Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4574 28 пікір 3 Маусым, 2023 сағат 13:01

Ұлы нәубет: Орталық Азияда неге қазақ халқы көп қырылды?

Бұл сұрақтың жауабын тарихшы, ғалым Құрманғали Дәкенов жазады: 

 "Жылда 31 мамыр қарсаңыда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Бірнеше конференция, дөңгелек үстел, кездесулер өтеді. Осы кезеңді зерттейтін ғалым ретінде биылғы жылы да 2 рет ғылыми конференцияға, 2 рет кездесуге, 2 рет дөңгелек үстелге қатыстым, баяндама жасадым, сөйледім. Осылардың бәрінде "Қазақ жеріндегі ашаршылықты қалай сипаттайсыз. Оны болдырмауға болатын ба еді" деп сұрақ қояды.

Әрине болмауы да мүмкін еді. Бірақ олай болмады. Себебі, 1929 жылы ақпанында Кеңес Одағында нанға карточка енгізілді. Ал, арада шамалы уақыт өткен соң шілдеде етке карточка енгізілді. Ал, қазан айында нан, жарма, ет, май, қант, шәй т.б жетіспеушілігі айқын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады. Азық түлік жетіспеушілігі жағдайында, әрі шетелден завод, фабрикалар үшін станоктар т.б сатып алу үшін Москва Қазақстанда ет дайындау жұмыстарына ерекше мән берді.

Елге арнайы келген А.Микоян "Қазақстанда есепке алынбаған мал өте көп. Тапсырманы арттыру керек" деп Сталин мен Молотовқа жедел хат жіберді. Голощекин Москва берген тапсырманы қайткен күнде де орындау керек деп талап қойды. 1930-1931 жылдары Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу жоспарын берді. Бұл Кеңес Одағы бойынша ең жоғарғы ет дайындау тапсырмасы еді. Бізде сұмдық ашаршылық болды деп Еуропарламентте, АҚШ Конгресінде көтерген, екінші орындағы Украина 434 800 тонна ет өткізуге тиісті болады. Міне осылай қазақ жерінде мал сою пункттері ашылып, мал сойылып жөнелтіле бастады. Неге бізде, алапат ашаршылық болды, ал көршілес елдерде мұндай жағдай болмады деген сұрақ жиі қойылады. Себебі, ашаршылық қақпанына түспеген қазіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66200 тонна өткізуі керек болады. Қырғызстанға бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз болатын. Архив құжаттарына сүйенсек, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленинград қаласы мен Ленинград облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан әкелінді.

Ал РСФСР-дің Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан жеткізілді. Осы уақытта Қазақстанда алапат ашаршылық болып жатты. Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хатына сүйенсек, менің елімде Торғай (қазіргі Жангелдин ауданы) және Батпаққара (қазіргі Амангелді! аудандарында халықтың 20-30 проценті аштан қырылды, қалған тұрғындардың көпшілігі көшіп кетті.

Олар да жол бойы және барған жерлерінде көбі қырылып қалды. 1932 жылы Батпаққара ауданында бүкіл малдың 4,1%, Торғай ауданында 7% ғана қалған. Қазақстанның барлық жерінде осындай жағдай болды. Қарқаралыда ашаршылыққа дейін 50 мың адам болса, ашаршылықтан соң 15 мың адам, Жаңарқада 25 мың адамнан 5 мың, ал Шет ауданында 26 мың адамнан 5 мың адам ғана қалған. Халықтың тіршілік көзі малын күшпен тартып алуы, олардың қырылуына әкелді. Міне, біз білетін тарих осы".

 

Құрманғали Дәкенов

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366