Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2629 0 пікір 10 Сәуір, 2013 сағат 04:22

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

6

Осы күні бұл түбектің басына жиналған кісі көп болды. Кішірек қалашық Күренің сағатында құлақтанған барлық ұйғырларымен он шақты шақырым жердегі Сүйдіннің де халқы хабарланып келіп жатты. Кешегі оқу бөлімінің Шыныбек бастаған қызметкерлері мен «шотаң» мектебінің бірталай ұйғыр-қазақ мұғалімдері де жиналған. Мұнан басқа сақшы мекемесінің тексерушілер құрамын бастап Әбдірейім келіп еді...

6

Осы күні бұл түбектің басына жиналған кісі көп болды. Кішірек қалашық Күренің сағатында құлақтанған барлық ұйғырларымен он шақты шақырым жердегі Сүйдіннің де халқы хабарланып келіп жатты. Кешегі оқу бөлімінің Шыныбек бастаған қызметкерлері мен «шотаң» мектебінің бірталай ұйғыр-қазақ мұғалімдері де жиналған. Мұнан басқа сақшы мекемесінің тексерушілер құрамын бастап Әбдірейім келіп еді...

Мәйіттің үстіне ақ жабылған, анадай жерде аппақ табыт тұр. Сұмдықты көрген ұйғыр, дүңген, қалмақ сияқты аз ұлт адамдары жағасын ұстады. «Ашық қастыққа шығып, соны әдейі көрсете бастағаны ғой». «Осының соңында бір нәрсе бар шығар» деген сөздер ауыздан ауызға гу-гу тарады. Бұл хабар осы күні тізгін ұшымен елге жеткен. Бері, етекке түсіп қонған ауылға түс ауа ілінген Қарымсақ қаза хабарын Керімбекке тосыннан естірте алмай, алдымен Тайлақбайға білдірген. Керімбекке мұндайлық жаманат жайын Тайлақбай өзі естіртсін деген. Енді мұндағылар Қарымсақ жеткізген жат, суық хабармен асығыс аттануға қамданатын болып, ауылдың қаралы болғанын әйелдерге; Қаніке мен Мамыртайдың келіншегіне естіртпекті ойласып еді. Сонымен ана үй - мына үй арасында қарбаласып, адам жүгірісіп қалды. Қанікенің үйіне үш-төрт қартаң бәйбішенің басы құралды... Мамыртайдың отауындағы жас келінді де осында шақыртты. Сондай қамдар өткен уақытта өргі қонақ үйден шығып; Тайлақбай, Молтан, Керімбек, Қарымсақтар келіп әйелдердің үстіне кірді. Бар әйел қарқарадай болып түрегеп, еркектер төрге жайғасқан соң орындарына қайта отырысты. Ер кісілер келіп кірмес бұрын Қанікеге сездірмейміз деп әр нені сөз етіп, қиуадан әңгіме шығарып отырған егде әйелдер енді су сепкендей дым бола қалды. Қаніке бұл үйге әп-сәттің ішінде осыншама адам жиналып қалуын жақсы ырымға санай алмай, әсіресе әйелдер үстіне мынау үш адамның келісін оң көрмей, әркімге қарап жалтақтай бастаған. Гүлназымнан бір жақсы хабар бар ма дейін десе, үй ішінде сақталған тыныш қабақты оған үйлестіре алмады. Не ойласа да сол, Гүлназым жайында ойлап, іштей үркіп, тіксініп қалып еді...

Мамыртай кішкене күнінде сырттан қарағанда тыныш, жуастау сияқты болып, оны Мақсұтпен бірдей асырап, әрі шынайы пейілін бұған да тең арнап, екеуін тел өсірген Қаніке сонда өз еңбегіне қанағаттанбағандай қоңылтақсып, Тайлақбайға:

- Би-аға! Осы баланы Мақсұтпен теңдей емізіп, бейілімді де екеуіне тең арнап, мәпелеп асырағаныма дінім кәміл сенуші-ем. Қатар бағып қана қоймай, аруақ пен Құдайды ойлап, ынта-ықыласымды да тепе-тең салып ем... Айныған күнім жоқ еді. Бейнетіне көніп баққан соң бағы жанып, еңбегім ақталсын, бір-бірінен кем болып қалмасын деп сертімнен аумай қарап ем. Сол михнатыма қарай көңілі қызулы, көз тойғылы болса керек еді. Болжамы момындау ұшырағандай шығады көңіліме. Өзінің шыққан жағын да онша ынжық немелер демеуші ем. Көз-қабағына қарап осынымды болжап беріңізші! - дегені бар. Өзінің жақсы еңбегіне ашынып та, қызғанып та өтініш еткен.

Сонда Тайлақбай отырып:

- Қабағы жаман болса, сабағы жаман дер едім. Балаң туысты, ерқабақ. Қабақты адам ішті де болады. Ал ішті, талғамы бар адамға өзі өлгенше тағдырдың ешқандай өктемдігі өтпейді! - деп сынаған.

Жүректі әйел Қанікенің Мамыртай бөтені емес, қызынан туып, артында нәресте күйде қалған жалғыз көз ғой. Әзір сол Қаніке мен бүгінгі күн өз басына қара перденің жабылып отырғанын білмей келген оның жас келіншегі Қамашқа естірткелі отыр. Бір Мамыртайдың артында қалып бара жатқан шынайы дертті адам осы Қамаш еді. Мамыртай екеуінің ортасындағы үш жасар қыз Кәмила әзір Қамаштың қасына келген. Оны біреу қолына бір тағым үкі ұстатып, қызықтырып, тез көтеріп алып үйден шығарып әкетті.

Қаніке мұндай үлкендердің ішіне, әсіресе Қамаштың неге келіп отырғанына қайран болған. Ал Қамаш болса өзінің бұрын іс көрмегендігімен Керімбектей ата шақырды дегенге өз ішінен әрі таңырқанып, әрі сыйлы үлкен ауызынан аты аталып, басы бағалы бола шақырылғанына әлдеқалай көңілі өскендей болып та келген... Әйелдер жым бола қалған кезде, Тайлақбай қатайып, жайлап сөз бастады.

- Қарағым Қаніке! Қамашжан! Бүгін көз алдарыңда аға болып, әке болып біз отыр екеміз. Біздің қадіріміз осы отырған сіздердің арқаңда... Сіздердің алыстан сыйлап, әз тұтқан қадірмен көңілдеріңнен еді!.. Бірақ сіздер қуанышты болсаң - біз мәрелі, жақсы едік!.. Осы отырған біздің де орнымыз әлі бір күн елі кетіп, құлазыған қоңыр белдей аңырап қалар, шырақтарым! Отырған орын, жүрген жерлер базаралы құс кеткен көлдей болар... Бір ауыз айтар сөзімізге, бір тілер тілегімізге зар болар күндерің жетер!.. деп келгенде, қас-кірпігі қиылған бидай өңді, әдемі Қамаш бұл сөздің неге осынша қайғымен ауыр басталып отырғанын білмесе де, сонша сырмен төгіліп айтылғанына шерленіп кетіп көзінен жасы ыршып шыққан. Бетін әйелдердің қалқасына таман ала берді.

Тайлақбай аузынан мұншалық жалын сөздің шығуы бір Қамаш емес, егде бәйбішелерді де емірентіп, қайсаңдата бастаған... Бәлені алдын ала біліп кеп отырған салдарлы әйелдер Қамаштың күн бұрын жылап жібергенін сезгенде енді еріксіз қайысып, біріне бірі ілесе кемсеңдеп, кимешек-шаршы шалғайларын көздеріне әкеле беріп еді. Бірақ осы кезде Молтан бұларға шұғыл зекіріп, ұрсып:

- Тәйт! Сендерге не жорық! - деп қалды. Тыйып тастады. Керімбек тырс етпеген бір күйде қаны қашқан түске өтіп, ішінен қалтырап, боп-боз бола отырып қалған.

Бұд кезде Тайлақбайды сөз саптасынан таныған Қаніке неге болса да шошына мойындап, үн-түнсіз отырғанмен, оның көзінде де ағылған жас бар.

Тайлақбай дауысы тарғылданыңқырап:

- Бұл сөзді сендер тыңдап тілімді алсын, болған іске болаттай бекем болсын деп айтам. Басы сайран, түбі ойран, сырғанақ дүние сұм сыбаға тартып отыр! Өлімді естірткен кісі жан алушы әзірейілмен бірдей деген... Мен бүгін сендерге сол әзірейіл боп отырмын, шырақтарым! Кешегі жүрген Мамыртай жарық дүниенің опасын өз бойына теңгерместей туған жан еді...- деп келгенде, көңіл көнбес бір қастық Қанікенің жүрегін суық темірдей қарып түсті. Тайлақбай одан да сорақыға көндіріп: - Тілегімді берсеңдер, жалғандағы таршылықтың әуресін артқа тастап, беттеп кеткен сапарын соның өзіне ырзалықпен қиыңдар!.. Қиянат қылмай тынымдатып қиыңдар да, қайратпен қабыл етіңдер! Қыршын жас опат болды! Жаны шейіт, жау қолынан қаза тапты!

Көңіл қабылдап, түсінбестей бір сарын үй ішінде ұйтқып өтті. Әсіресе Қамаш пен Қанікенің өзегін ұстара жүзіндей аяусыз тіліп түскен. Сол сәтте Қамаштың жан-дауысымен шырқап жылап жіберген үні естілді. Жоқтау бастаған Қаніке екеуіне өзге әйелдер жапа-тармағай көрісе берді.

Аздан соң жапырлап жеткен еркек-әйел молайып, Қаніке үйін у-шу, даңғаза дауыс кернеді. Қамаштың әнші үні топ ішінен жеке шырқай, айрықша зарланып шығып:

 

«Қоспаның басы талма екен,

Қосақсыз қалған зарлы екем!..

Қоса бір жүрер болмасам -

Қоса оба бізге бар ма екен» -

 

деп, тағы бір кезде ерекше өксулі үні талықсып:

 

«Жығылған жері қанбекен -

Қай жерде бекзат қалды екен?

Жылап бір жүрсе Камилаш,

Қайырылар адам бар ма екен!» -

 

деп келген жерде: Тайлақбай, Керімбек, Қарымсақтар орамалдарымен көздерін үнсіз басып, иықтары селкілдеп, лажысыз жыласып отырды. Жетім қалған тышқандай қызды қайғы-зар жырға қосып, «ол жылап жүрген кездер болса енді кім қайырылады» деген зарлы тұста бұрын жылауын тоқтатып, аз сабыр тауып отырған өзге жұрт қайта тегіс егіліп жыласты. «Бауыры бүтін сынауға, бауыры жыртық жылауға келеді» дейтін сағат туып, ішінара қайғы-шерлі адамдар бұл сәтте тоқтамай төгіліп кеткен көзінің жасын аяусыз ағызып отырды.

7

Тайлақбай мен Керімбек Күреге елу шақты адаммен жетті. Бұлар түнде жүріп, таң ата ілінгенде Абдолдың төрт бөлмелі үйінде Күре, Сүйдіннің жасы үлкен көп адамдары түнеп отыр екен. Қала жерінде қазақ ішінара болмаса келген көбінше ұйғырдың, татар, өзбектің ақсақал қариялары. Күн сәскеден өткенде, көк жоңышқада сақталған жасат-мәйіттің жаназасы шығарылды. Сүйегі кешегі түбекке жеткізіліп, осында қойылып жатты.

Бұл күні кешегіден де қара-қорым, мол жиын. Мәйіт жасаты жерге қойылып болып, енді халық қайтар кезге тақалғанда, Мақсұт өзінің не көріп тұрғанын білмегендей аңыруда еді. Тылсым далада қоянжонданып қалып бара жатқан жас топырақ қана... Көз алдынан Мамыртаймен бірге жүрген күндері тізбектеліп өтіп жатты. Сонау Қамар... Қамар жолындағы бүкіл әлемнен дара достық. Сона бір Өмірші сайы... Ақшұбар гүлді, шыт көйлек киген орманды сай мүлгіп тұрып еді-ау!.. Сондай шақта бірге жүргеннің қадірін білмепті-ау! Мамыртай жақын тартып әзілдегенде ыза болғаны, меселін қайтарғаны не жетіскені еді! Қайта соның мәз-мереке сәтін тамашалап, төбесіне көтермеді ме?! Бұл жайлі ғажайып түс, аян көрген жан емес пе еді! Мәңгі тыныштық сақтап, сарылған далада жұтылып қалып бара жатқан бір үйме жас топырақ... Бір елі ажырамай өмір бойы жанында жүретін жан-серік орны. Ес тартқан жас күнінен егіз қозыдай бірге өскен ет жақынынан шын-ақ ажырап тұр ма! Іш-өзегі қамсау таппай аңыраған Мақсұт өзін баяғы заманнан бері Мамыртай құр алдап ертіп жүргендей, нанар-нанбас халде жан-жүйесі босап кетті. Бағанадан өзі де аңдамаған күйде көзінің алдынан төмен қарай тоқтаусыз жылжып аққан жас бар еді. Сол қайнардың тұнбасы аршылғандай, енді соңғы рет ащы жас оп-оңай құйыла парлап кетті. Осы кезде жұрт жабырлап атқа мініп қалғанын аңдамаған.

Сондай сәтте ана жақтан Нүсіпбек:

- Қарағым, Бауыре-ем! Қайда қалып барасың? Мен сорлыны алдап ертіп жүріп пе ең шырағым?! - деп, қос бүктеулі қамшысымен қонышын ұрып өкіріп жылады. Қайтқалы тұрған қалың елдің біраз жас-кәрісін бірге жылатып, қабір басын шайқалтып жіберді.

Мамыртай қазасы қазақ ішіне тез тарады. Ауыздан-ауызға, елден-елге желмен ұшқаңдай, біренше күн ішінде: Қорғастағы көршілес үш-төрт болыс - Албан менен Суанға, ылдидағы ши жайлаған - Төлеңгіт, таудағы - Таймас, белдегі - Торғай, төрдегі - Керей, өрдегі - Қызай, Текес, Күнесті жайлаған жалпақ елге, одан қырғыздарға таралып, Шерудегі оқиға аталып жетіп жатты. Гүлназым жайымен ұштастырылып сөйленетін. Ұйғыр, дүңген, қалмақ ұлттары да гуілдеп жатты. Сол елдер өз іштеріндегі әлденеше сондай айтулы жағдайлармен байланыстырып қозғайтын.

Түзде малшы, үйде әйел, атқа мінген топ-жиын болсын, қала, қыстақ елдері болсын, соңғы күндерде бәрі осындай үркініш түрдегі сөздерді ғана сөйледі. Әсіресе, Шеру руы дүрліккен. Тезек терген, мал сауған, іркіт піскен, құрт-ірімшік қайнатқан әйел болсын, ерні кезеріп, ұзақты күн далада қоймен бірге сарылған қойшы болсын, қоңыр кеште бала әлдилеп, гөй-гөй салған, қам кешкен кейуана, кәрі әже болсын, жамбасына жер батқан, дүниеден торығып, қайғы ойлаған қарт-қария болсын, көбінің ойларында, тілдерінде ел тартып жатқан тағы осындай әлде қанша жат, суық хабар жаңғырды. Ен өлке сай-сала, жон-арқа, терең шатқал - Тінейдің түп шыңырауына барып сіңіп қонған, ұрлықтай екі-үш үйлі, шет-саяқ ауылдар болсын, бар өңір түршіккен халде үркісіп еді... Бұрынғы үркініш үстіне бұл да және сондай ел тартқан жаза, халық көрген әлек қаза болып танылған.

Тау мен тастың қойны-қонышы осылайша күңіреніп ел күйзелген күн туды.

Бесінші тарау

1

Керімбек Құлжаға келгелі бір талай күн болды. Бірақ бұлардың ендігі ісі арыздану емес-ті. Күреде де ешбір орынға бас сұқпай, ың-дыңсыз кеткен Шеру басшылары бұл жерде Фуже, Мұхабай, Ысқақбектердің өрекпуін өздері басып, тоқтата келді... Мамыртай жайынан Мақсұт арқылы ерте хабарланып, дүрлігіп отырған олар Керімбекті асыға күтуде екен. Бірақ Мамыртай қазасына байланысты ел ойламаған айрықша жат сыр бары аңғарылды... Оны Керімбек Күреде білген. Керімбек Мазыдан Күреге келген күні Әбдірейімге жолыққан. Мамыртай өлімін жеткізіп, Мақсұт полиция мекемесіне, Ли-жүйжанның өзіне кіріп, Әбдірейім бастаған тексерушілер құрамын алып шыққан... Бірақ Әбдірейім жай ғана міндет өтеу, көз ғылу үшін жіберілген. Керімбек Әдбірейімге кездескенде ол ернін тістеп, ымменен өзгеше сезік байқатқан. «Бәрі бітті дегендей болатын. Бір әредікте Керімбекке сыбырлап:

Бұл мәселе жайлы енді ешқайда да әуре болмаймыз!.. Бәрі тамам! - деп күдер үзген қабақпен бар лажы құрып, біраз тынып отырды. Керімбекке әке өлімін естірердей боп қиналып, ауыр сырды сол жерде сездірген. Ол сыр - Күредегі полиция мекемесі, және уездік басқарма сияқты әкімшілік орындарға осы тамыз айының ішінде Үрімжіден, орталық үкіметтен жасырын түрдегі ерекше жарлық жеткен.

Шың шы сайдің орнына отырған Шыңжаң өкіметінің жаңа басшысы - У жұң шың таққа отырғанына бір жыл толғанда бұл өлкенің аз санды ұлттары үшін төтенше бұйрық шығарған. Негізі бұл Шыңжаңның ғана емес, бүкіл қытайлық, гоминдаң өкіметін билеген Жаң қай шы мен У жұң шыңның кәзіргі жағдайға байланысты жан таласа ойласып тапқан алаяқ саясаты еді. Осы 1944-жылғы тамыз айында Іле аймағына берілген 2603-жарлығы «Август жарлығы» деген тарихқа мәлім атымен келген. Бұнда жергілікті аз ұлттардың бас көтерер адамдарын тез арада түгелдей ұстап, қамауға бірден алу мәселесі әмір етілген-ді. Оңтүстік Шыңжаң губернелерінде ол жарлық қазірдің өзінде күш алып, іске аса бастаған. Бірақ бұған Іле уәлаятының генерал губернаторы Лю бин и дәл қазір қазақ аймақтарында ондай адамдардың барлығын ұстау, қамау қиын, соңы қауіпті екені туралы деректі, сақ жауап жазған. Үкімет басшыларын ойландырып ол айтқан жауабында әзірше алдымен солардың 15 жас шамасындағы есейген балаларын арнайы курс ашып, бір жерге жинастырып алып, саяси құрсаумен «оқыту» керек. Және күшті ықпалмен кейінірек осы «оқу соққандарды» өз бастарына қауіп туғызарлықтай, қорқытқан түрде әрі бір жағынан арқаға қаға қолпаштап, сыйлықтар ұсынып, саяси шеңбермен «тәрбиелеп», «өсіру» қажет. Бұл үшін ел басыларын алдымен саяси жақтан елең еткізе, дәмелендіріп олардың ересектеу балаларын жинастырып алу шарт. Кейін әр елдің бас көтерер адамын өз балаларынның мәжбүрлі түрде кіріскен көмек күшімен аудару ғана дұрыс нәтиже бере алатынын дәлелдеген. 14-15 жастағы баланы алдап-арбаса, көнбейтіндейін қорқытса, сөйтіп ел ішіне әскерге бастатып шығып жанды фактілермен бірінің әкесін біріне ұстату керек. Сонда халық кімнен көрерін білмей қалады демек. Осыны Іле халқына байланыстыра айтып жауап қайырған. Солай етпесе елдің дәл қазір дүрілгіп, бірден бұрқ ете көтеріліп кету қауіп барын бас штабтың өзіне аңғартқан.

Әбдірейім сол құпия жарлықтың барлық ішкі сырын білмесе де, полицияның жауапты адамы ретінде жалпы мазмұнынан хабардар еді. Керімбектің құлағына соны салып, ерте сақтық айтқан. Егер Мамыртайдың белгісіз, дәлелсіз ізін қуалап, сейпілдің ішіне тағы дау салып кірсе, Керімбектің енді өзін ұстап қалуға түзіп отырған жоспар барын да аса сақ сездірген.

Мамыртайдың өлімі осы соңғы жарлықтан кейін болып отырғаны ескертілген. Мамозы дәл іңір мезгілінде өз қасына екі полицей алып Шеру жігіттерінің ат арқандап жүрген маңына, қалың ши ішіне еңбектеп жетіп-жасырынғанын сездірген. Күре полициясы Мақсұтты қолға түсіре алмағандықтан Мамыртайды мерт еткен көрінеді. Негізінде: Ма шяньгон, Ли-жүйжаң, Мамозылардың көздегені Керімбектің ең жанына тиерлік жер болған. Бұл ғана емес, оңтүстік Шыңжаңда баяғы Қожаниязбен байланысы бар, деген желеумен ел қамын ойлайтын бас көтерер ұйғыр атаулыны осы жарлықтың дүмпуімен қойдай матап, Үрімжі түрмесіне айдағанын да құпиялап білдірген. Қашқандарды ұстаса, немесе сәл қарсылық көрсеткендер болса тапа-тал түсте, ашық түрде елге көрсетіп атуға да жеткен! Жанын қайда қояр жер таппаған Оңтүстік Шыңжаң елі жапырақтай тітіреуде деген.

Іле аймағына келген «Август жарлығын» «Қырғыз-қазақ ұйышмасы», «Ұйғыр ұйышмасы», «Маңғұл ұйышмасы» деген орындар білмеуші еді. Фуже, Ысқақбек, Мұхабайлар ол жайдан Керімбек арқылы хабардар болды. Әкбар-Сейіт жұмысы үшін Керімбекпен Әбдірейімнің кимас достық, таныстығы нағыз маңызды кезең болған. Басында Әбдірейім мен Керімбектің алғаш таныс болуына былтыр Құлайғырдың мылтық жөніндегі қамалуы себеп болып еді. Полиция бастығының қазақ тілін білетін орынбасары Әбдірейім де сол жұмыспен бірталай айналысқан. Сонда Шеру елінің Құлайғырды бермеу үшін көрсеткен берік бірлігі Әбдірейімді іштей ырза ете таңдандырған. Өзінің пікірлі, ішті жаралысынан табанды ұйғыр жігіті 1931 жылы Құмылдағы «Апрель-ыңқылабы» деп аталған ұйғырлар көтерілсін, оның мән-маңызын жақсы білетін адам. Оны басқарған Қожаниязды келісім шартпен Шыңжаң үкіметінің орынбасарлығына отырғызып, халық көтерілісін басып, алдап келіп, ақыры кейін өкінішпен өлтіргенін де тереңінен біледі. Соның соңынан Өлкелік «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» секретары Дәулеткелдіні неге жойғанын да жете түсінетін. Солар құлаған соң аз ұлттан шыққан Әбдірейім тәріздес майданы берік зиялылардың да қызмет орындары бірден төмендетілген...

Әбдірейім тіпті сонау дүңген көтерісінің де барлық ішкі сыр, егжей-тегжейіне қанық жан.

Сонымен Шеру руын бір ғана тілден шығарып, Құлайғыр ісін бүкіл ел болып ақтап, арашаға жан сала кірісіп жүрген Керімбек екеуінің жасырын танысулары басталған. Бірақ Керімбек Әбдірейімге «Тас түлек» ұйымы туралы кешірек сездірген. Алдымен оған өз баласы Мақсұтты құшақтастырып дос етіп барып, кейін «Тас түлек» ұйымын білдіргенде Әбдірейім бұған ғажаптана әсерленгенінен өзінде тығулы екі жәшік оқ барын айтып, бұл  хабардың сүйіншісіне соны тарту еткен. Керімбектің түпкі сырын түсінгенде Мақсұтты қайтадан құшақтап өз халқы ұйғыр үшін «бақытсыз халық болды» деп қатты қайғырған. Өз ұлтының келешегін жүгін тарта алмаған атандай, ыңыранып армандайтыны білінген.

Фужерлер енді тездетіп, Әкбар-Сейітпен хабарласты. Оларға өзі аттанған Фуженің қасында Мақсұт бар болатын. Және бұл  екеуінің қабатына ең сенімді қорғаныш, жолдас етіп Керімбек өзінің үлкен баласы Әкімді де қосқан. Керімбек балаларының ішінде Әкбар-Сейіт ұйымын Мақсұт пен тек осы Әкім ғана астыртын білетін. Әкім Әкбарға өзінің ұрланып қашып жүрген өкпелі жайын ашық білдіріп, бірер жыл жасырын ұстай тұруын өтінгенде «Тас түлек» ұйымының  қатпар мінез басшысы үнсіз күліп қана келісе салған. Әкбардың әкесі - Есбосын батыр Шеру елі Қызайдан бөлініп көшпей тұрғанда, Керімбектің әкесі Әнкежанмен етене жолдас болған адам. Әкбар Әкімнің сол ата достықты бетке ұстап келгенін біледі.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394