Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2427 0 пікір 18 Мамыр, 2013 сағат 07:11

Әйелдер кеш қартаятын болды

Зейнет жасын өсіретін заң жобасына жұртшылықтың құлағы түрік. Әсіресе әйелдер қауымы Мәжіліс мақұлдаған жобаны Сенат қайтер екен деумен келеді. Зейнеткерлік жүйесін жаңғыртатын Үкіметтің ұсынысынан Сенат та айныған жоқ. Кеше палата отырысында бір сағат бойы талқыланған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сенаторлардың төртеуі қарсы болып, 33-і қолдады. Айтпақшы, алтауы дауыс беруден қалыс қалыпты.

Зейнет жасын өсіретін заң жобасына жұртшылықтың құлағы түрік. Әсіресе әйелдер қауымы Мәжіліс мақұлдаған жобаны Сенат қайтер екен деумен келеді. Зейнеткерлік жүйесін жаңғыртатын Үкіметтің ұсынысынан Сенат та айныған жоқ. Кеше палата отырысында бір сағат бойы талқыланған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сенаторлардың төртеуі қарсы болып, 33-і қолдады. Айтпақшы, алтауы дауыс беруден қалыс қалыпты.

Әдеттегідей, жоғары палата алдында негізгі баяндаманы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жасап, жұртшылыққа жаттанды болған жобаның жай-жапсарына тоқталған болатын. Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды көздейтін құжаттың басты жаңалықтарына тоқталсақ, мұнда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері ел Үкіметі болса, оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Бұдан бөлек, заң жобасының шеңберінде ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыз мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару қарастырылады. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді. Екінші басты мәселе - дау­дың басына айналған әйелдердің зейнеткерлік жасын  ер-азаматтармен біріздендіру заң жобасында қамтыл­ғандай, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделеді. Әзірлеуші тарап зейнеткерлік жасты бірдейлендіру әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ұлғайту және зейнетақы жинақ­тарының көлемін арттыру үшін ұсынылғанын алға тартады. Құжатты әзірлеуші тарап әлемдегі үдерістерді де алға тартады. Дегенмен бастапқыда сенаторлардың басым бөлігі жобаны жақтырмағандай көрінді. Ал Үкімет пен Ұлттық банк бұған дейінгі уәждерінен қайтқан жоқ.

Жұрт осы Әбденовті неге түсінбейді?

Талқылау барысында алғашқы болып сөз алған Свет­лана ханым Жалмағамбетова маңызы төтенше құжаттың әсіресе әйелдер қауымының қытығына тиер тұсын тілге тиек етіп шықты. «Әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлер­мен теңестіруге келгенде әзірлеушілер дәл солардың келе­шек зейнетақысына алаңдап, соған қамқор болғысы келетіндіктен осындай қадамға барып жатқанын мәлім­дейді.

Алайда олар келтірген бірде-бір аргу­мент негізсіз. Сондықтан да қарапайым жұртшылық министр Әбденовті түсінбейді. Егер, шын мәнінде, әйелдердің келешек зейнет мәселесіне алаңдасақ, соны қазір шешкіміз келсе, онда басты себептің төңі­регін қаузайық: неге әйелдерде зейнетақы жи­нағы жеткіліксіз? Осыны анықтап, сосын шешіп алайық», - деген сенатор ханым әлгі себепке қатысты өз пікірін тізбектеп шықты. Светлана Жақияқызының айтуынша, әйелдердің зейнетақы жина­ғында жеткілікті қаржы болмауының бас­ты себебі - нәзікжандылардың еңбекақы­сының төмендігінде жатыр. Еліміздегі әйелдердің 65 пайызының айлығы 200 доллардан аспайды. Егер бұл санаттағы әйелдер үздіксіз, бала тумастан 40 жыл еңбек етсе де, 63 жасқа толғанда жинаған зейнетақысы 2 млн теңгені ғана құрайды. Ал бұл мөлшер ең төменгі зейнетақыға шағып төлегенде  жеті жылға ғана жетеді.

Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Марченко мырзаның сөзіне қара­ғанда, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту­дағы басты мақсат, қанша дегенмен, ынтымақ жүйесі бойынша зейнетақы төлеуге қаражаттың жетіспеушілігі болып отыр. 19,6 млрд доллар жетпейді деген үрейлі цифрды алға тартады. Бұлай болса, бюджеттің тесігін әйелдердің зейнетімен бүркеу қаншалықты орынды. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының санын көтере алмай, күні кеше ғана «шүкір, 11 миллион­ға жеттік-ау» деп отырғанда Марченконың жаңалығы қазақ ұлтының, болашақ ұрпақтың, қазақ халқының тамырына балта шапқанмен бірдей деп санаймын. Әрине, бұл заң жобасы жайлы жұмыста, жағымды жалақы алатын мен секілді елі­міздегі 5 пайыз ғана әйелдер үшін тиімді. Бірақ ол жалақысы мардымсыз болып отырған 70 пайыз әйелдер қауымына, көпбалалы аналарға, ауылдағы әйелдерге еш тиімді емес. Бұл зиянды және ауыр, қауіпті өндірісте еңбек етіп жүрген 585 мың нәзікжандылар үшін де еш тиімсіз. Сондықтан да халық сайлаған депутат, Әйелдер және отбасы ісі жөніндегі ұлттық комиссияда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам, ең ақыры қарапайым ел хал­қының 52 пайыз әйелдерінің өкілі ретінде мен заң жобасына қарсы дауыс беремін.

Зейнет жасын ұлғайтуды күн тәртібіне шығарудың өзі ерте

Кезекпен сөз алған Иран Әміров те қат­ты кетті. Сенатор заң жобасы аясындағы Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құру туралы норманы қолдайды, бірақ әйелдер зейнеткерлік жасын арттыруды аса даулы әрі күрделі санайды. Тіпті мұны белгілі бір батылдықты қажет ететін шешім ретінде қарастырады.

Иран ӘМІРОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әйелдердің зейнеткерлік жасын 63-ке көтеруді алға тартқанда Үкімет Франция секілді зейнеттің шекті жасы 60-ты, 65 жас­ты құрайтын АҚШ-ты, 67 жасты құрай­тын Германияны, 70 жасты құрайтын Жа­по­нияны көлденең қояды. Алайда жобаны әзірлеушілердің бірде-біреуі сол елдердегі әлеуметтік деңгейдің біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін ескергісі келмейді. АҚШ пен Жапониядағы орташа өмір сүру жасы - 86-87 жыл. Көп­ші­лігінде бір отбасында бір ғана баладан. Отбасылық өмір салты да біздікінен алшақ. Ал Қазақстанға келсек, еліміздегі әйелдер­дің орташа жасы - 72, бұған өзімді сендіре алмаймын. Еуропаны айтасыз, біздің ауылдағы әйелдер мал баққан, әлеуметтік жағдайы тым төмен, қысы-жазы ауыр жұмыстарда көп жылдар істегендіктен, 50 жаста денсаулығы қайтып, тістен айыры­лады, 60-қа келмей қартайып жатады. ТМД деңгейінде зейнет жасын көтеруге құлшыныс жоқ. Ресейдің үкімет басшысы Медведев те әйелдердің зейнет­керлік жасын көтеруді ерте деп санайды. Ми­нистр қызметіне тағайындалған сәтте Серік Әбденов те осындай пікірде еді,  аяқ­ас­тынан неге өзгерді? Қазақтың әйелдері баласын өскенше, немере-шөбересін өл­генше бағады. Еліміз жер көлемі жағынан 9-орын, мұнай байлығынан 8- орын, темір мен көмірден - 3-4,  ураннан -2, хром мен мыстан 1-орын алады деп қақсағанда жағымыз талмайды. Соған қарамастан, буыны сырқырап, тілерсегі майысқан, 58-ді күтіп жүрген қатындарды (өз сөзі. - авт.) 63-жасқа дейін жұмысқа жегетіндей басымызға не күн туды? Мен де қарсымын.

2014-тен кешіктірмеген абзал

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Зейнетақыны жаңғыртуға бағыттал­ған заң жобасымен жұмыс тобы соңғы 12 ай бойы тынбастан айналысып келеді, онда актуарий (жан-жақты көпсалалы маман­дар­дың есептеулері. - «Алаш айнасы») есеп­теулері жүзеге асты, басқа да көптеген қажетті кеңестер алынды. Менің ойымша, 2014 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастауды жос­парлайтын өтпелі кезең  біз үшін аса қа­жетт­і. Екіншіден, бұған қоғам­ның белгілі бір реакциясы болуын да заң­дылық деп қа­рас­тырамыз. Өйткені заң­дағы жаңалық­тың өзі, бір жағынан, қазақ­стандықтардың басым бөлігіне қатысты болса, екінші жағынан, бүкіл әлем дәл осын­дай үдерістерді басынан өткеріп жат­қанын да жоққа шығара алмаймыз. Тіпті ТМД арасында бюджет мәселесі Қазақ­станға қарағанда айтарлықтай күрделі бол­ғанына қарамастан, Украина да осын­дай қадамға бел буып отыр. Жалпы, біздің ойы­мызша, Қазақстандағы зейнет­ақы жүйе­сінде қалыптасқан жағдайды ес­кере оты­рып, жүйені жаңғыртудың мұндай түзе­ту­лерін ең жақын уақытта, дәлірек айт­қанда, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ен­гіз­геніміз абзал. Одан кешіктіруге болмай­ды.

Ұзақ өмір сүргеніне ешкім де кінәлі емес

Григорий МАРЧЕНКО, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Бюджетке 19,6 миллиард долларға қатысты анықтама бере кетейін. Актуарий де­ген мамандық бар. Олар өмірді сақтан­дыру, зейнетақымен қамсыздандыру секіл­ді салаларда алдағы жылдары не бо­латындығын болжау үшін күрделі мате­ма­тикалық есептеулерді жүргізеді. Бұл, шы­ны­мен, қиын мамандық, елімізде олардың саны 30 ғана. Сондықтан да біз осылар­дың есебіне сүйендік. Сондықтан да заң жо­басының басты мақсаты қаражат үнем­деу дегенге мен келіспеймін, бұл жалған. Мен бүгінгі жүйе құрдымға кетеді деген­мен де келіспеймін, тек бұл жерде жаң­ғырту үшін түзетулер енгізіліп жатыр. Мұны министр дұрыс айтты. Жалпы, адамдардың ұзақ өмір сүргеніне ешкім де кінәлі емес. Сондай-ақ «бэби бум» толқынына дөп келгендердің бүгінгі уақытта зейнетке шығып жатқанына да ешкім кінәлі емес. Сол толқынға осы залда отырғандардың ба­сым бөлігі жатады деп ойлаймын. Заң жо­ба­сы осыдан туындайтын проблема­лар­ға ертерек қамдануға бағытталған.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394