Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3052 0 пікір 12 Сәуір, 2013 сағат 09:01

Ресей – ғарыш саласындағы басты әріптесіміз

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары


- 2013 жылы отандық ғарыш са­ласында қандай өзгерістер бола­ды?

Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары


- 2013 жылы отандық ғарыш са­ласында қандай өзгерістер бола­ды?
- Мемлекет басшысы өзінің биыл­ғы Жолдауында ғарыш сала­сының маңызына ерекше көңіл бөлді. Елбасы мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқа­сында біздің ірі жобаларымыз Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағ­дарламасына енді. Бүгінгі таңда біз осы жобаларды дәйекті түрде іске асырып келеміз. Осындай жобалар­дың бірі ғарыш аппараттарын құра­стыру-сынау кешенін құру болып табылады. Ол түрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарын жобалауға, жинауға және сынауға мүмкіндік береді. Бұл ғылым­ды қажетсінетін өндірісі бар үлкен зауыт болмақ. Зауыт құрамына өндірістік ғи­ма­рат­тан басқа, ғарыш техникасының арнайы конструк­тор­лық-технологиялық бюросы, ғарыш аппараттарының жекелеген компо­нент­терін жасай­тын зертхана мен өндірістік учаскелер кіреді. Сондай-ақ біздің фран­цуздық әріптесіміз - EADS «Astrium» ком­паниясы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін (ЖҚЗ) құрастыруда. Ғарыш мәліметтерін қолдануға негізделген осы техноло­гияларды енгізу ауыл шаруа­шылығы, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік, геодезия және картография үшін зор пайдасын тигізеді. Алғашқы қазақстандық дәлдігі орташа ЖҚЗ ғарыштық жүйесін 2013 жылдың күзінде, ал дәлдігі жоғары ЖҚЗ ғарыштық жүйесін 2014 жыл­дың желтоқсан айында іске қосу жос­парланып отыр.
Тағы бір басымды жобаның бірі - отандық «KazSat» байланыс және хабар тарату спутниктік жүйесін құру. Аталған жоба республика аума­ғындағы байланыс және хабар тарату мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік туғызады.

- 2011 жылы пайдалануға беріл­ген «KazSat-2» ғарыш аппараты қалыпты жұмыс істеп тұр ма? Оның жүктемесі қанша пайызға жетті?

- «KazSat-2» ғарыш аппараты қазіргі уақытта қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бүгінде «KazSat-2» ғарыш аппаратының жүктемесі 60 пайыздан асты. Спутниктің ресурсын Қазақстанның 9 байланыс операторы пайдаланып отыр.
Сондай-ақ «KazSat-3» ғарыш ап­пара­тын құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жо­балық-техника­лық құжаттама әзір­леніп, ғарыш аппаратын толым­дай­тын құралдарды дайындау аяқ­талды. Спутниктерді басқарудың ре­зервтік жерүсті кешенін құру бойынша негізгі құрылыстық-мон­таждау жұмыстары аяқ­талуға жа­қын.

- «KazSat-3» спутнигін ұшырудың мерзімі белгіленді ме?
- «KazSat-3» спутнигінің ұшы­рылу мерзімі 2014 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Біз, сондай-ақ еліміз үшін тағы бір келе­шегі зор әрі аса тиімді жоба - Қазақ­стан Республикасының жо­ғары дәл­діктегі спутниктік навигация жүйе­­сінің жерүсті инфрақұрылымын құруға кірістік.
Бұл жобаны жүзеге асыру еліміз­дің ау­ма­ғында жаһандық навигация спутниктік жүйесі қызметін тұтыну­шыларға кепілді және сапалы көр­сетуді қамтамасыз етеді. Жоба шең­бе­рінде Қазақстанның бүкіл ау­ма­ғында базалық стансалар құ­рылады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар спутниктік на­вигациялар технологияларын түрлі сала­ларға ендіру үшін қолайлы жағдайлар ке­шенін құру жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда құрамында 10 диф­ферен­циалды станса, өңірлік орталық және мо­билді дифферен­циалды станса бар өңірлік дифференциалдық жүйе іске қосылды. Тәжірибелік-құ­растыру жұмыстары шеңбе­рінде дифференциалды стансалар мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің отандық нұсқасы әзірленді. Теңіз локалды дифференциалды станса­сын, Дифферен­циалды түзету және сараптама орталығын, диффе­ренциалды стансалар желісін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

- Жақында Ресей жағы Ақтөбе, Қостанай облыстарынан «Протон» зымырандары үшін біраз жерді жал­ға алғаны және жалдау ақы мөл­шері де белгіленіп қойғаны анық болды.
- Рас, Ресейге Ақтөбе және Қос­танай облыстары аумақтарынан жер телімін беруді қарастыратын үкіме­таралық келісім жобасы әзірленіп жатыр. Аталған аумақтар «Байқоңыр» кешенін жалға беру келісімшартында көзделмеген жаңа құлау аудандары болып табылады.
Бірақ та осы жаңа аудандарға «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан экологиялық зиянды «Протон» зы­мыран тасығышының бөлінетін бөлшектері емес, «Союз» зымыран тасығышының бөлшектері түседі. «Союз» зымыран тасығышы табиғи тұр­ғыдан таза жанармайды, атап айт­қан­да, оттегі мен керосинді пайда­ла­натыны белгілі.

- Мұндай келісімдердің күн тәр­ті­біне шығуына қандай жағдайлар себеп болды? Егер ол біз үшін тиімді болмаса, не себепті келістік? «Протон» зымыран­дарын толық тоқтатылуына қашан қол жеткіземіз?
- Аталған Келісім жобасында барлық қажетті шарттар қарастырыл­ған, оның ішінде жалдау ақысы да бар. Бұдан түскен қаражат жоғарыда айтылған облыстардың бюджетіне түседі. «Протон» зымыран та­сығышын ұшыруды тоқтатуға қатысты айтатын болсақ, бүгінде осы зымыран тасығышты бірте-бірте қысқарту бойынша жұмыстар жүр­гізіліп келеді. Мәселен, биылғы жылы олардың саны өткен жылмен салыс­тырғанда екеуге қысқартылды. Сон­дай-ақ біздің негізгі стратегиялық әріптесіміз Ресеймен ғарыш саласын­дағы ынтымақ­тастықты жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында құрылған Қазақстан-Ресей үкіметаралық ко­мис­сиясының ағымдағы жылдың 27-29 наурызы аралы­ғында Байқоңыр қаласында өткен алғашқы отыры­сында екі тарап қыркүйекке дейін 2014-2015 жыл­­дары ұшырылатын «Протон» зымыран тасы­ғышының санын белгілейтіндігін мәлімдеді.

- Соңғы кездері Байқоңырдың мәртебесіне және «Бәйтерек» бірлес­кен жобасына қатысты Қазақстан мен Ресей арасында бір-біріне кере­ғар пікірлер көп айтылып кетті. Ре­сей мен Қазақстан арасындағы Бай­қоңырды 2050 жылға дейін жалға беру жайлы келісімшарттың бұзы­луы мүмкін екендігі айтылған еді. Қазіргі жағдай қандай? РОСКОСМОС-пен белгілі бір мәмілеге келе ал­дыңыз­дар ма?

- «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан мен Ресей арасында еш­қандай да түсініспеушілік болған емес. Кейбір ресейлік және отандық ақпарат көздері жұртшылыққа теріс мәлімет таратып, дүрлігуді қолдан жасады десе де болады.
Біз 2004 жылы Қазақстан мен Ресей басшылары қол қойған «Бай­қоңыр» кешенін жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімді сөзсіз ұстанамыз. Ресей біз­дің ғарыш саласындағы басты стра­тегиялық әріптесіміз болып табыла­ды.
Қазақстан мен Ресей президент­терінің 2012 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен кездесуі барысында ғарыш саласындағы ын­ты­мақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралған болатын. Сол кез­десуде мемлекет басшылары «Бай­қоңыр» кешенін бірлесіп пай­даланудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде уағдалас­тыққа қол жеткізді. Соның нәти­жесінде, Қазақстан мен Ресей үкіметі басшыларының орынбасарлары жетекшілік ететін «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссия құрылды. Оның бірінші отырысы наурыз айының соңында Байқоңыр қаласында өтті. Бұл отырысқа екі елдің мүдделі мем­ле­кеттік органдарының өкілдері, сарап­шылар қатысты. Отырыс аясында комиссия «Байқоңыр» кешені бойынша барлық өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Байқоңыр» ке­шенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасын», сондай-ақ «Бай­қоңыр» кешені бойынша жаңа мемлекетаралық келісім жобасын әзірлеу қолға алынатын болды. Жаңа мемлекетаралық келісім ғарыш айла­ғын бірлесіп пайдалану тәртібін рет­теуді, оның ғылыми-техно­ло­гиялық әлеуе­тін дамытуды, бірлескен зымы­ран кешендерін құруды, кадр даярлау және қазақ­стандық мамандардың ұшу қызметіне қатысуын тегіс қамти­ды. Сонымен қатар бүгінде Қазақстан тарапы «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына жалға беруден үзілді-кесілді бас тартуды көздеп отырған жоқ. Алайда «Бәйтерек» бірлескен жо­басын жүзеге асыру үшін ғарыш айлағының кейбір объектілерін, оның ішінде «Зенит» ғарыштық зы­мыран кешенін жалға беруден шы­ғару мәселесін қарастырып отыр. Айта кететін бір жайт, Ұлттық ға­рыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев халық қалаулыларының ал­дында ел үшін түйткілді мәселелерді көтеріп жүр. Төрағаның бастамасымен «Байқоңыр» кешені бо­йын­ша Қазақ­стан-Ресей үкіметаралық комиссиясы құрылып, батыл қадамдар жасалып жатыр. Талғат Амангелдіұлы - қазақтың мақтанышы. Ол батыр атағын БАҚ-тың қолымен емес, өзінің ерлігімен, табанды еңбегі мен отансүйгіштігінің арқасында иеленген азамат. Оның еліміздің мүддесіне жана­шырлық та­ны­туы заңды құбылыс деп есептей­мін.

- Әлемде ғарыш державалары ғарышты мол қаржы алып келетін ғы­лым-ілім көзі деп қарайды. Бір ғана Ресейде ғарыш саясатын зерттеумен айналысатын ондаған институт­тар бар. Олар ғарыш агент­тіктерін сарап­тамалық ма­те­риал­дармен қамтамасыз етіп отыр. Ал бізде бұл мәселе қалай шешілуде?
- Қазғарыш құрылғаннан кейін, оның жанынан Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ор­талығы құрылды. Қазіргі уақытта табысты қызмет етіп отыр. Оның құрамына әлемде әйгілі ғалымдар, профессорлар, академиктер жұмыс істейтін академик В.Фесенков атын­дағы Астрофизика институты, Ионос­фера институты, академик Ө.Сұл­танғазин атындағы Ғарыштық зерт­теулер институты, Ғарыш­тық техникалар мен технологиялар институты сияқ­ты төрт ғылыми-зерт­теу институттары кіреді. Инс­ти­туттар астрофизика, Жердің ионосферасы, Жерді қашықтықтан зондтау салаларындағы ғылыми-зерттеулердің дәстүрлі бағыттарымен қатар, жаңа бағыттар бойынша табысты қолдан­балы ғылыми-зерттеулер жүргізеді. Атап айтатын болсақ, ұлттық ғарыш­тық мониторинг жүйесін және ға­рыштық геодинамикалық мониторинг жүйесін құру, ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін әзірлеп шығару. Мәселен, Қазғарыш 2011 жылдың қорытындысы бойынша, ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту аясында 22 жоба бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеулер орындал­ды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметінде іс жүзінде 10 әзірлеме нақты қолданыс тапты. Сонымен қатар жоғары білікті мамандармен, заманауи зертханалық жабдықтармен жарақталған «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталы­ғы да тиімді жұмыс атқарып келеді. Орталық «Байқоңыр» ғарыш айлағы­нан зымыран тасығыштардың ұшуы­на экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін және ғарыш айлағы қызме­тінің аумағында тұратын халықтың денсаулығына сараптама жасау жүйесін әзірлеп шығарды.

- Байқоңырдағы қазақстандық үлестің өсуі тың міндеттер жүктейді. Оларды жүзеге асыратын білікті ма­мандар қажет болады. Елімізде ға­рыш саласының мамандарын даяр­лайтын арнайы оқу орындары жоқ. Мамандарды қай елде оқытқан тиім­ді?
- Елімізде бұған дейін ғарыш сала­сындағы мамандарды даярлайтын оқу орны болмағаны рас. Агенттік құрылған күннен бастап осы мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Себебі әр салаға толық­қанды жұмыс істеу үшін білікті мамандар қажет қой. Сондықтан 2010 жылы Қазғарыш бастамасымен Білім және ғылым-министрлігімен өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойды. Соның нәтижесінде, ғарыш саласына арнал­ған мамандарды даярлайтын базалық жоғары оқу орындары болып әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ Ұлттық тех­никалық университеті, Алматы энер­гетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы белгіленді. Бүгінде аталған жоғары оқу орындарында 225 студент білім алуда. Сонымен қатар 1996 жылдан бас­тап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиациялық инс­титутында 205 қазақстандық азамат оқып жатыр. Бұған Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 45 оқу гран­тын бөледі. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарла­масы бойынша да мамандар дайын­далуда. Бүгінде «Болашақ» бағдар­ла­масының 29 стипендианты 7 ға­рыш­тық мамандық бойынша Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ және Канада мемлекеттерінде оқиды. Әрине, жас мамандарды жұмыс­пен қамтамасыз ету мәселесі де Қаз­ға­рыштың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы орайда «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында ғарыш технологиялары мен техника­лары бағытында білім алған алғашқы 23 түлек жұмыспен қамтамасыз етілді.

- «Айтпаса - сөздің атасы өледі» деген бар. Қазақтың №3 ғарышкерін күту тым ұзаққа созылып кеткен жоқ па? Қазақ баласы қашан ғарыш­қа ұшады?
- 1999 жылғы сәуір айында Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Ғарышкерлерді ұшуға даярлау туралы» келі­сімшарт жүргізу мақсатында Ре­сей Федерация­сына аттанған бола­тын. Бұл сапардың маңыздылығы сол - нақ осы кездесуде қазақ ғарыш­кер­лерін ғарыш­қа ұшыру мәселесіне қатысты біраз жайттар шешілген еді. Ресей еліне ресми сапары кезінде екі елдің басшылары қазақстандық екі ғарышкерді ұшуға даярлау жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Осы­дан кейін 2000 жылдың 7 қаң­тарында Үкімет қаулысымен Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынау орталы­ғына сол екі ғарышкерді оқы­туға жіберу үшін Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі жанынан ведо­моствоаралық комиссия құрылды. 2002 жылдың қараша айында сол комиссияның шешімі бойынша жаңа­ғы екі кандидатымыз аталған орта­лыққа жалпы ғарыштық даярлықтан өтуге жіберілді. Олар даяр­лық­тан өтіп, ғарышкер-сынаушы атағын ие­ле­неді. Алайда бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан 2009 жылдың күзіне жоспар­ланған отандық ғарышкерлерді сапарға аттандыру бюджеттен бөлінген қаржының кесілуіне байланысты мүмкін болмай қалды. Ғарышкерлерімізді ғарышқа ұшы­рудың келесі мерзімі туралы айтатын болсақ, бұл мәселе мынадай тәртіппен шешіледі: негізінен, Халықаралық ғарыш стансасы - халықаралық маңызы бар нысан. Оның құқықтық мәртебесі Канада, Еуропалық одақ, Жапония, Ресей Федерациясы мен АҚШ елдері үкіметтерінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі арнайы шарттармен реттеледі. Бұл шарт 1998 жылы 29 қаңтарда жасалған. Халықаралық ғарыш экипаж­дарын жасақтау мәселесін осы серіктестер реттейді. Сондықтан қазақстандық ғарышкерді Халықаралық ғарыш стансасының экипажына енгізу мүмкіндігі жоға­рыда аталған серіктес елдермен келі­сімге келуді талап етеді.
Қазіргі таңда «Союз» ғарыш ке­месі - Халық­аралық ғарыш станса­сына (ХҒС) үш адамнан тұратын экипажды жеткізетін жалғыз көлік болып табылады. Ресейдің ғарыш қызметі туралы заңына сәйкес кеме­нің командирі тек Ресей Федерация­сының азаматы ғана бола алады. Кемедегі екінші негізгі бортинже­нер­дің орны ХҒС-та үлкен сегменті бар АҚШ-қа тиесілі. Қалған үшінші орынға ХҒС-ты құру және пайдалану үшін көп қаражат бөліп отыр­ған еуропалық (Еуропаның 11 елі), жапондық және канадалық ғарыш агенттіктері кезекте тұр. Олардың да ұшуға дайын ғарышкерлері баршы­лық. Қазақстан ХҒС жөніндегі келісімнің және оны құру туралы шарттың мүшелігіне кірген емес. Өйт­кені бұл қо­мақ­ты қаржыны және ғарыш саласының нақты үлес­терін талап етеді.  Бұдан басқа, қазіргі жағдайда ХҒС-та жұмыс атқару мерзімі 4 айдан кем болмауы тиіс және оны қамта­масыз етуге әр ғарышкерге өте көп (100 млн АҚШ долларынан астам) қаражат жұмсау қажеттілігі туындай­ды. Оған қоса, Қазақстан ғарышта сынауды талап ететін отандық ғарыш техникасын жасауды әлі бастаған жоқ. Сондықтан мемлекеттік қара­жат есебінен тек турист ретінде ға­рыш­қа ұшу ысырап­шылық деп есеп­теймін. Қазақстан үшін мұндай ұшудың уақыты алдымызда, отандық ғарыш техни­касын сынақтан өткізуге қажеттілік туғанда келеді деп ойлай­мын.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

"Айқын" газеті

0 пікір