Әбіл-Серік Әліәкбар. Думан Рамазан және постмодернизм (Жазушының «Көш» жинағы хақында)
Біз бұл жолғы әңгімемізде қазіргі қазақ прозасындағы әдеби феномен - Думан Рамазанның (суретте) жаңа әдеби бағыттағы ізденістері мен жетістіктері жайында ой толғамақпыз. Өйткені, модернизмнің шекпенінен шыққан ұлттық соны әдеби бағытқа өз аяғынан қаз тұрып кетуі үшін және төл әдебиетімізде әдеби процесте жеке бағыт ретінде толыққанды орнығуы үшін өз үлесін қосқан Думан Рамазанның «Көш» жинағына енген барлық әңгімелерін емес, тек ең алдымен жеке оқырман ретінде төрт әңгімесін оның жазушылық ұстанымы мен шығармашылық шеберілігі жағынан қарастырып шығуға бағдар ұстандық. Қаламгердің әдебиетіміздегі постмодерндік (кейінгімодерндік) бағыттың көшбасшыларының бірі болып табылатындығын ендігі жерде келте ойлап, теріс қағып, жоққа шығаруға болмайды.
Біз бұл жолғы әңгімемізде қазіргі қазақ прозасындағы әдеби феномен - Думан Рамазанның (суретте) жаңа әдеби бағыттағы ізденістері мен жетістіктері жайында ой толғамақпыз. Өйткені, модернизмнің шекпенінен шыққан ұлттық соны әдеби бағытқа өз аяғынан қаз тұрып кетуі үшін және төл әдебиетімізде әдеби процесте жеке бағыт ретінде толыққанды орнығуы үшін өз үлесін қосқан Думан Рамазанның «Көш» жинағына енген барлық әңгімелерін емес, тек ең алдымен жеке оқырман ретінде төрт әңгімесін оның жазушылық ұстанымы мен шығармашылық шеберілігі жағынан қарастырып шығуға бағдар ұстандық. Қаламгердің әдебиетіміздегі постмодерндік (кейінгімодерндік) бағыттың көшбасшыларының бірі болып табылатындығын ендігі жерде келте ойлап, теріс қағып, жоққа шығаруға болмайды.
Қоғамдық сана мың құбылып, жұрт пікірі сан өзгеріп жатқан қазақтың рухани өмірінде әдебиетке қатысымыз болғандықтан, аға буынның, өз қатарымыз бен кейінгі толқын прозаиктерінің сиясы кеппеген жаңа туындыларын қалт жібермей оқиымыз дегеніміз бір жағы - ағаттық, екінші жағынан мүлдем мүмкін емес дүние. Ал, жылт еткен жаңа туындыларды оқи қалатын болсақ, онда аға буыннан ұлттық санасызданған кеңестік кезеңінің көлеңкесін, жаңа толқыннан батыстық тобырлық мәдениеттің елесін аңғарып, «әттеген-ай» деп өзек өрттеніп отырғанда өз тұстастарыңның алаши-түркілік-исламдық дүниетанымының синтезінен тұратын тұщымды шығармаларына ден қойған уақта көңілің байыз тауып, бір тыншып қалады.
Әлемдік, түркілік, алаштық өмір құбылыстарына өзгеше ой жүгірту, қазақ қоғамының көлеңкелі жағының жаһандану дәуіріне сай суреттеле бастауы біздің буын қаламгерлері ішінде өте-мөте Асқар Алтай мен Думан Рамазаннан айқын аңғарылады. Аталған жазушылардан қазақ кейігмодерндік прозасының алты қасиеті аңғарылады: 1) прозаның өзіндік кодқа ие болуы, яғни мәтінді ұйымдастыру ережесі; 2) әлемнің берекесіздігін өздік ұғынуын саналы түрде хаос арқылы беруге талпыну; 3) кез келген беделге скептикалық қатынаста қарап пародиялауға талпыныс, мәтіннің өзіндік мақсаты «хат беделі»; 4) көркем-бейнелеу әдістерінің шарттылығы «әдістерді жалаңаштау»; 5) бір мәтін бойына түрлі жанр мен түрлі әдеби дәуірді тұтастыру.
Бұлардан бөлек Айгүл Кемелбаева мен Роза Мұқановлардың прозасына ой жүгірткен шақта кейіпкер бойындағы екі идеяның бейберекетісіздік пен нигилистік көзқарастар үстемдігі орыс тілді қазақ әдебиетіне тән екендігін сезініп, қазақ постмодренмизмі дегеніміз феникс құстай қайта түлеген модернизм деген әдеби аксиомамен бетпе-бет келеміз.
Мәдени-рухани Кеңестік коммунистік идеологияның орнын ұлттық идеология мен орыстанған қазақтардың космополиттік идеологиясы басты. Дінде, ғылымда, саясатта бұрынғы бірауыздылық келмеске кетті. Алаш қоғамын рухани хаос жайлады. Осы хаос инволюционистің арманы. Әр түсініктегі, әр әдеби бағыт пен ағымдағы жазушыларымыз оны өзінше түсіндірді. Реалды өмір, бейреалды өмірге айналды. Осы әдеби хал кешуді шығармашылық іс-әрекет үстіндегі біздің буын жазушылары әр түрлі қабылдап, әр қилы айшықтады.
Қазақ постмодернизмінің манифесіндей болған Тыныштықбек Әбдікәкімовтің «Өмір - өгіз, Уақыт - доңыз, доңыз боғын домалатқан мен осырақ қоңыз» дегендейін өмірді бейдәстүри бағалау үрдісі қазақ әдебиетіне ХХІ ғасырда дендеп енді. Постмодернизмнің белді өкілі саналатын Думан Рамазан - белгілі прозаик. Ол қазіргі қазақ әдебиетіндегі Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Роза Мұқанова т.б. замана қаламгерлерімен бір қатарда тұрады. Сонымен бірге олардан өзгешеленіп, дәстүрлі ұлт әдебиетінің маңдайына сыймайтын әңгімелерімен ерекшеленеді.
Думан Рамазанның көркемдік әлемі романтизм мен реализм, натурализм мен сентиментализм, модернизм мен сюреализмнің өте күрделі бірін-бірі жоққа шығарып, әрі толықтырып, әрі өзгеріске ұшыратып отыратын эстетикалық тенденцияларының синтезінен тұратын постмодернизмнің прозадағы ұлттық этолоны. 2000 жылдардан бастап оның прозасы бейреалды бастау көзге бірте-бірте ие бола түсті. Думанның сан тарапты эпигондық еліктеу-солықтаушылықтан ада өзіндік авторлық стилі мен қаламгерлік бағыт-бағдарын танытатын әдеби ізденістерінің қорытындысына баланатын «Көш» әңгімелер жинағы жазушының жаңа ғасырдың 10 жылдығын қалай еңсергенін толыққанды аңғартып, шығармашылық ізденістері турасында өз оқырмандары алдында жазушылық есеп беруі болып табылады. Ол өзі ұнатқан туындыларын авторлық қалауы бойынша өте сәтті және біршама сәтті деп шартты түрде бөліп шығарма мәтінінің тінінен кезектестікпен орын бергені көрініп тұр. Сондықтан да біз жазушының осы топтастыруымен ықтаяттықпен келісіп, барлық әңгімелерін жіпке тізіп тізбектеп шығудан бойды аулақ ұстай отырып, тек қаламгердің қазақ оқырманына нені айтпақ болғанына, нені емеуірімен сездірмек болғандығын әдебиет назариятшысы ретінде жұрт құптайтын, не жоққа шығарып келіспейтін таптауырындықтан жаңашылдығы басым әдеби теориялық таным-түсінік негізінде ой жүгіртіп, өз пікірімізді білдіреміз. Және Думан Рамазан шығармашылығы турасында елдің бәрі ден қоятын бірден бір ақиқат, бірден бір дұрысты соңғы сөзді түгесе айтып отырмыз деген ғылыми күмәнді пікірден аулақпыз. Реалдылық пен фантазияның өзіндік айшыққа ие синтезі жазушының жанр, құрылымдық және сюжет түзуші принципіне айналды. Жазушының осы жинаққа енген «Көш», «Жатбауыр», «О дүниедегі кездесу» т.б. әңгімелерінде жоғарыда біз сөз еткен әдеби әдіс кең көрініс тапқан. Осы аталған әңгімелерде реалдылық бір шетке ысырылып, романтикалық қос әлемділік (романтический двоемирие) идеясы «өлілер патшалығынан» еніп, «осында» мен «онда» болмысы бір-біріне қарама-қарсы қойылып, жазушы өз оқырманына не шынайы өмір (пәни), не тылсымды тірлік (бақи) турасында тұтасқан түсініктің ұштығын ұстатуға еш тырыспайды, қайта олардың көршілесе өмір сүруін қабылдауға тиісті екендігімізді ұғындырады. Автор ұғындырмасы бойында денеңді мұздатып, жүрегіңді ұшырып, зәреңді зәр түбіне кетіретін мистикалық күш біздің өмірімізге дендеп еніп қана қойған жоқ, сонымен бірге өз заңдылығын адамдар арасында орнатып та үлгергендігін мәтіндемелік емеурінмен сездіреді.
Бәріміз «Абай жолының» қалай аяқталғандығын жақсы білеміз. Абайдың өмірінің соңғы күндеріне М.Әуезов адамзаттың алыбының өмірден өтуі жайлы авторлық концепция тұрғысынан келіп, оның ажалдан кейінгі мәңгілік рухани өмірін қазақ халқының болашағымен байланыстырады, әрі ұлт руханияты пайғамбарының өмірден өтуін ежегейлеп жазуды мақсат тұтпайды, Думан Рамазан «Құса» әңгімесінде Абай өмірінің соңғы күндерін эпикалық ауқымдылықпен береді. Және оны алаш тарихындағы екі бірдей ерек тұлға Бейбарыс және Кетбұғамен кеңістіктік-уақыттық біртұтастықта алады. Жазушының милетшілдігі арқылы Абайдың ақырғы күндерінен сыр шертетін «Құсасы» мен Кетбұғының соңғы күніне арналған «Ажал келген күн» атты әңгімесінің арасындағы транстарихи байланысты диптихтықтық (көне гр. δίπτυχος «қосарланған») композиция арқылы екі өлімнің ұлт өміріндегі тарихи-мәдени рөлін авторлық позициясы тұрғысынан терең мәнділікпен ашып көрсетеді.
Барт мәтіндер өзге мәтінмен мыңдаған жіптер арқылы жалғасқан десе, Б. Гройс постмодерндік мәтін авторының өзінің мәтінде бар екендігін танытатын стратегиясының нивелировкасын (әдеби жұтындыруын) алға тартады. Думан осыны былайша аңғаратады: «- Сені өз елің, өз ұрпағың қарғайтын болады. Сен қарғысқа қаласың! Қарғыс арқалап өлесің! Мен елімнің ертеңі мен амандығы үшін қартайған шағымда да аттан түспей жүрмін! Ал сен Құтыз, қаның қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Атың айтып тұрғандай қабаған итсің!.. Затың құл болмаса да, атың құл, мәмлүксің, мемлекет құлысың! Бүгін, міне, ата-бабаңның аруағына сыйынып келген өз ұлысыңның ұландарын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл! Өлсең мыналар сияқты жоқтайтын ел-жұртың қалсын артыңда...
Құтырған қасқырдай көздері алақ-жұлақ еткен Құтыз сұлтан бұл сөзді құлағына да ілмеді, жүрегі де жіби қоймады. Қайта тағдыры қыл ұшында тұрған жауының тілін тартпағанымен қоймай, өзін кінәлай бастағанына ызасы келіп, қатулана түсті. Безгегі ұстаған жандай, қол-аяғы дірілдеп, аузы-басы жыбырлап кетті.
- Доғар! - деді айғай салып.
Кеудесін кек қысқан Кетбұға қаймығар емес, тосылар түрі жоқ:
- Мен - исі Дешті Қыпшақтың Ұлық биімін. Төрелігім мынау: қарғыс, қарғыс саған. Қарғыс атсын сені! - деп Құтыздың бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді.
Ашуға булыққан Құтыз сұлтан бір демде-ақ қылышын қынабынан суырып алды да, көз ілеспен шапшаңдықпен сілтеп кеп жіберді. Ақ сақалын қан жуып кеткен Кетбұға тізерлей беріп, етпеттей құлап түсті...
...Әлдекімнен көмек күткендей жан-жағына жалтақтап, қипақ қаққан Құтыз «бәрін бүлдірген сен екенсің ғой!» дегендей Бұлғақ әмірге ала көзін ата қарады.
- Мен... мен... - деді Құтыздың дауысы дірілдеп. - Мен оған...
Бейбарыс оның сөзін соңына дейін тыңдағысы келмеді. Сол қолымен желке тұсынан бүре ұстады да, оң қолындағы өткір қанжарын жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. Екі көзі алақтаған сұлтан тіл қатуға да шамасы келмей, Бейбарыстың аяғын құша құлап түсті». (26-28 беттер)
Бұл ақ және қара өлім арқылы автор бабаларымыз арасындағы тәңіршілдіктің Кетбұғамен бірге келмеске кеткендігін, әскери құлдықтың мәмүліктер арасында мәңгіге жойылып, жаңа тұрпаттағы қыпшақ-ислам әскери билігінің Бейбарыстан бастау алғандығын танытатын әдеби фон жасайды. Сөзбен сомдалған тарих қаламгердің философиялық концепциясын оқырманға ұсынады. Мысалы қазақ исламға қанша жерден сенгенімен бақсыларды, абыздарды, ақындарды ерекше жандар деп санауын әлі қойған емес.... осындай екі ерек жан Абай мен Кетбұғаны диптихтықтық композиция арқылы тарихи-мәдени аспектіде біртұттастықта, бірлікте алынғандығы Думан Рамазанның қаламгерлік шеберлігі. Ақ және Қара Өлім дүниетанымдық философиясы арқылы қазақтың ұлылығын таныту бағытындағы авторлық ұстаным өзін ақтаған әдеби шешім.
«Бетерадамды» (суперменді) бірінші орынға шығарып, соның төңірегінде оқырманға өз ойын таңу жазушының постмодерндік оқырманмен ойынындағы өзін ақтаған әдеби тәсіл екендігі турасында Думан Рамазанның «Көш» әпсанасы осындай ой түйгізеді. Өйткені, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы реалды өмірді тарихи шындықпен қосылта өрілтіп отырса, Думан Рамазанның «Көші» турасында бұлай дей алмаймыз. Онда алаш тарихы түрлі ракруста алынып, мифтендіріліп, сакралданып беріледі. «Ақиқатты тану - өте қиын, ал оны айта білу - одан да қиын» деген автордың қасиетті хадистен алған эпиграфымен келісе отырып, бұндағы «көш» символы сана мен тілге қатысты екіұдай қабылданады да, нақты мәдени қызметі аясында, яғни, қаламгер мен оқырман арасында мәтінді оқу процесі үстінде туындап өмірге келетін ұлттық қарым-қатынас түрінде өзгеше қырынан өріледі. Қабдештің романы көшті көрген ұрпақ бар кезде жазылса, Думанның әпсанасы көшті көрмеген ұрпақ кезінде жазылып отыр. Бірақ көшті көрмеген оқырмандар қаламгердің туындысына ұжымдық санасыздық арқылы ой жүгірте алады. Бұл арада «көш» архетипі тек қана форматүзуші регулятивтік принцип емес, өзінің әмбебап семантикасы бар. Осы арқылы ойшыл қаламгердің туындысының ерекшелігін сезінуге мүмкіндік аламыз. Туынды бойындағы архетип бізге жалпыалаштық санасыздықтан ұлттық ұйысуға бастайтын бастау көз болып табылады.
Енді Думан Рамазандағы архетиптерге тоқтала кетейік.
«Қуарған қу даланы шаңға көміп, ұзыннан-ұзақ шұбатылған көш келеді. Ат мінген, түйеге жүк артқан, жаяу-жалпылаған адамдар көші.
Алдыңғы жақтағы қатарынан сегіз ат парлай жегілген алтын күймеде осы көштің көшбасшысы Малбұқа көсем қалғып-мүлгіп отыр. Қасындағы айдай сұлу жас тоқалы сырттағы түр-тұлғасы келіскен жас уәзірге сүзіле қарап, терезеге телміре түседі. Сезікті секірер дегендей, қайта-қайта күйеуіне көз қиығын салып қояды. Алдарында қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы тұр» (30-бет). Автор көш процесіне қатысушылардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті «қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы» ұлттық асхананың мәдени коды арқылы береді. Біз қазақ сирек кездесетін нәрсені - қасқалдықтың қанына теңейміз. Осы теңеу қаламгердің метатілі арқылы оқырманға көп нәрсені ұқтырып тұр. Майерс-Бригс типологияларындағы комбинациялану негізіндегі сегіз басты архетипті: Билеуші, Қаһарман, Абыз, Іздеуші, Сәби, Сопы, Дос, Жәдігершіні осы әпсана бойынан түгелге жуық кезіктіреміз.
«Көштің бел ортасында құла биеге мінген дана қарт пен күрең тайға қонжиған он үш жасар бала келеді. Баланың таңдайы тақылдап, ауызы жабылар емес. Ақ шашты ақсақалға сұрақты қарша боратады.
- Ата, біз осы қайдан шықтық? - дейді бала сұраулы жүзбен.
- Менің білуімше, Бағзы жақтан шыққан сияқтымыз! - дейді дана қарт та тартынбай.
- Ол қай жақта?
- Арт жағымызда.
- Қазір қай жерде келеміз?
- Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.
- Сонда біз осы қайда бара жатырмыз?
- Біз қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз!» (30-31 беттер) деген бала мен немере арасындағы сұхбаттастық арқылы автор қазақ әдебиетіндегі Қорқыт пен Асан қайғыдан бастау алған Абыз архетипі мен Сәби архетипін танытады. Қария бұл сапардағы көштің еш опа әпермейтінін «қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатқан сияқтымыз» деген емеуірінмен-ақ сездіреді.
Іздеуші архетипі халық және көсем әлеуметтік тобы арқылы суреттеледі. Сонымен бірге ақиқатты іздеуші бейнесінде: «шындықты айтсаң, кім-кімге болсын, ұнамай қалуың мүмкін. Жеккөрінішті боласың! Анаған қарашы! - деді қарт есек мініп, тепеңдеп бара жатқан киімі жұпыны, түрі жүдеу әлдекімді қолымен нұсқай, - Қандай ақылды адам. Білмейтіні жоқ. Құдай талант берген. Өнерлі-ақ. Өзіне, өнеріне нық сенімді. Содан да ешкімді көзіне ілмейді. Керек десең, ханға да сәлем бермейді. Айтқанынан қайтпайды. Тек шырылдап шындықты ғана айтады. Өтірік сөйлей алмайды. Сондықтан да теперіш көріп, тепкінің астында жүр!..» (31-бет) деп өнер адамының мәңгілік бейнесін қазақи қалыпта кестелейді.
Енді ата мен немере арасында үзілген сұхбатты жалғастырайық: «Жұмақ-Жайдың ауылы алыс, балам. Күнаһарлар бастап келе жатқан көш ешуақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды. Алдап-сулаумен айлаларын асырып, қылмыстарын жасырып, өтірікті судай ағызып, жол бойы жалғандықтың ұрығын сеуіп келеді. Сөйте тұрып Жұмақ-Жайға баруды армандайды. Ол мүмкін емес. Біз айдың-күннің аманында жолдан адастық, балам. Адастырған да көш басындағылар. Біз алдыға бара жатқан жоқпыз, артқа қайтып барамыз, - деді дана қарт жүні жығылған кейіп танытып»... (32-бет) Абыздың айтқаны тура келеді. Біз бұл жерде Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің туындыларындағы Нысан абыздың Кебекке айтқан болжауы қалай айна-қатесіз келсе, Думан Рамазан да өз абызының сөзінің қатесіздігін финалдық тұспалдаумен оқырман еркіне былайша қалдырады: «Ал қалың көпшілік дыбыстарын шығармай іштерінен егіліп жылап тұрды. Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты...
Қайдан шыққаны, қай жақтан келгені белгісіз, бір алып қара құс көшті маңайлай жарық жартасқа барып қонды. Көздері ойнақшып, жан-жағына тінтіне қарайды. Ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын сезінген сияқты. Ұяластарын шақырғандай, бір-екі мәрте шаңқылдап дауыс шығарып еді, құзғындар қара құртша қаптап кетті. Жемтікке үймелегендей, топ-тобымен топырлап ұшып келіп, төңіректі торуылдай бастады. Тап бір той тойлауға жиналғандай, мойын-бастары қылтылдап, шегір көздері жылтылдап, бүйірлері бұлтылдап, бөтегелері бүлкілдеп, секең қағып, секіріп жүр» (38-бет).
Автор өзінің «О дүниедегі кездесу» әңгімесінде: «Енді, міне, тағы да тағдыр-талайлары тоқайласып, аз күн қонақ болған жарық жалғанмен бір мезгілде қош айтысып, мәңгілік сапарға бірге аттанбақ. Дәл қазір екеуінің де хал-күйі бірдей. Бойларынан әл кетіп, жандары кеуделерінен шығып кетуге таяу тұр. Әлсін-әлсін ыңырсып, шүңірек көздерін әрең-пәрең ашып-жұмып, баяу ғана кірпік қағады» (39-бет).
Бір палатада жатқан қос ауылдас, әрі сыныптастың ғұмырын төмендегідей ретпен сөз етеді: «Екеуі де пайғамбар жасынан асқан, қарттыққа иек артқан жандар. Оның бірі - қаланың жоғарғы тау жақ беткейінде орналасқан хан сарайындай үйде тұратын Сәззәт Сұрлашов мырза. Өмір бойы ат үстінде жүрген, ұзақ жыл ауыл, аудан әкімі сияқты лауазымды қызметтер атқарып, жалғанды жалпағынан басып, шалқып-тасып өмір сүрген кісі. Ал екіншісі - қаланың төменгі жағындағы қоңыртөбел үйде тұрып, қоңырқай тірлік кешкен Сүйсен Сабаев ақсақал. Ұзақ жыл орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған, иманы кәміл тақуа адам»(39-бет).
О дүниедегі жауап алу М.Көпейұлының балладаларында сөз болғандығын қазақ әдебиеті тарихынан жақсы білеміз. Осыны Думан Рамазан проза тілімен кестелеп, дәстүр жалғастығын жүзеге асырып отыр. Мәшһүр Жүсіп өзге авторлардың туындыларын, ел әңгімелерін пайдаланса, Думан Рамазан туындыгерлікпен «авторлық мифті» өмірге әкеліп, өзіндік ұстанымын оқырманына ұсынады. М.Көпейұлы жақсы жан мен жаман жанның о дүниеге баруына екі бірдей рауаят (діни баллада) арнаса, Думан Рамазан адамның пәниде жасаған жақсылығы мен жамандығының о дүниеде өз бағасын алуын кейіпкерлері бойында жарыстыра пернелеу арқылы бір әңгіменің бойына сыйдырып береді.
ХХ ғасырдағы хақ мұсылман үні, тікелей айтылған автор үні бұ дүниеде емес, о дүниеде орын алған оқиғаны лирикалық негізде бірінші жақтан баяндау арқылы автордың еркі мен діни ағартушылық мақсатына бағындырыла беріліп, өз оқырманын діни аңыздан ғибрат алуға шақырады.
Ал, Думан Рамазанда: «Дәл осы кезде жаналғыш Әзірейіл періште келіп, Сүйсен ақсақалдың бас жағына жайғасып алып:
- О, пәк денедегі ақжүрек жан! Алланың кешірімін алып, игілігіне ие болып, мәңгілік рахатқа батқың келсе, тезірек шық! - деді жайдары қалып танытып.
Жан еш қарсылықсыз денені тастап шықты. Түсі әппақ. Көк пен жердің арасындағы жетпіс мың періште бірінен кейін бірі оған разы болып, баталарын берісіп жатты. Көктегі барлық қақпаның есігі айқара ашылып, періштелер сол жанның өз қақпалары арқылы ғарышқа көтерілуін тілеп тұрды. Әзірейіл жанды ала сала жұпар себілген ақ кебінге шымқап орады да, жеті қат көкке көтеріп алып кетті. Олар періштелер тобына жеткен кезде:
- Бұл тамаша жан кімдікі? - деп сұрады бәрі жамырап.
- Бұл - Құдайдың сүйген құлы Сүйсеннің жаны, - деді жаналғыш періштенің өзі де мейірленіп. - Енді жан денесімен қайта қауышқанша ғарышта болады» (40-41-беттер). Өлімнен кейінгі өмір оқиғасын жазушы оқиғаны қоюлата көркемдікпен әңгімелеуге көшеді де, шындық өмірде де, о дүниеде де болуы мүлде мүмкін емес, қарапайым пенденің бастан күй кешуін шынайлықпен суреттейді. Әрі күнделікті болып жатқан әдеттегі оқиғалардың біреуіндей қылып, тартымды баяндай білген.
(Жалғасы бар)
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар, әдебиеттанушы
Abai.kz