Тіл мәселесі: Бір тойда екі қалыңдық жоқ...
«Асыңды ішіп, текеметіңді тіліп» дегеннің не екендігін осы жолы ұққандай болдық. Неге 9 бапты ту еткен, сол туралы ел арасында беделге ие болған кейбіреулер басын құмға тыққан түйеқұстай болды десек өтірік емес.
Диаспораның тілін Ата Заңға енгізу – титулды ұлтты мансұқтау...
Бабаларымыз көрінде аунамасын десек, 9 бапқа қатысты «алик-малик-шарикті» доғарып, тек «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» дегенді қалдыруға тиіспіз. Осы уақытқа дейін билік тарапынан қолға алынбай келген отарсыздану және кеңессіздену процесі тап осы баптағы өзгерістерден бастау алып, 1918-1933 жылғы аштықты, 1928-1952 жылдардағы қуғын-сүргінді және 1916 жылғы Ұлт-Азаттық көтеріліс туралы ашық айтуымызға мүмкіндік береді.
Қазақ дәл қазір қай тілде сөйлемесін, ұлттық мемлекеттің негізін қалаушы милет болып табылады. Қазақстан көпұлтты ел емес, көпдиаспоралы ел. Бірақ сол диаспоралардың өзі санаулы: өзбек, ұйғыр, тәжік және орыс. Осы 4 диаспораның өз мектептері бар және шоғырлана қоныстанған. Ал, қалған ұлттардың дисапоралық мәртебесі жоқ, себебі шашырай ірге тепкен. Сондықтан, елімізде қазір үш тілдік қолданыс (диаспора тілі, отаршылар тілі және мемлекеттік тіл) етек жайып, жұрттың 70 пайызы таза қазақ тілінде сөйлейтін деңгейге жетті. Қалған 20 пайыз этикалық орыстар мен 10 пайыз орыстанған өзге нәсілділер үшін бұрынғы отарлаушы ұлттың тіліне жабысып, мемлекеттің асыл өзегіне құрт түсіру елім деген жан үшін еш жараспайды.
Кезінде, яғни, 1995 енген бұл тармақ өз тарихи міндетін атқарды. Оны алып тастасақ, ешкімге келіп-кетері жоқ. Онда диасапорлар сөйлейді екен деп, ұйғыр мен өзбек тілінде «Қазақ тілімен қатар қолданылады» деп енгізейік, оданда. 300 жыл отарлаған, жарты жерімізді басып алған, әлі де бізді өзінің «Татарстаны мен Башқұртстаны санайтын» солтүстік көршінің бетіне қарау: ел алдында да, ар алдында да арамзалық жасайтын тірлік! Мұрын астынан «қатар-матар» деп міңігірлемей, бабалар аманатына адал: Бір – сөзді болатын сәт туды!
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz