Серік ЫҚСАНҒАЛИ. Бақша байлық бір айлық десек те...
Шілде, тамыз айлары - жиын-терімнің қызған шағы. Сонау көктемнің күн күлген сәттерінен бастап, жүйекке көкөніс отырғызып, оның күтімімен бел шешпей айналысқандардың еңбегінің қызығын көретін кезең келді. әрине, қарапайым тұтынушылардың, соның ішінде облыс орталығы тұрғындарының дәруменді тағам түрін күнде дастарқанда көруге ықыласты сәті де осы мезгіл.
Облысымызда бау-бақша, көкөніс, картоп, қауын-қарбыз (жас өнім қазірдің өзінде сөрелерде лық толы) өсірумен 159 шаруа қожалығы айналысады. Тілге тиек етсек, бізде көкөніс 1368,2 гектарға, картоп 1144,1 гектарға орналастырылған. Соның басым көпшілігі Зеленов ауданының үлесіне тиеді. Мұнда биыл 804,18 гектар алқапқа картоп, 867,6 гектар алқапқа көкөніс отырғызылыпты. Содан кейінгі көлем Теректі және Бөрлі аудандарының үлесіне тиеді. Мәселен, Теректі ауданындағы картоп алқабының көлемі 75 гектар болса, көкөністің аумағы 86,4 гектарға жетіп жығылады.
Шілде, тамыз айлары - жиын-терімнің қызған шағы. Сонау көктемнің күн күлген сәттерінен бастап, жүйекке көкөніс отырғызып, оның күтімімен бел шешпей айналысқандардың еңбегінің қызығын көретін кезең келді. әрине, қарапайым тұтынушылардың, соның ішінде облыс орталығы тұрғындарының дәруменді тағам түрін күнде дастарқанда көруге ықыласты сәті де осы мезгіл.
Облысымызда бау-бақша, көкөніс, картоп, қауын-қарбыз (жас өнім қазірдің өзінде сөрелерде лық толы) өсірумен 159 шаруа қожалығы айналысады. Тілге тиек етсек, бізде көкөніс 1368,2 гектарға, картоп 1144,1 гектарға орналастырылған. Соның басым көпшілігі Зеленов ауданының үлесіне тиеді. Мұнда биыл 804,18 гектар алқапқа картоп, 867,6 гектар алқапқа көкөніс отырғызылыпты. Содан кейінгі көлем Теректі және Бөрлі аудандарының үлесіне тиеді. Мәселен, Теректі ауданындағы картоп алқабының көлемі 75 гектар болса, көкөністің аумағы 86,4 гектарға жетіп жығылады.
Әрине, биыл бақшашылар үшін де аса қолайлы болған жоқ. Бірақ көкөніс пен картоп, қала берді, қауын-қарбыз қолмен суарылатындықтан, бақшашылардың диқандардай мүлдем ризықсыз қалуы мүмкін емес. қазірдің өзінде былтырғыдай болмаса да, әр гектардың қайтарымы күткендегідей. әсіресе, алғашқы «бестіктің» құрамына кіретін «Десумбаев» Шқ, «Дүсіпов» Шқ, «Дон» Шқ, «Исмаил»Шқ (Зеленов ауданы) және «Яик» Шқ (Бөрлі ауданы) сынды ұжымдар тым-тәуір өнім жинап, оны өткізу үстінде. қала шеңберіндегі «Ким», «Клад», «Тұрсынов» шаруа қожалықтарының мол өнім жинаумен қатар, олардың ұсынған көкөністерінің облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде әрі сапалы, әрі мейлінше арзан екендігін Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Абат Сұлтанов қанағаттанғандық сезіммен айтты.
Мәліметтерді саралап отырғанда байқағанымыз, әлі де көкөніс пен картоп өсірумен кәсіби айналысып жүргендердің дені - өзге ұлт өкілдері. әсіресе, кәрістер мен орыстар алдына жан салмай келеді. Дегенмен соңғы жылдары олардың арасында қандастарымыздың көбейе бастағаны көңіл қуантады. Демек, «қазақ тек мал өсіреді» деген кертартпа ұғымның құрдымға кеткені. Тіпті биыл бау-бақша өсіруге қаратөбеліктер мен сырымдықтар да құлшына кірісіпті. Оларға кейінірек тоқталамыз.
Соңғы жылдары алқапты тамшылатып суарудың израильдік әдісі өңірімізге батыл ене бастады. Тамшылатып суарудың ылғалды үнемдеп жұмсаудағы баға жетпес маңызы өз алдына, биылғыдай құрғақшылықта ол тағы да тиімділігін дәлелдеп шықты. Көптеген шаруа қожалықтары жаңа әдіске көшіп, алқаптың қайтарымдылығын сан есе өсіруге мүмкіндік алыпты. Сондай көкөніс өсіретін ұжымдардың ішінде «Яик», «Гуренко» (Бөрлі ауданы), «Десумбаев», «Дон», «Исмаил» (Зеленов ауданы), «Айболат» қоскөл (қаратөбе ауданы), «Сырым» (осы аттас аудан) және «Луч» (Тасқала ауданы) сияқты ұжымдар бар. қаратөбеліктер жөнінде бірер сөз. Олар да негізінен мал шаруашылығымен айналысатын аудандардың тұрғындары сияқты көкөністі үнемі тұтынушы болудан гөрі, биыл жер еміп, ұйымдасқан түрде бау-бақша салуды қолға алған. құнарлы топырақ пен су көзі болса, ең бастысы - адамның бойынан ынта мен ықылас табылса, қандай жақсы! Бұл істің әкімшілік тарапынан да кең қолдау тауып отырғаны көңіл қуантады. Оның үстіне қаратөбеліктер бау-бақшаны суаруда тың әдісті өздеріне еншілепті. 20 гектар алқапты баптап-күтіп, жер ризығына кенеліп жатқан сырымдықтардың еселі еңбегі де айрықша атауға лайық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған деректерге сүйенсек, биыл 70 гектар көкөніс және 130 гектар картоп алқабында тамшылатып суару әдісі қолданылған. Келесі жылы осындай алқаптардың көлемін ұлғайту жоспарланыпты.
Көкөністі өндіру бір басқа да, оны өткізудің жөні тағы бөлек. Яғни көкөніс те, картоп та, қауын-қарбыз да тез бұзылатын (әсіресе, алдыңғысы) және жедел сатуды қалайтын өнім болғандықтан, көзімізге көтере сатып алушының көлеңкесі көлбеңдейді. Кез келген шаруа қожалығының өсірген өнімін қалаған уақытында қалаға апарып, жедел өткізуге немесе сатуға мүмкіндігі жоқ. Міне, осы кездерде алыпсатарлардың айы оңынан туады. Нәтижесінде тұтынушыға жеткен көкөніс пен картоптың бағасы аспандап шыға келеді. Міне, көптен бері өндірушіні де, тұтынушыны да толғантып жүрген мәселенің түйіні соңғы жылдары біртіндеп болса да шешіліп келеді. Оған дәлеліміз - облыс орталығында жыл сайын өткізіліп келе жатқан жәрмеңкелер.
- Биыл жәрмеңке шілде айынан басталды, - дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Абат Сұлтанов, - Ең әуелі ол Еуразия даңғылында ұйымдастырылған еді. Алайда түрлі себептермен жәрмеңкені әбубәкір Кердері атындағы көшеге ауыстыруға тура келді. Жәрмеңке күнде жұмыс істеп тұр. Күн сайын Зеленов ауданының 27 шаруа қожалығы және Теректі ауданының көкөніс өсірушілері өнімін сатады. қаратөбеліктер мен ақжайықтықтар негізінен қарбыз-қауын сатумен айналысады. Сондай-ақ өнімін тұтынушыға ұсынушылардың ішінде саяжай иелері де көп. әзірге жәрмеңкеде үзіліс жоқ. Тұтынушыға тікелей өнімін ұсынатындардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Олардың тауары күні-түні күзетіледі. Сауда жасау орны тегін. Дәретхана жұмыс істейді. Тек оларға біздің тарапымыздан қойылатын талап та, шарт та біреу - сатқан өнімінің құны көтерме сауда базарындағы тап сондай көкөніс пен картоптан мейлінше төмен болуы тиіс! әзірге жәрмеңкедегі тауар сатушылардың тарапынан пәлендей бір тәртіп бұзушылық байқалған жоқ.
Қаланың бас агрономының әңгімесінен аңғарғанымыз, кез келген шаруа қожалығының иесі немесе оның өкілетті адамы жәрмеңкеде сауда жасауға құқылы. Тек олардан белгілі бір аумақтағы жерді пайдалануға алғаны жөніндегі кесім (акт), әкімнің жерді бергендігі туралы шешімі және салық төлеушінің куәлігін көрсетуі талап етіледі. Саудаға берілген рұқсат он күн сайын жаңартылып отырылады. Егер сатушы тәртіп бұзса, тазалық сақтамаса немесе өзге де олқылықтарға жол берсе, рұқсат қайтарылып алынады.
Биыл құрғақшылық болса да, көкөністің барлық түрлерінен дерлік шаруа қожалықтары халықтың қажеттілігін толық өтей алады. Тек орамжапырақ биылғы ыссылық пен зиянкестердің көбеюі салдарынан мәз болмай тұр.
Алда қоңыр күздің әлі толық екі айы бар. Жәрмеңке кемінде қарашаның біріне дейін созыла бермек. Демек, қала тұрғындары мен қонақтарының дастарқанын дәруменді жас көкөніспен көркейтумен қатар алдағы қысқа қор жасақтауына уақыт жетеді.
«Орал өңірі» газеті, 30.08.2009