Үндістан мен Қытай: миллиардтар жарысы...
Халық санының бір мемлекеттің әскери, экономикалық қуатына тікелей әсер ететін маңызды фактор екені жұртқа аян. Қазір жер шарында 8 миллиард 450 миллион адам бар десек, соның үштер бірін Үндістан мен Қытай халқы құрап отыр.
Саяси құрылымы мүлде бөлек екі елдің бүгінде өзара дүрдараз, барлық жақтан бәсекелес екені белгілі. Миллиардтар елінің өсу қарқыны, беталысы екі ел үшін ғана емес, жылпы әлем үшінде экономикалық, әскери жақтан айтарлықтай әсері болары сөзсіз.
Біріккен ұлттар ұйымы кеше сәуірдің 19-ы күнгі жариялаған мәліметінде Үндістанның осы жылдың ортасына қарай Қытайды басып озып, әдемдегі ең жан саны көп елге айналатынын болжады. Қазірдің өзінде 1 миллиард 428 миллион 600 мың адамға жетіп, 1 миллиард 425 миллион халқы бар Қытайдан 3 миллион адамға көбейген. Анандидың елі 1950 жылдан бері 1 миллиард адамға өскен екен.
Былтыр Қытайдың халық саны 1960 жылдан бергі ең төменгі өсімді көрсеткен еді. Бірнеше жылдан бері Қытай билігі «жоспарлы туыт» сияқты жан санын шектеу шараларын күшінен қалдырып, үш балаға дейін тууға рұқсат берген. Оны нәтижесі шамалы болып тұрған секілді.
Үндістан тарабы 2011 жылдан бастап халық санағын жүргізбеген. Әр он жылда өтетін статистикалық науқан 2021 жылы өтуі тиіс болған. Бірақ, коронавирустың кесірінен өтпей қалған. Үндістан халық санының көбеюі елдің азық-түлік, баспана, энергия көзімен қамтамасыз етілуіне қиындықтар әкелгенімен, халқының дені 30-дан төменгі тепсе темір үзетін жастар екен.
Ал Қытайдың жағдайы керісінше болып тұр. Қытай әлем елдері ішінде зейнетке шығу жасы ең төмен елдердің қатарында. Ел тұрғындары ер-әйел демей, 60 жасқа жетпей зейнетке шығады. Халық саны өсімінің тоқтауы, еңбекке қабілетті адамдар санының азайғанын, елде қартаю үрдісінің белең алғанын білдіреді. Ол өз кезегінде елдің экономикасының өсіміне тікелей әсер етеді. Өткен жылдың соңында халық саны қарқынды өсу үстіндегі Үндістан бір кезде өздері бодан болған Англияны басып озып, әлемнің 5-ші экономикасына айналды. Қытай жан санының қартаюының алдын алмаса, Американы басып озып, әлемнің бірінші экономикасына айналу арманы көзден бұлбұл ұшпақ.
Жеке-жеке бір жарым миллиардқа жуық халқы бар екі елден еш қаймықпай визасыз байланыс орнатып отырған біздің халымыз нешік?! Таяудағы мәлімет бойынша халық санымыз 20 миллоинға жетіп қалыпты. Бұл кәрі құрлық Еуропамен салыстырғанда жақсы көрсеткіш болғанымен, өзіміз тұратын аймақпен салыстырсақ өкініш өзекті өртейді. Қырық жыл қырғын болған Ауғанстан 40 миллионға жетті. Өзбек өз ағайынның халқы да 35 миллионға жетіп, Орта Азияның еңбек нарығында басым орынға шықты. Қазақ жан-жақтан бәсекеге тап болып отыр. Қазба байлықтың үстінде отырып тапқанымыз тамаққа жетпей отырған түріміз мынау... Үнді мен Қытайдың етегіне жармасқан қыздарымыз анау...
Жағдайды реттеу үшін билік пен қоғам мәселенің маңызын түсініп, стратегиялық маңызы бар жедел шараларды қолға алу керек. Әрекет етпесек ендігі 30 жылда өз жерімізде азшылыққа айналуымыз бек мүмкін.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz