Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 4651 3 пікір 5 Сәуір, 2023 сағат 11:24

Сталиндік репрессияға ұшыраған тұлғалар тағдыры  

Ел болмысының тірегі - дін мен мәдениет, тіл мен дәстүр, атамекен жердің талабына сай шаруашылықты жүргізу тәртібі. Ұлт ісіне жауапты адамдар қатары сақталған, олардың қоғамға қызмет ету дәстүрі жоғалмаған елде өмір сүрудегі тәжірибе де жойылмайды, керісінше уақыт талабына сай өрісті кеңейтіп отырады. Ұлттың дәстүрлі діні мен мәдениетінің қызметін шектеп, тұлғалардың қоғамдағы рөлін әлсіретпейінше (құндылықтарды санадан өшірмей)  қоғамның өзіндік санасын жою мүмкін емес. Өйткені, халықтың өзі адамгершілігі мол, білімді адамдарды болашақ үшін тәрбиелеп отырады. Сондықтан да, тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру үшін немесе тәуелсіздік тұсында мемлекетті, ел басқаратын адамдардың жауапкершілігін күшейту мақсатында ұлт зиялыларының қоғам ісіне араласуы заңды құбылыс. Ал, қызылдар билігі елдің мәдениетімен қатар ұлт зиялыларын жоюға бар күшін салды.

Қазақ мәдениетінде ұлт зиялыларының (алаштың) қалыптасуының негізінде жатқан (тарихтан келе жатқан) нәрселерді большевиктердің күні бұрын (билікке келісімен) зерттей бастағандығы көрінуде. Ұлтты әлсірету қазақтың байлары мен діни тұлғаларын қуғындаудан басталды. Кеңес үкіметі 1926 жылдың өзінде бір қана Ақтөбе облысында мыңға жуық адамды сайлау құқынан айырып, қоғамнан шеттеткен. Сол кездегі партия отырыстарында қазақтың байларын жою жұмыстарының қатаң түрде қолға алынып отырғандығы ашық айтылған: «В Казакстане имеются две категорий баев. К первой категорий принадлежат те крупнейшие потомственные бай, имена которых известны для всего района, даже и области, с давних пор управляющие трудовым казакским населением, получавшие в свое время похвальные листы, награды и подарки от царя за беспорчную службу. К второй категории – те бай, встречающиеся в каждом ауле подобно руским кулакам, - мелкие бай торговцы. Упомянутые группы – враги трудовых казаков обе эти группы эксплоатируют казакских батраков, бедняков и средняков. Однако при сушествующей система управления в казакстане они отличаются друг от друга. У них классовые интересы общие, но влияние для казакской общественности и вред трудовым казакам не одиноковы. Мелкие казакские бай встречаются в каждом ауле имеют влияние на свой род и даже на весь аул, эксплоатируют трудовых казаков стараются проводить свой личные итересы в ущерб общей трудовой массы. Мы имеем полную возможность всегда бороться с этой группой баев без применения революционных мер..» [1, 33 п.]. Кеңес билігіндегілер ұлт зиялылары түгілі, халықтың пікірімен де санаспаған. Керісінше елдің болмысы мен тұрмысын қыспаққа алу жұмыстарын жылма жыл күшейтіп отырған. 1925 жылы Қазақстанның экономикалық саяси жағдайына қатысты жазылған құжаттарда: «В течении всего 1925 года в деятельности байства можно было заметить в его принять участие в всех областях жизни аула придавая уклон свойственный байской  психологий. Главными вопросами, которым байство больше всего уделяло внимание – это Е.С.Х.Н. и перевыборы советов, а отсюда уже вытекало агитация против Соввласти, ВКП, разных общественных организаций, как-то: Союз Кошчи, Коперация и.т.д....» - деп жазылған[2, 5-п.]. Демек, кеңестік билік бастапқы кездің өзінде қазақ қоғамының тірегі болған байлар мен діни тұлғаларды жоюды жоспарлаған.  Мәселен, 1926 жылы 8 қарашада Ақтөбе қалалық кеңесі мен барлық басқарма басшыларына жолдаған хаттардың бірінде сайлау құқынан, дауысынан айырылатын адамдарға кімдердің жататындығы жазылған. Бұнда діни адамдар мен байлардың барлығы кірген, ел ішіндегі қоғамға сыйлы кісілер, тіпті саясатқа араласпай өз бетімен жүрген, халықтың рухына қызмет ететін әулилер, көзқарақты адамдарға дейін қоғамнан шеттетілуі керектігі көрсетілген: «Актюбинский Губисполком предлагает пи проведении предстоящей перевыборной компании руковоствоваться следующим:

1) При составлении и проверке списков избирателей и лиц, лишенных избирательных прав, согласно инструкции ВЦИК, опубликованной в «Известиях» №-263, Избирательным комиссиям необходимо иметь ввиду, что перечень лиц, лишенных избирательных прав, для Казакстана дополнен следуюшими категориями..... делдалы и аульные торговцы, перекупшики и маклера. Муллы, бывшие и настояшие служители религиозного культа и преподователи мусульманского вероучения. Имамы, Ишаны, Кальфе, Хазреты, Таубы, лица известные среди казакского населения под названием «баксы»[3, 2 п.]. Сайлау құқынан айырылып отырған діни адамдардың бойында білімімен қоса әулиелік, ақындық қасиеттер де болғандығы белгілі. Бұлардың ішінде әлі күнге дейін толығымен зерттелмей жатқан адамдар көп. Тізімде аты аталған кісілердің барлығы Бұқара, Қазан қалаларында, сол кездегі Түркияның діни оқу орындарында оқыған. Түкістандағы Қожа Ахмет Иассауи медресесінен білім алған. 1918 жылы жасақталған Алашорда милициясының құрамында болған, 1930 жылдары кеңес үкіметіне қарсы орын алған көтерілістерге қатысқан.

1927 жылы Ақтөбе облысының бір қана Ақтөбе ауданына қарасты ауылдарда мешіт ұстаған кісілердің ішінде №1 ауылда Есенаманов Ізбасар, Қалыбасов Кенжеғали, Есалиев Байбарақ, №2 ауылда Жанұзақов Баймұхамбет, Әділов Нығмет (Нигмат), №3 ауылда Досмұхамедов, Байдәулетов Отаралы, Сүргіназов Зайлат (Цургуназов Зайлят), Буранкулов Бикей, №4 ауылдан Қарабасов Байрақ, Қадырбеков Ахметқали, Қарабаев Мутыгулла, Садиров Абдрахман және тағы да басқа діни адамдар сайлау құқынан айырылып, кейін қудаланған [3, 55 п.]. 1929 жылы тәркілеуге ұшырап, 1930 жылы үкіметтің реформаларына (ет, етке мал дайындау және астық дайындау) қарсы болды деген жаламен халық сотымен 5 жылға сотталған. Бұдан аман қалғаны 1937 жылы сталиндік репрессия құрбаны болған.

Жанұзақов Баймұхамбет молда 1866 жылы дүниеге келген. Әуелі ауыл медресесінде, Қожа Ахмет Иассауи медресесінде, кейін басқа елдерде білім алған. Кейбір деректерде бұл кісілерді Уфамен байланыста болды, панисламистік қозғалыстың мүшесі деп айыптаған. Бай, ел ішінде үлкен беделге ие, сауатты әрі көзқарақты адам болған. Оның отырған үйі Желтау (кейін бұл ауылдың атауын большевиктер Қызыл ту деп өзгерткен) ауылында, жазғы жайлауы осы ауылға жақын Жезді өзенінің бойында болған. Жергілікті кісілердің айтуынша Желтау ауылындағы мешітті 1902 жылдары Батырбай деген бай кісі салғызып, осы Баймұхамбетке тапсырады. 1930 жылдары Баймұхамбет халық сотымен 5 жылға сотталып, жер аударылғанда мешіт ғимараты әуелі мектепке, кейін дүкен ретінде пайдаланылған. Мешіт тартып алынғаннан кейін қаладан арнайы адамдар келіп мұнарасын бұзып, айшықтарын алып кетеді. 1950 жылдардан кейін колхоздың астық сақтайтын қоймасы болған. Бала кезінде көрген кісілер: «1960 жылдары қоймаға айналған мешіт ғимаратына астық тиеген көлік еркін кіріп шығатын еді» - дейді. Ғимараттың төбесі биік болған, 1965 жылы мешіт қабырғалары тарқатылып Петропавл ауылында салынып жатқан құрылысқа пайдаланылған. Ал осы ауылға жақын Ақтөбе ауданының №5 ауылындағы (сол кездегі қатар орналасқан Шаншар, Дамбар ауылы) мешітті Сүлейменов Кәрім деген кісі салдырған. Бұл мешіттің де 1930 жылдардан кейін тарқатылып осы маңдағы ауылдарға құрылысқа жөнелтілген. Ақтөбе ауданына қарасты (Желтау, Дамбар, Шаншар ауылдарындағы) мешіт құрылыстарына сырттан арнайы құрылысшылар әкелінген. Шынымен де солай болуы мүмкін, өйткені мешіт қабырғалары таудың қалақ тастарынан бірдей тұрғызылған. Башқұрт құрылысшыларының қолымен салынған мешіттердің ішінде қазіргі күні Қарғалы ауданы Қарабұтақ ауылындағы мешіт ғимараты қана сақталып қалған. Оны да Кеңес үкіметі мұнарасын бұздырып мектепке спорт зал ретінде пайдалануға береді. Бала кезінде осы жерлердегі мешіт үйлерін көзбен көрген кісілер Қызылтудағы, Шаншар, Дамбар ауылдарындағы мешіт ғимараты осы Қарабұтақтағы мешітпен бірдей болғандығын айтады. 70 жастағы Сүлейменов Кәрім 1928 жылы Қарқаралыға жер аударылып, сол жақта қайтыс болған.

Ақтөбе ауданы ауылдарындағы мешіттердің барлығы 1900 жылдары Ақтөбе қаласындағы мешітпен қатар салынғанға ұқсайды. Сол кездегі қазақтың діни тұлғаларының ағартушылық қызметтері құр білім беруден тұрмағаны белгілі. Діни адамдар «білімді қоғамның игілігіне айналдыратын рухани орта қалыптасып, ел өміріндегі дәстүр сақталып отыруы үшін халықтың әлеуметтік танымы соған лайықты болуы, қызмет етуі тиіс» деген көзқараста болған. Осы үшін де олар алдыменен жастарға, ауылының адамдарына кемелділікті үйретіп отырған. ХІХ ғасырда патшаның отаршылық саясаты күшейген тұста, ірі тұлғалар елдің әр жеріне орналасып, үлкен рухани орталыққа айналған мешіттер мен медреселерді күшейтіп, интеллигенцияның жаңа буынын тәрбиелеген. Ал, ХІХ аяғына таман Ақтөбе қаласына жақын жердегі рухани орталыққа айналған мешіттің бірі қазіргі Қарғалы ауданының Қосестек пен Қарабұтақ ауылына жақын жерлерде болған. Бұл жерлерде де ірі тұлғалар үлкен рухани ортаны қалыптастырған. Бұдан бөлек Ақтөбе облысының Торғай және Ырғыз аудандары шектескен аймақта, Ырғыз, Арал, Шалқар аудандарының шектескен ауылдарында, әсіресе бұрынғы Ақсай ауылы болған жерде, Шалқардың Айшуақ ауылы жағындағы, Темірдегі, Байғанин ауданындағы Досжан хазрет ұстаған мешіттерді және т.б. жерлерді айтуға болады. Осы қазақ даласында үлкен рухани орталыққа айналған мешіттерді ұстаған кісілер Құнанбай қажымен бірге қажылыққа барып, сол жақта қазақтарға арнап Тақия үйін салған адамдар. Жүз жиырма адам болып барған кісілердің ар жағында елді күшейтуге бағытталған үлкен ортақ келісімнің болғандығын көруге болады. Сталиндік репрессияға үшыраған адамдардың барлығы қазақтың байлары мен діни адамдарының ұлттық мүдде жолындағы қызметінің өнімі екендігін түсіну қиын емес.

Баймұхамбет өте сауатты, зерек адам болған. Бұл кісінің ұрпақтарының қолында атасының қолжазбасы қалған. Бір кітаптың көлеміндей қолжазбаны көргенде (жазуына қарап) кітап екен деп қаласың. Әріптері өте ұқыпты жазылған. Қағаздың шеттері ескеріп, мүжіліп қалғанымен жазулары сол күйінде сақталған. Бірақ ескі төте жазумен жазылғандықтан қолжазбаны оқу қиынға соқты. Ескі төте жазуды білетін кісілерді тауып, оқытып көргенімізде қолжазбада қазақтың тарихы, соның ішінде үш жүзге бөлінудің себебі, түпкілікті мәні түсіндірілген. Бұдан бөлек діни ойшыл, ақын Әубәкір Кердерінің толғауларын жазып кеткен. Баймұхамбеттің бұдан басқа кітаптарын немерелері 1996 жылы Ақтөбе қалалық мешітіне апарып тапсырған екен.

1937-38 жылдары сталиндік репрессияға ұшыраған адамдардың жинақтаған деректерінің өзінен (қолжазбаларының өзінен), тарих пен діннің тағылымын қоғамға дұрыс насихаттай білгендігін көруге болады. Яғни, ауылдағы медреседен білім алып жүрген бала ел тарихының елеулі кезеңдерін, ішкі құрылымын толық біліп шыққан. Бұдан (сол кездегі қазақтың көзі ашық адамдарының бұндай ұстанымдарынан) большевиктердің сескенгені сондай, оларды репрессияға ұшыратуда өздері түгіл бір отбасы мүшелерін (баланы ата-анадан, ата-ананы баладан) бір-бірінен тірідей айыруға дейін апарған.

Жанұзақов Баймұхамбет үш ағайынды болған. 1917 жылғы жүргізілген бүкілресейлік ауылшаруашылық санағында Ақтөбе ауданының №2 ауылында Жанұзақов Баймұхамбеттен басқа Аймұхамбет, Әлмұхамбет деген інілері де тұрған. Осы ауылдардағы тұрғындарға қатысты дерек Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің 69 қорында (2- тізбе, 31-іс) сақталған. Баймұхамбеттің екі інісінің де қайда кеткені белгісіз, олар да сталиндік репрессияға ұшырағанға ұқсайды. Інісі Аймұхамбеттің ұрпақтары бар. Ал, Әлмұхамбетті ешкім білмейді. Отбасы болды ма, өзі аштықтың кезінде немесе 1930 жылғы көтерілістен кейін басқа жаққа жер аударылып сол жақта қайтыс болды ма? Белгісіз. 1917 жылғы санаққа енуіне қарағанда бұл да отбасылы болғанға ұсайды. Себебі, бұндай есепке текқана үй иелерін қана енгізген. Облысық архивтен оның тағдырына қатысты деректер әлі кездеспей жатыр. 1935 жылғы партия отырыстарының хаттамаларының бірінде Ақтөбе облысының Степной ауданында Жанұзақов деген кісінің тегін жасырғаны үшін партиядан шығарылғандығы жөнінде қысқаша баяндалған. Құжатта фамилиядан басқа аты жазылмаған: «Жанзаков (Степной район) – кандидат, все парт документы оказались в порядке. При вступлении в партию скрыл свое социальное положение (сын муллы), растратил в 1934 г. 3000 рублей из средств, собранных от колхозников в уплату совхозу за скот. Имеет ряд подделанных партийных и советских документов (арестован) [4, 9 п.]. Бірақ, бұл деректің Баймұхамбеттің туыстарына қатысы бар ма? Әлде басқа фамилиясы бірдей кісі ме? Әзірге белгісіз болып отыр. Архивті қаза берсек, тың деректердің шығатындығы сөзсіз. Біздің мақсат жазықсыз қудаланып, тағдыры тәлкекке ұшырап, белгісіз болып қалған адамдарды архив қойнауынан жарыққа шығару. Осы есімдері аталған Жанұзақовтардың барлығы да 1929 жылдардың өзінде репрессияға ұшырағанға ұсайды. Үшеуінің де байланысы үзіліп, екі інісінің белгісіз кетуіне қарағанда бұлардың әкелері де бай, молда адам болуы мүмкін. Себебі, кеңес билігі орнаған күннен бастап елге сөзі жүретін адамдарды қуғындауды қолға алды.  Жоғарыда айтып өткендей Баймұхамбеттің өзі 1930 жылдары халық сотымен бес жылға сотталып жер аударылады. Бірақ, жазасын толық өтемей ауылына қайтып келген. Қайтып келгеннен кейін қайта қудаланып, өзі тұрған ауылға жақын Жандаулет шиі деген жерде жасырынып жүрген жерінен НКВД қызметкерлері ұстап алып кетеді. Бұл кісі сол кеткеннен үйіне оралмаған, 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған. Желтау ауылында бұл кісілерден басқа көптеген адамдар репрессияға ұшыраған. Соның бірі осы ауылдың тұрғыны,  1896 жылы осы ауылда дүниеге келген Бикеев Уразтай. Бұл кісі де бай, молда адам болған, 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған.

Кеңес үкіметі құрылғанға дейінгі Ақтөбе ауданына қарасты қазақ ауылдарының орналасуына қарайтын болсақ, бір бағытта, бір-біріне жақын орналасқанын көруге болады. Олар қазіргі Ақшаттан Родниковка ауылының бағытымен Шәмші Қалдаяқов ауылының тұсымен (Қарғалы өзенінің арғы беті) әрмен қарай Орск бағытында бір-біріне жақын орналасқан. Осы ауылдардың үстінен Ақтөбеден Орскге баратын қара жол болған. Қаладан шығып Орск, Әлімбет ауылына қарай шыққан жолаушы жолда Желтаудағы Баймұхамбет молданың үйіне соқпай өтпейтін көрінеді. Осы ауылдың балаларының көбісі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи медресесінен білім алған. Соның бірі Тұрабайұлы Қожақбай деген кісі. Қожақбай 1899-1978 жылдар арасында өмір сүрген. Көзі тірісінде Баймұхамбетті көрген кісілердің бірі. 1929 жылы Баймұхамбеттің ауылындағы бай, молдалармен қатар қарапайым ауыл адамдарының да малдарын үкімет тәркілеген. Бұл кісінің де малдарын үкімет тартып алған. Өзі Түркістаннан алған діни білімін жалғастыра алмай, өмір бойы колхозда жылқы баққан, бірақ діни сауаты күшті адам болған. Қожақбайдың баласы Тұрабаев Әбілқайыр ақсақалдың айтуынша, әкесі Қожақбай 1920 жылдардан кейін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи медресесінде білім алады. Ауылдың бетке ұстар адамдарының барлығы сталиндік репрессияға ұшырағаннан кейін ауыл жастарының барлығы күштеп колхоздың жұмысына салынған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы ауылдың бір топ адамы Родниковка ауданының колхоздарынан жылқы жинап соғысқа ат дайындаған, жылқы баққан. Олардың қатарында осы ауылдың адамдары Тоқтабаев Мұхтар (бұл кісінің баласы Ғизат деген кісі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, жақында дұниеден өтті), Шораұлы Омар (бұл кісінің Сыдық деген баласы соғыстан келмеген), Жарқыбаев Төлеген, Мұхамбетжанұлы Әбілайыс және бұдан басқа Ділмағамбет (бұл кісінің де баласы соғыстан келмеген), Әли деген кісілер болған. Бала кезінде әкесінен естіген осы деректі жазып берген Тұрабаев Әбілқайыр ақсақалдың айтуынша, осы соғыс жылдарында бір қана ауданның өзінен мыңға жуық жылқы жиналып, майданға атты әскерді көлікпен қамтамасыз етуге жіберіліп отырған.

1930 жылдан кейін Желтау ауылына жақын үш ауыл біріктіріліп үлкен колхоз құрылады. 1935 жылдың 19 мамырында осы ауылға жүргізілген тексеріс материалдарына сүйенсек, «Желтау кеңесінің тұрған жері Қарғалы саласының бойында орта жолда Кел-кедей колхозына облыстық пен халық кеңестен ауыл кеңесінің тұрған жері 50 км. Ауыл кеңесінің қарауында 3 колхоз бар. 1. Кел – кедей, 2. Шаншар, 3. Жаңа таң. Бұлардың үй есебі 121 үй. Барлығы 447 адам, кәрісі 18. Басқа ұлттар жоқ. Жоғарыдағы колхоздар екі жерде отыр» деп көрсетілген [5, 42 п.]. 1925 жылдан кейін жұмысшы ауылдарын құрамыз деген желеумен қазақ ауылдарын көшіру жұмыстарының мықтап қолға алынғандығы белгілі. Газеттердегі мақалаларда айтылған «Үкімет тек қана әйнек, шеге, төбе жабуға қаңылтыр береді, қалған материалдарды жергілікті адамдар өздері табуы керек» - деген қаулылар жер жерлерде мешіттердің бұзылуына, бейіттердің тастарын тасуға дейін апарған. 1935 жылы жүргізген Желтау ауыл советіне қарасты тексеріс құжаттарында: «Колхоздарда сарай мен школдар салынған. Бірақ түгел бітіп болмаған. Мысалы Кел – кедей колхозында 7 жылдық мектепке арналып салынған школ бітпеген. Терезесіне шыны болмағандықтан, үстін жабатын қаңылтыр болмағандықтан осы уақытқа дейін тоқтап қалған /1931 жылы салынған/. Астық пен малдарға арналып салынған сарайлар бар, бұларда үстін жабатын ағаштары болмағандықтан осы күнге дейін салынып болмаған. Шаншар колхозында мұнда да мал мен астыққа арналып салынған баздар бар. Бұларда үстін жабатын ағаштарының кемістігінен әлі бітпеген. Жаңа таң колхозында астыққа арнап салынған сарай бар. Бұл да түгел бітпеген. Үстін жабатын ағаштың кештігінен салынып бітпеген. 10 000 соғылып тұрған кірпіш бар. Осы күнге дейін қаланбаған... ауыл кеңесінің жұмысы осы уақытқа дейін жоспарсыз істеліп келген» - деп жазылған[5, 44 п.]. Болшевиктердің қазақтың ауылдарын жою, соның ішінде шаруашылығын ұстап тұрған адамдардың қатарын түгелдей жою саясаты қарапайым халыққа оңай тимегендігін осыдан да көреміз. Осы Желтау ауыл советіне қарасты үш ауылдың өзінде колхозда көлік ретінде пайдаланылатын малдың өзі өте аз болғанын көресің. Негізгі күш халықтың өзіне түсіп, көлік жетіспеудің өзі оларға үлкен салмақ салғанын байқауға болады. Бірақ үкімет соған қарамастан халықтан егін егіп, астықты мол алуды талап еткен. Жоспарды орындай алмаған басшылар, бұған қарсы шықпақ түгіл жәй қана қарсы пікір айтқан адамдар партиядан, колхоздан шығарылып, репрессияға ұшырап кеткен. Партиялық тазлаудың арғы жағында ол адамды не күтіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Дерекке сүйенсек, «Желтау ауыл кеңесінде жеке шаруа жоқ. Колхозданып болған, құрал саймандармен қамтамасыз етілген. Бірақ запастары жоқ. Жұмыс көлігі жеткіліксіз, барлық колхоздағы жұмыс көлігі 13 ат, 5 өгіз... Колхоздың бастықтарына тазалау жұмыстар жүргізілді. Шаншар колхозының басқармасы мен Кел-Кедей колхозының бригадасы сотталынып тазарту шарасы қолданылды»[5, 43 п.]. Осындай сол кездегі партия отырыстарындағы берілген есептерден ауыл адамдарының кеңес үкіметінің қатаң бақылауында болғандығын түсіну қиын емес.

1930 жылдары халықтың рухани байлығын ұрпақ санасынан өшіру, оны білетін кісілерді жою, қоғамнан бөлу үшін жасы үлкен адамдарға дейін сотталып, жер аударылғанын, лагерлерде қара жұмысқа салғанын көруге болады. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат қорларында жасы жетпіске келген адамдардың еңбекпен түзету үйлеріне жіберіліп, қара жұмысқа жегілгені туралы деректер көп кездеседі. Оларға кеңес үкіметінің мал, ет, астық дайндау жоспарына қарсылық танытты деген айыптар тағылған. Осындай айыптаулармен жасы үлкен қарттар бір жылдан бастап екі жылға дейін еңбекпен түзету лагерлеріне жөнелтіліп отырған. Облыстық архивтен кездесіп отырған деректерде 1929 жылы жер аударылған үлкен кісілердің ішінде Баймұхамедов Жанша (71жаста 26 қазанда 1 жыл 4 айға), Баракатов Есеналы (80 жаста 6 желтоқсанда 2 жылға), Жаңабергенов Өмір (70 жаста 9 қарашада 2 жылға), Жаманбаев Өксікбай (75 жас 19 желтоқсанда 2 жылға), Меңдіқұлов Мұхамбетқазы (74 жаста 4 қарашада 2 жылға), Орушбаев Қайбай (71 жас7 қарашада 2 жылға), Ткарин Әбдіқалық (73 жас 16 қараша 2 жылға), Тұяқов Бектілеу (72 жаста 17 қарашада 2 жылға),  Оңазбаев (Уназбаев) Сейіталы (70 жаста 27 қарашада 2 жылға) бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету үйлеріне жіберілген. Бұлардың барлығы да бір 63.3 статясымен сотталған. Құжатта «список осужденных. Находяшихся в ИТД с преклонными годами от 70 лет и выше» делінген [6, 132 п.]. Осы аты аталған кісілердің барлығы діни адамдар немесе діни адамдар мен байдың әкесі, туысы болғаны үшін жазаға тартылған. Жасы ұлғайған кісілерге бұндай айыптаулар тағу оларды қуғындау үшін жасалынған сылтау болғандығын ескеру керек. Бұндай қасақана жасалып отырған құйтырқылықтың түбе неге әкелетінін кеңес билігіндегілер күні бұрын есептеп, халықты барынша қыспаққа алудың түрлі тәсілдеріне көшіп отырған. Сондай тәсілдің бірі егін шықпайтын жерлерге егін еккізу, астықты мол алуды талап ету, етке мал дайындату, үкіметке ет тапсыру және бұдан басқа да салық түрлерін енгізу болды. 1931 жылдың өзінде (халықтан малдың барлығы тартып алынып болған кезде) етке мал дайындаудың көлемі қасақана ұлғайтылып отырған. Ал, 1929 жылдан бастап байлардан кейін үлкен ақсақалдар халық сотымен сотталып қасақана жұмысқа жегілген. 1930 жылы көтерілістер орын алып жатқан кезде орта жастағы діни адамдар халық сотымен сотталып, бұлардың ішінде кейбіреуі кейін үй қамаққа жіберілген. Бірақ бұлардың көбісі қаладағы үй қамақтың тәртібін қабылдамай көтеріліс болған аймақтарда жүрген.

1926 жылдары ұстап отырған мешіттері қасақана жабылып, мал-мүлкі тәркіленген молдалардың ішінде Шалқар, Ырғыз, Қарабұтақ ауданындағы кейбір кісілерге қатысты архивтен мынадай дерек кездесіп отыр. 1930 жылдың 2-ші ақпанындағы прокурордың тізімінде, халық сотымен сотталып жеке қолхатпен босатылған кісілер бойынша кездезіп отырған тізімдегілерге келсек, олар Мағаджаннан Дандин Жандаулет, Сакауов Куаным, Батырсарин Досай, Искарин Измухан, Нурпансов Искак, Кенесарин Сәми, Дарбаев Альмухан, Ырғыздан Қарсақбаев Олжай, Сисенбаев Қуат, Казанбаев Корибай, Шалқардан Конакбаев Токеш, Куттыгулов Аглым, Альшев Ахмет, Сырлыбаев Унешбай, Қарабұтақтан Курманов Надиха, Кожахметов Абдыгани, Токабаев Бижан, Киншинбаев Алданагор, Елшибеков Мурзалы, Арунгазин Ислам, Куттумуратов Ж. Куттумуратов Т. Ирсаимов Шналы, Алимбетов Азтлену, Тлегенов Ахтан, Тлегенов Аким, Сатбаев Умбет, Жугунусов Р. Куттыбаев Ж. Райбазаров А. Жасалынған тізімнің басында «Список лиц осужденных Нарсудьями которые освобождены под личные подписки о на выезде о своих местожительство. Основание: распоряжение пом. Прокурора от 7/ІІ-30 г» деп жазылған [6, 130 п.].

1929-30 жылдардағы большевиктердің жүргізген қысымы халыққа ауыр тиді. Көтерілісті бастаған, басқа да сескенген адамдарды қуғындау, соттау, жер аудару, үлкен кісілерді еңбекпен түзету лагерлеріне жіберу елді үлкен қиындыққа, күйзеліске түсірді. Сол кездегі берілген мәліметтерге сүйенсек, еңбекпен түзету лагерлерінде адамның көп болғаны сондай, оларға үкімет тамақ тауып бере алмай індет өршіген. Ақтөбедегі еңбекпен түзету лагерінде сотталған жергілікті адамдардың үсіне, басқа жақтан жер аударылып келген шетелдік азаматтар қамалған. Олардың бұндай қысымға шыдамай жүйке аурына шалдығып жатқындығы айтылады: «В связи с увеличением численности заключенных в ИТД участились случаи заболеваний, обявлений голодовок и пореза. Последние случай практикуются исключительно среди рецидива.

Отведенная при больнице камера для больных заключенных, постоянно занята психически больными в силу чего Исправтруддом вынужден доставляемых больных в больницу помещать в обшие палаты, в месте с обывателями, без надлежащей охраны и надзора за ними, вследствие чего заключенные из категории рецидива совершают побеги сто и повторилось вчера из Горбольниций в 2 часа дня бежали двое заключенных Старостин и Попов»[6, 27 п.].

Қазақтың елге бас болған адамдары 1930 жылдары жаппай осындай азаптаудан өткен. Өздері қиындық көріп жатса да халықты барынша сақтап қалуға күш салғандары байқалады. Тамақ жетпей, індет өршіп жатқан кезде лагерде жүрген үлкен молда кісілер барынша шыдап баққан. Егер, олар қашса балалары қуғынға ұшырайды, сол себептен амалсыздан көнгенге ұқсайды. 1930 жылы 3 сәуірде Қарабұтақ ауданынан халық сотымен сотталып, еңбекпен түзеу үйіне жіберілген 14 адамның қол хаты мұрағат қорынан кездесті. Бұнда «1930 года апреля 3 дня г. Актюб. мы ниже подписавшися осужденние Карабутакского района. №4-5-10-12 аула. 1. Акмагамбет Тойбазаров 2. Куттыбаев Ж. 3. Жугунусов Раймкул 4 Сатпаев Умбет 5. Тлегенов Акш 6. Тлегенов Актан 7. Аймбетов Изтлеу 8. Ирсайнов Шналы 9Куттумуратов Тайтук 10 Куттумуратов А.  11. Курманов Мазык 12. Кужахметов Абдыгани 13. Токабаев Бижан 14. Киншимбаев А. 15.Ильшибеков Мырзала 16. Арунгазин Ислам. Обязуемся не выезжать из города и ежедневно яв/ся на отметку в гор милиций что и подписуемся» - деп жазылған [6, 131 п.]. Бұл кісілердің барлығы да байлар, діни адамдар еді. Қолхатпен жүрген қазақтардың көбісі жазасын толық өтемей қаладан кетіп қалған. Көтеріліске қатысқан, аштықтан, қуғындаудың салдарынан босып бара жатқан елге көмектескен. Сары ишанның баласы Қожахметов Әбдіғани 1934 жылға дейін Шалқардың ауылдарының бірінде жүрген. Әкесі Сары ишан Қарақалпақстанға босып кеткен, аштықтан аман қалған адамдарды елге алып келгеннен кейін Қарабұтаққа әкесімен бірге келген.

Ұлттық мүддеге қатысты, елдің басын біріктіретін әрбір құндылық өз орнында тұруы керек. Байлар мен діни тұлғаларды, ұлт зиялыларын айтпағанның өзінде қарапайым ауыл ақсақалы қазақ қоғамы үшін тәжірибесі мол, көптеген өмірлік тәжірибені басынан өткізген кісілер болатын. Бұл ұрпақтың ертеңі, болашақ үшін өте қажет құндылық. Барлық ұлт болашағына қатысты мәселені зерделеуде ел осындай тәжірибесі мол адамдардың ақылына жүгініп отырған. Соның ішінде бұндай дәстүр тарихи уақыт үшін аса маңызды болып есептелген. Қазақтың сол кездегі байлары жерді пайдаланудан бастап елге басшы болып, елді біріктіре білген. Ұлт зиялыларының тәжірибесін жою үшін зиялылардың еркіндігін шектеу жүргізілген. Бала кезінде көрген кісілердің айтуы бойынша, Баймұхамбет молда қыр мұрынды, өзінің бет әлпетіне жарасатын азғантай сақалы бар, иман жүзді, қарапайым, кез - келген адамнан көмегін аямайтын, сауатты өте іскер адам болған. Оның ел арасында беделінің күшті болғаны сондай 1937 жылы Әлімбет ауданынан репрессияға ұшыраған кісілерге де осы Жанұзақов Баймұхамбетпен байланыста болып, кеңес үкіметіне қарсы қозғалысты жақтаған деп айыптаған.

Ақтөбе ауданының Аралтөбе, Әлімбет, Желтау, Шаншар, Дамбар, Ақшат ауылдарының маңындағы отырған, 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп отбасымен Қарқаралыға жер аударылған байлар Алданазаров Нұрмағамбет, Мясуев Сафа, Ердәулетов Ахметқали, Ермұхамедов Нұрым, Жұбаев Қали, Жумин Үсембай, Сүлейменов Кәрім және т.б. Бұлардың барлығы патша заманында ұзақ жылдар бойы болыс, сот қызметтерін атқарған, жергілікті жерлердегі Алаш Орда қызметін қолдаған адамдар. Орынбордағы «Қазақ» газетін қаржыландырған, ауыл балаларын оқытқан кісілер. Қостанай, Ырғыз, Шалқардағы байлармен, Қазақстанның басқа аймақтарындағы қазақтың байларымен жиі байланыста болған. Алданазаров Нұрмағамбетті 1928 жылы тәркілеуде, «При царизме Алданазаров в течени 15 лет был Волуправителем. Будучи Волуправителем имел тесную связ с царским чиновником особых поручений Беркимбаевым Дербисалы (имел чин генерал – майора) – деп айыптаған [7. 2 п.]. Басқа да кісілерге осындай айыптаулар тағылған.

Қарғалы өзеніне келіп құятын Дамбар, Шаншар өзендерінің жанындағы ауылда отырған бай Сүлейменов Кәрім 1926 жылы осы маңдағы кісілерді жинап үйінде жиналыс өткізеді. Жиналысқа бұрыннан елге қызмет етіп келе жатқан адамдар келіп қатысқан. Жиналыста кеңес үкіметінің саясаты талқыланған. Кейін осы үшін де жоғарыдағы есімдері аталған кісілердің барлығы қудаланған. «Сулейменов К. Обединшис с другими царскими служащими Нуржен, Тлеген Жекебаевы, Норжановым Габдулла и др. В 1925 году устраивал секретных совешаний у себя в доме, имея в виду оказать сопротивление некоторым мероприятиям Соввласти в ауле. В 1927 году во время проявления компаний по разукрупнению административных аулов, по инициативе Сулейменова К. Было создано несколько совещаний, где присутствовали бай и быв. царские служашие: Токенов Н. Жекебаев Т. Нургалиев Б. И др. Которые составили свой план и по отдельности, выезжая в разные волости начинали убеждать население о неправильных действиях власти о разукрупнению волости...»[8. 1 п.]. Осындай айптаулардың өзі Сүлейменов Кәрімнің сауатты, елге қызмет етуде өте тәжірибелі адам болғанын көрсетеді. Шынымен де, сол кездегі қазақтың байлары кеңес үкіметінің жүргізіп жатқан саясатының қате екендігін көріп, бірден мойындамай оған қарсы шыққан. Тек қана күн көрісі төрт түлік малға қарап отырған елдің бұдан айырылса түбі оның ашаршылыққа ұласатынын олар күні бұрын білді. Сол үшін олар ауылдарды ірілендіріп, жұмысшы ауылдарды құрамыз деген большевиктердің реформаларына қарсы шыққан. Кеңес үкіметінің саясатымен келіспей, оған қарсы келетін адамдардың алдын ала саяси портреттерін жасауда Сүлейменов Кәрімді ел арасында үлкен беделге ие, ықпалды адамдардың бірі деп сипаттаған. «Бай аула №5 Актюб. Вол. и уезда Карим Сулейменов пройсходящий из рода «Тама» в данное время имеет около 100 голов лошадей, 60 голов крупного рогатого скота, 200 штук баранов... В царские время все время состоял волуправителем. В данное время является довольно влиятельным аксакалом, от роду имеет 70 лет» - делінген кеңес үкіметінің 1928 жылы Ақтөбе губерниясының маңындағы байлардың шаруашылығына қатысты жасалған құпия зерттеулерінде[9. 29 п.]. Осыдан кейін Сүлейменов Кәрім мал-мүлкі түгелдей тәркіленіп, 1928 жылы Қарқаралыға жер аударылып сол жақта қайтыс болған. Кәрім байдың кеңес үкіметінің саясатына қарсы шыққан адамдардың бірі болғандығын, бұны большевиктердің ашық айыптағандығын көруге болады. Қазақтың ауылымен қоса байларын айыптау, ұлттық құндылықтарды терістеу шаралары 1930 жылдардан кейін де жүргізіліп отырған. Газет беттерінде жарияланған үкіметтің қаулыларында байларды терістеумен қатар, ұлттың дәстүрін де бұрмалау, саясиландыру фактілері көп кездеседі. Мәселен 1930 жылы 30 қыркүйекте «Актюбинская правда» газетінің №166 санында «О социалистическом преобразовании казакского аула» деген тақырыпта үкіметтің қаулысы негізінде мақала шыққан. Осы мақалада да қазақ ауылдарының тарихи рөлі терістеліп, байларға жала жабылған: «Старый патриально  родовой аул с кошмарной нищетой, темнотой и невежеством, с чудовищно – жесткой эксплоатацией трудяшихся аула, вековой гнет байства  - все это уходит в область прошлого». Себепсіз әрі негізсіз түрде жүргізілген айыптаулар сол кездері өте көп болған. Большевиктер шығарған газеттердің өзі барды жоққа шығаруға, жақсыны жаман қылып көрсетуге, жазығы жоқ кісілерді себепсіз жазғыруға көшкен. Жоғарыдан келген қаулыны орындату үшін жүргізілген қысымның күштілігі сондай мешіттерді тарқату, бейіттердің тастарын құрылыстарға пайдалануға дейн апарған.

Жасы жетпіске таяған үлкен кісі болғандықтан, кеңес үкіметінің озбырлығы оның денсаулығына үлкен салмақ түсірсе керек Сүлейменов Кәрім 1928 жылы күзде Қарқаралыға жер аударылып бара жатқанда, өзінің жасы ұлғайғанын көсетіп жоғарыға арыз жазған. Ең болмаса Орскіге, Қостанайға жіберуді сұраған. Большевиктер бұған көнбей, шешімді сол күйінде қалдырған. 1928 жылдың 29-шы қыркүйегінде, байларды басқа жаққа жер аударту және шаруашылығын тәркілеу бойынша құрылған Ақтөбе округтік комиссияның отырысында, Сүлейменовтың өтінішін қанағаттандырмау жөнінде шешім шыққан.  Қарқаралыға жер аударылғаннан кейін Кәрім сол жақта қайтыс болады, қалған отбасы мүшелері елге оралады.

1925 жылы кеңес үкіметі Сүлейменов Кәрім тұрған Дамбар, Шаншар өзендерінің маңындағы қазақ ауылдарының адамдарын арнайы санап, есепке алған. Осы жолғы санақта ауыл тұрғындары 98 үй, барлығы 420 адам деп көрсетілген. Сүлейменов Кәрім 4 ағайынды болған. Олар Алдияр, Кәрім, Абдолла, Әли. Бірге туған бауырларының  барлығы осы ауылда тұрған. Кәрімнің ағасы Алдиярдың өзінен 5 ұл тараған. Осы Алдиярдың бір баласы Алдияров Қапар Жанұзақов Баймұхамбетпен бірге Желтаудағы, Шаншардағы Кәрімнің өзі салдырған мешітті ұстаған. Бұл кісі де 1926 жылы сайлау құқынан айырылған. Ал, Қапардың өзі сталиндік репрессияға ұшырағаннан кейін, екі ұлы да соғысқа жіберіліп, елге оралмаған. Большевиктер жүргізген санақтағы тізімде Алдияров Қапардың баласы Қапаров Мұхтар 17 жаста, Әйелі Балқыз 18 жаста, анасы, яғни Мұхтардың әжесі болу керек Күніш 69 жаста деп көрсетілген.

Молда Алдияров Қапардың өзі 1925 жылдары 50 жаста болған. Осы ауылда (бөлек шыққан ұлдарынан бөлек) өзімен бірге тұрған отбасы мүшелерінің ішінде әйелі Қайзада 39 жаста, ұлы Сәлім 6 жаста, қызы Меруерт 4 жаста, кіші қызы Мария 2 жаста болған.

Сүлейменов Кәрімнің ағасы Алдиярдың немересі Шәріпов Хамзада сталиндік репрессияға ұшыраған. Қазір бұл кісінің ұрпақтары осы ауылда тұрады. Ал, Хамзаның бір баласы Мұхлис 1926 жылдары дүниеге келген, 2002 жылы қайтыс болды. Осы Мұхлистің өзі жастайынан ата-анасынан айрылып, жетім қалғанын айтқан. «Күз немесе көктем кезі болуы керек, әйтеуір жердің қатты балшық болып жатқаны есімде. 5-6 жаста болуым керек. Түнде кісілер келіп есік қақты, әкем тұрып есікті ашты, әкемді сыртқы киімдерін кигізіп, үйден алып кетті. Әкемді сол кеткеннен көргенім жоқ, содан кейін анам қайтыс болды. Апаларым болуы керек, бірақ есімде жоқ. Мені балалар үйіне тапсырып, бірақ ол жерде тұрақтамай ауылдың өзімнен үлкен балаларымен қашып шыққаным есімде, Родниковқа ауылындағы нағашыларымды тауып алдым» дейді екен немерелеріне. Осы тізімдегі Мұхлистің Әкесі Шәріпов Хамзаның отбасы мүшелеріне келсек, екі апасы, 7 жастағы Мұтиғолла деген ағасы болған. Құжатта Хамза Шарипов 35 жаста, Әйелі Жәмила 32 жаста, інісі Ғаббас 19 жаста, қарындасы Мағрипа 17 жаста, Күлзипа 15 жаста, ұлы Мұтиғолла 7 жаста, қыздары Сағира 3  жаста, Сатира 1 жаста делінген.

Сүлейменов Кәрімнің айналасындағы адамдардың барлығы да оқыған, көзі ашық білімді адамдар болған. Осы бірге туған бауырларының да ұрпақтарының сталиндік репрессияға ұшырағандын ескеру керек. Ал, өзінің ұлдары Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірген, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Бұлар да сталиндік репресиияға ұшырағанға ұсайды. Кәрімнің екі баласы да отбасымен осы ауылда тұрған. Бұнда Кәрімов Телман 38 жаста, әйелі Ғайша 26 жаста, балалары Қияс 4 жаста, Ілияс 1 жаста, қызы Бану 15 жаста деп көрсетілген. Сүлейменов Кәрімнің екінші баласы Кәрімов Бақыткерей 30 жаста, әйелі Селеу 23 жаста, баласы Қожай 2 жаста болған. Ал, Сүлейменов Кәрімнің өзі 66 жаста, әйелі Бәтима 60 жаста, екінші әйелі Бағдагүл 50 жаста, қызы Панет 17 жаста делінген [10. 111-120 п.]. 1928 жылы күзде Сүлейменов Кәрім отбасымен Қарқаралыға жер аударылғанда тізімдегі отбасы мүшелері оның өзінен басқа бірінші әйелі Фатима, Баласы Бақыт және келіні Селеу немерелерімен болған.

Сүлейменов Кәрімге жиырма жылдан астам болыстық қызмете жүріп осы ауылдардағы мешіттерді салғызған байлардың бірі. Әсіресе Шаншардағы мешітті өзі салдырған. Бұл жерде үлкен рухани орталыққа айналған екі мешіт болған, біреуі ертеректе салынған. Қазір орнына белгі қойылған мешіт медресемен, басқа да шағын үйлерімен ауылдан бөлек өзеннің сағасында орналасқан. Осы мешітті ұстаған кісілер де репрессия құрбаны болды.  Жанұзақов Баймұхамбет, Алдияров Қапармен бірге осы ауылдарда ишан болған, сайлау құқынан айырылып, сталиндік репрессияға ұшыраған кісінің бірі молда Адилов Нығмет 1925 жылы 55 жаста болған. Әйелі Ажар 42 жаста, екінші әйелі Ханша 37 жаста болған. Ұлы Ықылас 18 жаста, қыздары Ғазиза 16 жаста, Дәмелі 4 жаста, Әдемі 2 жаста, ұлы Муафих 1 жаста боған[10. 111-120 п.]. Адилов Нығмет 1935 жылдары қайтыс болған, бұл кісінің бейіті осы Шаншардағы мешітке жақын жердегі ескі қорымнан таптық. Ескі төте жазумен жазылған құлыптаста: «Тама руы, көк тайпасы Төлем аймағы Ниғмат Әділұлы 1935 офаты 58 жасында 1935 жылда 21 худта жаздырды қызы Хабиба» деп жазылған.

Дін мен діни тұлғаларымыз терең болмағанда, осындай құйтұрқы сясаттан ұлт, ел ретінде жойылып кетер ме едік? Большевиктер түрлі ережелерді қабылдап, діни тұлғаларды жойып, мешіттерді арнайы сырттан кіргізіп отырған діни секталарға да пайдалануға беруді көздеді. Бірақ, бұған халық көнген жоқ, сол кездегі халықтың діні мен ділге беріктігі биік еді.  Ал, сталиндік репрессияның құрбаны болған адамдар қазіргі сөзбен айтқанда мықты дипломат, саясаткер, мәдениеті жоғары адамдар болған. Ел тәуелсіздігінен айырылса да ұлттың еркінен айырылмауына аянбай қызмет еткен. Сол үшін олар патша биілігімен келсімге барды, өздері патша үкіметі шығарған болыс қызметін пайдалана отырып халықты айналасына топтастырған. Отаршылық заманның өзінде қазақ ауылдарының сақталып қалуы осы байлар мен діни адамдардың еңбегі болатын. Себебі, ұлтқа қарсы саясат патша заманында да орын алды. Бірақ, оған тосқауыл болуға мүмкіндік елде азда болса сақталған еді. Большевиктер ұлт тұлғалары тұрғанда халықтың көнбейтінін біліп, олардың институт ретіндегі қызметін де, өздерін де жойып жібергендігін осыдан ақ түсінуге болады.

Қазақтың байлары деп тек қана дәулет иелерін емес, руханият иелерін, дін иелерін де айта аламыз. Олар барлығы елдің тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру жолында дінді таза ұстап, халықтың рухани тереңдігін сақтап және шаруашылық жүргізудегі тәсілді үйлестірген адамдар. Олар бай болайын деп бай болған жоқ. Бай болуды олардан уақыт, ұлттық мүдде талап етті. Ұлттың байлары, діни адамдары болмаса, халыққа түзу жөнді үйретпесе ел көп нәрседен ұтылады. Қоғамға әр тұстан, әрі сырттан қасақана жүргізіліп отырған сяасатқа барынша іштей қарсы тұра білу керек болды. Соның ішінде қазақ ауылдары сақталуы керек. Халыққа кемелділікті үйрететін орта қалыптасуы немесе сақталуы керек. Қазақтың ауылдары сақталса елге қажет барлық тәжірибе де сақталады. Ел сақталса оның жері де сақталады. Соның ішінде қазақтың байлары мен діни адамдары жасаған нәрсенің бірі елдің рухан өміріндегі рухани дәстүрді сақтай отырып ұлт зиялыларын қалыптастыруы болған. Бұған бір қана мысал Жанұзақов Баймұхамбет молданың қолжазбасындағы тағылымды сөздер.

Тарихтан да, бүгінгі біздің уақытымыздан да белгілі дінді түсіну мен діннің білімін қоғам игіліге пайдаланудың өз жолы, өз деңгейі бар. Дін бір ұлттың болмаса бір елдің емес, бүкіл адамзаттан рухани деңгейді талап етеді. Жалпыға ортақ рухани деңгей бұл - даналық. Осы даналық иелері болмаса адам баласы өзінің мәнін жоғалтады. Рухани мәнді сақтайтын - даналық. Сол себептен, тарихта, мәдениетімізде рухани дәстүр алдыменен даналықты, руханилықты талап етіп отырған. Бұл, әсіресе патша заманында қазақтың байлары мықтап көңіл бөлген мәселенің бірі болған-ды. Сол бір қысылтаяң уақыттағы халықтың түсінігінде ел тәуелсіздіктен қол үзгенімен елдің өмір сүрудегі бағыты жойылмауы, жоғалмауы тиіс деген ұстаным басым болды. Елдің қалпын сақтайтын дін, ислам діні, діни тұлғаларымыз еді. Алаш тұлғаларын біріктірген де осы дін, дінмен, елдің тарихи өмірімен сабақтас даналық болған еді.

Пайдаланылған деректер мен әдебиет тізімі:

  1. Постановление СИККаз. АССР от 30/ ҮІІІ 1930 о коэффициентах перевода .../ Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 63 қор. 2 тізбе. 7 іс.- 201 п.
  2. Обзор политико – экономического состояние Казакстана за 1925 г. / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 681 қор. 1 тізбе. 17 іс.- 81 п.
  3. Список лиц подлежащих лишению избирательного голоса, на основании ст.65 Конституции СССР // Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 3 қор. 2 тізбе. 69 іс.- 322 п.
  4. Информационные письмо о ходе проверки партийных документов / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 13 қор. 4 тізбе. 129 іс.
  5. Протоколы заседаний президиума и общих собраний колхозов, акты проверки проделанной работы аул-совета с 1933 года по 1937 год. / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1039 қор. 1 тізбе. 7 іс.-48 п.
  6. Прот. Заседаний наблюдательной комиссий Акт. Окр-го исправительно – трудового дома и внеочередные заседания окр. Распределительной комиссии при Окр. Адм.отдела. Списки заключенных.. / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 56 қор. 1 тізбе. 13 іс.-355 п.
  7. Материалы по делу конфискованного Аральтюбинского волости (ныне Актюбинского района) Алданазарова Нурмагамбета / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 63 қор. 2 тізбе. 91 іс.-25 п.
  8. Материалы по делу конфискованного бая №5 аула Актюбинского округа района Сулейменова Карима / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 63 қор. 2 тізбе. 84 іс.-25 п.
  9. Список зажиточных хозяйств по Актюбинский губерний / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 516 қор. 1 тізбе. 1722 іс.-264 п.
  10. Посемейная списка гр-н часть №2 аула Актюбинской вол. Акд.гр. находящихся на реки Дамбаре и Чанчаре.. / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 4 қор. 1 тізбе. 14 іс.-120 п.

 

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394