Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2442 0 пікір 15 Мамыр, 2013 сағат 05:51

Бектесін Сейсекенова. Баламды өлтіргендер бостандықта тайраңдап жүр...

Өз басыма іс түскенге дейін, құқық қорғау органдарының әділетсіздігі туралы айтылған, жазылғандарға көп сене бермеуші едім. Өткен жылдың қаңтарында көзімнің ағы мен қарасындай болған, ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған ұлым кісі  қолынан қаза тапқаннан кейінгі шындық іздеген шырғалаңым барысында құқық қорғау органдарының, оның ішінде ішкі істер саласы мен заңдылықты қадағалайтын негізгі орган - прокуратураның  селқостығы мен былайғы адамға да анық байқалып тұрған айғақтар мен дәлелдерді көрмей қалатындығына көзім әбден жетті. Алғашқы кезде: «Балаңызды өлтіргендерді дереу ұстаймыз, барлығы анық. Телефоныңыз бізде  бар. Өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салған Талдықорған қалалық ІІБ тергеушісі М. Балабеков 212 жылдың 24 қаңтарында ҚР ҚК-нің 96-бабының 1-тармағымен қылмыстық іс қозғаған еді. Күдікті ретінде анықталған Абай Қожабек те ұсталып, уақытша оқшаулау орнына қамалған болатын. Алайда, ол екі күннен соң босатылып, тергеу барысында екі рет тоқтамға алынып, қайта жаңғыртылған қылмыстық іс ақыры қысқартылып тынды. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылдың 14 тамызында жоғарыдағы М. Балабеков ҚР ҚІжК-нің 50-бабының 1-тармағындағы 2-тармақшаға сай қылмыстық істі өндіріспен қысқартып жіберді.

Өз басыма іс түскенге дейін, құқық қорғау органдарының әділетсіздігі туралы айтылған, жазылғандарға көп сене бермеуші едім. Өткен жылдың қаңтарында көзімнің ағы мен қарасындай болған, ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған ұлым кісі  қолынан қаза тапқаннан кейінгі шындық іздеген шырғалаңым барысында құқық қорғау органдарының, оның ішінде ішкі істер саласы мен заңдылықты қадағалайтын негізгі орган - прокуратураның  селқостығы мен былайғы адамға да анық байқалып тұрған айғақтар мен дәлелдерді көрмей қалатындығына көзім әбден жетті. Алғашқы кезде: «Балаңызды өлтіргендерді дереу ұстаймыз, барлығы анық. Телефоныңыз бізде  бар. Өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салған Талдықорған қалалық ІІБ тергеушісі М. Балабеков 212 жылдың 24 қаңтарында ҚР ҚК-нің 96-бабының 1-тармағымен қылмыстық іс қозғаған еді. Күдікті ретінде анықталған Абай Қожабек те ұсталып, уақытша оқшаулау орнына қамалған болатын. Алайда, ол екі күннен соң босатылып, тергеу барысында екі рет тоқтамға алынып, қайта жаңғыртылған қылмыстық іс ақыры қысқартылып тынды. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылдың 14 тамызында жоғарыдағы М. Балабеков ҚР ҚІжК-нің 50-бабының 1-тармағындағы 2-тармақшаға сай қылмыстық істі өндіріспен қысқартып жіберді.

Талдықорған қалалық прокуратурасына шағымдандым. 27 тамызда қалалық прокуратураның бөлім бастығы А. Жұмағұлов ішкі істер басқармасы тергеушісінің қылмыстық істі өндіріспен қысқарту жөніндегі қаулысын негізсіз деп бұзып, істі облыстық  полицияға қайта тергеуге жөнелтті.

31 тамыз күні қылмыстық істі Алматы облыстық ІІД тергеу басқармасының аға тергеушісі М. Жанатұлы өз өндірісіне қабылдағанда, әділдік салтанат құратын болды деп үміттенген  едім. Алайда, оным ұзаққа созылмады. Араға апта ғана салған М. Жанатұлы қылмыстық істі қылмыс құрамы жоқтығына байланысты деп өндіріспен екінші мәрте қысқартты. Сол 2012 жылдың 11 қазаны күні ҚР Бас прокурорының орынбасары Н. Исаев аға тергеуіші А. Жанатұлының шешімін заңды деп тапты.

Мен олардың бірде-бір шешімімен келіспейтінімді айтып, Талдықорған қалалық сотына шағыммен  шықтым.  Қалалық соттың судьясы А. Аенов істі ақ-қарасын айыра отырып қарап, бүге-шігесіне дейін тексерді және менің болжамымның ақиқат екендігін анықтады. Сот барысында полиция қызметкерлерінің шалағайлығымен бірге тергеушілердің жалтақтығы және  білімсіздігі анық байқалады.

Осы сөздерім нақты болу үшін Талдықорған қалалық сотының судьясы А. Аеновтың 2012 жылы 10 желтоқсанда қылмыстық істің қысқартылуымен келіспейтіндігімді білдірген менің шағымымды қанағаттандыру туралы шығарған қаулысынан үзінділер келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.

2012 жылдың 23 қаңтарында Талдықорған қаласындағы «Жетісу» шағын ауданы маңындағы жихаздар дүкенінің қасында екі жігіт: оқиға орнында қаза тапқан  Айбек  Сейсекенов пен оның өліміне себепкер болды  деген күдікті  Абай Қожабек өздерінің  ортақ таныстары Алуа Дакариеваға қатысты түсінбестікті тарқату үшін жолығады. Сол жерде екі жігіт арасында қақтығыс туындап, А. Сейсекенов пышаққа түсіп, үсті-басы қанға боялып, сол жерде қалған. Ал  А. Қожабек пен А. Дакариева дереу таксиге отырып, Алматыға қашып кетеді де сол жақта жасырынып жатып, оқиғаның беталысын бақылайды. Артынан анықталғандай, А. Сейсекеновтің сол жақ бұғанасынан төменге қарай бағытталған аса қуатты соққыдан кейін 15 сантиметр тереңдікке дейін еніп кеткен пышақтың жүзі қолтық тұстағы күретамырды қиып кеткен. Ол дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен, сол жерде  қансырап қайтыс болған. Тергеуші Балабеков сотта күдіктілердің оқиға орнынан қашып кеткендігіне және киімдеріне жұққан қанды жуып тастағандарына қарамастан, А. Дакариеваның күртешесінің екі жеңіне жұққан қан дақтары көрініп тұрғанын, бірақ күдікті мен жәберленушінің қандарының құрамы бірге болғандықтан оны сот-дәрігерлік сараптамаға жібермегенін айтады. Пышақты таппаған, күдіктілерді Алматыға алып кеткен таксисті де іздемеген, сезіктілер тоқтаған қонақүй қызметкерлерінен сұрау алмаған. Және сот отырысы барысында бұларды жасырмайды. Сонымен бірге А. Қожабектің пышақпен жүретіні және Дакариеваға ұялы телефонмен хабарласып, «өлтіремін» деп қорқытқаны, тағы да басқалай қоқан-лоқы жасағанына қатысты анықталған деректер де іске тігілмепті. Тергеуші күдіктілердің өздерін ақтап сөйлегендерін ғана басшылыққа алады. Олардың Сейсекеновтің Қожабекке пышақ ала жүгіргенін және Дакариеваның кедергі болуынан соң жығылып, қолындағы пышаққа құлағаны туралы мәлімдемелеріне ғана сүйенеді. Мұнда құлаған жанның қолындағы пышақтың ары кеткенде кеуде тұсқа кіретіні, ал Сейсекеновке пышақтың со жақ шықшытты жанамалай, бұғанадан төмен қарай сұғылғаны мүлде ескерілмей қалған. Дакариеваның  сыртқы киімінің екі шынтағына дейін қан болғаны және оны Алматығы барғанда жуып тастадым дегені де еленбеген. Оның жеңдерінің қанға қандай жағдайда малшынғаны да зерделенбеген. Бұдан басқа да  тергеу талаптары жүзеге асырылмаған. Тоқ етерін айтқанда, істі тезірек қысқартып, құтылуды ғана ойлаған.

Өткен жылдың тамызының соңына таман қалалық прокуратура кері қайтарған қылмыстық істі өндіріске  қабылдап алған облыстық ІІД аға тергеушісі А. Жанатұлы болса, қалалық ІІБ әріптесі Балабековтің өзіне дейін алған жауаптарын үтір,  нүктесіне де қалдырмай көшіріп, қолын қойып, іске тіге салады. Прокуратура тарапынан қосымша сараптамалар тағайындау, сот-кримналистік сараптама жүргізу жөнінде жүктелген тапсырмаларды орындамаған.Сот кезінде өзінің осынау жауапсыз әрі жөнсіз әрекетін: «Қазақша дұрыс білмегендіктен, Балабековтің істі қысқарту туралы қаулысын көшіріп басып, қол қоя салдым» деуін жауапсыздық деуден гөрі лауазымдық қылмыс десек дұрыс болады. Осылайша, қос тергеуші адам өлтірді деген күдікпен ұсталған жанның жауаптан жалтаруына барлық жағдайды жасайды.

Сот барысында анықталғандарға сай,  ҚР ҚІжК-нің 109 және 325-баптарын басшылыққа алған қалалық соттың судьясы Алматы облыстық ІІД аға тергеушісі М. Жанатұлының қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын заңсыз деп тану жөніндегі менің талабымды қанағаттандырып,  қылмыстық істі облыстық прокуратураның арнаулы тергеу орталығына алдын ала тергеу жүргізу үшін жөнелту туралы шешім қабылдады.

Арада үш күн өткенде (жеделдігін қарасаңызшы) 2012 жылдың 13 желтоқсаны күні Талдықорған қаласы прокурорының міндетін атқарушы І. Бескемпіров Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасынына Талдықорған қалалық сотының судьясы А. Аеновтың шешімімен келіспейтіндігін айтып,  жеке наразылық жазады. Онда ол өздері анықтаған деректерді келтіре отырып, облыстық ІІД аға тергеуішісі А. Жанатұлының қаулысын күшінде қалдыру туралы ұсынысын білдіреді.

Дегенмен, 2012 жылдың 25 желтоқсанында судья  Қ. Жантасовтың төрағалық етуімен осы жеке наразылықты қараған Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Талдықорған қалалық сотының қаулысын күшінде, прокурордың жеке наразылығын қанағаттандырусыз қалдырады.

Кісі өліміне қатысты қылмыстық істің мәселесі осымен бітті, қылмыстық іс қайта қозғалды, қылмыскерлер жазасын алды  десеңіз қатты қателесесіз.

Өткен жылдың 27 желтоқсанында маған ҚР Бас Прокуратурасының 2-ші департаментінің бастығы Т. Жанғарашевтің қол қоюымен келген хатта: «Сот қаулысында келтірілген нұсқаулар мен сіздің уәждеріңіз қосымша тергеу амалдарын жүргізу барысында орындалып, қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданады» деп жазылған.

Осы жылдың 28 қаңтарында жоғарыда аталған департаменттің басқарма прокуроры М. Махметов Алматы облысы прокурорының орынбасары С. Бакировқа менің арызымды жөнелтіп, жан-жақты тексеру жүргізіп, тиісті шешім қабылдауды тапсырады және хаттың көшірмесін маған да жіберді. Баламның өліміне себепкер болып қана қоймай, қансыратып далаға тастап кеткендер жазасын алатын болды-ау әйтеуір, деп тағы да қуанып қалып едім. Қылмыстық іс бұрынғы таз қалпына қайта түсті. Іс басқа тергеуші емес, сол баяғы Балабековке түскен екен, ол көп ойланбастан 28 ақпанда қылмыстық істі тағы да қысқартып жібереді. Сол күні маған хат жолдаған Талдықорған қаласының  прокуроры К. Усипбаев, тергеушінің қаулысымен келісіп отырғанын, сондықтан оны бұзуға негіз жоқтығын жазады. Бір қызығы іле-шала - 2013 жылдың 6 наурызында Алматы облыстық прокуратурасының 2-ші басқармасының бастығы Е. Жақсыбаев қол қойған кезекті сырғытпа жауапта: «қалалық ІІБ тергеушісі қабылдаған шешімнің қалалық прокуратураға келіп түскені және оның заңдылығын қалалық прокуратура тексеріп жатқаны» жазылады. Осы екі жауапқа қарап отырып қайран қаламын. Араларында үй жоқ, көршілес отырған қалалық және облыстық прокуратурадағылар  бір іс бойынша бір бірінің не шара қолданып отырғанын білмейтіндей көрінеді маған. Өйткені, облыстық прокуратураның іс бойынша арыз қалалық прокуратураға келіп түсті және тексеріледі  деген жауабы, қалалық прокуратураның тергеуші шешімімен келісетіндігі туралы хатына қол қойылғаннан бір апта өткеннен кейін жазылыпты. Осылайша, облыстық прокуратура істі тексеру басталды десе, қалалық прокуратура одан бір апта бұрын істің қысқартылуын мақұлдағанын айтады. Көріп отырғандарыңыздай, көпе-көрнеу жөнсіздік. Тек шығарып салма жазуды ғана меңгергендер тергеу мен тексеруге көңіл бөлмейді. Сол баяғы Балабековтың 2012 жылдың тамызында істі қысқартуға қатысты толтырған қаулысы тағы да сол бойынша қайталанып, алдыдан шығады.

Араға бір айға жуық уақыт салып барып, яғни, 2013 жылдың 2 сәуірінде Талдықорған қаласы прокурорының міндетін атқарушы І. Бескемпіров тағы да хат жолдап, тергеуші Балабековтің шешімімен қалалық прокуратураның келіскенін және оны бұзуға негіз жоқтығын қайталай хабарлады.

Осылайша, әлі күнге әуре-сарсаңға түудемін. Баламды үйден ұялы телефонмен шақырып алып, ақыры өлтіріп тынған Абай Қожабек пен осы қанды қылмысқа басты себепкер әрі қатысушы болып табылатын Алуа Дакариева бостандықта тайраңдап жүр. Ал тергеушілер қайта-қайта қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, прокурорлар оларды мақұлдауды жалғастырып отыр. Қалалық сот пен Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы шығарған, тергеушілердің қаулыларын бұзатын және қылмыстық істі қайта тергеу туралы шешімдері орындалар емес, назардан мүлде тысқары қалуда. Оқиғаның басты себепкерлерінің әрі күдіктілерінің пышақталған баламды сол жерге қансыратып тастап, дереу Алматыға қашып кеткендіктері қылмыс екенін айтпағанда, адамгершілікке те жатпайды ғой. Олар сол арада дереу көмек көрсеткенде ұлымның тірі қалуы да мүмкін еді. Қалай болғанда да, қалалық сот пен облыстық соттың апелляциялық алқасы шығарған әділ шешімдерде айтылған, ескертілген кемшіліктер мен келеңсіздіктердің бірде-бірі орындалмады және түзетілмеді. Тергеушілер, сол ағашқы қаулыларын қайта-қайта көшіріп беріп,  оларын прокурорларға құптатып қана отыр. Осыған орай ҚР Бас прокуратурасының және ҚР Ішкі істер министрлігінің аталған жағдайға шұғыл әрі шешімді түрде назар аударып, күдіктілердге қатысты қозғалған қылмысты істің аяғына дейін жеткізуге ықпал етуін талап етемін.

 

Бектесін Сейсекенова,

Талдықорған қаласының тұрғыны

Алматы облысы.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5400