Сейсенбі, 14 Сәуір 2026
Қайнайды қаның... 232 0 пікір 14 Сәуір, 2026 сағат 14:33

Қазақ тілін қалай «қазақшалаймыз»?

Көрнекілік сурет: Түркістан гәзетінен алынды.

Бүгінгі күні сауатсыз қазақтардың, ең алдымен білімсіз журналистердің ауызынан шыққан, дыбысталуы қазақша айтуға мүлдем келмей, бұзылып айтылатын ағылшын сөздері қаптап барады.

Мысалы, «сторис» дұрыс дыбысталуы «сториз» (әңгіме, әлеуметтк желіде «жазба»), «пост» («поуст» қазашасы «пікір», «жазба»), «комент» («түсініктеме», бұл сөз де сауатсыз, біресе жазба, біресе пікір деген мағынада қолданылып жүр). «Шоу» - «қойылым», «ток-шоу» («сұхбат»), «шок» - «қатты таңданыс», «тілсіз қалу», «есеңгіреу», «төбеден ұрғандай болу», «соққы». «Шок» сөзінің қазақ тілінде контекстке қарай қолданылатын осындай баламалары толып жатыр. Сөйте тұра қазақтың кәрісі де, жасы да «шокылдап», маңырап тұрады.

Дұрыс сөйлер деп, ел үміттенетін журналистер де солай. Оларға мазмұн, мағына түк те емес, тек қазақша емес, ағылшынша, орысша сөз болса болды, ойланбай жармаса кетеді. Басқаның сөзін тотықұстай тақылдап қайталай беретін осы әдетпен «блогер» деген сөз де тілге еніп кетті. Әуелде бұл сөз ағылшын тілінде «biographical web log» («ғаламтордағы өмірбаяндық жазба») деген сөздердің қысқартылған түрінде («blog») қолданылып, әлеуметтік желіде өзінің күнделікті өмірдегі жаңалықтарымен, әсерлерімен, пікірімен бөлісетін адамдар «blogger» (блогер) атанып кетті. Блогерді қалай қазақшалаған дұрыс? «Жазбашы» деген дұрыс сияқты.

Шетел сөздерін қолданамыз деп қысқа уақытта қазақ тілін журналистердің «көмегімен» қойыртпаққа айналдырдық. Әлі де кеш болмай тұрғанда ес жинау керек!

Марат Ермұқанов

Abai.kz

0 пікір