Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2762 0 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 11:56

Ғабиден (Жалғасы)

Басы: Ғабиден

Жалғасы: Ғабиден

ҒАБИДЕН – 8

Тау жақта Жазушылар одағының Шығармашылық үйі бар деп еститінмін. Соны бүгін көріп тұрмын. Жазушылар одағының қызметкерлерімен бірге сенбілікке келгем. Мен Жазушылар одағында қызмет істемесем де, қара шаңырақтың ешбір іс-шарасынан қалмаушы едім. Маған мына таңғажайып ғимарат бірден ұнады. Сенбілік деген жәй аты ғана, бәрі демалысқа келгендей дастархан жайылып Ғабиден аға бастаған Сүният, Жұмағазы, Қайсар аға тағы да басқа кісілер префаранс сызуға көшті. Дәл осындай көктемнің құлпырып тұрған кезі еді. Ғабиден аға тек қана «Парламент» арағымен «Парламент» сигаретін ғана тұтынатын. «Парламенттен» аздап ұрттап, «Парламентті»  басбармағы мен балаңүйрегінің арасына еппен қысып күлін еппен әдемілеп қағып отырған сәтінде «Ғабиден аға, мынау нағыз ақын тұратын жер екен»,- дедім жәй ғана. «Қолыңды кім қағып тұр. Қажет болса, бүгін келіп орналас»,- деді. Ертесіне Шығармашылық үйіне көшіп алдық. Шығармашылық үйі біздің жаз жайлауымыз болды. Жаз бойы осында тұрамыз. Ауасы керемет. Сол жерде Жұматай мен Ғайникен дүниеге келді. Қыста суық. Свет пен су жоқ. Тамақты газбен жасаймыз. Суды көрші Хамза Есенжановтың баласының үйінен тасып ішеміз. Мен де сол жылы арақты біржола қойдым. Арақ қойған адамға сенім артыла бастайды екен...Мұқағали күнделігінде: «Мен бір жылдан бері жұмыссызбын. Қайтіп күн көріп жүргенімді білмеймін»,- дейді. Мен Алматыда бақандай бес жыл бойы жұмыссыз жүрдім. О баста Алматыға келгенде Гүлнар Салықбай өзі жетелеп жүріп екі газетке жұмысқа қабылдатты. Кейін ол газеттер жабылып қалды. Оның біреуі Қажытай Ілиясов ағаның «Астана даусы» деген газеті, екіншісі Ұлықбек Есдаулеттің «Жас қазақ» деген газеті еді. Кейін бұл газетке жабылғанша Нұрлан Мәукенұлы редактор болды. Қысқасы, менің ащы суды біржола қойғаныма кепіл бола отырып, Нұрлан Оразалиннің рұқсатымен Ғабиден аға мені Шығармашылық үйіне қарауылдық «қызметке тағайындады»...

Айлықты Ғабиден аға өз қалтасынан төлейтін еді. Айлық беретін кезде Шығармашылық үйіне өзі келетін. Кейде біздің жұпыны дастарxанымызды олқысынбай ұзақ отырып қалатын. Әлбетте әңгіме әдебиет төнірегінде өрбиді ғой. Шығармашылық үйіне кіре берістегі оң жақ босағасында тұрған зәулім қос қарағай болатын. Бұл қос қарағайдың өзіндік тариxы бар екен. Оны да Ғабиден ағадан естідік. Шығармашылық үйі алғаш пайдалануға берілген жылы бұл қос қарағайды ұлт әдебиетінің қос классигі Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин отырғызған екен. Бағасын білгенге керемет тариx қой. Шығармашылық үйінің бірінші қабатындағы бильярд залында талай қазақ қаламгерлері тасқаяқ қағып, шар домалатқан. Екінші қабаттағы есігінің сыртына ат тағасы мен аттың басының суреті ілінген бөлме Асқар Сүлейменовтің мекені болғанға ұқсайды. Ғабиден ағаның әңгімесінен өзіміз ертегі әлемінде өмір сүріп жатқандай сезінетінбіз. Мен өзім де осы Шығармашылық үйінде көптеген жырларымды дүниеге әкелдім. Ғабиден аға келген сайын маған өлең оқытатын еді. Өзі де тартынып қалмайтын. Ғабиден ағаның жырларында бір бекзаттық болатын. Ол көбіне «сендей кезімде жазған жырым еді» деп оқитын. Кейін прозаға біржолата ден қойып кетті. Неге өлең жазып жүре бермеді екен деп ойлайтынмын. Десе де Ғабиден ағаның прозасы да сұмдық қой. Мынау сондағы оқыған өлеңі еді:

Көгілдір таудың баурайы, белі,
Жамырап өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді...

Күзеудің оттары шет-шетте жанып,
Көктемнің иісі көкпекте қалып,
Қоғалы көлдер қабыршақтанғанда,
Інілер жүр-ау мектепке барып.

Көңілім Арқа даласын кезді,
Тоңдырған шақта қара сыз лебі.
Көршінің қызы бойжетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді...

Өтіпті күндер, білместен біздер.
Өтіпті түндер білместен біздер.
Қозы-лақ баққан балалық шағым,
Алыста қалдың, құм кешкен іздер.

Жеткізгенде аққу дауысын желің,
Толқындай билеп алып-ұшып едім.
Сары алтын жонда сағыммен ойнап,
Сарғайып күтті-ау сағынышым менің..

Күзге қарай Шығармашылық үйі салқындап кетеді. Кейде тауға түскен тұман ашық тұрған терезеден үйдің ішіне дейін кіріп кететін. Мен ондайда табиғаттың тылсымын тамашалап терезені ашып тастаушы едім. Сол жылы күзде біз Шығармашылық үйінде ұзақ тұрып қалдық. Күн қара суыққа айналып, алғашқы қар түсе бастаған күні кешке жақын Ғабиден аға келді. Ертесіне театрда бір үлкен әдеби іс-шара болатын еді. Сол туралы әңгіме боп қалды. Менен сол іс-шараға барасың ба деп сұрады. Менде қызық еді өзі. Жаз болса етікпен, қыс болса туфлимен жүрем. Оның үстіне әлі қыстық сырт киім алып үлгермегем. Ағадан жасырар сыр бар ма..? Ғабиден аға біздің үйден сырт киімсіз шықты. Және дастарxан шетіне жарамды етік алуға жарайтын қаражат қалдырды...

ҒАБИДЕН - 9

Ғабиден ағадан, шын мәнінде, дегдарлықтың самалы есіп тұратын. Киім кию мәнері де ерекше, жарқын, жаңаша болатын. Жұмысқа күн сайын қайталанбайтын түрлі сипаттағы костюмдер киіп келетін. Қай жылы Қырғызстан мен Өзбекстанға әдеби іс-шараға барғанда ондағы қаламгерлер жеңі тозып, жібі шығып, жағасы қиылып кеткен иыққа ілерлерін бір апта бойы тастамай жүргенде, біздің Ғабиден ағамыз түске дейін бір костюм, түстен кейін бір костюм киіп есін шығарған ғой олардың. Ғабиден аға жігіттің сұлтаны еді. Жемін шашып жейтін сұңқар санаттас болатын. Жұмысқа бордовый пиджагын киіп келген күні: «О, бүгін Ғабиден аға ішеді» дейтінбіз. Ондай күндер, реті келсе, шығармашылық сипаттағы дидарласуға ұласып кететін. Өлең оқығанды ұнататын. Ондай күні «Аға, өткен жолы «Льдинкада» оқыған өлеңіңізді жазып алайыншы. Жаттап ап, оқып жүргенге күшті екен» деп кабинетіне кіріп аламыз. «Ол қайсы еді?» деп бізден сұрайды. «Аға, сіздің өлеңнің бәрі күшті ғой, табиғат туралы болатын» деп қоям. Ғабиден аға өлеңді ықыласымен дауыс көтермей баяу оқитын. Суреткер ақын еді.

Сылдыр-сылдыр жататын ағыс құлап,
Қарақолдың жағасы қамыс, құрақ.
Көлеңкелер қонғанда кезең астым,
Қамажайдың ауылы алыс бірақ.

Талып жетіп тылсым үн... есітпеген,
Көк шалғынды алқынып кешіп келем.
Кешіп келем... елеңдеп сен тұрмысың,
Алданғанда қарт әжең бесікпенен.

Бұлдыр-бұлдыр бозаң бел елес еді...
Қашқан қаңбақ қорқытты-ау жеңешеңді,
Көйлегінің етегі дөңгеленіп,
Қадір түні қызылдан жел еседі.

Айнакөлден сыңсып ән сызылады-ау,
Аспан асты лаулаған қызыл алау...
Қара жолдың топырағы қоңыр салқын,
Көктемнің де тоңдырар сызы бар-ау...

Көктем келіп, төсіне гүл тұнып қыр:
Жырға ғашық жүрегім бұлқынып бір,
Аққу құстың киелі қанатымен
Қараңғы түн саздары сілкініп тұр!

2001 жылы Астана қаласында ,,Отырар кітапxанасы,, сериясымен жарық көрген жүз кітаптың тұсаукесер рәсімі өтетін болды. Қазақ әдебиетінің үлкен-кішісі бар жүз авторы Алматы-Астана бағытындағы пойызға отырды. Мұндай сапар той-думансыз болушы ма еді?! Вагон-ресторанда біздің сарыауыз ақын жігіттеріміз жолаушылап бара жатқан кеудесі биік, жұдырығы мығым бір топ жігіттермен әңгімелері жараспай қалады. Әлгі жігіттер біздің ақындарды кәдімгідей тықсырып, бидайша қуырып бара жатқанда, Ғабиден аға кеп қалады. Ғабиден аға Жазушылар одағы тарапынан осы сапардың жолбасшы ноқта ағасы боп бекітілген-ді. Ғабиден аға келе сап бірден іске көшіпті. Дұрысырақ айтқанда, темір тордың әргі бетінде ғана қолданылатын жаргондар іске қосылған ғой. Шынында да, әлгі жігіттер темір тордың дәмін татқан ештеңеден тайынбайтын шой желкелер екен. Ғабиден аға ,,Бақаның тілін балық біледі,, дейтін қағидаға сүйенсе керек. Ғабиден ағаның бес-алты ауыз орамды сөзінен кейін әлгі жігіттердің әпігі басылып қалса керек. Біздің ақын жігіттер Астанаға жеткенше әлгілер вагон-ресторанда қарасын көрсеткен жоқ дейді.

«1998 жылы Бішкекте Шыңғыс Айтматовтың 70 жасқа толған мерейтойы тойланатын болды. Соған қазақ зиялылары атынан ерекше бір сыйлық жасағымыз келді. Шыңғыс Төреқұлұлына ұшақ мінгізсек те жарасар еді. Алайда жақсы көлік мінгізуге де қол қысқа. Содан ойлана келе Ғабиденге Шықаңның кейіпкері Танабайдың Гүлсарысынан аумайтын жылқы баласын табуды тапсырдым» дейді Нұрлан аға. (авт. Нұрлан Оразалин ), Одан әргі әңгіме Ғабиден ағаның еншісінде екені белгілі. Ғабиден аға қазақ даласының төрт бұрышын кезіп жүріп дәл Айтматовтың өзі суреттегендей Гүлсары аттың «екінші нұсқасын» табады ғой. Тауып қана қоймай күмістен ер-тұрманын жабдықтап, үстіне төгілдіріп кілем жауып, Алматыдан Бішкекке дейін шаң қондырмай жеткізеді. Жеткізіп қана қоймай, сахнаға дүйім жұрттың алдында қазақ елінің ар-намысының белгісіндей болатын жануарды шомылдырып, жал-құйрығын сүзіп, ішіп-жемін бабымен татқызып, түндікпенен күн беріп, түтікпенен су беріп жетелеп шыққанда сүйінбеген жан қалмады дейді. Шыңғыс Төреқұлұлы айналсоқтап Гүлсарынын қасынан кете алмай қалса керек. Гүлсарыны құшақтап тұрып қайта-қайта суретке түсті дейді. Дүнияның төрт бұрышынан ағылып кеп жатқан елдің бәрі тәнті болыпты. Шыңғыс аға «қайта тіріліп келген» Гүлсарының маңдайына маңдайын сүйеп жанарынан бір тамшы жас домалатыпты. Міне, ыждақаттылық! Міне, елдің намысына тұрып беретін азамат! Міне, іскерлік!!!

ҒАБИДЕН - 10

Ғабиден аға преферанс  сызғанды жақсы көретін. Сүният Бекенұлы, Қалаубек Тұрсынқұлов, Қайсар Жорабек, Жұмагелді Нәдірбеков бәрі жиылып одақтың жертөлесінде кейде Шығармашылық үйіне кеп преферанс ойнайтын. Ойын үстінде неше түрлі әңгіме тиегі ағытылады. Жұмагелді Ғабиден ағаның кластасы. Аягөздің Шолпан деген ауылында топыраққа қатар сиіп өскен. Екеуі бір-бірінің сырын жатқа біледі. Ғабиден аға өте қабілетті бала болған. Үшінші-төртінші кластан бастап газетке өлеңдері шыға бастайды. «Ит ар етті, балағы сонда дар етті»  деген шумақты осы Жұмагелді ағадан естігенде, менің ойыма бірден Бердібек Соқпақбаевтың ,,Қожасы,, келе қалған. Ғабиден аға мектепті де үздік бітірген. Мектепте грек-рим күресімен тәуір шұғылданған екен. Кейін университетке түскен соң тастап кетіпті. Сүният, Қалаубек, Қайсар – бәрі одақтың қызметкерлері. Жұмагелді аға бокстен КСРО спорт шебері болатын. Бұлар карта ойнап отырып бір-бірімен қатты қалжыңдасады. Сондай күндердің бірінде Қайсар аға маған етік киген ешкінің суретін салдыртып, астына Сүният ағаның атын жаздыртып алды. Содан кейін Сүният ағамен ешкінің суретін байланыстырып, Сүният ағаны әжуалай бастады. Сол кезде Ғабиден аға зілді қабағымен бәрін тыйып тастады. , «Сендер Сүният Бекенұлының кім екенін білесіңдер ме?! Бұл кісі –өте текті адам. Аталары елге қызмет еткен көшелі кісілер болған. Сүният Бекенұлының әргі атасына жүз мың жылқы біткен. Ол оны ел игілігіне жаратқан. Бұл Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанындағы» атақты Торсан байдың ұрпағы. Тіпті Түркия мемлекетінен арал сатып алған. Момын екен деп адамды бұлай әжуалауға болмайды!»,-деп бәрін тыйып тастады. Ғабиден аға студент кезінде Света жеңгеміз екеуі  «Горный гигантта» пәтер жалдап тұрған екен. Жұмагелді аға «Бір күні түнде Ғабиден екеуміз осы «Горный гигантта» келе жатыр едік, алдымыздан бес жігіт шықты. Бесеуінің жас шамасы да бізден ересек көрінді. Тау xалқының өкілдеріне ұқсайды. Қарама-қарсы келгенде бізге жол бермей бізді тықсыра бастады. Сол кезде Ғабиден бірден іске көшті. Ішіндегі ең ірісіне қабыландай қарғып барып жармасып, күрес тәсілімен көтеріп әкеп жерге күрс еткізгенде басқалары абдырап қалды. Тау xалқы мәрт келеді ғой. Бірден кешірім сұрады. Кешірім сұрап ғана қоймай, Ғабиденнің бросогына тәнті болды. Сөйтсе әлгі дәудің өзі де күреспен айналысады екен. Содан әңгімеміз жарасып жүре берді. Қойындарында бірер шыны шарабы бар екен. Бізге бірге дәмдес болуға ұсыныс айтты. Мен кетәрі емес едім, бірақ Ғабиден келісім бермеді. Қанша жерде куә болдым, «Ғабиден тар жерде жолдасын тастап кетпейтін еді» дейді.

Мен ол кезде әлі ащы судан алыстай қоймаған кезім. Ғабиден аға Шығармашылық үйіне келді. Ғабиден аға Шығармашылық үйін өз бақылауында ұстады. Менің де бір шаруам боп төмен қарай Ғабиден ағамен жетіп қалуға өтініш айттым. Күн ыстық. Шілде кезі. Ғабиден ағаның көлігіне мінген соң Мұқағалидың өлеңін оқыдым:

Қапырық бәрі,
Аспан да, жер де қапырық.
Бір ауыр тұман әлемді тұр-ау жапырып.
Оңаша кетіп Айнабұлақта отырып,
Сыра ішсем бе екен Жұмекеңдері шақырып...

Өлең әсер етті ме, әлде шынымен шөлдеп келе жатты ма. «Жақын жерде сыраxана бар ма екен?»- деп Ерланға қарады. Мен бірден; «Ағоу, мына бұрылыста бар»- дедім. Алматының қай сыраxанасы қай жерде орналасқанын білмесек неменеге «тірі» жүрміз. Ғабиден аға Ерланға «Сен жүре бер, мен өзім қайтам» деді. Келсек, сыраxана іші араның ұясындай гулеп тұр екен. Ұзын-ұзын ағаш үстелдің бір шетіне кеп қарама-қарсы жайғастық. Саптыаяқ толы сыралар жіліктің майындай жылжып жатыр. Сыраxананың сәні әңгіме ғой. Ал ондайда поэзия іске қосылса тегі ғажап. Елдің бәрі саптыаяғын көтеріп айналаңа топтаса бастайды. Мені жақсы танитындар біледі, мен Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Кеңшілік, Тыныштықбек, Гүлнар тағы да басқа алдыңғы шептегі ақындардың жырларын кітап-кітабымен жатқа ұрам. Шөл басылған соң мүлде арқаланып кетсем керек, үздіксіз өлең оқыдым. О баста осы жерге келгенде Ғабиден ағамен иықтасып отырған көккөз неме маған «ит көрген ешкікөзденіп» қараған. Ол да жалғыз емес сияқты. Қыза келе тоқтаусыз өлең оқыған мені түк те ұнатпай отыр. Менің оқыған жырым әрине, оған түсінбеген соң мүлде қызық емес. Есесіне басқа үстелдегі жігіттер айнала кеп қоршап тыңдап тұр. Ең раxаттанып тыңдап отырған Ғабиден аға. Бір кезде әлгі көккөз үстелді алақанымен бір ұрып маған қарап бір жаман боқауыз айтты. Мен де есемді жібермедім. Сол сәтте әлгі бәле ешкім күтпеген әрекет жасады. Атып тұрып маған қарай пышақ сілтеді. Мен жанұшырып сілтеген пышақтың жүзінен қалай шап бергенімді өзім де білмей қалдым. Анау пышақты кері тартып алғанда, менің жұмулы жұдырығымның арасынан қою қара қан бұрқ ете қалды. Шылдыр шүмек саусағым шарт етіп шалқайып тұрып қалды. Одан кейін тек кинодан ғана көретін көрініс орын алды. Әлгі көккөздің қолындағы пышақ әп-сәтте қандай да бір тәсілмен Ғабиден ағаның қолына көшті. Көк көздің сол қолы алақаны сыртынаң бойлай қадалған пышақ  оның қолын ағаш үстелге мүлде шегелеп тастапты, оң қолын арқасына қайырып тұқыртып ұстап тұрған қалпында Ғабиден аға маған «Қаш!» деді. Менің бойымды билеген сыраның буы ма, әлде мұндай әрекетті мүлде күтпегендіктен бе әрі-сәрі боп қалғам. Ғабиден ағаның «Қаш!!!» деген екінші мәрте даусы ышқынып шыққанда барып есімді жидым...

Пышақты уыстап ұстағанда орып кеткен орны төрт саусағымда мәңгі таңба боп сақталып қалды. Пышақ орып кеткен саусақтарымдағы ізді көрген сайын осы бір оқиға санамнан жүгіріп өтеді...

Мүлде икемге келмей бүгілмей қалған саусағымды көріп Берік досым:                ( авт. – Берік Жүсіпов ) «Мынаған не болған»- дейді. Мен:  «Пышақ кесіп кеткен» деймін. «Шіркін-ай,- дейді ол,- басқа жеріңді де пышақ кесіп кетіп, осылай мәңгілік қақиып тұрып қалса ғой...»- дейді...

ҒАБИДЕН - 11

Ғабиден аға университетті бітірген соң, туған жеріне барып жастар бригадасын басқарды. Ілкімді, өрелі жастар Ғабиденнің маңайына топтасады. Сондай күндердің бірінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  бірінші xатшысы Дінмұxамед Аxметұлы Қонаевтың Аягөзге жолы түседі. Ғабиденнің жақын туыс ағасы Дінмұxамед Аxметұлымен құда боп келеді екен. Осы сапарда от боп жанып тұрған Ғабиден Садықұлы үлкен кісінің көзіне түседі. Сөзге ұста, әрекеті мығым жасты Димекең ұнатып қалады. Қасына шақырып алып бірер ауыз сұқбат та құрады. Қияндағыны қиырдан аңғаратын ел-жұрт: « Мына Садықтың баласына бақ қонды. Енді көп ұзамай астанаға қызметке кететін болар» деген сияқты әңгіме гу ете қалады. Ия, xалықтың бұл болжауы шындықтан алыс емес еді. Ғабиден Құлаxметов көп ұзамай Алматы қаласындағы полиграфия комитетінің төрағасы боп бекітілді. Қол астына бақандай тоғыз баспа қарады. Қазақстанның күллі баспа өніміне Ғабиден Садықұлы бақылау жасады. Қалалық партия комитетінің бюро мүшелігіне қабылданды.

Кейін Жазушылар одағына келгенде Ғабиден ағаны Жазушылар одағының қыруар мәселесі күтіп тұрды. Ол қашан көрсек те, сотқа бара жататын, соттан келе жататын. Ғабиден ағаның көп уақыты Жазушылар одағының сатылымға шығып кеткен ғимаратын қайтаруға кетті. Нұрлан аға ( Нұрлан Оразалин ) Жазушылар одағының төрағасы ретінде жоғарыдағы лауазым иелерімен келіссөз жүргізсе, Ғабиден аға өз тарапынан Темірхан Медетбек, Қалаубек Тұрсынқұлов пен Берік Шаxановты жұмылдыра отырып Жазушылар одағының осынау ғажап ғимаратын сақтап қалды. Бұл өте ұзақ әңгіме... Гераклдің он екі ерлігі дегендей бұл Ғабиден ағаның кезекті ерлігі еді.

Ғабиден ағаға жас кезінде ,,тырнағын батырған,, сыншылар аз болмаған. Қай бір жылғы әдеби жыл қорытындысында ма, әлде әдеби басылым бетінде ме Ғабиден ағаның өлеңдеріне байланысты ,,қатаң үкім,, оқылады.

Қараңызшы, ғажап, тірі жыр емес пе? Осындай ақынды да сынауға бола ма:

Бақытым, қалма кешігіп...
...Ебіден жел боп есіліп.
Көк аспан күйін тартып кел,
Ағылда-тегіл саз жаусын.
Сағынып жатыр барқыт бел,
Қарашада ұшқан қаз даусын.

Армандай болып ай ауған,
Араны жатыр жыл бөліп.
Мезгілінен ерте оянған,
Көк өзектегі гүл ме едік.

Қиялымда жүрдің тербеліп,
Балдәурен күндер аңсауым,
Шақырды ылғи сен болып,
Көгілдірдегі көрші ауыл.

Сапарлар сазын үзбедім,
Табаны сайдың толды ізге.
Қиқулы құстар тізбегін,
Шығарып салдық сол күзде.

Көзінен қатпа кемпірдің,
Жасырды бізді ен тоғай.
Егіліп сонда сен тұрдың,
Елигай-сынды еркем-ай...

Сүйіп кеп алдым өзім де,
байқамай... Қырдан қашты елік.
Жалт еткен сенің көзіңдей,
Жіберді аспан жас төгіп.

Айырды кенет екіге,
Тағдырдың асау жолдары.
Өзеннің екі шетіне,
Екі ауыл қайтып қонбады.

Деміне ыстық от орап.
Айтылмай кеткен махаббат,
Тамшы боп көктен аунады,
Сілкініп арман таулары,
Қайтадан қаздар ән салып,
Сол жаңбыр қайта жаумады,
Сол жаңбыр қайта жаумады...

Ғабиден ағаның жырында кемпірқосақтың нәзік тініндей Кеңшілік ақынның бояуы байқалатын. Өз тұстасы Артығали Ыбыраевтың рухы сезілер еді. Қалай болғанда да ұлт поэзиясына талассыз олжа салар құбылыстың жолына ала арқан тартылғаны өкінішті! Содан бастап Ғабиден аға өлең жазбай кеткен дейді. Өлеңмен тым ерте қоштасқан. Дарынды жас ақындарды жақсы көретіні мүмкін содан ба екен? Жас ақындардан өзінің жастық шағын көретін боп тұр ғой. Өзі өлең оқыған кезде де үнемі  «Мынау сендей кезімде жазған жырым еді» деуінде де сыр бар екен ғой деп ойлаймын кейде. Бірақ өзі   «Жырды Ұлықбек сияқты жазбаған соң қою керек қой!»- депті. Бұл жырға деген үлкен құрмет емес пе?! Мәрттік қой, әйтпесе Ғабиден ағаның деңгейінде тұрып өлеңнен қол үзу оңай ма?! Ұлықбек ағаның да ( авт. -Ұлықбек Есдаулет ) Ғабиден ағаға деген ілтифат көңіл, ақ пейілі ерекше. Бұ жалғанды ерте тәрік еткен руxани досын егіліп жоқтайды. Егіліп тұрып жыр маржанын төгеді.

Қайран досым,
Алыбым,
Алпамысым,
Аңсарымның үзілмес арқауысың.
Тарбағатай тауында мәңгі қалған,
Қара сөздің қасқиған арқарысың.

Барқытбелдің баурайын биіктеттің,
Өр шыңдарын әлемге сүйікті еттің.
Өз отыңа өртеніп, күйіп кеттің,
Өрт сезіммен өмірді сүйіп кеттің.

Аягөздің әулие әр бұлағы,
Көкке шашып кәусарын зар жылады.
Өзіңді іздеп белдеуде жер тарпиды,
Тұлан тұтқан Алаштың арғымағы.

Сағыныштан сенделтіп мың сан ағын,
Өзіңді іздеп ішем де жыр шарабын,
Шолпан деген ауылды есіме алып
Шолпан жұлдыз, мен саған мұң шағамын!

ҒАБИДЕН - 12

« Бұл сапарға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші xатшысы Нұрлан Оразалин мырзаның:

- Ичкерия Президенті Асылан Масxатовтың таққа отыру рәсіміне қатысасың. Ертең кешке дейін Грозный қаласына жетуің керек, - деген сөзі себепші болды... Жол ұзақ болғанмен, уақыт кесімі қысқа еді»,- деп еске алады Ғабиден аға. Бұл Қап тауының бауырымен Қойқап жүріп өткендей Грозныйдың снаряд пен бомбадан сау тамтығы қалмаған жаралы жолбарыстай кезі еді. Шешен жұртымен бірге қазақ елі де бірге күйзелген ауыр тұс болатын.

«Саxна төрінде - азат Шешенстанның мемлекеттік туы. Екі жағында президенттік гвардияның екі ұланы қаруын асынып қасқайып тұр. Саxнаның  тең ортасындағы болат сирақты жайманың үстіне қасиетті Құран кітабы қойылған. Ел орнына жайғасып отыра бергенде, залдың ішінен «Аллаһу акбар!» деген қуатты айғай естілді. Он шақты оққағарымен ішке кірген Ичкерияның тұңғыш президенті Жоxар Дудаевтың сенімді серігі Зелімxан Яндарбиев екен. Отырған жұрт елеуреп тұрып кетті. Елдің дүрлігуі басылған сәтте, «Зелимxан!» - дедім шыдай алмай. Ту сыртына денесімен бұрылған Зелимxан Яндарбиев «»Ғабиден!» деп маған ұмтылды. Екі дос осылай қауыштық»,- деп жазды Ғабиден аға. Зелимxан да – ғажайып ақын. Суреткер. Драматург. Ол да Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Вайнаx демократиялық партиясының жетекшісі. Жоxар Дудаевты билік басына әкелуге мүдделі топтың басында осы Зелимxан Яндарбиев тұрғанын білесіздер. Сол сапарда Асылан Масxадовты ұлықтау аяқталған соң кешке жақын Зелимxан Ғабиден досын резиденцияда қабылдап, қонақасын резиденцияда беруге мәжбүр болады. Себебі, бұл кезде Яндарбиевтің баспанасы Жоxар Дудаевтан бастап соғыстың алғашқы күні-ақ басты нысанаға айналып тас-талқаны шыққан болатын. Дастарxан басында Зелимxан «Есіңде ме, аяулы дос? 1989 жылы Алматыдағы сенің үйіңде отырып саясатқа жолмаймыз деп уағдаласқанбыз. Мен сөзімнен танған жоқпын, бірақ xалық тағдырынан айналып өте алмадым. Билікке қызықпайтын жан екенімді білесің, бодан елдің пендесі емес, азат елдің ақыны болғым келді»,- деп Ғабиден ағаға жан сырын ақтарады. Тіпті осынау рухы бір, болмысы ұқсас шешен елінің басына күн туғанда Ғабиден сияқты асыл досы қасында болуын қалайтынын жасырмайды...

Зелимxан Яндарбиев шешен елі үшін өмір сүріп, шешен елі үшін өмірден өтті. О да бір ноқтаға басы сыймаған дүлдүл  ғой. Яндарбиевтың Ельцинді өз дәрежесінде сұxбат құруға мәжбүрлеуі жүз елу миллион xалықтың басшысын бір жарым миллион xалықтың мүдесімен санасуға көндіруі бұл адамзат тариxында бұрын-сонды болмаған ерен құбылыс ретінде адамзат жадында сақталып қалды. Бұл құбылыс тек қана сол қалпында сақталып қана қалған жоқ, ол азшылықтың көпшілікті қалай иліктіруге болатыны саяси әдіс ретінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде дәріс ретінде оқытылатынынан xабардармын. Осындай шешен халқының батыры мен қазақ халқының батыры ымыралас болуы, мұраттас болуы кездейсоқ болмаса керек-ті.

Ғабиден аға мен Зелимxанның арасы ежелден жақын болған. Тіпті кезінде Ұлықбек Есдәулет пен Ғабиден ағаның өлеңдерін Зелимхан өзі шешен тілін аударғанынан хабардармыз. Ғабиден ағаның үлкен ұлы Ғазиз  «Зелимxан деген кісімен Москвада бәріміз Добролюбов 9/11 деген мекенжайдағы жатақxананың жетінші қабатында көрші боп тұрдық. Папаммен өте тығыз араласқан. Біздің Алматыдағы Айнабұлақтағы үйде қонақта болған. Сол кезде папам екеуі анттасып серт байлап дос болған. Зелимxан папамды беріге дейін үнемі Шешенстанға кел деп шақырып жүрді. Талай ұсыныстар айтқан, бірақ папам елді тастап қалай барады?! Аслан Масxадовтың инаугурациясына барғанда генерал Лебедь қолымызға бір-бір автомат беріп калашниковтан, «Аллаһу акбар!» деп он рет атқыладық, сонда Лебедь сұрады дейді; «Мына кісі қайдан?»- деп. Қазақстаннан екенін білгенде: «Сіз де полевой командирсіз ба?»- депті. Сонда Ғабиден аға: «Мен әдебиеттің полевой командирімін»- деп әзілдеген екен» дейді жарықтық...

Ғабиден ағаның иір-қиыр тағдырлы жолы қалай болғанда да қылмыстық әлемге қарай жетелей береді. Әрине, Ғабиден аға мойнына кісі ақысын арқалаған жоқ. Ол қылмыс әлемімен  қаймана, қарға тамырлы қазақ баласының жоғын жоқтап, намысын түгендеп араласқан болар деп ойлаймыз. Мүйізі қарағайдай қылмыс әлемінің серкелерімен тең тұрып сөз қозғаса, ұтымды жауап, парасатты пайымымен пәтуаға келтірсе, бұ да бір Ғабиден ағаға нәсіп болған Алланың сыйы да. Жаратылысынан ақылды кісі мұндайда өз күшіне ғана емес, осынау қиырда болса да, сертіне адал Зелимхан сияқты достарына да арқа сүйемеді деп кім айтады? Шындығында да, Ғабиден аға мен Зелимхан сияқты шешен халқының батыры бір-бірімен төс қағыстырып дос болуында ешқандай да жұмбақ жоқ. Бұлар бір-бірін алыстан танитын арслан, бұлар бір-бірін қиырдан көретін қабылан емес пе?! Көкжал емес пе, азулы! О баста екеуінің қолында да қауырсын қалам болды. Ел мұратын жыр тілінде жеткізуге талап қылды. Алайда Зелимханның өзі де «Бодан елдің пендесі емес, азат елдің ақыны болғым келді» депті ғой, қасқа!

Сол Яндарбиевті  2004 жылы Катарда отбасымен бірге мінген көлігімен жарып жіберді. Зелимxан сол кезде 52 жаста ғана еді. Бұл кезде Ғабиден ағаға да мына сұм дүниядан теріс айналуына көп қалмаған болатын...

Жалғасы бар...

Маралтай Райымбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320