы қоян-қолтық ұрыстары және өзін-өзі қорғау бойынша өтті.
Жарысқа қалалардың, облыстардың және күштік құрылымдардың 450 спортшыдан тұратын 26 командасы қатысты.
– Чемпионат армия спортшыларының дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың көптігінен финалға жету оңай болған жоқ. Біздің ендігі міндет – әлем чемпионаттарында сәтті өнер көрсету, – деп атап өтті Орталық спорт клубының самбо және қоян-қолтық жекпе-жектен жаттықтырушысы Асан Мәмбетқұлов.
«Қоян-қолтық» ұрысынан 73 келіге дейінгі салмақта Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы – Спорт комитетінің халықаралық дәрежедегі спорт шебері мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Әсет Анарбаев алтын медальді жеңіп алды. Қорғаныс ведомствосына тағы бір «алтынды» 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қарулы күштердің әскери қызметшісі майор Аман Шәкіртов әкелді.
Әйелдер арасында Қарулы күштердің қызметкерлері Орталық спорт клубының спортшылары 53 және 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Аян Тұрсын мен Сора Рахмонова чемпион атанды.
Жалпы есепте Қорғаныс министрлігінің командасы төрт алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық бірінші орынға ие болды. Мұндай жеңістердің алдағы күндерде де жалғасын табатынына, балуандардың жоғары шыңдарды бағындырып, қорғаныс күштерінің мәртебесін биіктете беретініне сенеміз.
Abai.kz