Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 1636 0 пікір 5 Наурыз, 2023 сағат 17:59

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза күшейіп келеді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы Қазақстанда 61 464 әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Ал әлемдік пандемия басталған 2020 жылы 63 447 жағдай тіркелген екен. 2013-2014 жылдары ресми тіркелген отбасында жәбір көру фактілері шыңырау шегіне жеткен.

Жалпы Қазақстанда полицияға жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан астам арыз келіп түседі екен. Бірақ өкінішке орай жәбірленушілердің 60 пайызы жазған арыз-шағымын кері қайтарып, зорлықшыға іс-шара қолданудан бас тартып жатады. 2022 жылы 37 мың зәбір көрсетуші адам әкімшілік жакапкершілікке тартылған. Былтыр отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық 7 пайызға түскен, яғни 623 жағдайдан 583 оқиғаға дейін азайған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу қоғамда қызу талқыға түсіп келе жатқан өзекті мәселе екенін тілге тиек еткен болатын.

«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды»,-деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды күшейту керегін айтты.

«Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек»,-деді президент.

Соған байланысты былтыр отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін жауапкершілік қатаңдатылып, зорлықшымен профилактикалық жұмыстардың реті әзірленді. Сондай-ақ тұрмыстық қылмыстарды тіркеудің өтініш беру түрі анықтау сипатына көшті. Яғни зәбір көрушінің өтінішінсіз-ақ полиция отбасының шырқын бұзушы адамды жауапқа тарта алады. Бұл жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әкімшілік қамауға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке ұзартылды. Отбасында зорлық көрсеткен адамдар үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодексте арнайы баптар белгіленген. Негізі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен жәбірлеуші  5-тен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал егер денсаулыққа орташа не ауыр дәрежеде зиян келтірсе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-107 баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебінің бірі – отбасындағы адамдардың дұрыс қарым-қатынас жасай алмауы, сөйлесу мен түсінісу мәдениетінің жоқтығы. Қазіргі уақытта отбасы құндылығының азаюы, әке беделінің түсуі, анаға деген сый-құрметтің жоғалуы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі болмауынан отбасында ұрыс-керіс пайда болады. Отбасы мүшелерінің бір-біріне сыйластығының болмауының арты осы зорлық әрекеттерге алып келеді. Екінші бір себебі, ішімдікке салыну.

Маманның айтуынша, 80-90 пайыз зорлық-зомбылық ішімдік ішкеннің кесірінен болады екен. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбандарының басым бөлігі әйелдер мен балалар екені айтпаса да түсінікті жайт.

Бүгінде зәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған әйелдерді қабылдап, оларға моральды, материалды көмек көрсететін Дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. 2022 жылдың аяғына дейін 156 әйел орталықтың көмегін алған. Бұл жерде әйелдер 2 айдан 6 айға дейінгі аралықта тегін тұра алады. Психологиялық, физикалық соққы көрген әйелдер осы уақыт аралығында өз-өздеріне келіп, оң-солын бағмдайды. Жұмысы жоқ болса, жұмысқа тұрып, оқуы жоқ болса, курстар оқып, мамандық алып қатарға қосылады.

Алайда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің 40 пайызы күйеулеріне қайтып барады екен.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін әйел адамдарға бірнеше кеңесімен бөлісті.

«Біріншіден, ер адамның ұнамсыз қылықтарын байқасаған болсаңыз, бірден айту керек. Ер адам агрессия көрсетіп, қатаң бақылауға ала бастаса, бұл зорлық-зомбылық орын алуы мүмкін деген белгі. Екіншіден, алғаш қол жұмсағанда, шапалақ жегенде дереу дабыл қағу керек. 102 нөміріне хабарласу керек, одан қорықса, отбасындағы беделді адамға айту керек, көмек сұрау керек. Үшіншіден қол көтерулер қайталанса, міндетті түрде бір шешімге келу керек. Өйткені агрессор қайта-қайта соққыға жығуын тоқтатпауы мүмкін. Ол кезде міндетті түрде 102 қызметіне хабар беру керек. Полиция жағдайды тексереді. Одан кейін сенім телефонына қоңырау шалып, психологиялық жәрдем алуға болады. Ұрып-соққан болса, 102 –ге хабарласпай сот-медициналық сараптама жасалмайды. Дененің көгерген, сынған жерін көрсетіп, сараптамаға жіберу керек. Әйел адамдар үндемей қалмау керек»,-деді ол.

Отбасындағы зорлық-зомбылық ешқашан жабулы күйінде қалмауы керек. Құзырлы органдарға хабарласып, арыз жазу арқылы тұрмыстағы зорлық-зомбылық әрекеттер әшкере болады. Әрине, отбасылық зорлық-зомбылық тек шағын отбасылардың ғана емес бүкіл қоғамның проблемасы. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған, оның белгілерін көрген адам бей-жай өте бермеуі керек. Сөз соңында айтарымыз зорлық-зомбылықтың тек салдарымен ғана күреспей, себебімен күрес жүргізілу керек.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1542
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6087