Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 1930 8 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 16:02

Ескі жүйенің өкілдеріне жаңа Қазақстанда орын бар ма?

Алматы облысы ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев бас бостандығынан 10 жылға, полиция генерал-майоры атағы мен мемлекеттік наградаларынан мәңгіге айырылды. Әйткенмен ол «сүттен ақ, судан тазамын» деуден танбады. «Мен кінәлі емеспін. Өз халқыма, әйелдер мен балаларға оқ атпадым, азаптамадым», – деді Күдебаев сот отырысында. 

Кеше сотты болған экс-генералдың былтырғы қаңтарда «тас қамалын» тастай қашуы детективке бергісіз көрініс болған еді. Соттағы өтірік-шыны аралас айтқан сөзі осы оқиғаның жан тебірентерлік экшн-фильмге айналуына ыңғай білдіріп тұрғандай.

Күдебаевтың соты биыл қаңтар айында басталды. Мемлекеттік айыптаушы оның қылмыс дәрежесін ескере отырып, тоғыз жыл бас бостандығынан айыру керек деп тапқан. Алайда Күдебаев ауруханаға түсіп, 10 наурызда өтетін сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілді. Осы уақыт бойы экс-генерал мырза қамақта отырды. Наурыз айының аяғына таман мырза қамақта отырған қарағымнан көз жазып қалдық.

Қазақстанның шекара қызметі Күдебаевтың ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пункттері арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтпегенін хабарлады. Ал 27 сәуірде оның Түркияда ұсталып, елге жеткізілгені белгілі болды. Туыстары болса: «Күдебаев әділдік іздеп, Қазақстанға өз еркімен оралды», – деп мәлімдеме жасауға асықты. Рас, оның «өз еркімен» берілуі өте «қиян-кескі» жолмен жүзеге асты.

Қоян аяғын жеген экс-генерал «әділдік іздеп» әуелі тауды кесіп өтіп, айыр қалпақты ағайынның жеріне барыпты да, Манас әуежайынан Ыстамбұлға аттаныпты. Оның үстіне Түркияда тұруға рұқсат сұрап үлгеріпті де. Ол «әділдікке жету» үшін дәл осындай «төте жолды» таңдауға мәжбүр болыпты-мыс.

Күдебаевқа «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік», сондай-ақ «Билікті немесе лауазымды асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылды.

Бірақ даусыз факт: «Қанды Қаңтар» тұсында, Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін Алматы облысының коменданты қызметін атқарған Күдебаев қарулы күзетшілерін ертіп, полиция бөлімінің ғимаратынан шығып кеткен. Ол мемлекеттік маңызы бар органды қорғауы керек еді. Нәтижесінде, бүлікшілер ғимаратты басып алып, қару-жарақтарды ұрлап кеткен. Қолды болған қару-жарақ кейін көшеде атылған.

Митиңді бастаған халықтың сыбайласы ма, әлде «қай жеңгенің менікі» деп әліптің артын бақты ма – Күдебаевтың қаңтар оқиғасындағы рөлі туралы әлі нақты жауап жоқ.

Ал мұндай адамдар сол кезде қазақ элитасында өте көп болатын. Бұл мәселеде сенімді түрде кесім айту қиын, сондықтан осынау оқиға экс-генералдың болашақ тағдырына жақсы немесе жаман әсер етпеді. Бір жағынан, оның жазасы 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған тағы бір экс-генерал, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның екі орынбасары – Асхат Садықұлов пен Дәулет Ерғожинге қарағанда жеңіл.

Екінші жағынан, сот оған үш жылға бас бостандығынан айырылған Мәсімовтің орынбасары Марат Осиповқа қарағанда әлдеқайда ауыр жазаға кесті. Алайда қай жағынан алып қарасаңыз да Назарбаев тұсында шен мен лауазым алған генералдардың көбіне Жаңа Қазақстанда тықыр таяған. Олардың «жұлдыздары» мен «жолақтары» иығында сол күйі тұр. Дегенмен әлі қанша тұратыны белгісіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір кездері түкірігі жерге түспеген «құдіретті» экс-генералдардың тағдырына ғана емес, «Назарбаевтар кланының» билік ету тарихына да нүкте қоюға бел байлады. Оларға президент Тоқаевтың жаңа Қазақстанында орын жоқ.

«Күдебаев ісі» – «Біріншіге» құлай берілгендерден арылу процесінің басы болған жоқ және соңы да емес. Бәлкім, шулы сот процестері болмайтын шығар, бірақ отставкалар толқыны, қызметтен босату, «ескі күнәлар» үшін қозғалатын қылмыстық істердің көбейетіні анық. Бұған қоса Мемлекет Басшысы саяси және бизнес элитаның, сондай-ақ «билікке көтерілген қазақстандық генералдардың» қатарын тазартады.

Ол мемлекеттік аппаратты біртіндеп тазартып жатыр. Тұңғыш президенттің жиені Қайрат Сатыбалды жемқорлық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Дариға Назарбаеваның досы Қайрат Боранбаев квазимемлекеттік құрылымдардың қаржысын жымқырды деген күдікпен қамауда отыр. Ұзақ жылдар бойы НӘН-нің «жеке банкирі» саналған Кәрім Мәсімовті ұзақ уақытқа темір тордың арғы жағына жіберді. Процесс басталды, алайда Қазақстанның жаңа Президентінің ең радикалды жақтастары мұны жеткіліксіз деп есептейді.

Олардың пікірінше, Тоқаев кейінгі 25 жылда бұрынғы Президенттің төңірегіндегі адамдар оффшор арқылы шетке шығарған шамамен 160 миллиард долларды қайтарғанда, мемлекеттік мекемелерден «Назарбаев рухы» мүлде жойылғанда жеңіске жетеді. Бірақ осынау радикалдардың көңілі қалатындай жағдай бар. Қасым-Жомарт Тоқаев – «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасымен әрекет ететін саясаткер. Ол айналасын ескіден арылтуды бастауға болатынын жақсы түсінеді, бірақ оны тоқтату немесе кем дегенде, бақылау өте қиын екенін де біледі.

Сондай-ақ, Тоқаевқа бұған дейін орын-тақта отыз жыл отырған кісі қалдырған саяси және әлеуметтік «миналардың» санын да ұмытпауымыз керек. Мина алаңында би билемейді. Сондықтан Қазақстан ескі-құсқыдан демде арылып, күрт жаңарып кетеді деп күтуге болмайды.

 

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371