Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 2442 8 пікір 24 Сәуір, 2023 сағат 13:09

Шовинистерді Қостанайша басқа секірту

Кейінгі кездері елімізде сепратизм ғана өршіп тұрған жоқ, оған шовинизм секілді ауру қосылып, бұл үрдіс өршіп бара жатқан секілді. Анау Қызылжардағы бір топ сепаратистерді әупірім дегенде әзер ұстап, тергеп жатырмыз. Оның аяғының не боларын бір құдай ғана біледі. Ал осындағы бойын ұлы державалық шовинизм сырқаты мықтап меңдеген жандар өздерін тым еркін сезінеді. Әсіресе, бұл жаман әдет еліміздің терістік аймағында тым айқын сезіледі.

Мәселен, жақында, нақтырақ айтқанда Қостанай қаласында, тұп-тура 18 сәуірде, жаға ұстарлық жағдай орын алды. Машина қоятын жерде бір қазақтың қойған көлігі осындағы бір орысқа ұнамай қалып, оған айтпаған боқтық сөзі қаламады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты және мұндай кемсіту сөзді нақты оған емес, бүкіл қазақ халқына бағыттап айтты. Әлгі жігіт түсірген бейне кадрларды көрсең, жерге кіргендей боласың. Өзін "гвардия майорымын" деп араққа тойып алып, дандайсыған орыстың бір шовинисінің қазақты қорлап, айтпаған сөзі жоқ. Әлгі орыстың сөзін тыңдасаң, дүниедегі ең азғындаған халық біз болып шығады екенбіз.

Сонымен не болды дейсіздер ғой. Ештеңе де. Әлгі кадрда қоқаңдап келіп, алып кеткен полициямыз жаңағы бізді әбден тілдеген орысты қоя беріпті. Бар бітіргендері оның мұнысы жай ғана қатардағы ұсақ құқық бұзушылық қана көрінеді. Сірә, Қостанайдағы погон таққан мықтылар "ұлт аралық араздықты қоздыру" деген қылмыстық бап бар екендігінен мүлдем хабары жоқ секілді. Неге ол осы бап бойынша жауапқа тартылмайды?

Жарайды, полициямыз ынжық болсын. Ал қазақтың ұлтжанды мықты азаматтары қайда? Өзге өңірлерде мұндай жайттардан кейін әлгіндей шовинист орыстар қазақ халқынан өтірік болса да кешірім сұрап жатады. Ал Қостанай үнсіз.

Мұның бұлай болатындығының, Қостанай жұртының әлгіндей көрініске тым бей-жай қарайтындығының өзіндік себептері де жоқ емес. Өйткені мұнда қазақ тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне тиісті көңіл бөлінбейді. Бәрі тек қағаз жүзінде ғана. Осында жарты құдайдай болып, не оңтүстік келген Шөкеев секілді, не батыстан келген Архимед тәрізді әкімдер мұндағы қазақтардан гөрі орыстардың көңілін аулаумен болады. Бұлардың тұсында ана тіліміздің хал-жағдайын талқылаған бірде-бір бас қосу өткізілген емес. Ана тілімізде өткен не бір келелі жиналыстың болғандығынан да мүлдем хабарсызбыз. Барлығы да алдымен қалтасының қамын, сосын осында бұрынннан-ақ дікеңдеп үйренген басқа ұлттың қас-қабағына қарумен күінін өткізеді. Ал осында тұрып жатқан қалың қазақтың жайы ондайларды мүлдем алаңдатпайды да. Өйткені олар тек қорыққандарын ғана сыйлайды. Сонан соң, мұндағы орыстар есірмегенде кім есіреді?

Есірген емей немене, Қостанайдағы орыс тілінде шығатын «Наша газета» деген басылымда Аркадий Денисов деген аса белсенді тілші қай мақаласында да қазаққа тиіспей өтпейді. Жақында, яғни 22 сәуірдегі нөмірінде ол тағы да сол әдетіне басқан. Оның айтуына қарағанда Қазақстанды ел қылып, атын шығарып отырған өзге ұлттың Ольга Шишигина, Александр Винокуров, Василий Жиров, Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Александр Парыгин, Сергей Поликарпов секілді (біз бұл жерде олардың бәрін де толық келтіріп отырған жоқпыз) әйгілі спортшылары екен. Ал нациктер ( автор осы сөзді көп қолданады, сірә, қатты ұнаса керек) тек ұлт араздықты қоздырудан басқа ештеңе де қолдарынан келмейтін көрінеді. Өйткені, тіл мәселесін қоздырып жүрген дәл осы нациктер екен. Ал олар алдымен өздеріне қарап алсын. Керемет деп жүрген Серік Сапиевінің өзі қазақша сөйлемейді. Тіпті Президентпен кездесуде де Сәпиев қазақ тілінен мақұрым, сондықтан орыс тіліне жүгінуге мәжбүр. Ол тіпті Президентпен кездесуде де орыс тілінде сөйледі. Мінекей, автордың қазақ тілінің ештеңеге керек еместігін дәлелдейтін осындай «бұлтартпас» фактілері бар. Соның бірі неге шетелдерде бір елде бірнеше тіл мемлекеттік мәртебе ие де, ал бізде бір тілге ерекше үстемдік беріледі? Автордың айтуынша, кішкене ғана Сингапурде 4 тілге, Оңтүстік Африка Республикасында 11 тілге, Швейцарияда 4 тілге, Канадада екі тілге осындай мәртебе берілген. Автор тіпті қыза-қыза келе «Оу, ана Венесуэла, Бразилия, Аргентина, Австралия мен Индия тәрізді елдер басқыншылардың тілінде сөйлеп те, мамыражай күй кешіп отыр емес пе?» деген астамшылыққа дейін барады. Неге ол бұлай істейді? Өйткені оған бізде «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Қарапайым халық та үнсіз. Билік екібастан аузын буған өгіздей, былқ етпейді.

Жарайды, үндемес, үндемесін. Алайда осындай арандатушылдарды марапаттап, төбесіне көтеретіндігін қайтерсің. Өзгесі өзге, дәл осы Денисовке «Қостанай қаласының құрметті азаматы» деген атақ беріліп, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Ал «құрметті азаматымыздың» істеп отырған әрекеті анадай.

Осындайда атамыз қазақтың бір мәселе төңірегінде айтақ «Бұған апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген сөзі ойға оралады.

 

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404