Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3084 0 пікір 15 Сәуір, 2013 сағат 05:14

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Алтыншы тарау

1

Қараша айында Нылқы бір түннің ішінде алынып, Әкбар - Сейіт, Фатих, Ғани бастаған партизан сол Нылқы маңындағы үлкенді-кішілі: Қарасу, Қаратөбе, Сұптай сейпілдерін бірінен соң бірін айналымға келтірмей қаратып ала бастағанда, Шеру елімен қырғыз қолын өз соңына ерткен Ысқақбек бір бөлініп, Күреге қарай тартқаны мәлім.

Қалың жорық алдымен Күреге жақын Шеру жеріне жеткен. Күре уездік үкіметі әскерінің мың аты екі қос болып, қыс түскенше осы Шеру жерін жайлап жататын. Қыста төмен, Көкдалаға әкететін болса да, кейінгі жылдарда Ма шяньгон жер жағдайына қарап әскер атын бұрынғыдай ел-елге кезекке салмай, көктемеден қашан қоңыр күз болғанша, Шерудің Мазы, Ақсу, Мүкей сияқты шұрайлы қоныс-өрістерін сонау жайлауларына шейін ойып жеп отыратын. Сол күні Қарымсақ, Арыппай бастаған Шеру жігіттері Күреге жүрмес бұрын әуелі осы төрт қос мініс атты тиіп алған.

Әскер атын бағушылардың қазақ, дүңген бақташыларынан өзге мойнына мылтық асып, қысы-жазы осы қостарға қарауыл, күзет ретінде тұратын қарулы шеріктер болады. Соларды көп құралмен тұтқиылдан басып жеткен Шерулер оңай олжалаған. Сондай сұмдық сұрапылдан аман құтылғандарына жан олжалап қашқан әрі аспазшы, әрі тілмаш дүңгендер Мұштайзыға жетіп, Мамозыны тапқан-ды...

Алтыншы тарау

1

Қараша айында Нылқы бір түннің ішінде алынып, Әкбар - Сейіт, Фатих, Ғани бастаған партизан сол Нылқы маңындағы үлкенді-кішілі: Қарасу, Қаратөбе, Сұптай сейпілдерін бірінен соң бірін айналымға келтірмей қаратып ала бастағанда, Шеру елімен қырғыз қолын өз соңына ерткен Ысқақбек бір бөлініп, Күреге қарай тартқаны мәлім.

Қалың жорық алдымен Күреге жақын Шеру жеріне жеткен. Күре уездік үкіметі әскерінің мың аты екі қос болып, қыс түскенше осы Шеру жерін жайлап жататын. Қыста төмен, Көкдалаға әкететін болса да, кейінгі жылдарда Ма шяньгон жер жағдайына қарап әскер атын бұрынғыдай ел-елге кезекке салмай, көктемеден қашан қоңыр күз болғанша, Шерудің Мазы, Ақсу, Мүкей сияқты шұрайлы қоныс-өрістерін сонау жайлауларына шейін ойып жеп отыратын. Сол күні Қарымсақ, Арыппай бастаған Шеру жігіттері Күреге жүрмес бұрын әуелі осы төрт қос мініс атты тиіп алған.

Әскер атын бағушылардың қазақ, дүңген бақташыларынан өзге мойнына мылтық асып, қысы-жазы осы қостарға қарауыл, күзет ретінде тұратын қарулы шеріктер болады. Соларды көп құралмен тұтқиылдан басып жеткен Шерулер оңай олжалаған. Сондай сұмдық сұрапылдан аман құтылғандарына жан олжалап қашқан әрі аспазшы, әрі тілмаш дүңгендер Мұштайзыға жетіп, Мамозыны тапқан-ды...

Шерудің осындай қоңыр күзде жылқы салуға таптырмайтын бір шүйгін қонысы Құлыстының басында жатқан ең соңғы қосқа қырық-елу жігіт жеткенде күзгі кер бетеге, сары шалғын, шағыр изен, боз көделі, тыныш қойнау тұғылда, мөлдір бастау басын қоныс етіп отырған екі ақ шатыр иелері өзінің бұрынғы бейқамдығына арқаланған қамсыз күйде болатын. «Әйбикенің тұғылы» деп аталатын күзек қоныс еді. Осы мекенге қарап тұйық тұғыл басынан жайбарақат аяңдап бес атты түсіп келе жатқан екен... Соңғы күздің тып-тыныш, марғау, шағырмақ бір күні еді. Көк аспаны төңкеріліп еңкейген күн шуағымен бар әлем маужырап қапты. Сәт күткендей...

Еңкейіске қарай аттарының тірсегі қылт-қылт етіп, самарқау бастырған бұл бесеудің екеуі мойнында мылтығы бар шеріктер болатын. Өздеріне қарай шапқылап келе жатқан көп аттыдан іш жимағандарына қарағанда оларды қазақтың кәдуілгі «желіккен» көкпаршылары десіп, әжуа көзбен баққандары белгілі. Байырғы әдеттерінен бұл күні де жаңылмады.

Жортушылар жасырын келмей, осы өзектің кең де ұзақ аңғарының сонау аузына ілінгеннен-ақ, ат басын еркін жіберген. Жарыс салып келе жатқан тобырдың озыңқырап шапқан алдыңғы екі-үшеуінде бірі-біріне кезек тастап, ағараңдатып ойнаған ақ лақ, «көкпарының» бар екені де өтірік емес... Гоминдаң әксерінің күнқағары ұзын, қарға тұмсық, қушиған сары телпегін киген екі шеріктің біреуі маңдайында алты жұлдызы (Шың шы сайдің алты жарлығымен «алты ұран» деп аталатын) бар сол бас киімін басынан жұлып ала салып «көкпаршыларға» сермелеп, шатырды нұсқап, солай қарай далбаңдата бастады. Қамыс үзеңгісін шіреніп, ерден көтеріле «лақты бізге таста» дегені. Шедірейген жүзінде күлкісымақ әжуа бар. Мылтықты тақымдарына жымқырып қысқан қазақтар қазір жарты шақырым ғана жерде еді. Алдыдағы қаруы жоқ үш жігіт ақ лақты ара-тұра әлі де біріне бірі кезек тастап, соңындағыларға «жеткізбей» келе берді... Шеріктер жуас атын тебініп, қопақ-қопақ етіп желіп қойды. Бұларды «жанай өтпектей» боп құйғытып келе жатқан көп атты тұғыл қайқаңына енді ілініп, бесеуге тақай берген. Ендігі секундта бес атты өздерінің не көріп тұрғанына сене алмай қалды... Бір сәтте бейне көрген түс әлегіндей күйге тап келді. Қаннен қаперсіз, тоқмейіл немелер дәл арқан бойындай қалғанда шығарылған көп мылтықты көргенде бірақ аңдасқан! Атой салып жеткен топ аналардың онсыз да жаннан күдер үзгенін дәлелдеп, бір ауыз тілге де келген жоқ. Жүздерінің боздағы шыққан қос шерік бұл сәтте өз иықтарында қару барын мүлде ұмытып та кеткендей. Аттарын тартып, қаңтарыла қалған екеуін Арыппай мен Қарымсақ басып-басып салды. Қос боз ат бірінен соң бірі шошынып, ойнап шыға берді. Біреуі шыңғырып кісінеп те жіберген.

Қарымсақ түтіні айықпаған мылтықты тақымына қайта қысып жатып:

- Иә-ә, бұларды сорлы анасы тапқанда осылай қалсын деп тапты ма! - деді түшіркеніп. Құлап түскен шеріктің бірі сол  орнында екі аяғы далия, көк аспанға көз қадап қалды да, екіншісі ат үстінде мылтық үнімен қабат тұла бойымен солқ етіп баж еткен үні де шыға:

- Әй-йо! - деп, қос қолымен кеуде тұсын шап басып қалған. Ат шапшып кеткенде шаншылып түсті. Омақасқан күйі бос қалған денемен қия бетте бір-екі аунап, домалап та бара жатты. Ұйысқан сары бұйра шалғында жан кеткен денеден жосылған қан боялып ақты. Кісі өлімін мұндай түрде көрмеген жігіттер өз істеріне өзі таңырқағандай, мінбелеп кеп қарасып қапты.

Тұғылды дем арасында оқ-дәрі, адам қанының күлімсі иісі мүңкітті. Арыппай соңындағы жігіттерге:

- Ой, қойыңдар, құдай мұны тамашалатпай-ақ қойсын! - деді де атын қамшылап, өрге қарай қайқая берді. Өзгелер де сатыр-сұтыр бұрылып жүріп кетті. Мұнан арғыны тұғылдың сыртында, тепсеңде жатқан бес жүз атты тиіп алу.

Жаңағы тірі қалған үшеудің екеуі қазақ жалданбалы жылқышылары болғанда, енді бірі баяғы Әли інісі Осман алып қашатын - Патима қыздың әкесі еді. Керімбек қызы Гүлназымды қолды еткен Рахим осының баласы. Мамозының бұл туысқаны осы қосқа қарайтын екі шерік пен қазақ жылқышылардың әрі аспаз, әрі тілмашы. Бүгінгі мынадай болған аты бөтен сұмдықтан тірі қалғанда, өз жанын өзіне олжа көрген бұл адам «шыбынын» ауызға тістегендей боп, Мамозыға шапқан. Бірақ мұндай суық хабар Мамозы «төреге» әлдеқашан, бірінші қостың дүңгенінен-ақ жеткен. Арыппайлар алдымен Қарымсақ ауылының желкесінде, Шыңбұлақтағы қостың бес жүз атын осылай шауып алып, сонан кейін бұл қосқа тиген-ді. «Мамозыдан айырылып қалмайық» деген ойды ойлауға осы соңғы қосты алған соң ғана мұрша тапқан Қарымсақ пен Арыппай да ат басын енді Мұштайзыға қарай бұрған.

Ал Мамозы болса бағана түсте қасындағы шабарманымен семіз қойдың сүбесі қосылған сары ала палауды алдарына енді ала берген. Бірақ бүгін соның бұйырмағаны пәш болып, алғашқы зәрдей суық хабар жетті. Асау Мамозы денесіне қанжар тигендей оқыс шошынумен бірге, қаһарланып та кеткен. Сұрғылт түсі алмас уы шапқандай, дем ішінде көкшілденіп кетіп, орнынан ата түрегеп еді. Осыншалық жат хабар әкеп тұрған малайға:

- Не деп тұрсың, иттің баласы! - деп қынындағы сапысын да суырып алған. Мамозының мынау халіне төзе алмаған хабаршы есіктен кіре, сұмпиып тұрып қалған бойында қалтырап кеткен-ді. Өзге сөз айта алмады. Үй іші түгел өре тұрып, әкесінің қатерлі адам екендігіне ден қоятын қызы, әйелі екеуі де қатты шошынғандарынан түстері қудай болып кетті. Істің егжей-тегжейін Мамозы қайта анықтап сұрап, қанша адам, ішінде кімдер бары, бәрінің мылтықты екендіктері, соның барлығын Керімбек кісілері Қарымсақ, Арыппайлар бастап жүргені білінгенде, төбесінен жай түскендей болған.

Ол енді тек асып-сасып ат ерттете бастады. Ауыл үйден өзінің ақылшыларын шақырып, сасқалақтап жеткен сақалды байларға әп-сәтте үй толды. Жалтақ қаққан, жаны тәтті байлар «са, са»* десіп, алды-арты жиналып, не екенін біліп болғанша екінші қостан да хабар жетті.

 

* Са? Cа? - Не? Не болды? (дүңген, қытай тілдерінде).

 

Шықшытқа, ұртқа қауметтеп сақал өсірген сәнқой байлар ұясының түбінен сыбыр сезген суырдай аңтарылып: «Алла! Алла!» десті. Баяғы дүңген қырылған үркініш замандары естеріне тағы түскендей.

Іле округіне Үрімжіден, Бас штабтан келген «2603» нөмірлі «Август жарлығы» бойынша, Күреден қолына алған рұқсатнама қағазбен «қашқын» атанған Керімбекті тауып ұстау үшін Мамозы өз қоластындағы осы отырған адамдардың кірісуімен, жан-жаққа кісі аттандырып, екі айдан бері жасырын жансыздарын жүргізіп жатқан болса, қазір енді Күреге жетуден өзгені сезінген жоқ. Соңынан қуғын түскенде інін еске алған бөрідей. Замандас-көрші, ымыра-мәмілелі үзеңгілестерімен арыз-хош айтып аттанудан басқа шара қалмаған. Арт жақта қалып бара жатқан әйелі, қызымен де іштей келте қоштасып, бұлармен де шолақ ұғысты. Көпке арнаған жалғыз ауыз сөзі:

- Қайтып топқа қосылмасақ, өкпе-қалдық болса кешіңдер! - деуі болды. Қолына қамшысын алып, соңғы рет жұртқа көз тастағанда, қызы ағыл-тегіл жылап тұрған. Тек ол емес, тәкаппар Мамозы жаңағындай мүсәпір күйге жетіп, хош айта бастағанда, қатыны да қыстыға жылап, көзінің жасы бұршақтап, сыңсып тұрды. Осы кезде Мамозы оған:

- Бәйбіше! Таудай байлық жиып, бұйырғанын жейсің деген осы. «Тәкаппар өз төсегінде өлмейді» демекші, ақылға көнбес басым, азапқа көнуге бет бұрып барамын. Біздің дүңгенде «ақсақалдың назасына қалсаң, сақалыңның ағы ұрады» деген бар. Тайлақбай мен Керімбек соңғы кезде түсіме қайта-қайта кіріп мазамды алып еді!.. Күнәлінің отына күнәсіз күйіп, қызым екеуіңе де қан жұтқызып барамын! Енді мені естен шығарып, тек өздеріңе бекем болуды, өмірлеріңді ғана ойлаңдар, хош! - деді. Әсіресе осыдан үш-төрт жыл бұрын өз қызын өзі полковникке құрбан еткен көзсіздігі үшін әйел мен перзенті алдында күні бүгінге дейін іштей айыпты екені осы қоштасуынан да аңғарылған.

Өзінің Мамозы атымен осылайша қор болып қашуына душар еткен мазақ сиқын бойына ар санауға намыс шамасы жеткен жоқ.

Өз үйінен өзі асығыс безіп, қарбаласып аттанғаны тартатын сазайы екенін де енді ұғынғандай.

Шабарманы екеуі қатарласып, ауылдан шыққан бойда аттарына қамшы ұрып, шоқыта шауып кеткен-ді. Бірақ, былай таман ұзаңқырап барғанда, атқосшысы Мамозыны осы мазақ сиқы үстіне тағы келемеж еткісі келгендей, жалғыз тастап қашқан... Буылтық көзі тайсақы қытай полицей жол-жөнекей арт жаққа көп жалтақтап қараумен болған. Полицей атаулының сусығыш топырағы бұның қанына да өз «тәлімін» еккені қазір біліне бастаған. Бір уақытта соңдарында көз ұшынан шаңдатып көрінген бір түйдек аттыны байқағанда, қипақтап арт жағына жиі қарана берді. Мамозы боп-боз болған қалпында, қылп еткенді қалт жібермей, ішінен сезер, өзгеше сақ үрейде еді. Бұрын да, заманнан бері емеурінінен танып жүретін мына сатқынның өзгеріп келе жатқанын байқағанда қорлық ызадан жарыла жаздап:

- Бүркіт көрген қаншық түлкідей неғып қайсаңдап келесің! - деген. Көзіне өлім әлегі елестеп алғандай, түсі аса жат. Иә, тап осы кезде шабарман атын тебіне борбайлап, қамшылап жіберіп, тырағайлап тұра кеп қашқан. Жамбасында ұзын қылыш салақ-салақ етіп бара жатты. Мамозы үшін ендігі сілікпесі қалған тірлігінде мұнан өтер мазақ іздесе табылмас еді. Жаралы төре басқа ойға келмей, қойнындағы шолақ мылтығын суырып ала салып, көздеп жіберіп, қан тартқан серігін арқан бойы ұзатпастан, жауырын ортаң қайсы деп басып қалды. Иә, сөйтіп өзінің ең сенімді адамы, тел шабарманынан демде айырылды. Өзі арт жаққа бір-екі жалтақтап қарады да, Күре жолынан батысқа таман ауып, Кекдалаға қарай қиғаштап тартты.

Мамозы бұл күні қуғыншыға жеткізбей, шығандап қашып құтылып кеткен.

Мазыға жиналған қырғыз-қазақ қолы осы түні таң ата Күреге тимек болғандықтан, қашқын Мамозының соңындағы қуғыншы Арыппай, Қарымсақтар артқы елге сол күні түн ішінде жолдан тосып қосылды.

2

...Кейін Күреге екінші шабуыл басталды. Қыс түсіп, Нылқы маңындағы қанды майдан үш айға созылып, ақыры аз ұлт партизандары жеңіс қадамымен Шиху, Манас, Күлөртең-далаға түсіп кеткенде жорықтың екінші жағы терістік иықта, бір бүйірде қалған Бұраталадағы Букенің жамбылына қарай кезенген.

Ғани мен Қарымсақ, Мақсұттар бастаған сол кезеніс Буке-жамбылынан бұрын Күреге ілінген Бұраталаға төте асатын Шұбырты, Қиятас асуларын қар бекітіп жатқандықтан, елдегі кәрі-құртаң, шал-шауқан, іске татыр атаулы солай қарай сойыс айдап, үй көшіріп апарып, апталап жатып, асудың қарын күреп, ат өтерлік аяқ жол ашқан. Сол аралықта күздегі алғашқы шабуылдан кейін үш ай бойы тым-тырыс, сұлық қалған Күреге Шеру руы бастаған жорық мың-мың қолмен қайта соққан. Күре сейпілі «Ұлы Есіктің» аузына күзде құрған пулеметті өз күніне көніп, төзген қайыршыдай сарылып, қыс бойына түбінде отырып күзеткен. Үш мың қолды қосын өз ісіне қалың түнді жамыла кірісті.

Қақпаның екі іргесіндегі қос күзет жайдың бұрынғы электр шырағы жоқ, кесіліп тасталған. Керосин шамның өлеусіреген күңгірт, кеугім сәулесі перде тасасынан еміс белгі береді. Қосын осы «Ұлы Есіктің» қарсы алды жағындағы ұйғыр қалашығын паналап әр үйдің, қара-аулалардың бұрыш-бұрыштарын далдалап жасырына бастады. Қорық-дуалдары бір-бірімен иін тіресіп, жалғаса берген ұйғыр мекенінің бұл түнде сейпіл қақпасын нысанаға аларлық бірде-бір тұсы бос қалмады деуге боларлықтай. Сансыз тұрғыларда бой жасырған автомат, мылтықтардан өзге, орта шенде құрылған пулеметтер мен екі зеңбірек те ауыздары «Ұлы Есікке» қарап құрылып үлгерді.

Қыс аяғының аязсыз түні. Күндіз күні бойымен жауған қалың қар суықтың бетін тосып, жау назарынан аяқ дыбысын көмескілеп тұрған...

Сөйткенмен де қамалды күзеткен қарауылдар әлденеден сезік алып қалғандай... Зәрезеп құлағына қаңғып кеп жеткен әлде бір еміс сыбыстан секем алып, пысқырына бастаған тауешкідей, өз тірліктері өзіне өгей тартқан. Ботай күзетіндегілер мен ішкі жаққа берілген белгі ме, бір сәттің ішінде бірнеше ракета атылып қалды. Арт-артынан жиі жіберілген ракеталардың неліктен екен, әуелгісі шаңқан ашық көк түсті, соған жалғас тағы үш рет қан қызыл түсі кетті.

Биылғы қыс... бұл сейпілдің күздегі қырғыннан қалған жарым тұрғынын өз тірлігіне өзін жат етумен өтіп келе жатқан. Қар жауып ашылған ашық аспанда көкшіл тарта қылаулап жанған жұлдызды әлгі ракеталар еріксіз көзге тосты. Жердегі бишаралық, тарлықтың белгісіндей болған сол ракеталар бірінен соң бірі шырқай ұшып барып, қайта қалқи жүзіп кеп өше бастағанда, Ғани өз қатарындағы екінші пулеметте отырған Қарымсаққа күңк етіп:

- Қапыр-задалар бірнемені түйіп қаса керек... таярланың! - деп бұйырды. Бұл екеуінің оң қанатында, тағы бір пулеметке ие болған Мақсұттың маңында Тайлақбай мен Керімбек бар еді. Қарусыз үлкендер Ғанидың іс бастамақ сөзін аңғарғанда, тек өзді-өзіне айтқандай ғана:

- Иә, сәт!

- А, бере гөр! - десті.

Ғани жаңағы сөзін айта бере, Күренің түнгі тыныштығын қақырата, өз пулеметінен оқ төгіп жіберді. Қарымсақ қосылып, қалғандары да «тата-тата» дегізіп жарыса оқ жаудырды. Бірінші үннің шығуы мұң екен, қарсы жақта қапысыздығын дәлелдеп оқ нөсерлетті. Қара түнді найзағай оғындай, тұс-тұстан сұрапыл оқ тілгіледі. Осы атыс - атыс болды. Сағаттар бойына сейпіл пулеметтері де сұмырайдай сарнап тұрды. Ғанилар шешкен ендігі бір ақыл бойынша, екі қол пулемет «Ұлы Есік» күзетінің екі жағынан баруға тура келді. Қазіргі сәтте сейпілдің бар ынтасы алдыңғы бетте. Тек Ұйғыр қалашығын атқылап, есі шыққан бойда, әлгі екі пулеметтің жақындап баруына мүмкіндік берген. Ойлағандай солар екі босағадан қусырып келіп әудем жерден килікті. Бұл уақытта қақпа аузының оғы бұрынғыдан біраз сиреп... сыр бере бастағандай. Оқ-дәрі қоры өлшеулі екенін танытты. Осындай күймен және біраз мезгіл өткенде, сейпіл пулеметі бір-бірлеп жөтеліп барып, үнін үзе бастаған! Бұл мезетте күш шығарушы анау төрт ботайдағы ең соңғы рет бұйрық алып, қақпаға жеткен тың қарауылдар пулеметтері.

Сонымен, сейпілдің төрт бұрышындағы ботайлар бос қалды. Оның есебіне төрт қол пулемет қақпа аузында талайға дейін сарнап тұрып алды. Қыстайғы қамалған аштық пен рухани соққының ақтық запыран долылығын осымен құсып жатқандай.

Осыған дейінгі аралықта екі жақтан да шығын аз болмады. Бұл кезде таң қылайып атып келе жатты. Қамал қақпасының мылтық үні шашауланып тұрып, ақырғы пулеметтердің өзі де бір-бірлеп барып кенет тоқтап қалды. Оқ атаулы пышақ кескендей біткені мәлім.

Шығыс аспаны құланиектеп, сәттен-сәтке түн пердесі салғырт түріле, дүниеге баяулап кеугім жарық ілінген. Партизан әскерлері өз нысаналарын енді анық көрердей болып, дала дидары кеңи ашылған-ды. Жай сызылып, самарқау атқан таңмен бірге сонау батыста қарауытып көріне бастаған Қорғас тауының биік өркештеріне қарай қиыстап барып, батуға айналған қиық ай ілініп тұр. «Енді не болар екен» деп тағы азырақ кідіргісі келгендей, тау шоқысынан сығалап тұрып қалыпты. Түнімен кезіп, сарылып барып батуға айналған. Енді күзет жайдың есік-тесігін нақтап көріп алған аз ұлт сардарының пулеметшілері шеріктер мекенін еркін ойран етті. Ұзамай партизан қосыны қаулап алға басты.

Мінеки, осы шақта өз тағдырының соңғы нәубеті билеген, бей-лаж гоминдаң әскері ары ішке қарай, тым-тырақай қашуға мәжбүр болған. Түн бойы қақылдап «жағы сембеген» пулеметтер енді бұл мезетте тастанды, иесіз. Соны көрген мың-мың санды партизан сарбазы өрттей қаулап атқа қонған. Иен қалған қақпаға қарай лап қойған қалың қолдың айқай-сүрең тасқыны құлақ тұндырды. Жер де айғай, көк те айғай болып кеткендей.

Қақпаның ішкі жағында қойдай жусап қырылған өлік, оқ-дәрі иісімен қабат жын сасиды. Сансыз атты жауынгер жусап қалған өлікті бірі аттатып, бірі бастырып ішке қарай шапқанда қазақ елі ұранға басып, әлейім шу салып жосыды. Қызай-Шеру, Найман жағы:

- Әлет! Әлет!

- Қаптағай! Қаптағай!

- Қабанбай! Қабанбай! - десе, тағы бір мол шулы көп жаңғырық:

- Райымбек! Домалақ! - деп албан, үйсіннің ұранын жаңғыртты.

- Мұхаме-ет! Мұхамет! - деп бара жатқандар да бір алуан. Бір кездегі маңынан шыбын ұшырмас «Ұлы Есіктен» сыйыспай шапқан аттылар «қақпаның аузын қан қылған» тасқынымен уездік үкімет ордасына және полиция жатақханаларына қардай борап құйылды. Ежелгі тау елдері ата-баба қанын жоқтап, гоминдаңның ендігі қарусыз әскерімен беттескен! Сондай қырғын кезінің бір тұсында полиция бастығы асқақ «төре» Ли-жүйжаңды жағасынан сүйреп, түрмеден босатылған Лән бияу тауып шықты. Қараша айында болған Күренің алғашқы талқандалуынан кейін баяғы Қанатбек ақалақшы ұстатқан Лүріп-ламаны осы Ли-жүйжаң өз қолымен атыпты деген... Қамаудағы Әлиді Лүріпке қосып атпақ болған жерінен полковник Ма шяньгон аужай бағып тоқтатып қалған... Жаралысында бір бет, қырыс Ли-жүйжаң Ма шяньгонның заман райын баққан аянкестігін сезіп, жыны келсе де көнген-ді. Бүгін сол Ма шяньгон сейпіл қамалынан пана таппай, атпенен сыртқа қашып еді. Қалыңдығы бір метрден астам, биіктігі екі жарым метр соқпа қорғанның батыс терістік жағынан салт атпен өтерліктей етіп түніменен жол қашатып шығартқан. Сол кетік арқылы қасына өзінің өлімге дейін ажырамас күтушісін бірге алып және ең ақырғы «жан сауғасын серік етіп», жөнеп кеткен. Қысы-жазы сүт сіміріп, сабынмен жуылып, мәпелеген ақ арғымақ та соңғы серігі көрінген-ді. Арыппай Ма шяньгонды іздегенде ол жоқ болып шықты. Бірақ кеше жауған сонардан есіліп қалған екі аттың жаңа соқпағы көзге қиырдан шалынған. Топ қуғыншы сол ізбен сейпілдің сыртына өте берді. Қалың да биік, соқпа қамал сейпілдің сары топырағы ақ қарда жер жынысын көзге тартып, төбе болып үйіліп жатты.

Арыппай осы жарма жол кетігімен топ жігітті тізілте бастап асығыс өткенде қашқынның қарасы көрінбеді.

Күре тарихының Ма шяньгон шерткен ең соңғы аңыз, шежіресі болып, өзі он бес жыл билеген бекіністе ақырғы ізі жыр тіліндей сайрап жатты.

Сол тарихтың бітіп тоқтаған соңғы нүктесіндей етіп, осы күні кешке Арыппай әкеткен шағын топ Ма шяньгон мінген жал-құйрығы жібектей аққу бозды аударып мініп, елге де жетіп еді.

Беталысы оңтүстік Шыңжаңға өткізетін Тәңіртауының «Мұз дауан» асуы екен. Бірақ сол асу жолды таба алмай, қиын тауға қамалып жүрген кезеп тас-тастың арасында бір талай уақыт атысып жүріп оққа ұшқан.

Мамозы күзде қашып құтылып кеткен соң, қыс бойы осы Күрені паналаған. Анығында, бұның дәл сол күні Күре бекінісін кіре алмағаны белгілі. Ысқақбек бастаған қырғыздар мен Шеру жорығы дәл сол түннен бастап «Ұлы Есіктен» қытай әскерін сыртқа шығармау үшін арнайы қарулы жасақ қойған-ды. Сондықтан Мамозының қорған ішіне қалай кіргені мәлімсіз... Атын қымбат ер-тұрманымен сейпіл сыртына иесіз қалдырып, өзі ботайдың дүрбілі қарауылдары арқылы сейпіл қамалынан жіппен өрмелеп шыққанын қазақтар білмеген. Сол Мамозыны бүгін бұл ұядан табармыз деп ойламаған Шеру елі аяспас дұшпаны көзіне түскенде көкпар ғып әкетті. Жағасынан сүйрелеген Әбдірәйімге келгісі келмей, тырмысып келе жатқан. Соны көзі шалған Қарымсақ атына қамшы ұрып арындап келген бетте желкесінен сап етіп ұстап, жұлқи көтеріп, өңгерген бойында қирап қалған «Ұлы Есікке» қарай алып жөнелген. Өз соңынан Шеру атаулыны шұбыртып, беттеген жағы баяғы Мамыртай өлтірілген түбек. Ер қасына екпетінен салған үнсіз құныкерін шапқан ат екпінімен салақтатып тұрып, бір шақырым жердегі әйгілі түбекке алып жетті. Қалың шилі қойнауыт мүйісте, дәл Мамыртай бейітінің алдына жеткенде ат басын шорт тарта, дік етіп тоқтаған Қарымсақ өңгерілген үнсіз адамды омбы қарға көмілдіре «ыңқ» дегізіп тастап жіберді. Аттан өзі де ілінбей лып беріп ыршып түсті. Қазіргі халінде көзі ешнәрсені көрместей, дүниені тек бұлдыр сөзіне, жығылған күйі тапжылмай жатып қалған Мамозының үстінен қона, тізелеп алды. Дауысы тарғылдана, қатты шығып:

- Мамырта-ай! Қаныңа қан! Кегіңе риза бол, шыра-ғе-ем! деп, өң-түсі қудай болған құндыкерін қаудай сақалынан сол қолымен шеңгелдей қайырып, қонышынан сары кездікті суыра берді. Мамозы аяқтарын көсіле ұсынған бойында тырп етпей сіресіп алып пышақ жалаң етіп, кеңірдегіне тақала берген сәтте:

- Ләйлаһа иллалла! - деп қалды.

Тұла денесімен солқ етіп қалған Мамозы әуелгі қарысқан бойында әлі де тұяқ серіппестен қатып қалып, сол сәтінде көзі аларып Қарымсақтың көзіне түскендей болды. Сөйте барып селк-селк етіп көз жанары сөніп, сұлық талып кетті. Кінәсіз дене бар қылмыстан құтылғысы келгендей енді ышқынып жан таласты. Қарымсаққа жаңағы бір қиғаштап қараған ақтық көзқарас көкейінен мәңгі өшпестей, орнап қалды! Осындай кезде түлкі тұмағы жалпылдап қарбаласқан біреу атынан асығыс түсіп жатыр еді. Бурабай екен, Мамозының етігін шешіп алып жатты.

Шығыс әлемі күйіккендей, алаулана қызарып күн шығып келеді екен...

Ғасыр-тарих шежіресінің маң басқан ұлы керуеніне өзінің талай-талай сырларын қосқанымен, соның бәрін ішіне тығып, жоқ етіп, өшіріп жойып, ұмыт қып келген Жоңғардың жырлы даласы «жақсыға да, жаманға да бір шіркін» тәрізденіп, сол баяғы бейтарап тыныш қалпында жатты. Шерлі қарттай ауыр деммен өксіген шежірелі өңір замандар бойы ат тұяғы дүбірі мен шылқып аққан жосқын қанға мекен боп, меңіреу сабырмен тыныс тартты.

Жалпақ жаһан жаралғалы сансыз рет сабылып, алма-кезек ауысып келген теңсіздіктің таразысы шаршы жердің осынау бір жұлығында қайта тағы тартылды. «Емсең - емшек, кессең - беріш болам» деп оның бәрін көтеріп Жер-Ана жатты.

Ар бол, төзім кіндігі - Жер-мекен!!!

 

Жетінші тарау

1

Наурыз айының басында дала соғысы бұрынғыдан сиреңкіреп, енді үйездерді қалай алу мәселесі сөз болған. Іле соғысының тізгінін өз қолына алып басқарған әскер басы Ысқақбек партизан бетін қыс бойғы кескілескен ұрыста теріске бастамаған-ды. Тағы да бір түнгі шақта, сонау кездегі штаб үйде сары жігіт - Ысқақбек батырға біткен кішкене жанарын Әкбарға қадай ойланып:

- Мұнда енді үш-төрт полк қалса жетеді. Біреуіне әрине, жартылай жаяу Әбдікерім қалатын шығар. Ашалыдағы жауды ашасынан айырып қайтты! - деп шынайы мадақтады.

- Біріне мен қаламын, - деп жүдеу Әкбар... кесе сөйледі: - Бауырларымның шейіт болған жері ғой... Дұшпанымнан кегімді тап осы жерде аламын! - Әкбардың айтқанын өзгелер сөзге келмей қостағанда, оның ежелгі досы Фатих:

- Досларым, хазыр бұл жерде ұрыш азайды деген білен әлде де қауіп-қатер зор. Әкбар болса екі інісінен бірдей айырылып отыр... Үйездерді алу енді онша қауіпті емес. Менше болса, Әкбар батыр біз достарының пешлінен жеңілдік алып, солай кетсін. Бұл жерде ақыр оқ тисе де «шапанынан өтпейтін» Ғани батырмен және біреу қалсын, - деген сөзінің аяғын әзілге сүйеп.

Ғани сөзге де келген жоқ:

- Бопты, осы жерді жылан жалағандай ғып тазалап беремін! - дей салды. Бірақ Әкбар өз дегенінен қайтпай:

- Жоқ, Ғани қалса менің есебіме қалмай, Ысқақбек айтқан үштің бірі боп, өз жөнімен қала берсін. «Жайын бірнеңе жұтып ішегі түйілсе, кесел тапқан жеріне барады» деуші еді ғой, не болса да інілерімнен айырылған осы жердің өзінде жайрасып бағамын! - деп болмады. Сейіттен айырылғанда, Әкбар қос қанатының бірінен айырылғандай топшысынан қайырылған. Тегінде, Сейіт Әкбардан бірер жасы ғана кіші болатұғын. Әсіресе, немере туысының тірліктегі жақсы қылығын қия алмайтын. Балалық шағынан асықты бірге ойнап, күлкіні бірге күле, тай-құлындай айқасып, тете өскен ғой. Әкбар тегі Сейітті мақтап сөйлегенде:

- Кісіні бір күлкісімен алып жібереді. Жаныңа майдай тиіп, жақсы көңілін саған арнап күлгенде буыныңды алады! - дейтін. Осы соғысты бастау жөнінде Әкбардың ең алғашқы сынап айтқан, жеке сыбырынан бастап күні кешеге шейін шынайы бел көтере, серік боп келген «егізінің сыңары» сол еді! Тірлігінде Әкбардың жарты ауыз сөзін жерге тастамай, жанын үзіп тұратын Сейіт мінезін сөз еткен жақын-жуықтар, кейде таңырқаса да, кейде бұл екеуінің жанқияр татулықтарын қызғанғандай:

- Құдай біледі-ау, Әкбардың айтқанынан алдында өлім тұр десе бас тартпас! - десетін. Бүгінгі күн соның бәрін қайда алып кеткенін білмегендей болып, Сейітті енді әредікте түсінде көріп, өз ішінен шынымен сынып кеткен.

- Айтқанымнан бір мезет шығып көрмепті-ау! Қадірін білмеппін-ау! - дей беретін. Өзінен басқа полкта болған Сейіттің қайғылы қазасын алғаш естіген жерде жүрегі зырқ еткендей болып:

- Қарағым еді-ау! Қолқа-жүрегімді үзіп, жапанға жалғыз тастап кетті-ау! - деп тоқтай алмай жылаған. Сейіттің үйіне Әкбар күншілік жерден жылап жеткенде, туысының қаралы келіншегі Әкбарды онан сайын еңіретіп:

 

«Қорымалым, қол басым -

Қайда да қалды жолдасың!

Қайтіп бір шыдап отырсың,

Жолдасың қайда, жолбарысым» -

 

деп, ажырамай көріскен. Тегінде, Сейіт Әкбардай батыр пішінді емес, бет бітісі ерекше, қазақ жігітінің анық бір ақманар сұлуы болатын. Танымаған адамға «Хан баласы» дегізгендей аппақ, әсем жүзін нағыз бір шебер көзбен пішіп алғандай десе сиятын. Қызайдың атақты Сасан ауылынан шыққан бір өлеңші, өзі асқан сылқым келіншек осы жақын жылдар ішінде үйлі-баранды Сейітті көріп ғашық болғаны, арнап ән шығарғаны дала желімен дүйім елге қауесет болып тараған. Келбетті кескініне біткен үлкен қара көзі, ақ тістері көріне күлгендегі адамға айрықша ыстық жүзі арманды келіншектің өзегіне от тастағаны маңайдағы елге айдай анық болған.

Әнші келіншек өзінің бір жақсы қайынсіңлісіне бар сырын ашып:

...- Перінің жігіті де бары рас болса, дәл сондай-ақ болар!.. Бала күнімізде «Қап тауында пері болады, қыз-жігіті көрген жанды есінен тандырарлық, бірінен бірі өткен сұлу, шетінен пәк заттан деуші еді. Сол ертекті әжемнен естімегенім жақсы еді!.. Бала қиялыма әлдеқайдан сол перінің жігіті кез келіп, өзіме қосылатындай боп өстім... Соның бәрі қиялымды жынды етті!.. Ақыры не керек, Сейіт болып кездесті. Неге көрдім деп өкінем, көрмегенім жақсы еді. Содан бері, тіпті өзім өзімнен қорқа берем. Әжем сорлы ертек айтқан кезінде менің сонша берілуіме қарап: «саған сол перінің бір шалығы тиіп кетіп жүрер, тоқтатайын» - дейтін. Соны өзіңдей күрсінгіш, бойжеткен күнімнен қорқып ойлайтын болдым!.. - деп, шынымен алжасып отырған адамдай сөйлеген. Келіншектің көзінің жасы қат-қат төгіле айтқан сырына қарап қыз да бұны «анық ғашық сорлы екен-ау» деп қайтқан... Жылап отырып салған әнінің қайырмасын зарығулы ырғаққа қосып:

 

«Мен сорлыға жез таңдай,

«Пері» жігіт - кез маңдай...

Бір көрініп дерт салды

Ерін қандай, көз қандай» -

 

дегенін әлгі қыз қайта-қайта айтқызып, әнімен қоса жаттап алып қайтады да, сонша сырды ішіне сыйғыза алмай ол өзінің бір құрбы қызына сыбырлап жеткізеді. Бұдан анау қағып алады. Сөйте-сөйте жалпақ елге аңыз боп бір-ақ тарайды. Өз ішіңе сыймаған сыр өзгеге сияды деу бекер. Міне, өзінің сондай Сейітінен айырлып, ішінен құрт сына, ойсырап жүрген Әкбар кейде, сол бауыры бұның бар қуанышын бірге алып кеткендей құлазитын. Фатихтың Әкбарды бұл жерде қалдырғысы келмей, қимай сөйлегені осы еді. Өз інісі Хамиттен айырылған Фатих Әкбарды енді жеңілдеу жаққа шықса екен деген.

2

Опат болған Сейіт қана емес, бұлардың қатарында «Тас түлек» ұйымының қанаты қатаймай тұрғанда ең бірінші бас қалқа, қорғаны болған, жалғыз үй Албан - Молдажан да 63 жасында өз достарын көнгісіз қапыда қалдырып, қайта оралмасқа қайта туып, жаралмасқа сапар шекккен! Дәл сол сияқты шаруалар: Манапхан, Суанбектер де дегеніне жетпей, орта жаста қырқылып кетті! Көтерілістің ошақ бұты болған, ел мен жердің осындай біртума азаматтарымен қоса, тағы сондай көп-көп ұлт өкілдері жастай оталып кеткен!

Әкбар мен Ысқақбектің шешімі бойынша, Нылқы маңында Қайнам батырдың полкі, «Тау түлегі» атындағы Керімбек ұлының полкі, Әбдікерім және Әкбар полктары қалған. Нарынқолмен шекараласатын: Текес, онан бері Күнес, Қалмақкүре, Тоғызтарау үйездеріне сейпілдерді қаратуға баратын бұрынғы белгілі полктардан өзге кейіннен қосылған тағы екі полк бар. Ол Нылқы түрмесінен босап шыққан Қазыхан мен сол полицияның орынбасар бастығы болған Нүсіпхан полктері. Ол екі полктың негізгі халқы Лүріп-ламаның күйеу баласы Ләйдің-амбал мен солардың досы Жамбы-лама бастап келген Еренқабырға тауын мекендеген маңғұлдар. Олардың беті, Ілеге келер жолы әйгілі Көрсай-Ашалы болғандықтан ол жолды алдымен қытай әскері бекітіп қалып, ерте өтіп келе алмаған.

Сонымен жаңағы үйездерге «Сүйдің полкі», «Дүңген полкі» «Қалмақ полкі», «Қырғыз полкі» аттанғанда, бұлардан мойны қашық Шапшал үйезіне Нүсіпхан мен Қазыхан полктары жол алды. Осы екі бөлек кеткен полктардың қай-қайсысынан болсын хабарды штабтағы Әкбар мен Ысқақбек, Фатихтер күнбе-күн емес, екі күнде де салт атты лаушымен алып тұра алмас еді. Сол себептен, қырық-отыз шақырымдай бекет сайын лау аттар мен лаушы адамдар қойып, арғы-бергі қуанышты хош-хабарды ұтылап, жалғаса жеткізетін болған.

Арада үш күн өткенде Шапшал үйезі жағынан тосын хабар келді. Шапшалдың негізгі халқы сібе-солаң, дағұралар болғандықтан үйез бастығы да Хұмыртә деген, қытайша жетік оқыған сібе болатын. Хұмыртәнің өзі сібе болғанмен қарауындағы әскері негізінен қытай шеріктер екен. Қыс бойы оның көбін Нылқы соғысына бөлшектепті. Әрі бұның үстіне жергілікті халқы Қарымсақ командирлік еткен «Сүйдін полкіне» өтіп кеткені белгілі. Сонымен бір өзіне тек гоминдаң өкіметі ғана сүйеніш болған Хұмыртә уезд алынуға айналған сағатта өзін-өзі атқан. Нүсіпхан, Қазыхан сол жеңістің жаңалығын бері қарай жолдап жіберіп, өздері Темірліктің асуын асып, Текес, Күнеске кеткен полктарға көмекке аттаныпты.

Әкбарлар тыным тауып отырған, шаңырағында ақ туы бар штаб үйіне қарай көз ұшынан бір атты далақтап шауып келе жатты. Үйде жас жағынан үлкені - Тайлақбай, Керімбек. Онан былайғы екі жаққа жарылып отырғандар Ысқақбек, Әкбар, Фатих. Екі етегі далбақтап, атының қос танауынан жарыса созылып аппақ бу атқан, басында жаба-салма түлкі тұмағы жалпылдаған Құлайғыр екен. Шалғылы мұрты әппақ сіреу қырауменен айдарланып, атынан асығыс түсіп келе жатқанда жүрісінде қалай да албырттық барын шамалаған Тайлақбай:

- «Есерге есе берсең, ойнап жүріп, кісі өлтіреді» деген. Бұрынғыдай күнде бәріне де көз сала жүріңдер, - деді. Құлайғыр алдымен Шапшал үйезінің бастығы Хұмыртәның өзін-өзі шекеден атып өлтіргенін, соған қоса екі полктің асу асып кеткенін сөйлей келіп, соңында бұл отырғандар үшін анық бір өкінішті, жаманат хабарды паш етті. Босаға жақта төрдегілерге қарай жүгініп алып сөзді орағытып бастап:

- Қатыны өлген қызы бар үйге қарап жылайды депті ғой... Ана дүңген полкінің кәмәндірі оққа ұшыпты... Әлгі бүкіл Шеруге бүлік салып, қыз алып қашқыш неме-ші... Бүгін бір ой ойлап келдім, соның далада қалған жас қатынын да маған қимайсыңдар ма? Соны ептеп мен пақырға қоссаңдаршы, тілеуің бергірлер! - деді.

Тыңдаушылар Осман жайынан естіген мына суық хабармен бірге, соның зардабы мынау анайы адамның жетесіне жетпей мұнша гөйтіп сөйлегеніне шетінен наразы қабақ байқатты. Жетім жігіттің өршіл жігері мен дүңгендер алдындағы беделі үшін осы топ оны полк командирлігіне тағайындаған. Жас келіншегінің құрсағында перзенті қалды. Көктемде қарымсақ Осман мен Патиманы шеріктерге тапқызбай әкеткенде осы жаққа жеткізіп, Керімбек сәлемімен Әкбардың қолына табыстаған. Содан бері ерлі-зайыпты екеуіне бұндағылар пана болып момын бір ауылда жасырын ұстап келген. Сондай екі бейбақтың жай-жағдайын білген кімге де болмасын мына ажал шынайы «әттеген-айы» бар өкінерлік қаза болып көрінді. Жұрт ойын Тайлақбай мен Керімбек қорытқандай болып:

- Жаңа ғана жетілдім бе дегенде жетесінен кетті ғой, сорлы жас!

«Жылатқан қайғың ескіріп, қатты шаттық жылатады» демекші, көзін жас күшіктей жаңа ашқан жарлы еді! Құдай ұрған Құла-шолақ! Күлмей күл қотыр неге алмай жүр! Күңіренер жер мен күйзелер жерді бір білмей-ақ қеттің-ау, әбілет басқыр! - десіп, осы айтқандарымен әрі Құлайғырды сөгіп, әрі әсіресе Османдай жасқа қазы кісідер тілімен бекітілген ескерткіш өкімін тұрғызғандай болды. Осыдан бұрын Құлайғырдың Мамозы үйін маңайлай, ертелі-кеш кешегі өз дұшпанының әйелін жағалап, кек алғысы келіп жүрген жерінен Керімбек сыбыс естіп тыйым салған.

Ысқақбекті дивизия басқарды дегені болмаса, ол ұрыс кезінде штабта қалған емес. Сондай жанқияр қолбасшы тұрғанда аз ұлт қаһармандары өз жауына әр жолғы шабуылда сұрапыл кекпен тиетін.

Штабтың ұйғырша, қазақша жазу жұмысын жүйелі түрде Сауыт Абдырақманұғлы мен Байбазарға жүргіздіртетін. Мақсұттың бұл екі досы қыс бойы осы істі ақсатпай, Әкбар мен Ысқақбектің шындап қол артар, жауапты адамдары болды. Дивизия штабынын ұйғырша, қазақша «Ғалбэ ауазы» - «Женіс үні» газеттерін шығаратын да осы екеуі.

Наурыздың ортасына жетпей уездерге кеткен алты полктың жорық әнін жырлаған жауынгерлері алды-артына көз жеткісіз, қара-қорым сап түзеп қайтты. Бағы заманның жеңіспен оралған, салқар шебін еске салып, марш жырымен ойнап басты. Әр полк түстік жерден штабқа «сүйінші» хабар жолдап, әне-міне дегенше өздері де жақындап қалды. Сүйіншімен бірге Фуженің жараланып, қалмақ Күреде қалған хабары естілді.

Наурыздың қары ери бастаған. Әскер атаулы аттарының құйрығын шарт түйген. Кейбірі өріп кеп, ұш жағын екі ашалап байлаған. Үйездердің әскерінен тау-тастағы атшы қостан түскен мол аттар құйрығы тірсегінен шорт кесілген және жалы күзеліп тастағандары бар. Бұл полктар келгенде Ысқақбектер де енді ғана азырақ жайбарақат күнге ілінген. Гүбернелік өкіметтің ақырғы қосындарын талқандап, автомат, маузер, пулемет, зеңбіректерін бір шөншік дәрі, бір тал оғына дейін қалдырмай жинап, арба-шана атаулымен тасығыштап жатқан. Гоминдаң әскерінің өзек-жыраларды қуалап тіккен палатка, шатырлары қаңырап қалды. Жердің беті адам өлігін айналдырған қара қарға мекені... Әшейінде жалғыз қой арам өлсе, содан ұзап шықпайтын осы бір қап-қара құс атаулы қырылған адам көзіне тояттағандықтан, әр тұста «арық-арық» деп құйрықтарын қайқайта, шабыттап ұшып, өліктен-өлікті таңдап қонып, мәз-мереке.

Ана жақта Талқы кезеңінің арғы-бергі беті мен асудың іші де осындай жусаған адам өлігі. Әсіресе бергі қияда құлаған машинадан шашылып қалған шеріктің саны жоқ.

Ендігі жоспар Ашалы-Көрсаймен ары асып, Тақия-жың уезін әзірше бір бүйірде қалдырып кетіп, әуелі Шихуды алу. Көрсайдың күн түспес, терең, қуыс шатқалына бұл армия өзінің оншақты полктен тұратын дивизиясымен сіңе бастағанда, Іле жерінің географиясымен қош айтысады. Батысы мен терістігін тұтастай Жоңғар Алатауы, шығыс қапталын найза шыңды, құлан өтпес Қыземшек таулары, ал түстік бетін аспанды тіреген, асқақ Тәңіртау көмкеріп жатқан, қара орманды Іле жері артта қалады. Айналасын тау бекіткен, ұжмақ өңір қай жағынан қарасаң да көк сала, өзен-сулы, жер сауыры болып жататын.

Іленің қысы қарлы, жазы сел-жаңбырлы. Жер жүзін ең әсем өлкелерімен салыстыруға татырлық бір шұрайлы төр болып қоңыржай мүйіс үйіріліп жатыр.

Осындай Ілені жауынан қорғап, басыбайлы жанқиярлықпен соғыс жариялаған Әкбардай перзент сырттағы полктер даланы жаңғыртқан жорық жырымен қайта оралып келгенде қатарда жоқ еді!!!

Дивизия армиясы Көрсайға кірмек болған жоспардан бұрын өзінің дүниеге келген, ыстық мекені Іле өлкесін Жер-Ананың бір ірі перзенті - Әкбар атты қаһарман мәңгілікке қиып кетті! Жалғыз-ақ «ел пайдасын көздегеннің өз пайдасы ішінде» дегенді дәтке қуат етерлік күн! Өзінің жанымен сүйген туған топырағымен қайта табысқанын ғана барша әлем алдында медеу тұтарлық күн жеткен. Өзі қажетті сағатына Әкбарды берген Жер-Ана оның атын жоқтайтын ұрпақ туғызбай тұрмайтыны медеті Жер шаршысында Іле жері тұрғанда, жер шарында ізгі ниетті адамзат тұрғанда «Әкбар бар!» дегенді қанағат етіп, соңында елі қалды.

«Тас түлек» ұйымының - адамзаттың ең саңлақ жүлдегерлері қатарынан орын алатын байырғы мүшелері бұл соғысты жоспарлаған күннен бастап «өлсек шейіт, қалсақ қазымыз» деп еді. Қазылығы - Отаны үшін соғысқан әділдігі! Ал «шейіт» екендігі, ата-мекені үшін жанқиярлық рухымен сомдалған жүрегі.

Қыршынынан жастай қиылып кеткен Есбосын батырдың ұрпақтарын «шейіттердің шейіті» десе болғандай. Жетем дегеніне жас өреннің бірі жетпеді! Көтерілістің ошақ бұты болған Фатих інісі Хамит, оның досы Рафих, ұйғыр диқаны Қари, қазақ шаруалары Молдажан, Суанбек, Манапхан, Әкбар-Сейітті бас етіп айтқанда, аз санды ұлт өкілінен Іле уәлаятында екі мың жеті жүздей адам опат болды! Дертке дәрмен - сол боздақтардың кейінгіге қалған із-сілемі ғана. Неліктен екен? Соларды ауызға алып, мезгіл-мезгіл болса да бір ескеруге жарамайтындар құзғындай жасады!

Ер көремін деген жемісін көре алмай, оның орнына әлдебір ездер көрді!.. Тіпті сол ғажайып еңбекке мұрнын шүйіріп, көрлақат көзбен қарағысы келетін мұндарлар көп жасауын жасағанмен, сақал-шашы ақ шошқаның түгіндей текке ағарып, кеще бойында өтті!

* * *

Әкбардың оққа ұшуын партизандар, әсіресе қазақтар жағы «Ғани батырдың кесірінен болды» деп шуласты. Тарихта «Үш Аймақ» көтерілісінің көсемі болып аты қалған Әкбар сол қарсаңда Ғаниға жауапты міндет жүктегені шын еді. Оған Құлжадан көмекке аттанған гоминдаң әскерінің алдын тосып, ұрымтал тұстан шабуылдау міндеті тапсырылған болса да, Құлжа гарнизонының ақ киіммен оранған шаңғышылар отряды жылға-жылға, өзек-жыралармен сауылдап өтіп шығыпты. Бергі жақты соғысып жатқан аз ұлт полктарының дәл ту сыртынан келіп автоматтан оқ боратқан. Партизан шебінің тағы бір көп қырылғаны да осы күн еді. Сол үшін Ғаниға Әкбар аса кейіп, қатты ұрысқан. Бірақ Ғани да қарсыласқан. Былайғы жұрт Ғанидың тым кекшіл адам екенін ойлап, «екі арыстан шайнасып қалды-ау» деп, екеуінен көпе-көрінеу іш жиып қалған-ды. Міне, осы күні кешке таманғы айқаста өзіне де оқ дарыған Әкбарды қимаған жұрт көз жетпеген нәрсеге тәумет арта сөйлеген.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395