Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Алашорда 8008 47 пікір 21 Сәуір, 2023 сағат 15:02

Шоқан кімге керек?

ШОҚАН - 190

Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

Шоқан кімге керек

(23 (10) сәуір қайтыс болған күніне орай)

Кіріспе

2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Кезінде Шоқанның көпшілікке белгісіз ғылыми мұралары мен ашылмаған құпияларын, өмір деректерін одан әрі мұқият зерттеу қажеттігі туралы Е. Бекмаханов, М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, С. Бегалин, Х. Айдарова, Шота Уәлиханов, Д. Қонаев, С. Зиманов, Ә. Бисенова, С. Мұхтарұлы, Б. Көмеков сияқты қазақ зиялылары айтып кеткен.

Алайда, әлі күнге дейін «Шоқантану» ғылымы көңілді толық қанағаттандыратындай деңгейге жетті деп айтуға әлі ертерек! Өкінішке орай, тек мерейтой қарсаңындағы ғылыми конференцияларда Шоқан жайлы бірер баяндамалар жасалып, ғұлама ғалымның еңбектерін ескі сарынмен, аздаған ғана өзгерістермен қайталап шығарумен шектеліп келеміз. Осы орайда «Алаш айнасы» газетінде «Шоқан өлді дегеннен кейін де 10 жыл тірі болған...» деген тақырыпқа тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетов мынадай пікір айтқан екен: «Негізі, Шоқан – өте күрделі тұлға. Оған нүкте қою әлі ерте. Өкінішке қарай, бізде «Шоқантанудың» тікелей соңында жүрген адам жоқ. Дегенмен Шығыстану институты алдағы 180 жылдығына орай Шоқанның түпнұсқа еңбектерін шығару жөнінде тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал соңғы шыққан 6 томдық 1985 жылғы нұсқадан аударылған. Бірақ ол нұсқаның өзі кезінде күлдібадамдау болып шыққан болатын».

Мұндай жағдай көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтарымызды толғандырмай қоймайтыны сөзсіз. Мысалы, аталмыш мәселеге байланысты еліміздің БАҚ-да, әлеуметтік желілерде, интернетте түрлі мақалалар (кейбірі сенсация-дақпырт қуғаны көрініп тұрады) жарық көруде. Олардың ішінен тек  2010 жылдан бері ғана жарияланған бірқатарына ғана тоқтала кетсек:

- «Шоқан қазасы кісіден болған ба?» - журналист Серікбай Алпысұлы, «Ана тілі» газеті, 2010. 7 қаңтар;

- «Шоқанды зерттеп болдық па?» - профессор Сағындық Ордабеков, TYRKYSTAN.KZ, 2013. 3 мамыр;

- «Шоқан өлді дегеннен кейін де 10 жыл тірі болған...» - alashainasy.kz, 2014. 2 желтоқсан;

«Біртуар Шоқан Уәлихановты шындап тани білдік пе?» - журналист Жәнібек Ғалым,  tukeystan.kz, 2015. 15 сәуір;

«Шоқанның жанына кімдер жерленген» - журналист Серікбол Хасан, aikyn.kz, 2016. 18 мамыр;

- «Шоқан туралы бірер сөз» - Жетісулық ақын, жазушы, публицист Азамат Ақылбековтің (БАҚ-ғы псевдонимі Азкен Алтай) «Шоқан - 185» ғылыми конференциясында жасаған баяндамасы, 2020. 4 желтоқсан;

- «Шоқан Уәлиханов ғылыми мұрасының тағдыры және оған жасалған қиянаттар тарихы» - Мадрид және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Самат Өтениязов,  «АNA TILI» газеті, 2021. 5 мамыр.

Бұл мақалалардың атауларынан көрініп тұрғандай, әлі күнге дейін «Шоқантану» саласында атқарылар істің ұшан-теңіз екенін байқауға болады. Ал оларды оқи отырып, жауапсыз сұрақтардың легіне кезігесіз.

Бір жағынан, Шоқан аз зерттелмеген сияқты. Шоқан туралы тақырыпқа қалам тартпаған тарихшы, жазушы, ақын, қайраткерлер аз емес. Олардың ішінен өз достары мен замандастары Г.Н.Потанин, Ф.М.Достоевский, П.П.Семенов, А.К.Гейнс, К.К.Гутковский, Н.М.Ядринцев, И.Н.Березин, Н.И.Наумов, Г.Х.Гасфорт, Л.С.Берг, Н.И.Веселовский, Э.Жонво, Ф.Р.Остен-Сакен, Г.П.Клеменц сияқты тұлғаларды атасақ та жеткілікті шығар.

Ал Кеңес заманынан бері қазақ зиялыларының ішінде Шоқан туралы Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Шота Уәлиханов, Д.Қонаев, С.Зиманов, Ә.Бисенова, С.Мұхтарұлы, Б.Көмековтен бастап кітап, пъеса, мақала жазбаған ғалым, тарихшы, жазушы, ақын, қайраткерлер кемде кем. Бірақ, бәрінен де «Шоқантану» саласына атақты ғалым Әлкей Марғұланнан артық ешкім зерттеп, еңбек сіңірмегені белгілі.

Осыншама ғұламалар мен заңғар жазушылардан кейін Шоқан туралы ешқандай беймәлім жайттар немесе жауапсыз сұрақтар қалуы мүмкін емес сияқты көрінеді. Бірақ, нақты жағдай мүлдем көңіл көншітетіндей емес.

Өзіміз Кеңес Үкіметі тұсында Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Шоқан колхозында ержетіп, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті 1982 жылы бітірген едік, сондықтан Ұлы ғалым туралы бірер ой-толғамдар айтуға құқылымыз деген ойдамыз. Бұл ауыл маңында қазақ халқының тұңғыш ғалымы, тұңғыш суретшісі, тұңғыш Европалық білім алған шығыстанушысы, фольклоршы, әдебиетші, публицист, аудармашы, гуманист, демократ, философ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген (атап отырған себебіміз, қазіргі күнде басқа пікірлерді де кездестіреміз).

Қазіргі уақытта бұл ауыл  жекешелендіруге ұшырап, колхоз таратылғаннан бері ресми түрде Шанханай деп аталады. Ал жергілікті тұрғындар болса, ауыл атауының бұлай өзгертілу себебін әлі күнге дейін түсінбей келеді, бірақ бәрі осы күнге дейін бір ауыздан Шоқан ауылы деп атайды. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін жергілікті билік басындағылар тұрғындардың ауылға Шоқан атын қайтару туралы талабымен санаспай келеді. Реті келгенде айта кетейік, ХІХ ғасырдағы Ш.Уәлиханов, А.Гейнс, К.Гутковский, Г.Потанин, Г.Колпаковский, К.Кауфман еңбектерінде бұл өңірде Тезек ауылы отырды деп жазылған.

Бала күнімізден әулетіміздің үлкендері мен аталарымыздан, ауыл ақсақалдары мен үздіксіз келіп-кетіп жататын ғалым, жазушылардан Тезек Төре мен Шоқан туралы көптеген әңгіме-хикаяларды естіп өстік.

Солардың ішінде ең маңызды хикаялар Шоқанның 1864 жылы Тезек Төренің ауылына соңғы рет келуі және сол жерде тұрақтауы. Ондағы оқиғалар Тезек төренің Шоқанды қарындасы Айсараға үйлендіріп, ұлан-асыр той жасап, бөлек отау құрып бергені, 1865 жылғы сәуір айында Шоқанның қайтыс болуы, Тезектің қайғыдан қан жұтып, қайғыруы, Шоқанды жерлеуі, басына күмбез тұрғызуы және Көкшетаудағы әкесі Шыңғысқа қаралы хабарды естірту үшін хат жазып, елдің жақсыларынан хабаршылар жіберуі төңірегінде өрбитін.

Сонымен қатар, жастайымыздан Шоқан туралы жазылған кітаптарды оқудан жалыққан емеспіз. Ол замандағы мектеп пен ауылдық библиотекалардың кітап қорын көзімен көрсе, қазіргі жастар таң қалар еді. Одан қалса, колхоздың көзі ашық адамдарының үйлерінде, сол уақытта миллиондаған тиражбен шығатын әлемдік әдебиеттің ең үздік үлгілері, Кеңес заманы классиктерінің том-том таңдамалы шығармалары, орыс жазушыларының кітаптары міндетті түрде арнайы сөреде жиналып тұратын. Сондықтан білім-ғылымға талаптанған оқушылар іздеген кітабын оңай тауып алып, құмарта оқуға кірісетін.

Біз де көп оқуға тырыстық. Әсіресе, Шоқан туралы жазылған кітаптарды шұқшия оқып, керек мағлұматтарды жазып алатынбыз. Есейе келе, Шоқанға деген қызығушылығымыз арта түспесе кеміген жоқ. Арман қуып Алматыда оқыған жылдарымызда да Шоқанға байланысты басылымдарды қалт жібермеуге тырыстық. Студенттік кезеңнен бастап, Шоқанның сан қырлы өмірі мен қызметіне қатысты беймәлім жайттар да қылаң бере бастады. Шоқантанушы ғалым болмасақ та, шамамыз келгенше оны зерттеу жұмысымен үзбей айналысып келеміз.

Жалпы мағлұматтар

Өзіміздің пайымдауымызша, Шоқанға байланысты және «Шоқантану» саласында қордаланған мәселелерді материалдық және ғылыми, рухани жағынан қарастырып, сәйкесінше екі топқа бөлуге болады.

Бірінші материалдық дүниелерге байланысты.

Шоқан жерленген жердің Кеңес заманынан бері аса бір ұқыпты күтусіз күй кешуі. Шоқан жатқан жерді, ескерткішін, музейін көру үшін келетін қарапайым халықтан бастап, толассыз ағылған туристер, ғалым-жазушылар, мектеп оқушылары сияқты түрлі топтардың саны жыл өткен сайын арта түсуде. Алайда, Шоқан зиратына келген адамға қажет қарапайым болса да дәретхана, қол жуатын орын, ауыз су, дәмхана, автотұрақ, дүкен сияқты ешбір нысан қарастырылмаған. Абаттандыру жұмысы толық жүргізілмеген деуге болады.

Бұл мәселені осы өлкенің тумасы, ақын, публицист Азамат Ақылбеков 2000 жылдардан бері үздіксіз көтеріп келеді. Тіпті 2010 жылдан бері ғана алсақ, осы мәселені Азекең «Ұлт пен Рух», «Болмыс», «Тарих талқы» телебағдарламаларда баса айтып, БАҚ-да ондаған мақала жариялады және бұрынғы Алматы облысы Кербұлақ ауданының әкіміне, облыс әкіміне, облыстық мәдениет басқармасына, Шоқан атындағы ғылыми институт басшылығына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, т.б. құзырлы мемлекеттік органдар мен мүдделі мекемелерге хаттар жолдады. Әсіресе,       2020 жылғы 4 желтоқсанда Алматы қаласында өткен ҚР Ғылым Академиясы ұйымдастырған «Шоқан - 185» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндамасы өте әсерлі болып, қоғамның белгілі тобында үлкен резонанс туғызды.

Сол сияқты Шанханай ауылында орналасқан,  1985 жылы іске қосылған Шоқанның «Алтынемел» атты мемориалдық музей ғимараты да қайтадан күрделі жөндеуді және ішіндегі қорды жаңғыртып, жаңа экспозиция жасақтауды қажет етеді. Музейдің жанындағы жота үстінде 1979 жылы бой көтерген Шоқанның ескерткіші мен маңайына төселген плиткалардың кейбірінің тозығы жетіп те қалды.

Аллаға шүкір, мүмкін Азкен Алтай сияқты азаматтардың жан айқайы «Халық үніне құлақ асатын»  үкіметтің назарына ілінген шығар, қараусыз қалған Шоқан Уәлихановтың жатқан жерін ретке келтіру, мемориялдық музейін жөндеу мәселесі 2023 жылдан бастап шешілетін болды.

Бұлай деп нық сеніммен айтуымыздың себебі, 2022 жылғы 20 қазанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңадан құрылған Жетісу облысына жұмыс сапарымен келіп, Талдықорған қаласында өңір жұртшылығымен кездескен еді.

Осы жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісін саралай келе, руханият, мәдениет саласының да маңыздылығын ескертіп, Талдықорған қаласындағы журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру, облыс орталығында Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнату, Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында орналасқан Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейін күрделі жөндеуден өткізу, оған баратын жолды жөндеп, Шоқан жерленген жерді ретке келтіріп, абаттандыру сияқты мәселелерді қысқа мерзімде шешу туралы, оған қаражат бөлу туралы нақты тапсырмалар берді.

Жылдар бойы қордаланып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірақ сәтте оңды шешілгені дүйім жұрттың мерейін өсіріп, Президентімізге деген ризашылық сезімін тудырды.

Нәтижесінде, 2022 жылғы 23 желтоқсанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі ресми түрде берілді және 2023 жылғы 21 наурызда Абай Құнанбаевтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

Сонымен, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында, аталған үш мәселенің екеуі толық орындалды.

Ал Шоқан музейі мен жолын жөндеу және Шоқан жерленген жерді абаттандыру үшін республикалық бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, биылғы жылдың сәуір айынан бастап тиісті жұмыс қолға алынды. Нәтижесінде, туристерден алды босамайтын нысанның жаңа дәуірі басталатынына сеніміміз мол.

Егер алдымызда келе жатқан 2025 жылы Шоқанның туғанына 190 жыл толатынын ескерсек, бұл шешімді Президентіміз Қ.Тоқаев тереңнен ойластырып, қабылдағанын түсінуге болады.

Сонымен, Шоқанға қатысты материалдық дүниелер мәселесі оңды шешімін тапты.

Ал екінші мәселе – ғылыми еңбектеріне, рухани дүниелерге байланысты деп айтып өттік. Шоқанға қатысты құпиялардың шешімін кәсіби тарихшылар мен мүмкін болашақта суырылып шығар Шоқантанушылардың еншісіне қалдыра отырып, осы уақытқа дейін шамамыз келгенше өзіміз жүргізген зерттеулерге, ел аузындағы әңгімелерге сүйене отырып, Шоқанды кім жерлеген, нақты жерленген жері, басына орнатылған күмбездер мен белгітасы,  зиратының қайта ашылуы және басқа жерге ауыстырылуы сияқты мәселелерді ғана тарқатып көруді жөн санадық.

Ол үшін сәл тарихи шегініс жасап, Шоқан өмірінің соңғы кезеңіне оралу қажет. Қысқаша айтсақ, Шоқан 1864 жылдың күзінде аталас туысы,  Жетісудың аға сұлтаны Тезек Төренің ауылына келеді.

Бұл жерде Шоқан мен  Тезек Төренің алғаш рет бетпе-бет кездесіп, танысулары 1854 жылы орын алған деп пайымдайтынымызды айта кету қажет. Себебі, сол жылы Шоқан полковник К.К.Гутковскийдің Омбыдан шыққан шағын әскери экспедициясы құрамында алғаш рет Қапал бекінісіне келген. (Валиханов Чокан Собрание сочинений. Том1. – изд. – Алматы: Издательство «Алатау», 2014, 69 бет), (Чокан Валиханов и современность: Сборник материалов Всесоюзной научной конференции, посвященной 150-летию со дня рождения Ч.Ч.Валиханова – Алма-Ата: Наука, 1988, 224 бет).

Ал аға сұлтан Тезек Төре де қызмет бабымен Қапалға жиі барып тұрған. Төмендегі Тезек Төренің белгілі суретін Шоқан сол жолы, яғни 1854 жылы немесе келесі жылы Жетісуға Г.Гасфортпен бірге келгенде салған болуы мүмкін. Өйткені 1821 жылы дүниеге келген Тезек Төре 1854-1855 жылдары сәйкесінше 33-34 жаста десек, суреттегі түрі де соған сай келеді.

Бірақ, Шоқанның 2018 жылғы Алматы қаласында «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы шығарған шығармалар жинағының 4 томының 133 бетінде тұрған дәл осы суреттің астында «Портрет Тезека. Карандаш.    1865 г. Рис. Ч.Валиханова» деген жазу бар екенін де айта кетеміз және бұл жылы Тезек Төре 44 жаста екенін ескере отырып, бұл датаны қате деп есептейміз.

Шоқан Уәлиханов салған Тезек Төренің суреті.

Негізі Шоқан Тезек Төре туралы бала күнінде әкесі Шыңғыстан естіп, кейін Омскіде К.Гутковскийден (1815-1867) сұрап, білуі де әбден мүмкін. Өз кезегінде К.Гутковский Шоқанды өте жақсы көргені, Омскідегі үйіне жиі шақырып тұрғаны және 1850 жылдары Ұлы жүз қазақтарын басқару басқармасының басшысы болып, Қапалда қызмет атқарғаны белгілі.

К. Гутковскийдің 1850 жылғы 11 майда Тезек Төрені Албан-Суан руларының аға сұлтаны (кей деректерде Ұлы Жүздің аға сұлтаны) лауазыма тағайындау жайлы Батыс  Сібір генерал-губернаторы  князь  Г.Горчаковқа жазған төмендегі  рапорты сақталған:

«Аға сұлтан Хакімбек қайтыс болғаннан кейін, Албан болыстарына басшылық жасау Хакімнің өмірінің соңғы жылдарында-ақ барлық істерімен  айналыса бастаған Тезек сұлтанның қолына көшті. Қайтыс болған сұлтанның балалары, олардың ең үлкені Дүрәлі 16 жаста, оның  бауырлары мен туысқандары  Тезекке бағынады. Егер оны Омбыға шақырып, жеке кездесетін болсаңыз, Жоғары мәртебелім, оның ақылы мен қызметіне өзіңіздің  көзіңіз жетеді. Албандардың билері маған Тезекті аға сұлтан етіп тағайындау жөнінде өтініш білдіреді. Хакімбекке Албандар және Суандар бағынышты болатын, бірақ мен Қапалға келгеннен кейін, Қытай шекарасында көшіп-қонатын Суандардың сұлтаны Адамсат Ибақов менен өзінің болыстарына Албандардан бөлек жеке басшылық жасауға рұқсат етуімді жазбаша түрде сұрады. Жалпы  жағдай белгісіз болғандықтан және мұндай рұқсат беруге өзімді құқылы санамағандықтан мен Адамсаттың өтінішін орындаудан бас тарттым. Суандар мен Албандар арасындағы осы кикілжің Хакімбектің орнына Аға сұлтанды тағайындауда қиындық туғызады, бірақ олардың біріншісі Қытайдың шекарасында орналасқан, ал екіншілерінің Тезектен және Хакімнің туысқанынан ақылы мен жасы халықты басқаруға жететін басқа сұлтандары жоқ. Жоғары Мәртебелім, Албандардың аға сұлтандығына Тезек Нұралиевті тағайындасақ, сұлтандарға біздің атымыздан ықпал етуге оның ақылы мен ықпалы жететіндігі пайдалы болар еді. Қытайлықтарда Тезек сұлтанға өз істері бойынша қатынасады және экспедиция уақытында жолсерік болған бұл сұлтан ешқандай күдік туғызған жоқ (РФ ООММ. 366 қор, 1-тізбе, 236-іс)».

1850 жылы Тезек Төре Батыс -Сібір генерал-губернаторы  Г.Горчаковтың бұйрығымен  Ұлы Жүздің аға сұлтаны болып тағайындалған және «Ынталылығы үшін» деген алтын медальмен марапатталған (А. Ақылбеков, «Тезек Төре» - Талдықорған, «Офсет» баспаханасы, 2013 жыл, 77 бет). Бұл шешім К.Гутковскийдің рапортының негізінде қабылданған болуы да мүмкін. Осы рапортқа сәйкес, Тезек Төре Омбыға шақыртылып, Батыс-Сібір генерал-губернаторы  Г.Горчаковтың қабылдауында болуы және сол сапарында Шоқанға жолығуы да әбден мүмкін! Егер олай болса, Шоқан мен Тезек төренің кездесіп, жеке танысулары 1850 жылы орын алған деп айтуға болады (бұл болжам архив документерін қосымша зерттеуді қажет етеді).

Тезек Төре өз кезегінде ауылына әбден шаршап, шалдығып, қажып, ауырып келген Шоқанға барлық жағдай жасап, демалуын қадағалайды. Кейінірек, өзінің қолында өскен, бірақ ағасы Көшен төренің қызы - Айсараға үйлендіріп, ұлан-асыр той жасап, жастарға бөлек отау тігіп береді. Бірақ Шоқанның ғұмыры қысқа болып, ескі стиль бойынша 1865 ж. сәуірдің   10-ы, жаңа стиль бойынша 23-де қайтыс болады (Бұл дата бірқатар деректерде кездеседі, мысалы Азаттық газетінің тілшісі Алексей Назаров Шоқан музейін барып көргеннен кейін, 2016. 23 сәуірде жариялаған мақаласында жазған). Сонымен қатар, Шоқан 1865 жылы 4 сәуірде қайтыс болды деген жазбалар да кездеседі.

Біз естіген ел аузындағы әңгімелерде Тезек Төре жанындай жақсы көрген Шоқанды өз қолымен жерлеген. Егер олардың ондаған жыл бойы туыстық, өзара сыйласымдық қарым-қатынаста болғанын ескерсек, осы ауызша дерек дұрыс шығар деп ойлаймыз. Ал Колпаковский келіп жерледі деген қазіргілердің кей пікірлерін жалған, сенсацияқуушылық деп есептейміз (генерал, немесе басқа орыс чиновник-әскерилері келген болса, ондай оқиға ел аузында сақталып, тиісті рапорттар болар еді!). Тағы бір айта кететін жағдай, ол уақытта Колпаковский Верныйдан Семипалатинск облысы құрылып, соған губернаторлыққа тағайындалып жатқан, Шоқанды да сонда шақырған. Шоқанның Колпаковскийге 1865 жылғы 19 ақпанда және әкесі Шыңғысқа жазған соңғы хаттары архивте бар.

Сонымен, Тезек Төренің Шоқанды қалай жерлегені туралы ақсақалдар айтқан есімізде қалған мынадай әңгімелерді келтіруімізге болады.

Шоқан қайтыс болғаннан кейін, оны қайда, қалай жерлеу туралы мәселе талқыланады. Сол жиынды Тезек Төре қорытындылай келе былай деген екен: «Түбінде, тірі жан иесінің өлімнің ащы дәмін тататыны хақ. Дәм-тұзымыз таусылған шақта бәріміз де кетерміз. Қазір міне 15 жылдан астам ел басқарып, хан атанған мен де, басқа да сұлтандар мен батырлар, байлар мен билер, баршамыз да  көмілерміз. Бірақ біздің артымыздан іздеушілер бола ма, болмай ма білмеймін. Ал мына жатқан Шоқан, бұл жалғыз қазақтың ғана ерекше жаратылған, аса дарынды, ғұлама баласы емес, бүкіл адамзаттың Ұлы тұлғасы. Мұның артынан іздеушілері міндетті түрде болады. Алдымызда қиюы кеткен, қиын заман келе жатыр. Одан аман қалған кейінгі ұрпақ уақыт өте келе Шоқанның моласын жоғалтып алмай, дәл тауып алуы қажет.

Сондықтан, болашақта келер ұрпақ Шоқанның зиратын жоғалтып алмас үшін, оның үш белгісін ойластырдым. Бірінші, Шоқанның бейітін «Көшен тоғандағы» төреқорымда, Ералы сұлтанның мазарының тура түбінен қазуды бұйырдым. Себебі, Ұлы бабамыз Абылайдың қарақалпақ бегінің қызы Сайман деген әйелінен Уәли, Шыңғыс, Әділ және Есім деген төрт ұлы туған. Сол Уәли Шоқанның атасы болса, Ералы мен менің әкем Нұралы Әділдің балалары. Өздерің білесіңдер, әкем Нұралы бұл жерден аса алыс емес, Алтынемел тауының баурайында жерленген. Шоқанды осында, Ералы атасының жанына жерлейміз. Ералының күмбезі қыш кірпіштен соғылған, биік, еңселі, егер біреулер қастандықпен қасақана қиратпаса, талай заман құламай тұрар. Соның түбінен Шоқанның бейітін табуға болады. Міне бұл бірінші белгісі.

Екінші, Шоқанның денесін жер қойнауына тапсырған кейін, ақымын күйдірілген қыш кірпіштермен қалап шығамыз. Бұл кірпіштер топырақтың астында бұзылмай жатады. Егер, Шоқанның бейітін іздеген адамдар, күманданатын болса, осы кірпіштерге дейін ашып, көз жеткізулеріне болады.

Үшінші белгісі, таудан жасыл арша бұтақтарын арнайы алдырып қойдым, астына соны төсейміз. Ол да жер астында бұзылмайды. Және Шоқанның әскери киімін де бірге көмерміз. Уақыт өте келе Шоқанның осында жерленгенін нақты дәлелдеу қажет болатын болса, осы белгілер арқылы көз жеткізуге болады. Барша жұртқа осылай хабарлаңдар. Атадан балаға айтып жүрсін, есте сақтасын»...

Ел аузындағы бұл әңгіме нақты қалпында жеткен болса, Тезектің ақылдылығы мен көрегендігін көрсетеді емес пе? Ол кісі болжағандай, кейінгі Кеңес дәуірінде жүз жылға жетпес уақытта, жерленген орын туралы күман, теріс пікірлер шыққан! 1945-1949 жылдары бір топ ғалымдар келіп, Шоқанның зиратын ашып, зерттеген деген мәлімет кездеседі. Оған себеп, 1945 жылы біреулер Шоқанның басына қойылған мәрмәр тасты тауып алып, ел-жұртқа хабарлаған деген әңгіме бар.  Мүмкін, келген топ  Ә.Марғұланның археологиялық экспедициясы болар? Бізге бұл жағы әзірше белгісіз.

Одан кейін, Кеңес үкіметі заманында, шамамен 1956-58 жылдары Сәбит Мұқанов бастаған мемлекеттік комиссия келіп, Шоқанның зиратын іздеген екен. Өз беттерімен таба алмаған соң, ауыл ақсақалдарына жүгініп, солардың көмегімен тапқан дейді. Бұл істің басы қасында біздің туған атамыз Алтай Ақылбекұлы (1910 - 1988) да болып, атсалысқан. Реті келгенде айта кету керек, атамыздың атасы Сағындық сол қорымда, тура Шоқанмен қатар жерленген.

Шоқан зираты туралы

Қолда бар деректерді саралай келе және ел аузындағы әңгімелерді де ескере отырып, Шоқанның мазары кем дегенде алты мәрте көтеріліп, зираты жаңғыртылған деп болжауға болады (Ел өз ұлын ұмытпайды деген осындайдан шыққан болар).

Біріншісі, 1865 жылғы сәуір айында Шоқан қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай Тезек Төре оның басын қыш кірпішпен төртбұрыштап қалатып қояды.

Екіншісі, 1865 жылы қазан айында Тезек төренің ауылына Көкшетаудан сән-салтанаты жарасқан керуенмен келген Шоқанның інісі Жақып, «...кейін тыңғылықты дайындалып келіп үлкен күмбез тұрғызармыз...» деп, жергілікті ұсталарды жалдап, Тезек Төренің шымнан қалатқан зираттың төбесін ағашпен жауып, ішіне кіретін ағаш есік орнатады. Ағаш есіктің сыртына Шоқанның аты-жөнін жаздырып қояды. Одан кейін, Шоқанның жесірі Айсараны өзімен бірге алып, қайтып кетеді. Ол керуенді, Жетісуға келгендерді орыстың ғалымы А.Гейнс көзімен көргені, Жақыппен сөйлескені туралы өзі жазып кеткені белгілі.

Бұл ағаш мазар туралы Н.Потанин «Биографические сведения о Чокане Валиханове» деген еңбегінде «Над его могилой был построен деревянный памятник вроде мечети» деп жазған ((Уәлиханов Шоқан. Собрание сочинений. Том 5. – 3-е изд./ Составители: Б.Е.Кумеков, В.Н.Настич, В.К.Шуховцев. – Алматы: Издательство «Алатау», 2018, 530, 434 беттер).

Сонымен қатар, бұл ағаш мазар туралы «Туркестанская туземная газета» деген газетте мақала жарияланған. Онда Шоқанның зираты өте нашар екені, қыш кірпіштен салынғаны, оған ағаш есік орнатылғаны, ары кетсе 5-6 жылда құлап қалуы мүмкін екені, оны 1867 жылы Коянкөз бекетінің тұсынан өтіп бара жатқан Түркістанның генерал-губернаторы Кауфманның өз көзімен көріп, қатты ренжігені және Шоқанның басына тез арада дәрежесіне сай биік күмбез орнатып, мәрмәрдан қашалған құлпытас қою туралы тапсырма бергені жазылған (Уәлиханов Шоқан. Собрание сочинений. Том 5. – 3-е изд./ Составители: Б.Е.Кумеков, В.Н.Настич, В.К.Шуховцев. – Алматы: Издательство «Алатау», 2018, 530, 531 беттер).

Үшіншісі, жоғарыда баяндалған оқиғадан кейін Генерал-губернатор К.Кауфманның тапсырмасы бойынша қазынадан қажетті қаражат бөлінеді де, көпшілігі орыс құрылысшылар дереу іске кірісіп, қысқа мерзім ішінде Шоқанның басына сыртқы пішіні христиандардың шіркеуіне ұқсас, жаңа күмбез тұрғызады. Бұл күмбездің суретін Г.Потанин 1867 жылы қарындашпен салып, астына «Могила Чокана Валиханова» деп жазып қойған (Валиханов Чокан. Собрание сочинений. Том 1. – 3-е изд. – Алматы: Издательство «Алатау», 2014,  62, 65 беттер).

Ең қызығы, осы күмбез жөнінде С.Мұқановта былай жазылады: «Шоқанның тамы: есігі, терезесі, төбесі, батыс жақ төбесіндегі мұнарасы, оның басында айы бар, уақытында көркем күмбез болған. Жылдар өте кірпішін жауын-шашын шайған, күмбезі кетіліп, қабырғалары опырылып, біраз құлаған. Бертін, ауыл шаруасы колхозданған кезде, Көшентуғанда отырған ауылдар, Шоқан көмілген зиратқа жақын тұсқа қоныс сап, колхоздың атын «Шоқан» қойған, қабыр төңірегіне шикі кірпіштен төрт қабырғалы, төбесі ашық жай орнатқан». (Мұқанов Сәбит. Жарқын жұлдыздар. Таңдамалы шығармалар; Он алтыншы том, - Алматы. «Жазушы», 1980, 89 бет).

Өз тарапымыздан қосарымыз, С.Мұқанов бұл жерде екі қатеге бой алдырған. Бірінші, Көшентуған деп қате жазады, дұрысы Көшентоған. Ол жерде Көшен төренің басшылығымен тоған тұрғызылып, егін суаруға арналған арықтар қазылған болатын. Арықтардың сұлбасы осы күнге дейін анық көрініп жатыр (А. Ақылбеков, «Тезек Төре» - Талдықорған, «Офсет» баспаханасы, 2013 жыл, 84 бет). Сондай ақ, ол арықтарды кезінде Н.Пантусов та көріп, төмендегі мақаласында жазып кеткен. Екінші, бұл көркем күмбез құлағаннан кейін, «Шоқан» колхозы құрылған жылдары төрт қабырғалы, төбесі ашық жай орнатылған деген қате жазба, себебі, С.Мұқанов өзі суреттеген көркем күмбез де, сапасыз салынғандықтан көп ұзамай қирап қалған. Оның себебі, күмбезді салған құрылысшылар қазынадан бөлінген қаржының басым бөлігін ұрлап алады да, ешкім білмей қалады деген оймен, сапасыз кірпіштерден тұрғызып, сыртын балшықпен сылап тастайды. Бірақ, бұл жағдай Г.Колпаковскийге белгілі болып қалады. Ол көп ойланбай, күмбезді салған құрылысшыларға оңдырмай дүре соқтырады да, шара қолдану үшін Ташкент қаласына, К.Кауфманға айдатып жібереді. Өз кезегінде, К.Кауфман оларды Сібірге жер аударып жібереді де жаңа ескерткіш (мазар) тұрғызылсын деген тапсырма береді.

Сондықтан, С.Мұқанов жазғандай, көркем күмбез құлап қалғаннан кейін, тек «Шоқан» колхозы құрылған тұста, яғни 1930 жылдары Шоқанның зираты шикі кірпіштермен қоршалып, төбесі ашық жай тұрғызылды дегені шындыққа сай келмейді (біздің ойымызша ауыл адамдары шамалары келгенше кірпіштерін жинастырып, реттеп қойған болар). Себебі, бұл екі құрылыстың арасында төмендегі суреттегідей, тағы бір мазар Кауфманның соңғы тапсырмасы бойынша салынған. Мүмкін сол кезде С.Мұқановта бұл мағлұмат болмаған шығар деп ойлаймыз.

Ал К.Кауфман тапсырған құлпытас қажетті ақ түсті мәрмәр тастың жақын маңайдан табылмауы себепті, өте ұзақ уақыттан кейін, яғни 10 жылдан астам мерзімде әрең дайын болады да, Шоқанның басына тек 1881 жылы ғана орнатылады (А. Х. Маргулан. Очерк жизни и деятельности Ч. Ч. Валиханова. Опубликовано в «Ч. Ч. Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах» (1984-1985 гг., Главная редакция Казахской советской энциклопедии, т. I).

Құлпытастағы жазуды Польшадағы көтеріліске қатысқаны үшін Верный бекінісіне жер аударылған поляк ақсүйегі Леопольд Ластовски қашап жазған. 1989 жылы құлпытас Шоқанның «Алтынемел» атты мемориалдық музейіне орналастырылды, ал зират басына оның көшірмесі қойылды.

Төртіншісі. Жоғарыда сыртқы түрі шіркеуге ұқсаған мазардың сапасыз салынғаны, көп ұзамай құлап қалғаны, құрылысшылардың жазаланғандары және К.Кауфманның қайтадан жаңа мазар салу туралы тапсырма бергенін айтып өттік.

Сонымен, Шоқанның басына кезекті тағы бір мазар тұрғызу ісі қолға алынады. Бұл  мазар шамамен 1868 - 1870 жылдары тұрғызылған деп болжауға болады. Оның құрылысына К.Кауфманның қалауымен атақты архитектор Павель Матвеевич Зенков атсалысқан деген дерек бар.

Сонымен қатар, осы мазардың құрылысына 1868-1869 жылдары Тезек Төре, Мұса Шорманов және Шыңғыс арнайы жіберген адамдар да атсалысуы мүмкін деп жорамалдаймыз. (С.Мұхтарұлы, «Шоқан және өнер», Алматы, Өнер – 1985, 136 бет).

Қалай болғанда да, бұл Шоқан зиратының басына көтерілген соңғы мазар еді. Мүмкін аталмыш тұлғалардың атсалысқаны себепті, өте еңселі, сәулетті, төбесіндегі домалақ күмбезі жарасымды, архитектурасы келіскен мазар болған. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде осы мазарды 1871 жылы арнайы келіп көріп кеткен К.Кауфманның өте риза болғанын айтуға болады.

Кейіннен, бұл мазар фотосуретке де түсірілген. Оны түсірген Жетісу өлкесінің әскери губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, ғалым, шығыстанушы, этнограф Николай Николаевич Пантусов. Ол 1898 жылғы 1 тамызда мазарды екі рет суретке басып алған. Ол уақытта мазар тұрғызылғаннан бері 30 жылға жуық уақыт өткен еді. Төмендегі сол екі суреттен мазардың күн мен желдің, жауын-шашынның әсерінен әбден мүжіліп, күмбезі опырылып қалғанын байқауға болады.

Мазардың нашар жағдайы туралы Н.Пантусов «Могила Чокана Валиханова, близ станции Куянкузской, Копальского уезда» атты мына мақаласында жазған.

Бұл мақала 1899 жылы Ташкентте жарық көрген екен. Оның қазақша мазмұнын (А.А. «Шоқан туралы бірер сөз»; журналист Серікбол Хасан) келтірейік.

«Могила Чокана Валиханова» мақаласында Николай Пантусов: «Бұл мазарға мен 1898 жылдың 1 тамызында бардым. Мазар пошта жолының сол жағында орналасқан (Қоянкөз станциясынан Алтын-Емел станциясына қарай жүргенде), Қоянкөздің 5-інші станциясынан өткен кезде жолдан көрінеді. Мазар биік төбеде орналасқан, айналасында қазақтардың егіндік жерлері бар, арықтар ағып жатыр. Сондықтан ол жерге атпен ғана жетуге болады. Шоқанның мазары көптеген қазақ сұлтандарының молаларының ортасында тұр. Мазарлардың бәрі де ескі, құлағалы тұр, ешқандай жөндеу көрмеген. Шоқанның мазарының төрт бағаны бар, саман кірпіштен соғылған. Осы төрт бағанның үстіне күмбез қойыпты. Өкініштісі, қазір күмбездің жұрнағы да жоқ. Әбден мүжіліп, құлап қалған.

Мазардың ұзындығы - 7 аршын (10 метрге жуық), ені - 6 аршын (8,5 метр), биіктігі - 4 аршын (5,5 метр).
Шоқанның мазарының ішіне мәрмардан қашалған төртбұрышты плита қойылған, бетінде мынадай жазу бар: «Бұл жерде 1865 жылы дүниеден өткен штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан генарал-губернаторы фон Кауфманның тапсыруымен Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегін ескере отырып генерал-лейтенант Колпаковский 1881 жылы ескерткіш орнатқан. Бұл жайлы тақтаға жазылған, қазақ тіліндегі аудармасы берілген»
, – деп жазады.

Сонымен қатар, Пантусов осы мақаласында Шоқанның мазарының қасындағы бейіт туралы да мәлімет берген екен. Бұл сұлтан-майор Ералы Әділовтың мазары болып шықты. Сондай-ақ, Шоқанның жанында Ералы сұлтанның ұлдары Қожа-Ахмет, Қасым, Әбіш және Мұхамедияр Әбішев, Сырғабай Жармұхамедов, Бектеміс Қырғызбаев, (соңғы екеуі төлеңгіттер), Сұлтан Аббас Мұртазин, Жүніс Әбдімүминов, Жабин-хан Қожа-Ахметов секілді адамдардың жерлегені жазылған.

Н.Пантусовтың осы суреттері мен баяндамасы кейінірек Патша үкіметі шенеуніктерінің назарына ілігіп, олар өз кезегінде Тезек Төренің баласы Батырханға хабарласып, Шоқанның мазарын жөндеуін сұрайды. Бірақ, атақты әкесіне тартпаған, ынжық, босбелбеу Батырхан оларға «мазарды жөндеуге қажетті қаржым жоқ» деп жауап беріп, бұл істен бас тартады.

Бұл жерде өз тарапымыздан қосарымыз, Шоқан мазарының қасында көрініп тұрған Ералы Әділов сұлтанның мазарының салынғанына фотосурет түсірілген 1898 жылы шамамен 60 жылға жуық мерзім өткеніне қарамастан, әлі де құламай тұруы. Мұның себебі, қазақ халқы күмбез, мазар тұрғызудың өте ертеден келе жатқан технологиясын жіті білгендігінен деп ойлаймыз. Олар мазар құрылысына қажетті кірпішті ешкінің майын, қылын және жылқының қылын араластыра отырып, сары топырақтан ағаш қалыптарға салып, әбден иін қандырып нығыздап әзірлеген. Одан кейін шала кепкен кірпіштерді шұңқырға жинап, топырақпен жауып, үсіне от жағып, күйдіретін болған. Осындай технологиямен дайындалған кірпіштен тұрғызылған мазарлардың сапасы өте жоғары болғаны белгілі. Оған дәлел ретінде осы күнге дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлі күнге дейін құламай тұрған, жобасы аталмыш суреттегіге ұқсас болып келетін мазарлардың бар екені. Мысалы, Кербұлақ ауданы Басши ауылының маңында қазіргі уақытта тұрған Сәтемір, Мамырхан сұлтандардың және Бердіқожа (Тезек Төренің хатшысы болған деген мәлімет бар) деген шамамен 1915 жылы қайтыс болған кісінің, мазарының (суреттегі) осы уақытта құламай тұрғанын айта кетеміз.

Бесіншісі, Шоқанның басына Шоқан колхозы құрылған  1930 жылдары жылы шикі кірпіштен салынған төрт қабырғалы, төбесі ашық жай. Бұл қарапайым жұмыстар жөнінде С.Мұқанов жазғаны туралы жоғарыда баяндалды.

Алтыншысы, қазіргі уақытта тұрған, 1958 жылы Д.Қонаевтың нұсқауымен тұрғызылған төмендегі суреттердегі обелиск.

Д.Қонаев естелігінде былай деп жазған: «Панфиловтан келе жатып Шоқан Уәлихановтың зиратына соқтық. Оны қарап шыққан соң Алтынемел шатқалында жерленген Шоқан бейітінің басына ескерткіш орнату керек деп шештік. Қысқа мерзімде жоба әзір болды. Ескеткіш тұрғызуға 240 мың рубль бөлінді. Ескерткіш 1858 жылы тұрғызылды».

Өз тарапымыздан қосарымыз, обелиск саяхатты білдіретін глобус жартышары түрінде жасалған. Оның бетіне Шоқан Уәлихановтың қоладан құйылған келбеті орналастырылып, төменгі жағына кезінде К.Кауфманның бұйрығымен әзірленген мәрмәр тас қойылған (Бұл тасты переселен орыстың диірмен жасамақ болып шауып отырғанда көзіне ұшқын тиіп, содан өлгені туралы сөзді түгелдей дерлік ел біледі, ал оның нақты жағдайы бойынша адам өлімін тергеуге келген арнайы приставтың жүргізген «Қылмыстық Іс» бар екенін екінің бірі естімеген де). Қазіргі күнде ол ескерткіш тас Шоқан музейінде, ескерткіш басындағы соның көшірмесі.

Суретте көрініп тұрған ақ мәрмәр таста жоғарыда айтылғандай, «Здесь покоится прах штабс-ротмистра Чокана Чингисовича Валиханова, скончавшегося в 1865 году.
По желанию Туркестанского генерал-губернатора Кауфмана, и во внимание ученых заслуг Валиханова, положен сей памятник генерал-лейтенантом Колпаковским в 1881 году»
деген жазу бар. Ескерткіштің қасында қара тас қойылған төмпешік тұр.

Бұл жазуды оқыған кез келген адам Шоқанның денесі дәл осы жерде жатыр деп ойлайды, мұсылман ағайындар құран бағыштап жатады, мүмкін делік.

Алайда, ақиқатын айтатын болсақ, жоғарыда баяндалғандай, Шоқанның денесі қайтыс болғаннан кейін Тезек Төренің ұйғарымымен, Ералы сұлтанның мазарының түбіне, яғни қазіргі обелиск тұрған жерден күншығысқа қарай 40-50 қадам жерде жерленген болатын. Бұл дерек Пантусовтың мақаласымен және екі фотосуретімен дәлелденіп тұр. Қазіргі уақытта, қашан құлағаны немесе қасақана қиратылғаны белгісіз,  суретте көрініп тұрған Ералы сұлтан мазарының өзі жоқ болса да, домалақ келген үйіндісі көлемімен ерекшеленіп, анық көрініп тұр. Сондай ақ, Н.Пантусов жазғандай, Шоқанның зираты Ералы сұлтанның мазарының алдында, басқа төрелердің зираттарының ортасында орналасқан болса, олар қазіргі уақытта да сол алғашқы орындарында бөлек-бөлек төмпешік болып жатыр. Суретте анық көрініп тұрған қыш кірпіштен қаланған қоршаудың да қазіргі уақытта әбден мүжіліп, үйіндіге айналған сұлбасын, сурет түсірілгеннен бері бері 125 жыл өтсе де, анық байқауға болады.

Ал Қазіргі Шоқан зираты деп жүрген, басына обелиск орнатылған жердің маңайындағы төмпешіктен басқа ешқандай зираттар жоқ, маңайы тегіс.

Бала күнімізде ауыл ақсақалдарынан естігеніміз, шынында 1858 жылы Шоқанға арналған ескерткіш-обелискіні төребейіттен сәл аулағырақ, яғни қазіргі орнына орнатқан (Неліктен екені белгісіз, сірә, идеология байланысты төрелерден бөлектегендері болар). Ал Ералы сұлтаннан бастап, біраз төресі бар қалың қазақтың жерленген жерін қалқалап, сыртынан биік бетон (промограда) плиталармен қоршап тастаған. Мұның себебін сол уақыттағы Кеңес Үкіметі жүргізген «қызыл» саясаттан іздеген жөн болар. Егер обелискті Шоқанның алғашқы зиратының басына тұрғызса, келген адамдар оның маңайындағы жатқан басқа зираттарды, қираған күмбездердің орнын көріп, онда кімдер жерленген деген сұрақ қояр еді. Одан барып төрелердің аты-жөні, өмірбаяндары, атқарған қызметтері туралы сұрақтар қойып, мағлұмат іздейтін  еді. Ал ырымшыл қазақ бала-шағаларын жиі әкеліп, түрлі діни жоралғылар атқара бастайтыны сөзсіз. Содан қаймыққан Кеңес үкіметінің идеология саласы басшылары Шоқанның зиратын оқшаулаған және төребейітті жаяу адам көре алмайтындай, биік бетон плиталармен әдейі қоршатып тастаған.

Ол қоршау бертінге дейін, яғни 2020 жылдарға дейін тұрды. Нақты айтсақ, оларды Тезектөретанушы, ақын, жазушы, публицист Азамат Ақылбеков сол уақыттағы Кербұлақ ауданы әкімі М.Бигелдиев мырзаға, басқа орындарға арызданып жүріп, 2019 жылы алдырып тастады. Қалың бейіт тор шарбақпен қоршалып, көзге ашық көрініп тұр. Енді сол араға қосымша абаттандыру жұмыстарын жүргізу мәселесі көтеріліп, оңын табады деген үміттеміз.

Сол бетон қоршаудың өзі Шоқан зиратының қасақана көшірілгенінің дәлелі емес пе?

Шоқан жұмбақтары

Міне, өздеріңіз де оқып отырғандай, Шоқан туралы көптеген басқа да сұрақтар, шешілмеген түйіндер туындай бастайды (оның үстіне бір нәрсенің парқына бармастан қазіргі әлем-жәлем етіп жазғыштар да жеткілікті). Олардың бірқатарын атап айтсақ, жалпы сарыны төмендегідей болып келеді:

  • Шоқан Тезек Төренің ауылына 1864 жылы Ресейдің барлау қызметінің тапсырмасымен, Шығыс Түркістандағы жағдайды бақылау үшін әдейі жіберілген деген болжам рас па?
  • Шоқанның кісі қолынан қаза тапқаны рас па? Черняев ішінен атқан ба? Қытай немесе орыс тыңшылары улап өлтірген деген сияқты әңгімелердің қандай дәлелдері бар?
  • «Наука и религия» журналының 1979 жылғы 4 нөмірінде жарияланған Л.Чезганов дегеннің «Камень Чокана» деген мақаласында Шоқанның кісі қолынан қаза тауып, офицерлік мундирімен жерленгені айтылған. Бұл дерек шындыққа жанаса ма?
  • Шоқан 1865 жылы қайтыс болмаған, орнына басқа адам жерленген, ал өзі Америкаға құпия тапсырмамен кеткен деген болжамның қандай қисыны бар;
  • Шоқанды жерлеген кім, Тезек Төре ме әлде Колпаковский ме?
  • Шоқанның зираты бірнеше рет ашылған, денесін орыстар алып кеткен, зиратының орны ауыстырылған деген әңгімелер қайдан шыққан? Шындығын кім дәлелдей алады?
  • Л. К. Гейнс в 1865 г. прямо писал, что бесконечные «оскорбления и придирки уложили Чокана в настоящем году в гроб» деген сөздердің астарында не бар?
  • 1947 жылы Қазақ ССР астанасынан келген археологиялық экспедиция зерттеген Шоқанның зираты «екінші рет ашылды», - деген мағлұмат рас па? Рас болса, ол жұмыстың материалдары қайда?  Бірінші рет кімдер, қандай мақсатпен, қашан ашқан?
  • 1956 - 1958 жылдары С.Мұқанов бастаған мемлекеттік комиссия Шоқанның зиратын ашқан ба, зерттеу материалдары қайда?
  • Шоқанның сүйегі қайда? Сүйегі ұрланған, басы жоқ деген әңгімелер шындыққа жанаса ма? (Азамат Ақылбеков, «Тезек Төре» - Талдықорған, «Офсет» баспаханасы, 2013 жыл, 131 бет).)
  • Шоқанның денесіне эксгумация жасалған ба, егер жасалса қашан, кімдер жасаған, қандай мақсатпен, материалдары қайда?
  • Халық жазушысы Төлен Әбдіковтің сөзіне сүйенсек, Қазақстан ғалымдары КСРО заманында Шоқан денесіне эксгумация жасау жөнінде рұқсат сұрап, Мәскеуге хат жолдаған. Бірақ үзілді-кесілді қарсылыққа тап болғаны рас па? Себебі неде?
  • Ә.Марғұлан 1940 жылдары шамасында Шоқанның бейітін ашып, археологиялық зерттеу жүргізгені рас па?
  • Ә.Марғұланның Шоқанды зерттеуіне тыйым салынғаны рас па?
  • Шоқан Парижге барған ба, егер барса қандай мақсатпен?
  • Шоқанның Қашқардағы уақытша әйелінен, жары Айсарадан немесе басқа әйелдерден ұрпақ қалған ба? Қалса олар кімдер?
  • «Аблай» атты атышулы, ертегі тектес мақаланы Шоқанның жазуы мүмкін бе? Бұл мақаланы орыс шовинистерінің өздері Левшинге жаздырып, Шоқанның еңбегі ретінде қазақ халқын Шоқанға қарсы қою, арандату мақсатында 1904 жылы Петерборда профессор Н.И.Веселовский шығарған Шоқанның 1 томдық кітабына әдейі қосқандары шындық па? Олай болса, Шоқанның сол уақыттағы жаулары көздеген мақсатына қол жеткізді деуге болады, себебі осы кітаптағы «Аблай» атты мақаланы оқыған Алаш ардақтылары Шоқан туралы ешбір оңды пікір қалдырмаған деген көзқарас бар;
  • Шоқанның Ресей мемлекетінің әскери мекемелеріне қарасты архивтеріндегі жазбаша материалдары осы уақытқа дейін не себептен қолжетімсіз болып, жарияланбай келеді? Мұнда қандай сыр бар? Сол құпия материалдардың ішінде Шоқанның Кенесары хан бастаған көтеріліс туралы, қазақтың соңғы ханының 2000 мыңға жуық сарбаздарымен бірге қалай қаза болғандары жөнінде жазылған еңбектері бар ма? Бұл туралы Ә.Марғұлан жазып кеткен, одан бері ешбір ғалымның бұл мәселе бойынша ғылыми талпынысы болған емес;
  • - Ресей ғалымдары тарапынан сол уақыттағы арнайы әскери қызметі басшылығының нұсқауымен Шоқанның атынан жалған құжаттар әзірленгені рас па? Шоқанның жазбаларына нақты Шоқанның қолымен жазылғандығын дәлелдеу мақсатында арнайы (почерковедческий) экспертиза жасалған ба? Мысалы, Шоқанның әкесіне жазған соңғы хаты немесе Шоқанның атымен жарияланған «Аблай» атты мақаласы.
  • Шоқантану бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмысы неге қолға алынбайды, Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми институт басшылығы бұл істе неге құлықсыз?

Қысқасы, Шоқан туралы жауапсыз сұрақтың көп екені көрініп тұр. Ғалымдардың бұл істі қашан қолға алатыны бір Аллаға ғана аян.

Қорытынды және ұсыныстар

Қорытындылай келе айтарымыз, ерекше жаратылған ғұлама Шоқанды шынжар балақ, шұбар төс әкесі Шыңғыс, сол уақытта аузынан сөзі жерге түспеген, атақты Тезек Төре немесе туған нағашысы белгілі шонжар Мұса Шормановтар неге басына сәулеті келіскен мазар тұрғыза алмаған деген ойға қаласың. Тіпті, Шыңғыс баласын Көкшетауға алып кетіп, туған жеріне неге жерлемеген деген де сұрақ кезінде туындаған. Мәселе Шоқанның әскери, барлаушылық қызметімен байланысты болуы мүмкін. Өмірінің соңына дейін Шоқан Ресей империясындағы Орта Азия, Шығыс Түркістан халықтарының салт-дәстүрін, тілін, ділін, тарихын, әскери-саяси ахуалын жете білетін бірден-бір адам болғаны белгілі. Сондықтан, Ресей патшалығы оны үнемі бақылауда ұстағаны да белгілі жайт. Соның салдарынан, Шоқан қайтыс болғаннан кейін де оның зиратына да, ғылыми мұрасына да Ресей иелік еткен деген тұжырым жасауға болады.

Ал мақаламыздың тақырыбы «Шоқан кімге керек» деген сұраққа жауап жазу ұзақ, әрі күрделі болып шықты.

Сондықтан, бұл сұрақтың жауабын Шоқанның өзінен іздедік.

«Тарихтық еңбектерінде Шоқанның ең көп зерттегені – қазақтың өмірі. «Шоқан туған халқын өте сүйетін еді, - дейді Потанин, - қазақтан шағыммен келгендерге ол үнемі кісілік көзімен қарайтын... Оған жақсылық қана тілеп, болашағына қызмет ету арманы болатын. Ол: «Әуелі қазақ халқын, одан кейін Сібірді, Россияны, барлық адамзатты сүйем, - дейтін». (Мұқанов Сәбит. Жарқын жұлдыздар. Таңдамалы шығармалар; Он алтыншы том, - Алматы. «Жазушы», 1980, 89 бет).

Сондықтан, Шоқан ең бірінші қазақ халқына керек. Олай болса, Шоқантану саласында қордаланған мәселелермен арнайы айналысу мақсатында Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми институттың ішінен «Шоқантану» бөлімін ашуды, оған қажетті қаражат қарастырып, ең білікті мамандарды біріктіруді, барлық оқу орындарында «Шоқантану» сабақтарын енгізуді, құзырлы мекемелер арқылы Ресей архивтерінен Шоқан туралы барлық құжаттарды алдырып қайта зерттеуді, Шоқанның шығармалар жинағын қайта басып шығаруды, қысқасы, кешенді іс-шаралар жоспарын құрып, іске асыруды ұсынамыз.

Алдымызда келе жатқан 2025 жылы Шоқанның туғанына 190 жыл толуына орай, ауыз толтырып айтарлықтай ғылыми жұмыс атқарылады деп сенеміз. Сонда қазіргі уақытта өршіп тұрған дақпырт, өсек, дәлелсіз сөздерге тосқауыл қойылар еді...

Осы мақаламызды Қазақстан Республикасының құзырлы мекемелері, Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Оқу ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Сенат және Мәжіліс депутаттарына ресми өтініш ретінде қабылдауын сұраймыз.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, Тезек Төретанушы, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

Abai.kz

47 пікір