Жұма, 20 Қыркүйек 2024
632 0 пікір 5 Наурыз, 2023 сағат 18:58

Білгенге маржан: «Таблиғи жамағат» діни ұйымының қаупі

Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» діни-миссионерлік ұйымының Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Өкінішке орай, бүгінгі қазақ қоғамында діни сауаты жоқ, көзсіз көбелектей жастарымызды жетегіне ерткен жат ағымдар қарқынды белең алуда. Солардың бірі – Таблиғи жамағат. Оның негізін қалаушы – Үндістанның Кандахла ауылында дүниеге келген Мухаммед Илияс. Ол алғаш сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден он жылдай дәріс алады. Содан соң Үндістандағы медреседе білімін жетілдіріп, «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Көп ұзамай ұстаздықты тастап, 1926-жылы «Таблиғи жамағаттың» негізін қалайды. Орталығы – Дели қаласы. Сонымен қатар, оның Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен бөлімшелері бар. Тарихқа зер салып қарайтын болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар да аз болмаған. Уақыттың өтуімен олардың кейбірі жойылып кеткенімен, кейбіреулерінің керағар ұстанымдары толығымен жойыла қойған жоқ еді. Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасымен санаспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә. Біршама уақыт Ислам дініне жеткілікті көңіл бөле алмаған болсақ та, қазіргі таңда қазақ қоғамы діни ұйымдардың оңды-солдысына баға бере алатындай жағдайға жетті.

«Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше, оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан жат діни ағымдардың қатарына жақын. Яғни бұл қозғалыстың идеясы балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның Ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес.

Ислам дінін зиянды әсерлерден тазалау деген желеуді алға тарта отырып, бұл қозғалыс өзге діндер ғана емес, исламның басқа тармақтарына қарсы шығу арқылы, дінішілік әрі дінаралық қақтығыстардың туындауына себепкер болмақ.

«Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойсұнуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Сөйтсе де, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады. Осы ретте айтар болсақ, соңғы 20-30 жыл ішінде таблиғшылардың өзге дін өкілдерін қабылдамауға бейімділігі заманауи әлемдегі діни радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің қозғаушы күшіне айналып отыр.

Таблиғшылар атауы – араб тіліндегі «әт-Таблиғ» сөзінен шығып – жеткізу мағынасын береді. Ал Ислам дінінің сенімі бойынша пайғамбарларға тиесілі 5 сипат бар.

Олар:

  1. Әс-Сидқ (шыншыл, турашыл);
  2. Әл-Әмәнә; 3. Әл-Исмәт (күнәсіз);
  3. Әл-Фәтәна (зерек, алғыр);
  4. Таблиғ (жеткізу). Міне, осы бес сипаттың бірі «әт-Таблиғ».

Қазіргі таблиғшылардың пайымдауынша, өз атауларын пайғамбарға тиесілі болған осы сипатқа сүйенеді. Сондай-ақ, олардың түсінігінше бұл сөзді «дінді жеткізу», «тарату» мағынасында қабылдап, оның негізін дәстүрлі Исламдағы «дін уағыз-насихат» негіздерінен тысқары қалады. Өйткені, ғұламаларымыздың Исламдағы дін уағыз-насихат негіздері мен жүйесін Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың «Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері аясында қарастыратыны сөзсіз.

Ал, таблиғи жамағат өкілдері арасында ішінара кең тараған терминдерге тоқтала кетсек, олар: дағуат, таблиғ, ілім алу, фазаилул амал, машура, гаш, баян, әмірсап. Олар сонымен қатар, дін таратуға 3 күнге, бір жетіге, 40 күнге шығып, елдімекендерді аралап, уағыз айтумен айналысады. Таблиғи жамағатының негізгі 4 айлық сапарлары – Үндістан, Индонезия және Пәкістан елдеріне бағытталған.

«Таблиғи жамағат» қозғалысы Қазақстанда қызмет атқарған уақытында ешқашан ресми тіркеулерден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен бастап, олардың іс-әрекеттері заңға қайшы болып табылады. Елімізде әр жылы ондаған таблиғшылар әкімшілік жазаға тартылып келеді. Сонымен, «Таблиғи  жамағаттың» қоғамға қауіп төндіретіні күдіксіз. Бұл қозғалыстың діни ұстанымы қоғамның діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді.

Сондықтан Қазақстанда «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне тыйым салынуы — мемлекет тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шара.

Бекмолдаев Бексұлтан Русланұлы,

Жамбыл облысы әкімдігі

«Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушысы

Abai.kz

0 пікір