Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4000 22 пікір 5 Маусым, 2023 сағат 12:29

Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы (соңы)

Басы: Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы

Жалғасы: Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы

Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты жоңғар әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті. Қадірлі батыр-ханының есімін жеңісті шайқастар жүргізген тау, өзен, аңғарға берген (Арқада «Қалмаққырылған» деген жерде «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» бар. Сонда «Қалмақ қырылған» деген екі жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта  – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған. Бүгін көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1723–1730 жылдардағы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі-ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрғаны анық) өз жұртында ғана емес, көрші елдерде де ол үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды. Қолбасшы, әмірші, саясаткер Әбілқайыр баһадүр хан Аңырақай шайқасынан кейінгі жағдайды көрегендікпен саралай білгендіктен, жоңғар қонтайшысымен бітімге келді...

Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы таңбалап қойған элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес»   жүргені жайындағы пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының 2010 жылы жарық көрген академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп  таратуы өкінішті-ақ. Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында,  жекелеген тарихшылар (айталық, И. Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты, соғыс аяқталып,  тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарға қауіп төндіріп күн тәртібіне шыққан мәселелерді реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді.

Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген.  Сондай-ақ олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылғы наурыз бен сәуір айларының бастапқы күндеріне сәйкеседі деп белгілеп жүр. Император Канси 1722 жылы қайтыс болды, артынша таққа Юнчжен отырды. Демек, император Юнчженнің билікті қолға алған уақыты 1722 жыл, ал оның империяны басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай  шайқасы болған жылға тура келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан, жоғарыда айтқанымыздай, әскерін Шу-Талас аймағынан Аңырақай өңіріне ауыстырып, жоңғар күштерімен шешуші шайқасқа шығуға әзірленді және оны сәтті жүргізіп, сол сәуірдің соңына қарай Галдан Цереннің күйеубаласы, тәжірибелі әскербасы   Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді де, мамыр айында қонташының өзімен келіссөз жүргізіп, бітімге келген. Содан соң ойраттардың ықтимал шабуылдарына тойтарыс беру үшін Бұлқайыр сұлтан қолбасшылық жасайтын әскерді өңірде қалдырып, өзі батыс шекараға аттанды.

Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Император Юнчжен ойраттармен соғысты қайта жаңғырту жайында 1729 жылы шешім қабылдаған болатын. Қазақтармен 1730 жылы бітімге келіп, қолын күшейтуге мүмкіндік алған қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан қауіп-қатер төндіріп тұрғандар көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен, қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы мазасыздықты тыныштандыруға күш салды.

1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары, қалмақтармен арадағы қатынас, жоңғарды жеңуге байланысты, қазіргі сәтте біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан жортуылдатып айрықша маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Осынау мәжіліске дейін Әбілқайыр ханға башқұрт елінің құрметті адамы тархан Алдар Есенгелдин (Исекеев) жолығып қайтқан. Бұл содан жиырма шақты жыл бұрын Әбілқайыр баһадүрді башқұрт тағына шақыруды ұйымдастырған, онымен бірге орысқа қарсы иық тіресе күрескен әскери-басшы тұлға болатын. Бұл қос үзеңгілес баһадүр әрәдік кездесіп, әрдайым достық пейілмен жылы сұқбаттасып отыратын. Осынау көзқарастары ертеден жарасқан екі ел ағаларының сұқбаттары әрдайым өзара түсіністік рәуіште өтетін. Ендеше осынау қарулас әм пікірлес қос әміршінің қарамағындағы адамдар неліктен өзара шабуылға шыға беруін доғармайды? Мұнда қандай сыр бар? Әрине, екеуара өткен кеңестің бүге-шігесін білмегенмен, шамалауға болады: олар сол мәселені түбегейлі шешудегі кедергілерді сараптап, оларды жою жолдарын ақылға салысты... (Кезінде империяға қарсы тұрған башқұрт жетекшісін өз жағына ұтымды тарта алған патша әкімшілігінің ұсынуымен оған аталған тархан айырым-белгісі берілген. Жалпы, тархан атағы Алтын Орда хандары дәуірінде шіркеу адамдарына олардың өз шаруаларын шешуге ерікті екендіктерін көрсету үшін беріліп тұрған. Кейін оны орыс князьдері де жекелеген адамдарға алым-салықтан босатылатынын, даулы мәселелерде ешкімге бағынбай, тек ұлы князьдің өз құзырына келуге хақылы екендігін білдіру үшін беріп жүрді. Бір-екі мәрте тархандық беру мүлдем жойылып тасталды да, бодан ұлттардың беделді адамдарын империяға сенімді ете түсу үшін, қайта енгізілді. Башқұрт көтерілісшісі Алдарды тархан мәртебесіне көтеру арқылы патша әкімшілігі оны өзіне өркениеті тәсілмен тәуелді етті. Қазақтар арасында да тархан болғандар бар). Сол жылғы мамырда ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүздер сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасының үкіметімен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған...

Ордасында өткен мәжіліске қатысушы билер, батырлар, бас адамдар мен сұлтандардың терістіктегі алып көршімен бітім жасасу жайындағы ұжымдық шешімін жүзеге асыру үшін Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазды. Оны апарып тапсыру міндеттелген елшілеріне жолдағы орыс әкіміне көрсету үшін де хат берді, сосын олармен оңаша ұзақ кеңесіп, дипломатиялық сапар барысында қол жеткізулері тиіс мәселелерді пысықтады. Ұзамай құрамында он бір адам бар Әбілқайыр хан елшілігінің керуені орыс империясының астанасын бетке ұстап, император әйел Анна Иоанновнаға ханның хатын тапсыру үшін арнайы сапарға шыққан. Жолшыбай тоқтаған орыс қалаларындағы патша әкімшіліктері Санкт-Петербургті бетке ұстаған қазақ елшілігінің алға қойған мақсаты жайында олардан сұрап білген мағлұматтарын жоғарыға жолдап отырған.  Солардан мынандай ақпарат мәлім. 1720 жылғы 20 шілдеде елшілік Уфаға келген. Сол жерде, Уфаның әскери кеңсесінде, «Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза» ауызша әңгімеде үш бөлікке жүйеленген мынандай мәлімет берген: Бірінші. «Көшпенді қазақ халқы 40 мың шаңырақ болады, олардың басты адамы Әбілқайыр хан, елшілікті сол жіберген. Одан басқа тағы екі  ханы бар – Барақ және Әбілмәмет. Ұлы және Кіші тауларда, Сыр, Сарысу және Торғай өзендері бойларында, Қарақұм даласында және сол жақтардағы басқа жерледе көшіп-қонып жүреді. Сол жақтарда қазақ қалалары бар: басты қаласы Ташкент, ондағы қожа Жолбарыс хан, екінші қала Түркістан, оның иеленушісі Сәмеке хан, үшінші қала Сайрам, ондағы иеленуші Күшік хан. Осы қалаларға қарайтын қыстақтардың саны аз емес. Барлық көшпенділердің де, қалалықтардың да хандары – мұрагерлікті ұстанады. Олардың, қазақтардың, заңы – мұсылмандық». Екінші. Осыған дейін осы қазақ хандары қонтайшымен және Еділ қалмақтарымен, сондай-ақ башқұрттармен соғысқан. Қазір олар қонтайшымен де, қалмақтармен де татуласты, ал башқұрттар олармен, қазақтармен, императордың ұлылығының ерік-жігері білдірілмейінше татуласар емес. Ал қазақ хандары өзге халықтардың шабуылдарынан даңқты Ресей империясының протекциясы арқылы қорғануға мүдделі, сондықтан олар мұны Әбілқайыр ханға тапсырды.  Содан оның елшілері барлық хандардың келісімімен белгілі бір шартты патшайымға жеткізу үшін жіберіліп отыр. Үшінші. Егер «ұлы мәртебелі императрица қазақ хандарын бодандыққа қабылдауға кеңшілік етіп нұсқау берсе», сөйтіп башқұрттардың және өзге де ресейлік бодандардың олардан олжалаған бенделерін қазақ хандарына қайтарса деген ұсыныстарын айтпақ. Сонда  олар, қазақ хандары, өздеріндегі олжаланған ресейлік бодандарды қайтаруға және қызмет етіп, ясак (бұлғын, түлкі, құндыз, сусар және басқа да аң терілері түрінде алынатын алым-салық – Б.Қ.)  төлеп жүрген башқұрттар тәрізді «адал қызмет етуге» және ясак беруге уәде етеді. Ал егер оларға әлдебір дұшпандар шабуыл жасаса, оларды, «қазақ хандарын ұлы мәртебелінің бодандарындай» есептесе дейді.

Мәтіннен байқалып тұрғандай, елшілер башқұрттармен тіл табысу (тұтқындармен алмасу, екінші қайтып өзара шабуыл жасаспау) жайында, башқұрттар империя қарамағындағы ел болғандықтан,  императрицадан оларға арнайы нұсқау беруін сұрамақ. Мұндай тыныштыққа жағдай туғызылған және патшайым сыртқы дұшпандардан қорғануға септескен жағдайда, қазақтар да башқұрттар тәрізді ясак беріп тұруға әзір. Әбілқайыр ханның елшілері Ресей астанасына сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған. Мәтіндегі біз тырнақшаға алған жалыныштылық күй танытатын сөйлемдер орыс әкімшіліктеріндегі қызметшілердің патшалық империя аталғалы бері астамшылық дерті үдей түскен пиғылдарына сәйкес өз жандарынан қосқан ұғымдарды білдіреді.

Уфадан Санкт-Петербургке жолданған ақпаратта «Ал оларға жол көрсетіп келе жатқан башқұрттар әскери кеңсеге қазақтардың Уфадан алты аптада, ал олардан, башқұрттардан, бір айда  атпен жүргенде жетуге болатын жерде көшіп-қонып жүргенін айтқан» деген хабар бар. Орыстардан осындай қашықтықта өмір сүріп жатқан халықтың оларға басыбайлы бодан болуға бейілдігін білдіруі қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Бөтен тектілердің тілдеріндегі құжаттарды орысшалағанда өз пиғылдарын тұжырымдап қоюды орыс әкімдері қалмақтармен жасаған келісімшарттарында көрсеткен (XVII ғасырда жасалған құжат бойынша қалмақтар орыстармен әскери одақ құрдық деп санаса, орыстар оларды бодандығымызға алдық, қалмақ жасақтары орыс әскері құрамында болады деп санаған). Аймағынан өтіп бара жатқан қазақ елшілігі жайында іле-шала Басқарушы Сенатқа жіберген Уфа воеводасының баянхатында мынандай қызық дерек айтылған. Сол 1730 жылғы 28 маусымда кеңсеге Уфа үйезі Ноғай жолындағы (жол – сөзбе-сөз алғанда, іс жүзінде мәтіндегі орысша «дорога» деген сөз аймақ, өңір, облыс ұғымын береді, башқұрт елінде Алтын Орда дәуірінде «даруга» деп қолданылған аумақтық-әкімшілік бірлік ұғымын білдіретін атау – Б.Қ.) Кубелек, Табын болыстарының башқұрттары Қарабай Тұрымбетов пен Лықай Сейітов Қазақ Ордасының қазағы Биатшы Төлеевті жолдастарымен алып келген. Ол Әбілқайыр хан иелігінен екен, Уфа үйезіндегі Ноғай жолына (яғни Ноғай аймағына, облысына) құдды әскерлер жайын білуге келген көрінеді. Олардың иесі Әбілқайыр мен Сәмеке хандар және олардың қазақтары бүгінде оның императорлық ұлылығы протекциясында «қызмет етіп», «бодан болғысы» келетін сияқты. Сөйтіп олардың қожалары шапшаңдатып өздерінен ұлы мәртебеліге елшілер жібергілері келеді екен. Бұл жайында Басқарушы Сенатқа 8 шілдеде хабарланған. Демек, бұл хабар Сыртқы істер алқасына да мәлімделсе керек...

Баянхатта одан әрі: «Ал  Қазақ ордасынан 20 шілдеде Әбілқайыр ханның елшілері ретінде  келген қазақтар өздерінде ұлы мәртебелі императрицаға арналған хат бар екенін айтқан. Екінші хат Уфа провинциясының воеводасы атына жазылған. Оны берген елшілер Құтлұмбет Қоштаев пен оның алты жолдасы. Олардың қастарында бес адам қосшы боп жүр. Осы баянхатпен қазақ ханының воеводаға жазған хаты орыс тіліне тәржімаланып қоса  жіберілді» делінген. Елшілер Уфадағы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдармен бірге, күзетпен 1730 жылғы тамыздың басында Санкт-Петербург (Питербурх) қаласына, Басқарушы Сенатқа жөнелтіледі.  Олар 28 тамызда Мәскеуге, одан қыркүйектің аяғына қарай империя астанасына жетеді. Сыртқы істер алқасына қазақ елшілерін алып келген башқұрттар 29 қыркүйекте жоғарыда айтылған мәліметтерді қайталап, өздерінің тұрғын-жайларының  төрт жолда (яғни төрт облыста), атап айтқанда Ноғай жолы (облысы), Сібір жолы (облысы), Осы жолы (облысы), Қазан жолында (облысы) жерлерінде екенін, қазақ ордаларынан қашықта тұратындықтан олармен соғыс жағдайында еместігін айтады. «Ұлы мәртебелі патшайымның аса мейірімді пәрменімен қазақ халқы бодандыққа қабылданса», онда башқұрттар да тыныштықта өмір сүрер еді, қазақтар оларға шабуыл жасап, тұрмыстарын күйзелтуге түсірмес еді, башқұрттан алған тұтқындарын қайтарар еді. Башқұрттарға келер пайда осы. Ал осындай қазақ сынды ұлы халықтың «өз еркімен бодандыққа келуі» ұлы мәртебелінің даңқын арттыра түсер еді. (Бұл жерде де орыс әкімшілігі ниетін көрсететін, бұрмаланып тықпаланған сөздер тырнақшаға алып көрсетілді). Сыртқы істер алқасында 1730 жылғы 21 қазанда қазақ елшілерінің Әбілқайыр ханның орыс патшайымына хат  жазу себебін түсіндірген сөздері рәсімделді. Хаттама іс жүзінде олардың 20 шілдеде Уфада берген хабарламасын қайталаған, тек қазақ қалаларындағы үйлер санын: «...бас қала Ташкент, онда қырық мың тұрғын үй бар, екінші қала Түркістан, ондағы тұрғынжай отыз екі мың үй, үшінші қала Сайрам, ондағы тұрғын үйлер саны отыз екі мың немесе одан да көп...» деп қосып келтірген. Және олардағы хандардың бәрі Әбілқайырға бағынатынын атап көрсеткен.

Осы хаттаманың, сонымен бірге, әрине, Әбілқайыр ханның императрицаға жазған хатының орысшаланған нұсқасының көшірмесі аса маңызды тапсырмамен қазақ еліне аттандырылмақ тілмәш және мәмілегер Тевкелевке беріледі. Бәлкім, солардың империя ыңғайында жасалған мәтіні мен аудармасына осынау дипломаттың өзінің тікелей қатысы болған да шығар... Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев жастайынан Ресейдің шетелдермен байланыс жасап тұратын орталық үкіметтік мекемесі Посолдық приказ тілмәші болған. Мұнда, жалпы,  оның әкесі Мамеш, немере ағалары Рамазан мен Мұртаза да тілмәштық қызмет атқаратын. Орталық басқару мекемелерін реформалау кезінде І Петр Посолдық приказды 1720 жылы мүлдем жойып, орнына Сыртқы істер алқасын құрды. Ал Құтлұ-Мұхаммед ағаларының көмегімен сол Сыртқы істер алқасына қызметке алынды. Патша құзырындағы мемлекеттік чиновник лауазымы оны одан әрі өсуге, баюға, биік әлеуметтік мәртебеге жетуге ұмтылта түседі. Ол І Петрдің қатерлі бастамаларының бәріне қатысады. Тілмашы ретінде 1711 жылы Прут жорығына қатысып, түріктің саны басым армиясы орыс армиясын жойып жіберудің аз-ақ алдында қалғанын көреді.  Патша тапсырмасымен 1717 жылы Үндістанға жол ашқысы келген князь Бекович-Черкасскийлің Орта Азия экспедициясында болады. Экспедицияға қатысушыларды Хиуа ханының  әскері қырып жібергенде, әйтеуір, ғайыптан аман қалады. Сосын қайтадан патша жанынан табылады. 1722 жылы І Петрмен бірге оның тілмәші ретінде Парсы жорығына шығады. Бұл жорықтың да оң нәтиже бермеуі І Петрдің назарын Қазақ Ордасына бұрады. Тевкелевтің жазбаларына қарағанда, І Петр қазақ жері арқылы шығысқа жол ашу үшін «миллион сом шығындасақ та қазақ ханынан орыстың қорғауында болғымыз келеді деген бір жапырақ қағазды қолға түсіру керек» деген жоспарын сол сапарынан кейін іле-шала айтқан екен. (Жоңғар хандығын боданы ету әрекеті оң нәтижеге жете қоймағандықтан, Азия қақпасы кілтін Қазақ Ордасын құзырына қарату арқылы қолына алғысы келген). Алайда тағдыр оның жоспарын өзіне орындатуға жазбады (1725 жылы қайтыс болды). Оны жүзеге асыруға І Петрдің аманатын көкірегіне мықтап байлаған мансапқор тілмәш  Мәмед (Алексей Иванович) Тевкелев міндеттенді. Бұған ол Әбілқайыр ханның Ресей боданы болып табылатын башқұртпен қарым-қатынасты бейбіт сипатқа түсіру үшін Анна Иоанновна патшайымға бітім жасау жайында елшілік жіберуіне орай құлшына кірісті...

***

Әбілқайыр ханның орыс императрицасына жазған хаты тағдыршешті бетбұрыстың негізгі құжаты екені белгілі. Мән-мағынасы империя мүддесіне сәйкестендіріле бұрмаланып, өмірге, жалпыхалық санасына енгізілген. Күні бүгінге дейін өзгере қоймаған көпшілік арасындағы пікір бойынша, Әбілқайыр хан жеке басының қамы үшін Ресейге қарамағындағы халқымен бодан болуға өзі сұранған, яғни нақтылап айтқанда кәдімгі сатқын делінеді. Алайда мұндай пікірдің түрлі бұрмалаушылықтың жетегінде кету салдарынан қалыптасқаны соңғы жылдары аныққа шықты. Бізге орыс тілі арқылы мәлім болған Әбілқайыр ханның «сатқындық хатын»  үстіміздегі ғасырдың басында тарихшы Амантай Исин түпнұсқадан оқып, қайта тәржіме жасады. Нәтижесінде ғылыми айналымда жүрген тарихи хаттың орысша нұсқасындағы бірқатар  сөздердің түпнұсқада жоқ екенін, біразының мағынасы өзгертіліп берілгенін анықтады. Оның себебін тарихшы «дала билеушілері жазған хаттардың ресми аудармаларында... басы артық, бағынышты сөздерді қосып жіберу –  Мәскеу мемлекетінің кеңсе қызметі қалыптастырып, Ресей империясы үдетіп жіберген әдет» болғандықтан, содан және «кеңес заманындағы ұлы халықты аға тұтқан құлшыныстан» көреді.  Сол замандағы шығыс әміршілері қолданған араб, парсы сөздері аралас түркі-қазақ тілінде жазған хатындағы «хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды».

Хаттың негізгі мақсаты ретінде «патшайымның қоластындағы оралдық башқұрттармен қазақтың тату тұруы үшін оларға жоғарыдан жарлық түсірілуіне қол жеткізу» тұжырымдалғаны айқын аңғарылады. Әбілқайыр хан елінің солтүстігіндегі күшті де қаһарлы империя тағында отырған патшайым Анна Иоанновнаға жолдаған, қазақ үшін тағдыршештілік мәні болған хаттың түп мәтініндегі: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз», – деген түйінді жолдар  оның мақсатын жеткілікті дәрежеде айқын көрсетіп тұр. Және оның ешқандай да «өз еркімен бодандыққа сұранды» деген ұғым бермейтіні де анық. Орыс империясы қоластындағы Орал башқұрттары қазақ жер-суының біраз өңірін өздерінікі деп есептейтін де,  патшалық қысқан сайын, жаңа жайылымдарға көшу мақсатымен, Қазақ еліне империя әкімшілігінің астыртын қолдауымен жиі-жиі шабуылдап тыным бермейтін. Әбілқайыр ханның хаты соларды  императрица жарлығымен ауыздықтауға қол жеткізуді көздегені күмән туғызбайды. Хатында естектерді (башқұрттарды) орыс мемлекетінің «құлдары» деп атап көрсетіп отырғанында, енді өз халқын да сондай «құлдыққа» алуын патшайымнан «жалбарынып» сұрауы қисынсыздың қисынсызы екені дәлел тілемесе керек.

Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза бастаған 1930 жылғы елшілік қазақ ханының тікелей өзінен орыс патшайымына арнайы жазылған хат әкелді. Империяның Сыртқы істер алқасы, патша үкіметі мен патшайымның өзі оған өте мұқият қарады.  Бәрі де Ұлы Петр аманат еткен  жобаны жүзеге асырар уақыттың туып келе жатқанын түйсінді. Мәселені  парықтай келе, патша үкіметі қазақ ханы өтінішінің империя мүддесіне сай тиянақталып орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық керек-жарақ, мол қаржы-қаражатпен жабдықталған, құрамына қазақ елінің жер-су бедерін, қоғамдық және әлеуметтік құрылымын, хал-жағдайын жан-жақты зерттей алатын мамандар енгізілген үлкен экспедиция құрды. Орыс императрицасы Анна Иоанновнаның осынау елшілігін басқаруға Сыртқы істер алқасының чиновнигі  Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев тағайындалды. Оның алдына қойылған ірі дипломатиялық міндетті атқаруда мүлтіксіз орындалуға тиіс нұсқаулық жасалды. Сондай ұйымдастыру және жан-жақты дайындық шараларынан соң, экспедиция жол жүруге сақадай сай болды. Ақыры  Әбілқайыр ханның елшілерімен бірге, 1731 жылғы сәуірдің 30-ы күні Тевкелев бастаған миссия Қазақ елін бетке ұстап, Петербургтен шықты. Екі айдан кейін башқұрт аймағындағы орталық қала Уфаға жетті. Сол жерде  елшілікті Алдар тархан   күтіп алған. Ол Тевкелевке алдымен Әбілқайыр ханға хабар жіберген жөн деген кеңес берді.  Хабаршылар аттанды да, тамыздың 22-сінде хан өкілдерімен бірге оралды. Олар Уфада құрметті эскортпен, қарулы күзетпен күшейтілген императрица Анна Иоанновнаның елшілігін ханның жазғы  ордасына қарай сол айдың аяғында бастап шықты. Қазақ елінің шегіне іліге бергенде, оларды Әбілқайыр ханның ұлы  Нұралы сұлтан қарсы алды. Ол патша елшілігіне протоколдық құрмет көрсету үшін арнайы жіберілген еді. Сөйтіп, қазақ әскерінің хан тарапынан бөлінген екі жүз сарбаздан тұратын салтанатты эскорты әрі күзетінің ортасында, айдан астам жол үстінде болған экспедиция, ақыры, 1731 жылғы 5 қазанда Ырғыздағы Мәнітөбе алқабына тігілген ханның жазғы ордасына ат басын тіреді.

Әбілқайыр хан орыс патшайымының елшісі әкелген хабарды көпке созбай талқыға салу қажет деп шешті. 1731 жылғы 10 қазанды жиналыс өткізетін күн деп белгіледі. Оған 1730 жылғы мамыр айындағы құрылтайға қатысқан Кіші және Орта жүздер шонжарларын шақыртты. Жиналысқа дейін хан алдымен өз елшілерінен мұқият есеп алды, сосын орыс елшілігінің басшысы Тевкелевті қабылдады. Тевкелев  ханмен, қазақтың беделді тұлғаларымен  (би, сұлтан, батырларымен), экспедицияға Уфада қосылған құрметті эскортты бастап келген Алдар тарханмен және Таймас батыр секілді өзге де ықпалды башқұрттармен әлденеше рет кездесіп, алдына қойған мәселесінің шешілу жолын ақылдасты. Оның күнделігінде (журналында) жазылған ақпараттарға қарағанда, сый-сияпат тарата отырып қозғалған әңгіме түп-түгел қазақтарды империя боданы болуына мойынсұнту жөнінде болған сияқты.  Алайда, тапсырмаға сай толтырып отырған журналына патша қызметшісі тек қожайынына жағатын мазмұндағы сөздерді жазуы тиіс екенін есте ұстау керек. Яғни, түпкі мақсаты болып табылатын жасанды құжатты – «Ресейге кіріптарлығын мойындайтын бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру үшін, миллион сом жұмсаса да, беделді қазақтарды сатып алу» жолында жүргізген жұмыстарын әсірелеп таңбалауы күмән туғызбайды. Журналындағы ақпараттардың империяда өзге жұрттарға қатысты қалыптасқан толтыру үлгісінде,  кеңсе қағазын өзгені төменшіктете отырып жүргізу дәстүрінде жазылғаны анық.

Патшалық және кеңестік дәуірлерде, сондай-ақ біздің тәуелсіз заманымызда да көптеген ғалымдар Тевкелевтің сол шақта жүргізген дипломатиялық келіссөздері қазаққа Ресейдің боданы болуды мойындатуға тірелді деп санайды. Дұрысында, сондағы келіссөзге әр тарап өз ұғымынша мән берген. Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатындағы «жарлық» (түйін) мағынасы орыс мемлекетінің қазақ еліне мазасыздық туғызып тұрған бодан елімен бейбіт қатар өмір сүруге қол жеткізуді көздеу екені айқын тұжырымдалған. Хатты империя астанасына апарған елшілер «империя қарамағындағы башқұрттардың қазақ еліне агрессиясын тоқтату үшін  императрицаның арнайы нұсқау беруін» сұрады, шартын баян етті: патшайым осылай тыныштық туғызса және қазақтардың сыртқы дұшпандардан қорғануына септессе – онда Қазақ хандығы да патша қазынасына бағалы аң терілерінен дайындалған алым (ясак) беріп тұратын болады. Әбілқайыр ханның елшілері Санкт-Петербургке сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған, солай еткен де. Жоғарыда қарастырғанымыздай, орыс құжаттарында бұл жәйт «бодан болуға құлшыну» сипатында жазылған.  Тевкелев қызметі барысында соларды басшылыққа алады.

1731 жылғы 10 қазандағы қазақ ақсүйектері мен беделді тұлғалары алдында мәмілегерлік амал-айламен айтқан орыс елшісінің кең ауқымды, байыпты, терең сөзі жиналысқа қатысушыларға қатты әсер етеді. Оған Табын Бөкенбай батыр қолдау көрсете сөйлейді. Қазақ үшін қазіргі таңда күшті елге арқа сүйеу аса  қажет екенін айтады. (Бөкенбай батыр 1710 жылғы құрылтайда қазақ жасақтарының сардарлығына сайланып, Әбілқайыр ханмен бірге жаудан елін азат етуге белсене қатысқан. 1726 жылы Жайық үшін шайқасып жүріп, бейбіт келісімшарт жасауға қажеттілік туғанда, қалмақ әскерінде аманатта қалған.  Жалпы, Отан соғысы кезінде талай шайқастың күйініші мен сүйінішін ханмен бірге бастан кешкен.  Әбілқайыр ханның ең сенімді батырларының бірі болатын. Ол осы жиын алдында ғана Тевкелевтің өзіне ұсынған ірі көлемдегі төлемақысын алудан бастартқан еді: ақша алсам – ақшаға сатылған болып шығам деген, мен еліме қорған болатын патшайымға ақысыз-пұлсыз, елімнің тыныштығы мен абыройы үшін адалдық сақтауды өзіме борыш санаймын деген).  Оның сөзі бас адамдардың бірқатарына оң әсер етті. Олар  Ресейді қорғаныш тұтуға бейілдік танытты. Ал бірқатары  келіспеді.  Олар орыс патшалығымен бейбіт келісім жасауға қарсы емес. Әңгіме екі ел арасында бір-біріне әскери көмек беруді ескеретін уағдаластыққа қол жеткізу жөнінде болса – құба-құп. Мұны олар қолдар еді. Былтырғы құрылтайда олар ханға патшайыммен келісіп, башқұрт мазасыздығын тыныштандыруды тапсырған. Басқа ештеңе емес. Алайда патшайымды қазақ хандығының бірден бір қамқоры тұтуға шақырып, хан өз өкілеттігін асыра пайдаланбақ. Бұған бұлар қарсы. Орыс мемлекетін қорғаныш көруге  қарсы. Келісім  тек қана бейбітшілік сақтау жайында ғана болсын. Олар Әбілқайыр ханға императрица елшілігін осындай жауаппен кері қайтаруға шақырады. Сонда Әбілқайыр хан өзінің саяси ойын мейлінше айқын, еш бүкпесіз жария етті. Егер хандық Ресейдің қорғауындағы ел қатарына кірсе, оның қоластындағы қалмақ пен башқұрт, Жайық және Сібір казактары жүгенсіздік жасай алмайтын болады. Олардың әскери құрылымдарының қазақ елін шаба беруіне тоқтау салынады. Ресей де оларға астыртын көмек беруін, қазақтарға құпиялап  айдап сала беруін қояды. Бұл бір. Екіншіден, Қазақ хандығы Ресей қорғайтын ел қатарында болса, оның қоластындағы Қалмақ хандығынан кем түспейтін,  орталықтандырылған біртұтас күшті мемлекет құруына Әбілқайыр ханға да мүмкіндік туады...

Солтүстіктегі қуатты мемлекетке қарай шешімталдықпен бетбұрыс  жасауының шындығын Әбілқайыр хан ордасына жиылып отырған дала элитасы алдында 1731 жылғы 10 қазанда осылай айқара ашты. Өткен 1730 жылғы мамыр құрылтайы шешіміне сай, орыс патшайымына арнайы хатпен елші жібергенінде, ол хатында айтылған тілек пен қойған шартының мазмұнын қандай ауқымда түсіндіруге болатыны жайында елшілеріне құпия түрде тиісті нұсқауын берген. Алыстан болжайтын көреген саясаткер ретінде, Әбілқайыр хан терістігіндегі алып көршісімен тату тұру арқылы ғана жүздерге бөлініп басқарулы Қазақ хандығының тұтастығын сақтай алатынын, сонда ғана өзінің жалпақ жер-суды алып жатқан бытыраңқы елінде бір орталыққа бағынатын біртұтас күшті мемлекет құруына мүмкіндік туатынын ұққан. Алайда бұған кедергі көп-тін...

Орыс патшайымының елшілігі қатысқан жиында қазақтың елдік мүддесін ойлайтын бас адамдар Әбілқайыр ханды түсінуге тиіс және оның ұсынысын қолдауға міндетті болуға керек еді. Мәселе мынада. Оны жиырма жылдан бері хан дейді. Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің ханы, оның ішінде кейінгі он бір жыл бойы қазақ елінің аға ханы лауазымын алып келеді. Осы уақыт бойында қилы жағдайға орай жасақ жиып, әскер құрды, соғыс өнерін тәп-тәуір меңгергенінің арқасында, қазақтың айтулы батырларымен бірге маңызды жеңістерге жетіп жүрді. Бейбіт шақтардағы ел билеудің қыр-сырын да әжептеуір түсінді, сондай кезеңдерде өзінің төре тұқымдастары мен күллі қара халықтың қилы өкілдерінің жақсы-жаман қасиеттерін әбден танып-білді...

Орыс дереккөздерінен мәлім, башқұрттың белгілі бас адамдары (Алдар тархан, Таймас батыр және т.б.) 1730 жылы империяның Сыртқы істер алқасына берген мәліметтерінде «қазақтарда алты хан бар, іштеріндегі   зоры Әбілқайыр хан. Сол хандардың бәрі барлық істерде Әбілқайыр ханға құлақ асады», – деген. Бір айдан кейін бұл мәліметті патшайымға арнайы жіберілген қазақ елшілері растайды. Олар әлгі мәліметті Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан мен Орта жүз хандары Сәмеке мен Күшік Әбілқайыр ханның айтқанынан шықпайды деген сөздерімен нақтылай түсті. Әйгілі қазақ батыры Табын Бөкенбай 1731 жылы қазақ даласына келген Құтлұ-Мұхаммед Тевкелевке: қазақ елінде «Тәуке ханнан кейінгі басты әмірші – Әбілқайыр хан, ол өз еркімен, ешкімнен кедергі көрместен, көп істі жүзеге асырды» деді. Орта жүз ханы Сәмеке Әбілқайырды «бас ханымыз» деп атады. Орыстың көптеген құжаттарында белгілі қазақ батырлары мен бас адамдарының, сондай-ақ Абылайдың және өзге де сұлтандардың  Әбілқайырды бас хан, аға хан деп атаған деректері сақталған.

Бұл лауазымға ол 1719 жылдан ие боп келе жатқан және сонша уақыт бойы аттан түспей, ұлан-ғайыр қазақ жерінің оңтүстігіне де, терістігіне де қорған болмаққа, жауынгер жасағын бастап әлденеше аттанған. Небір шайқастар жүргізіп, елдің азаттығы мен тұтастығын сақтау үшін алысқан. Осынша уақыт белден қынындағы қылыш пен жебе толы қорамса шешілмеді. Садақ пен семсерді бекем ұстап,  тұлпарынан түскен жоқ. Жауынгер сарбаздарын бастап, дамыл таппай, қазақ жерінің бір қиырынан екінші қиырына құйындата шапты. Ел мүддесі үшін құстай ұшып, қысқа мерзімде айшылық жерлерді шалды. Бас қолбасшы ретінде, қазақ әскерін күрделі майдандарда жеңіске бастады. Оңтүстікте  қазақтың астанасы мен талай өзге де шаһарын, шұрайлы жер-суын жоңғар-басқыншыдан азат етті. Терістік-батыста орыс үкіметі айтақтаған, орыс қоластындағы қалмақ, казак-орыс, башқұрттан ел-жұртын қорғады. Жайық үшін жан аямай шайқасты (Әбілқайыр ханның орыс өкіметіне мәлімдемесі: «Қазақ халқы Жайықтан өзен суы сарқылып біткенше айрылмайды!»). Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысын жеңіспен аяқтады. Қонтайшы Галдан Церен сынды қуатты әм қатерлі,  әскери күшінің мүмкіндігі мол бас дұшпанымен абыройлы келісімге қол жеткізді. Не керек, Әбілқайыр баһадүр өзінің аға хан ретіндегі лауазымын білегінің күшімен, қолбасшылық білігімен бекемдеді. Ол бір мүшелдей уақыт бойы өзінің іс жүзінде елдің басты ханы екенін ісімен дәлелдеп келеді.

1736 жылы ордасында болып қайтқан шетел саяхатшысы Джон Кэстльдің жазуына қарағанда,  Әбілқайыр хан биік бойлы, мығым денелі, қызыл шырайлы жүзі жақсылық, тілектестік нұрын шашқан баһадүр болатұғын. Сонымен қатар ол өте қажырлы, аса қуатты күш иесі еді, бүкіл қазақ халқы ішінде садақ тартуда оған тең келетін жан жоқ болатын (Кэстль күнделігінде оны осылай суреттеді, бұл оған Әбілқайыр ханның елудің ортасына келген шағындағы бейнесінің берген әсері). Әбілқайыр хан шынында да келбетті, күш-қуаты кемерінен асқан, өте қарулы, жауынгерлік шеберлігі жауын да тәнті еткен, сонымен бірге аса ірі ұйымдастырушы және ғаламат қолбасшы талантын құдай бір бойына аямай дарытқан жан болған.  Оның жоңғарларға қарсы жауынгерлік шайқастарында да, Россияның шекаралық аудандарына жасаған әскери жорықтарында да көрсеткен ессіздікке барабар жүрекжұтқандығын, керемет батылдығын орыс әкімдері ерекше қолбасылық дарынымен қоса атап көрсетіп отырған. Сүйікті арғымағынан түспейтін дала қолбасшысының аса шебер шабандоздық өнеріне тікелей куә болғанын шекара жасақтарының командирлері де жиі еске алған.

1723 жылғы апатты жеңіліс туғызған көңіл-күй халықтың еңсесін басып, жаппай түңілу орын алған ең қиын жағдайлардың өзінде Әбілқайыр хан сабыр сақтап, ой айқындығын жоғалтпай, өзінің ержүректігі, шешімталдығы арқасында батыл әрекеттер жасай білді. Жұрт босып кеткен «Ақтабан шұбырындыда» естері шыққан көптеген қарулас шыңғыстұқымды бауырларына ұқсамай, ол тез әскер жинай алды. Сарбаздарын дұшпанның шапқыншылық жасаған бағыттарында топтастырды. Басқыншы қолдарын шапшаң, қарқынды түрде шабуылдау арқылы көп ретте басымдыққа жетіп, шайқастарда жиі жеңіп шығып жүрді. Күреске толы ұзақ жылдарда көзінің жеткені –  қазақ жұрты еркіндікті сүйеді, дұшпанға алдырғысы келмейді, батыр, алайда, мемлекетінің құрылымы әлсіз. Тәуке ханның реформасында көзделген өлкелердегі билікті күшейту арқылы мемлекеттік бірлікті арттыру идеясы жүзеге аспай қалған. Бас-басына би болуға құмарлық үдеп, елді бытыраңқылық жайлап кеткен. Өйткені төре де, қара да мықты мемлекеттік құрылым және оны нығайта түсу жолында атқарылмақ парыз хақында санасына оң ұғым ұялатпаған. Олар Әбілқайырды бас хан деп санамайды, оның аға хан ретіндегі билігін мойындамауға бейім, оны тек Кіші жүз ханы ғана деп тануға оң иықтарын беріп тұрады. Ал Кіші жүздің өзінде де, шындап келгенде, хан билігіне сөзсіз құлдық ұра бермейді. Билер кеңесіне сонау Есім хан заманынан беріліп, Тәуке хан дәуірінде күшейтіле түскен өкілеттілік тап қазіргі таңда кері әсер етіп тұр. Өкінішті-ақ, бірақ ханның ел бірлігін көздейтін пәрменді жұмыс жүргізуіне кедергі бола түсуде.

10 қазандағы мәжілісте Әбілқайыр хан осы жәйтті күйіне айтты: оның бүгінде хан деген аты ғана бар, құзырындағы бодандарына бейбіт күнде сөзі өтпейді, қазақ ішіндегі қазіргі жағдайы «иесіз жабайы атқа ұқсайды», «ондай атты адамдар ұрып-соғып, қуып әлек, ал аңдар ұстап алып жеп қоюға ұмтылады». Алайда ол елдің тұтастығын арттырғысы келеді. Мемлекеті күшті, орнықты болса екен дейді. Солай жасау үшін нақты билікке қол жеткізуді армандайды. Ал ондай жағдай Ресей сынды қуатты монархияны арқа тұтқанда ғана мүмкін болмақ. Ресейдің протектораты ретінде біртұтас, билік жүйесі бір орталықтандырылған қуатты мемлекет құру қажет. Мұндай жағдайға, әне, өздері талай шайқасқан Қалмақ хандығы жетіп отыр...

Әбілқайыр ханның тап осылай ағынан ақтарылуын баршасы мұқият тыңдады. Солтүстіктегі күшті көршіні сюзерен ретінде танудың тап сол шақтағы ахуалда шын мәніндегі мемлекеттік мүдде тұрғысынан жасалуға қажет шара екенін оған ең қарсы топтың өзі де түсінді. Және мойындады, тек  іштей ғана. Бірақ ханның ондай шешімімен келісе алмады. Себебі Әбілқайыр ханның жүзеге асыруға бекем бекінген мақсаты қазақ еліндегі дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйеге үлкен өзгеріс енгізетінін қай-қайсысы да сезді. Турасын айтқанда, оның орталық өкіметті қатты күшейтуге апаратын шара екенін ұқты. Бұл шараның қазақ елі аумағында Қасым хан заманынан бері болмаған билік жүйесін жаңаша жаңғыртатынын пайымдады. Ел ішінде аға ханның бір өзі басқаратын күшті режим орнатуға апаратынын зайыр түсінді. Соны түсінгендіктен де, тиісінше – қорықты. Өйткені, аға ханға бүкіл елді бір өзі билейтін әмірші құқтарын берген жағдайда, қазіргі барша бас адамдар өздерінің қазақ халқын басқару саласындағы бұрынғы артықшылықтарынан айрылып қалатындарын түйсінді. Бір қолға алынған хандық билікке бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді болып шығатындарын шамалады. Сондықтан да, 10 қазандағы жиналыста елдің бірқатар бас адамдары (би, сұлтан, батыр, старшын) алауыздыққа жол берді. Ханға бір ауыздан қолдау көрсетпеді. Дегенмен, сүйенетін сюзерен таңдау мәселесінде ол жолы Әбілқайыр ханды Бөкенбай, Есет батырлар және Құдайназар мырза ашық қолдаған, оларды ел ішінде беделі бар тағы жиырма жеті белгілі тұлға жақтады.

Әбілқайыр ханның Ресейге арқа сүйеу арқылы күшті мемлекет орнатпақ жолындағы алғашқы ашық қадамы осылай жасалды. Жоғарыда айтқанымыздай, мәжіліс үстінде бірден елдік мүддеге басымдық бере алмаушылық пен пендешілік ұсақ мүдделер бой көрсетіп, басқарушы элита арасындағы тар өрісті кембағал қайшылық көзге ұрды. Дегенмен Әбілқайыр хан бұл алауыздықты жеңуден үміттенді. Алайда оның жеңілмек түгіл, үдей түсуіне хан сенім артқан сюзереннің өзі мүдделі еді.  Ол Әбілқайыр ханның біртұтас хандық құру жоспарын қайткенде орындатпау жағын көздейтін...

***

Қалай қарағанда да қазақ даласында 1731 жылғы 10 қазанда өткен ақсүйектер мен беделді адамдар мәжілісінің тағдыршештілік мәні бар екендігі анық. Бұл шағын да маңызды құрылтай  тарихи ахуал таңдатқан сюзеренге арқа сүйеу мәселесін қараған, мұны барша жұрт баяғыдан айтып жүр. Мұнда сонымен бірге қазақ елін жаңа тарихи жағдайда жаңаша тұтастандыру идеясы Әбілқайыр хан тарапынан ашық көтерілген еді. Бұл Әбілқайыр хан өзінің алдына қойған мақсатын элита алдында бүкпесіз жария еткен тұңғыш та соңғы жиналыс болатын. Осы жиналыс содан бері үздіксіз жүре бастаған күрделі үдерістің басы болды.

Сол жиналыста толық қолдауға ие бола алмағандығына қарамастан, Әбілқайыр хан Ресей протектораттығына өту жайындағы өз ұстанымын өзгерткен жоқ. (Осынау протектораттыққа өту оқиғасы пәлен жылдан кейін қазақтың жер-суы мен елін орыс еліне, орыс елінің жеріне айналдыратын таза орыс үлгісіндегі отарлауға ұласуы ықтимал-ау дегенді аңғал дала әміршісі елестете де алмаған болса керек).  Ол бұл шешіміне кездейсоқ емес, ірі саяси қайраткер пайымымен келген де, өз ұйғарымының қазақ халқының ел ретінде сақталу мүддесі үдесінен шығатынына кәміл сенгендіктен, өзгертпеген.

Әбілқайыр хан орыс империясының протектораты болу арқылы, біріншіден, елдегі хандық билікті жаңартып, жетілдіруді көздеді. Оның ойынша, бұған дейінгі тәжірибе – ханды халық жиналысында сайлау қазіргі таңда ел бірлігін арттыруға жауап бере алмайтын. Хандықтан үміткер шыңғыстық-жошылық сұлтандар ауқымы үлкен, сондықтан олар міндетті түрде бақталастық пен алауыздықты өршіте түседі. Сол себепті елде монархиялық тәртіп енгізіліп, тақ келесі буынға сайлау жолымен емес, мұрагерлікпен берілетін ереже енгізілуге тиіс. Мұндай ретпен модернизацияланған жүйеде Әбілқайыр хан қазақ еліндегі жеке-дара жоғарғы әмірші дәрежесіне көтерілмек және тақ әрдайым тек оның өз кіндігінен тараған ұрпаққа тиіп отырмақ. Екіншіден, елдегі күллі әлеуметтік саты бойындағы буындарды қамтып басқаратын, монархиялық құрылымға сай әкімшілік-күштік аппарат жасақталуға тиіс. Халықты тұтастыруды және бір орталыққа мәжбүрлеп бағындыруды әм тыныс-тіршілігін қамсыздандыруға қажет сауда-саттықты жандандыру жолдарын саяси тұрғыда осындай ұйымдастыру шараларымен қамтамасыз етуге болады. Бұл үшін  Әбілқайыр хан Ор өзенінің сағасына, Елек өзенінің орта ағысына және Сыр бойындағы бұрынғы Жанкент шаһарының орнына арнайы қалалар салуды, сондай-ақ оңтүстіктен өзі кеткелі бері жоңғар қоластында қалған қазақ астанасы Түркістан шаһарын қайтарып алуды, сөйтіп оларды өзі құратын жаңа мемлекеттік биліктің  қуатты тұғырына айналдыруды көксейді.

Әбілқайыр ханның ойы осындай еді, ал патша елшісі Мәмед Тевкелев ханның мұндай жоспары барын бірден біле қоймағанмен, онымен орыс протекциясын қабылдау хақында тез түсінісіп, екеуі тамыр боп кеткен. Ол орыс қорғауында болудың пайдалылығын қазаққа иландыруды басты міндеті деп санаған. Өйткені көкірегінде Петр патшаның қазақ даласын Азияға жол ашар қақпа деп бағалаған көзқарасы және соған орай тікелей өзінен алған нұсқауы сайрап тұрған. Патшалықта мансаптық сатымен өсе беруден үміткер қызметші ретінде, қандай шығынға бару керек болса да тәуекел етіп, қазақтарды қайткенде орыс туы астына икемдеуге тырысқан. Оған хан қазақ халқының ерекшелігін – өз бас адамдарының соңынан еруге қашанда дайын тұратынын айтқан-ды. Сондықтан Тевкелев қазақтың бас адамдарымен түсіндіру-үгіттеу жұмыстарын жалғастыра түсу үшін елшілігімен дала төсінде қала берген.  Содан ел ішінде бір жылдай болды.

Ханның ашық мәлімдемесінен орыс патшасының қамқорлығын өзінің ішкі саяси мақсаттарына пайдаланбақ ойы барын  билер мен рубасылар анық білген. Солардың басым көпшілігі, жоғарыда айтқанымыздай,  жаңа жағдай ханның бұлардың үстерінен қараудағы құзыреттілігін арттыра түседі, демек, тиісінше, ел басқарудағы осы күндері қолда бар артықшылықтарын сөзсіз жояды. Бұған ешқайсысы күмәнданған жоқ.  Сол себепті олар Тевкелевтен, сондай-ақ орыс елшілігі керуенімен бірге келген башқұрттың игі жақсыларынан протекцияның егжей-тежейін қайта-қайта сұрастырды. Тевкелев елшілігі түсіндірмелерін, үгіт-насихаттарын жүргізіп, сыйлықтарын үлестіріп болған соң, ақыры, 1733 жылы Ресейге қайтты. Әбілқайырдың екінші ұлы Ералы сұлтанмен, ханның інісі Нияз сұлтанмен, Құдайназар, Түгелбай мырзалармен, Садық би, Мырзагелді батырмен және тағы бірер хан өкілдерімен бірге оралды.

Осы жылы Ұлы жүздің аса ықпалды бес бас адамы (Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр) патшайым туы астына сұранды. Орта жүздің бір топ старшындарымен бірге Сәмеке хан патшайымның қорғауына өтуге екінші рет сұранды (алғашқысы 1731 жылы болатын). Осы оқиғалар біріншіден, қазақ еліндегі аға хан мәртебесі мемлекеттік бірліктің тұтас та мығым болуына қызмет ете алмайтынын көрсетті. Екіншіден, қазақ еліндегі белгілі тұлғалардың (кіші хандар, сұлтандар, билер, батырлар) ел бірлігін арттыру жолындағы мемлекеттік көзқарастары дамымағанына дәлел болды. Егер  парасатқа салып, Әбілқайыр ханның орыс протекциясын қабылдауға барған жағдайын жан-жақты сараптаса және оны ел игілігіне қалай пайдалану жолын ойласа, онда олар өздерін орыс билігі қорғауына тікелей алуын сұрамаған болар еді. Керісінше, протекторат билеушісі Әбілқайыр ханның төңірегіне топтасып, орыс туы саясында қазақ мемлекеттілігін нығайтып алу бағытын ұстанған болар еді.

Бірақ болар іс болды, элита мемлекеттілік сезімінің тұқылданғанын көрсетті, сөйтіп іс жүзінде бір орталықтандырылған күшті мемлекет құру идеясын  қолдамай, сепаратизм батпағына түсіп кетті. Олардың империя бодандығына жеке-жеке сұрануы қазақтың күшті хандығын құрғызбауға мүдделі орыс саясатына әбден сәйкес келді...

...Біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекет құруды көздеген идеяны терең және жан-жақты талдап, сараптап байқауға ел ағалары қауқарсыз еді. Олар өздерінің замана талабына жауап бере алатын, ең дұрыс деп мойындауға тұратын бастаманы қостау немесе жетілдіре отырып қолдау деңгейіне жете алмағанын, қайткенде де мемлекеттілікті сақтау сынды жасампаз идеяны пысықтай отырып оң шешім қабылдауға дайын еместігін, мұндай елдік мұратты ойлауға саяси тұрғыда пісіп-жетілмегенін көрсетті. Сол шақтағы элита, қазақтың бетке ұстарлары ел тағдырын мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайымдауға көтерілмеген-тін, олар  протектораттық дамудың пайдалы жағын, оң нәтиже беруі ықтимал болашағын не елестете алмады, не соған тырыспады да.

Шындап келгенде, оларды қазақ елінің Ресей протектораты болуы емес, сол белес арқылы Әбілқайыр ханның қатаң орталықтандырылған билік жүйесін құру ниеті шошытты. Олар күллі ел билігін бір адамға – Әбілқайыр ханға беруді ойларына да алғысы келмеді. Өйткені жекелеген ру-тайпалардың қожайыны болып жүрген өздерін енді, кенеттен, жеке-дара билеушіге тәуелді етуді, сөйтіп, әмірші қоластындағы пенде сезінуді қорлық  көрді. Оларға бүгінгі жүре тыңдап, өз дегендерін істей беруге ыңғайлы  аға хан институты қолайлы еді. Бір ханның билігін қолдап, оны мейлінше күшейтіп, оған өздерінің бағыныштылығын арттырғаннан гөрі, әрқайсысының өз аймақтарында дербес, іс жүзінде ханға тәуелсіз түрде, еркін қожайындық жасап жүруін жалғастыра беруі олар үшін әлдеқайда тиімді болатын. Солардың: «Әбілқайыр хан жеке басының пайдасын көздеп, халық өкілдерімен (билер кеңесімен) ақылдаспай, қазақ елін орысқа бағындыруды қош көрді» деген айыптауымен, соны қоштай кеткен бертінгі ұрпақтың тілімен айтқанда, «жеке басының пайдасын көздеген Әбілқайыр хан сатқындық жасап, қазақ еліне отарлық қамыт кигізді» деген тұжырыммен тұздықталып, ғасырларға кеткен, біздің заманымызға дейін жеткен және оқыған, көзі ашық делінетіндердің көбінің санасын улаған  зілді жала орнықты.

Алайда Әбілқайыр хан орыс патшайымының қолдауына сүйеніп, қазақ хандығын  біртұтастандыруды, билікті орталықтандырып, өкіметін едәуір күшейтіп алуды көздеген болатын. Сөйтіп өзіне башқұрттар мен қарақалпақтарды, Хиуа мен Бұхара билеушілерін қаратуды, оңтүстіктегі қазақ жер-суы мен астанасын жоңғарлардан қайтарып алуды мақсат еткен еді.  Бұлардың өтеуіне ол патшайым елінен шыққан орыс сауда керуендерінің сапарларын қауіпсіздендіруді мойнына алды, ресейліктердің қазақ жері аумағынан алтын кен орындарын іздестіруіне жәрдемдесуге, қазақтардың Ресей қоластындағы халықтар мекендейтін аймақтарға шабуылдауын тоқтатуға, басқа да көмектерін беруге уәде етті.   Ал орыс үкіметі Ресей туына адал боламыз деп Әбілқайыр хан да, өзге тұлғалар да  берген антты олар Ресейге мәңгілікке бағынуға келісті деп есептеді (қазақ билеушілері мұндай актіні ағымдағы жағдайға орай өздеріне қажет уақытша одақ құруға деген заңды құқының көрінісі ретінде санаған).

Терістіктегі қуатты монархияның протектораты болуға бейілдігін растап,1738 жылы екінші рет ант беру арқылы Ресеймен бейбіт қарым-қатынас орнатуға жол ашқан, сөйтіп еліне көп жақсылық әкелген  Әбілқайыр ханның даңқы шартарапқа тарады. Кіші жүз (Аралдың терістік-шығыс жағын мекендейтін саны көп Шекті о бастан оның негізгі әлеуметтік тірегі болатын, үлкен ұлы Нұралы сұлтан басқаратын Байұлы бірлестігі руларының көпшілігі, басында Есет батыр тұрған Жетіру бірлестігі) түгел дерлік, Орта жүз руларының едәуір бөлігі (Арғын тайпасының Жәнібек батыр жетекшілік ететін көптеген рулары, ханның екінші ұлы Ералы сұлтан басқаратын Керейлер, ішінара солтүстікті мекендейтін Найман мен Уақ) оны өз ханы деп таныды. Ішкі саяси жағдай біршама тұрақтанып, нығайды. Протекторат ретінде дамудың алғашқы жылдарында Әбілқайыр ханның саяси жағдайы осылай, іс жүзінде аға хан мәртебесіне  сәйкес келіп тұрды.

Бірақ Орта Азиядағы халықаралық ахуал қазақ қоғамын бір орталыққа бағындырып басқару жүйесін құру қажеттігін күн тәртібінен еш түсірмеген еді. Әбілқайыр хан Сырдың төменгі ағысына қала салып, жоңғарлар мен ирандықтардан қорғану шараларын жүзеге асыру үшін, қазақты сыртқы жаудан қорғауға міндеттенген патша үкіметінен 1739 жылы әскери көмек сұрады. Алайда бірнеше рет сұрағанына қарамастан, көмек берілмеді. Соның салдарынан қазақ елінің оңтүстігі мен терістік-шығысындағы саяси жағдай шиеленісе түсті. Парсылар Хиуа мен Бұхараны жаулап алды. Жоңғарлар Ертіс пен Есіл арасында, Сыр аумағында көшіп-қонып жүрген қазақ руларын шапты. Ресейлік әкімшіліктің жәрдем бермей алдаусыратуына ашуланған Әбілқайыр хан патша үкіметіне сенімсіздік білдіріп, жоңғар қонтайшысымен тікелей келіссөз жүргізіп көрді. Өзбек ақсүйектері мен шонжарларының шақыруымен Хиуаға аз уақыт хан болып та қайтты. Бұл кезде оның патша үкіметін өзінің билігін күшейтуге пайдалануына кедергі келтіру үшін, шыққан тегінің артықшылығын дабырайтып ерекше мақтан тұтатын, қазақтың елдік бірлігін арттыруға қатысты еш жобасы жоқтығын былай қойғанда, сол мәселені ойланып та көрмеген Барақ сұлтан қайткенде орыс билігіне тікелей бағыныштылыққа өзі жетуді аңсады, сол арманының орындалуын  қамтамасыз ететін әрекеттер жасап жүрді. Жоңғарлардың қалың қолы 1741–1742 жылдары Ұлы жүз бен Орта жүзге шабуыл жасаған шақтардағы шайқастардың бірінде Абылай сұлтан тұтқынға түсті. Дұшпан тегеуірініне төтеп бере алмаған Әбілмәмбет хан жасағымен Електің жоғарғы ағысынан Орынборға қарай  шегінуге мәжбүр болды. Сонда, Әбілқайыр ханның өтінішіне сәйкес, Ор қамалының коменданты жоңғар әскерінің қолбасшысына:  қазақтарды Ресей мемлекеті өз боданы ретінде қорғайды деп мәлімдеді. Шапқыншылық тоқтатылды. Бірақ қалың қолымен Орта жүздің едәуір бөлігін басып алған жоңғар қонтайшысы Галдан Церен қазақ әміршілерінен Жоңғарияның саяси протектораты екенін мойындауды талап етті.

1742 жылғы көктемде  осы талапты талқылау үшін 1500 адам қатысқан жиналыс өтті. Көпшілік Галдан Цереннің талабын орындау қажет деген ойға келді. Билер Әбілқайыр ханға: «Біз қалмақтармен үйренісіп қалғанбыз, қалмақтардың сұрағанын беру керек», – деді. Әбілқайыр хан қатты ашу шақырып, оларды ақымақсыңдар деп дөрекі түрде сөкті. Жоңғар мәселесі бойынша өзінің Орынбор экспедициясының  жаңа басшысымен  кеңесуі керектігін жария етті. Бірақ Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Батыр және Барақ сұлтандар қонтайшы талабына көніп, оған аманаттарын жіберіп жатты. Алайда Аңырақай жеңісінің бас қаһарманы Әбілқайыр баһадүр ханның иланымынша – қазақ хандығы жоңғар қонтайшысына бағынам деп абыройдан айрылады. Осылай ойлағандықтан, ол жоңғар протекциясын мойындауға үзілді-кесілді қарсы шықты. Күш-қуаты артып тұрған Галдан Церенге кіріптарлықтан құтылу үшін, соғысудан тайсалмай, қарсы шығу керек. Сол ретте ол қазақты қорғауға міндеттенген Ресейден нақты әскери жәрдем сұрауды жөн көрді. Әрі өзектілігі арта түскен өзінің байырғы саяси мақсатына жетудің – хандықты бір орталыққа толығымен бағындырудың сәті туды деп есептеді.

Солай ойлаған Әбілқайыр хан Орынбордағы жаңа әкім Иван  Неплюевке 1742 жылғы 18 маусымда Галдан Цереннің қазақтарға қойған талап-хатымен бірге өзінің Ресей тәжіне адалдығын білдіре отырып, көмекке қарулы күш сұраған жеке хатын жолдады. Ресейдің  әскери көмегі оған ең алдымен жоңғар қонтайшысының талабын орындауға бет алған Әбілмәмбет хан мен Барақ, Батыр сұлтандарды күшпен ауыздықтап тоқтату үшін керек еді. Осындай жолмен ол мемлекеттік тұтастыққа қол жеткізуді, Орта жүздегі өзіне бәсекелес болып жүрген шыңғыс тұқымдас бауырларын біржолата бағындырып алып барып, ықпалын күллі қазақ еліне жүргізуді ойлады. Алайда империя үкіметі Әбілқайыр хан армандағандай қазақ елінің саяси құрылымын орталықтандыруды, хандықтың қатаң мемлекеттік жүйесін құруды ойына да алмайтын. Сондықтан бұл өтініші де жауапсыз қалдырылды. Бірақ қазақ элитасының арасында жоңғар қонтайшысына қарай  бағдарлану күшейіп бара жатқанын ескеріп, Орынбор экспедициясының жаңа бастығы генерал Неплюевке арнайы тапсырма берілді:   Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей қоластында екенін Галдан Церен ресми түрде мойындасын, соған қайткенде де қол жеткізу керек...

Сыртқы істер алқасы алға қойған мәселенің шешімін табуына Әбілқайыр ханның Ырғыз өзені бойындағы жазғы ордасына жоңғар елшілерінің келуі  қолайлы жағдай туғызды. Әбілқайырдың оңтайлы дипломатиялық амалдар қолдануының нәтижесінде  Орынбор өлкесінің жаңа билеушісі оларды Ор қамалындағы резиденциясына шақыртты. Әбілқайыр хан үш жүздің 155 өкілін (Кіші жүзден – 83, Орта жүзден – 68, Ұлы жүзден – 4 адам), сондай-ақ ордасындағы жоңғар мен қарақалпақ елшілерін ертіп, 1742 жылғы 23 тамызда Ор қамалына келді. Орынбор экспедициясының бас командирі лауазымына соның алдында ғана тағайындалған, кейінірек «Орынбор өлкесінің Ұлы Петрі» атанған генерал Иван Неплюев пен Әбілқайыр хан сол сапар алғаш рет кездесіп, қазақ-жоңғар қатынастарының күрделі қырларын екеуара талқыға салды. Содан кейін қазақ элитасының үлкен делегациясымен өткен сол аса маңызды кездесуде генерал Неплюев Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей бодандары болып табылатынын, яғни олардан алым-салық талап етуге Жоңғарияның ешқандай да заңды құқы жоқ екенін  жоңғар елшілеріне ашық, айқын, батыл мәлімдеді. Қазақтарға қатысты даулы мәселенің бәрін тек орыс үкіметі арқылы шешу керектігін айтты. Хан-сұлтандармен ойрат билігі сепараттық келіссөз жүргізбесін, кикілжіңге апаратын мәселелерді шешу үшін жоңғар қонтайшысына таяуда арнайы елшілік аттандырылмақ деді. Кездесуге қатысушылар генералды қызу қуаттады. Әбілқайыр хан Жоңғарияға жіберілмек елшілікке тұтқындағы Абылай сұлтанды босатуды тапсыру мәселесін көтерді. Мәселенің шешілуін жылдамдату үшін жолбасшылыққа ұлын қосып беруді және, Абылайға алмастыруы үшін,  қазақтарда тұтқында жүрген жоңғарларды жинап, елшімен қосып жіберуді ұсынды. Ханның  өз айтқандарын тез және толығымен орындағаны елшіліктің жөнелтпе құжаттарында көрініс тапқан.

Неплюев жасақтаған айрықша елшілік майор Карл Миллердің бастауымен Ор қамалынан 1742 жылғы 3 қыркүйекте оңтүстік-шығыс бағытпен жолға шықты. Елшілік құрамында он бір адам болды. Оларды  Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан бастаған сенімді адамдары алып жүрді. Елшілік алдына үш түрлі мақсат қойылған еді. Біріншісі – жоңғар қонтайшысы Галдан Церенге Ресей империясының бодандары болып табылатын қазақтар ісіне араласпауды талап еткен патша генералының ресми хатын тапсыру, екіншісі – Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босату, үшіншісі – үш жүз жерімен жүріп өту барысында қазақ сұлтандары мен рубасыларын жоңғар қоқанлоққысына берілмей, Ресей құзырында қала берудің дұрыстығына иландыру.  Екі жарым ай жолда болған елшілік жоңғар әміршісі ордасына жетпей, Жетісуда сапарын тоқтатуға мәжбүр болды. Елшілікті Галдан Цереннің Шу бойындағы сенімді нойоны Сары Манжы қонтайшы тапсырмасына сәйкес тоқтатты, ол қазақ мәселесіне байланысты майор Миллермен екі ай бойы келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде Галдан Церен (Қалдан Серен) қазақ руларынан алым талап етуін қойды, қазақ-жоңғар саудасы жанданды және, ең бастысы, Абылай сұлтан азат етілді. Әбілқайыр ханның тілегіне сай жүргізілген бұл шара қазақтар арасындағы орыс әкімшілігінің беделін белгілі дәрежеде арттырды. Алайда сол 1742 жылы ғана өлке әкімі болып келген (1744 жылдан губернатор) Неплюев үшін бұл шара өз көкейіндегі үлкен жобаның баспалдағы ғана сияқты еді. Ол Елизавета патшайым таққа отырған кезде Малороссия командирі лауазымынан тайдырылып, абақтыдан бір-ақ шыққан, бірақ жазықсыз екені дәлелденгеннен кейін ғана осы жаңа өлкеге жіберілген болатын. Патшайымның сенімін ол  мұнда  толығымен ақтап, орыс империясының протектораты мәртебесіндегі қазақ елімен қарым-қатынасты жоспарланған дәрежеге – отаршылдық  сипатты көрсететін деңгейге түсірілген жаңа бағытқа салды. Сөйтіп, Ресейді протекторы ретінде мойындаған, орыс империясының вассалы санатындағы қазақ елін орысша отарлаудың, яғни оны мүлдем орыс жеріне айналдырудың негізін қалады.

Аз уақыттың ішінде Неплюев Әбілқайыр ханның орыс қамқорлығына арқа сүйеудегі түпкі мақсатын айқын түсінді. Ол өзінің бытырап жатқан көшпенді жұртын біріктіріп, бір күшті хандық құрып алмақшы. Бірақ бұл жүзеге асуға тиіс емес. Біріншіден, оған орыс империясы мүдделі бола алмайды. Екіншіден, қазақты мұндай тұтастыққа жеткізбеуге қазақ элитасының мемлекеттік мүдде хақындағы саяси ойының төмендігі, ортақ мақсатты ойлауға жоқ өзара алауыздығы көмектесіп тұр.

Күні кеше Неплюев жоңғар елшілеріне орыс билігі сыртынан қазақ билеушілерімен сепараттық келіссөздер жүргізуге болмайтынын айтты. Ал, шындап келгенде, қазақ бірлігін ыдыратуға апаратын сепараттық келіссөздер Әбілқайыр ханның сыртынан әлдеқашан жүріп жатқан. Түрткі орыс өкіметі тарапынан-тын. Әбілқайыр өзін қазақтың бас ханы, аға ханы сезініп, орыс қамқорлығына өзімен бірге күллі қазақ халқын әкелдім деп ойлады, алайда билік емеуірінін жіті аңдаған қазақ элитасы өкілдері Әбілқайыр ханды місе тұтпай, оның сыртынан қилы әрекет жасап, орыс туы астына жеке-жеке сұранумен келеді. Ресей протекциясын мойындаған өз бас ханының айналасына топтасып, хандықты күшейтуге атсалысудың орнына, протектор қамытын жеке-жеке киіп, іс жүзінде ықтимал тұтастықты ыдыратуға үлес қосып келеді.

Бұл ретте басты ханмен бәсекелесіп жүрген өз араларындағы қазақ билеушілерінің оның сыртынан сондай әрекетті жүзеге асыруға өте бейім тұрғаны тез байқалды.  Ресейге арқа сүйеу қажеттігін, мұның тарихи мұқтаждық екенін ұққан Әбілқайырды қолдау, ел бірлігін сақтау үшін оның маңында топтасу, үлкен мемлекеттің қамқорлығымен біртұтас күшті хандық құрып алу мәселесін ойлауға олардың саяси өресі жетпеді. Жеке бастарының шамшылдығы ондай мүмкіндікке ой жүгірткізбеді де. Мәселен, «мұндай шара хақында бас хан менімен ақылдаспады» деп шамданған Орта жүз ханы Сәмеке өз бетінше, Әбілқайырдың сыртынан өтініш білдіріп, Ресейге бодандықты қабыл алды. Ұлы жүз ханы Жолбарыс жоңғар ханы Галдан Церенге вассалдық тәуелділікте болатын, оған алым-салық төлеп жүрген. Сол тәуелділіктен құтылу үшін аға хан Әбілқайырға арқа сүйеудің орнына, оның сыртынан екі мәрте орыс бодандығын алу әрекетін жасады. 1733 жылғы Төле би бастаған топтың хатынан кейін, 1738 жылы Жолбарыс ханның өзі Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, патшайымға хат жазды. Ол хатында Ұлы жүзді Ресей өз қамқорлығы мен қорғауына алса, Ресейдің ортаазиялық қалалармен сауда байланысын жақсартуға өзінің септесуге әзірлігін білдірген-ді. Бірақ жердің шалғайлығынан орындалуы созылып кеткен жоспары 1740 жылы жергілікті қожалар қолынан ойда жоқта опат болуы салдарынан жүзеге аспай қалды. Сәмекеден кейін Орта жүз ханы болған Әбілмәмбет пен оның қамқорлығындағы беделді әскери қолбасшысы Абылай сұлтан сол 1740 жылы қазақ хандығының тұтастығына өз ішінде аға хан Әбілқайырдың айналасына топтасу арқылы қол жеткізу қажеттігін ойламастан, тікелей Ресей бодандығын қабылдады. Содан бірер жылдан кейін Неплюев жоңғар тұтқынынан құтқарған Абылай сұлтан 1745 жылы  Тобыл губернаторына  Үйсін руының 300 үйін Ресей боданы болуға алып келді.

Осындай сепараттық бодандық сұрау науқанында генерал Неплюев айрықша көңіл аударған  тұлға – Орта жүз сұлтаны Барақ еді. Ол Неплюевтің ойынан шығып, 1742 жылғы қарашада  императрица Елизаветаға хат жолдады, онда Ресейдің қоластына «өз ордасымен, атап айтқанда, қырық мың түтіні бар найман руымен бодандыққа келгенін» жазды. Бір сәт қазақ еліндегі аға хандық мәртебені ресми мойындап  («үлкен бауырымыз Әбілқайыр ханның адал бодандықта тұрғанына разымыз»), сөйте тұра орыс саясаткерлерінің қазақтың сепараттыққа бейім беделді тұлғаларын жеке-жеке бодандыққа алу астарында не жатқанын пайымдамастан («бізге де бодандыққа келуге әмір етілген ерекше грамота алғандықтан»), тікелей Ресей бодандығына өтті («біз... адалдыққа ант береміз»). Елшісі арқылы өз тілегін білдірді («...біздің жіберіп отырған Сырымбет ауызша не айтса, соған сенуді сұраймын»). Барақ сұлтанның осынау елшісі 1743 жылғы 13 наурызда Елизавета патшайымның қабылдауында болды. Орыс кеңсе қызметшілері толтырған құжатта жазылғандай, императрицаға «Орта орданың Барақ сұлтаны елшісі арқылы бодандық алғысын білдіреді, аяғына жығылып, оны барлық иелігімен императорлық мейірімінің қамқорлығына алуды өтінеді». Тиісінше патшайым бодандыққа «Барақ сұлтанды қабыл алады, оны мейіріне бөлейтінінен үміттендіреді, соның белгісі ретінде қылыш сыйлайды».

Бұл оқиғаны Неплюев Әбілқайыр ханның беделін түсіруге ұтымды пайдаланды. Ол енді Әбілмәмбет пен Барақты әрдайым көтере түсіп, Әбілқайырды төменшіктетіп, кемсіте түсті. Неплюевтің оларға  (аға хан – хан – сұлтан) теңгермешілікпен қарауы, ресми, бейресми жағдайларда Барақ сұлтанды досы ретінде атауы, 1745 жылы оның тағы бір елшісін патшайымның зор құрметпен қабылдауына қамқорлық етуі, патшайымның Барақ сұлтанға тағы да арнайы бағалы сыйлық пен грамота жіберуі, оған қосымша, Бараққа губернатордың өзі тұлпар мінгізуі үлкен есеппен жасалған шаралар еді. Бәсекелесі Әбілқайыр ханды қорлайтын мұның бәрі найман әміршісінің жалын күдірейте түсті. Намысқой Әбілқайыр хан реніштерін әлденеше рет құпия кеңесші Неплюевке, патшайым Елизаветаға жазды. Қарулы жорыққа шығып, орыс қалаларын, Орынбор желісіндегі күшейтілген бекіністерді шабуылдады, сауда керуендерінің жолын кесті. Осындай әрекеттеріне байланысты тарихшы Владимир Витевский Орынбор губернаторы Иван Неплюевтің қызметін жаңғыртқан белгілі зерттеуінде Әбілқайыр ханды «орыс халқының жауы», «Неплюевтің жеке дұшпаны» деп атады.

Сыртқы істер алқасының қаулысын ескере отырып, Басқарушы Сенат 1747 жылы Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевті татуластыру үшін «бригадир Алексей (Құтлұ-Мұхаммед) Тевкелевті» жіберуге, егер Әбілқайыр қитыға берсе, орнына басқа хан қоюға шешім шығарды. Алайда бұл Сыртқы істер алқасында: ханды халық өкілдері сайлайды, оған Ресейдің араласуы ыңғайсыз, әрі  Әбілқайыр хан қазақ арасында тек хан болғандығымен емес, «әккілігімен және ұлы фамилиясымен» үлкен күшке ие деген себеппен қолдау таппады. Ақыры, 1748 жылғы мамырда дипломатиялық мақсатпен Орынборға Тевкелев келді, артынша, маусым айында Әбілқайыр ханның ордасында Кіші және Орта жүздердің ақсүйектері мен шонжарлары (500 адам), «барлық істе еркіне беріліп, Әбілқайыр ханға сену және қалыптасқан жағдайдан шығудың жақсы амал табуын ханнан өтіну» қажет деп бір ауыздан шешті. Сол айдың соңында хан Тевкелевпен бірге, Ор қамалында Неплюевпен кездесті. Келіссөз барысында Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевтің татуласу рәсімі  өтті. Әбілқайыр орыс тұтқындарын қайтаруға, Ресейге қарсы жауынгерлік жорықтарын тоқтатуға, орыс көпестерінің қазақтармен, өзге де көрші халықтармен  сауда ісін дамытуына жәрдемдесуге уәде етті.  Өтеуіне, ресейлік тараптан Ресей бодандығы институты туралы өз ұғымын мойындауды табанды түрде талап етті. Орынбор әкімшілігі оның қазақ қоғамындағы аға хандық мәртебесін нығайтуға, аға хан институтын күшейтіп, қазақтарды өз билігіне бағындыруға көмектесуі тиіс деп санады. Орынбор өлкесі тарихын терең қарастырған тарихшы Павел Матвиевский   «Әбілқайыр ханның ымыраға тек бір ғана жағдайда – қазақтарды оның билігіне біріктіруге Неплюев толығымен келіскен жағдайда ғана келуі ықтимал екенін көрсетті» деп өте дәл анықтап жазған. Қойған мәселесінің патшайым сарайында шешім табуын тосып жүргенінде (қазақтарды ел билігін бір орталыққа, бір қолға шоғырландырып, Әбілқайыр хан арқылы басқарудың дұрыстығын, сол  үшін арнайы пәрмен шығару жайын Тевкелев қолдаған), Неплюевпен татуласу рәсімінен бір ай өткенде, Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты...

Әбілқайыр ханның өлімімен бірге оның мықты мемлекеттілік құрып алу үшін Ресейдың қамқорлығына артқан үміті біржола күйреді. Далалық аңғал әмірші, біріншіден, қазақ тәрізді көшпенді қалмақтың Ресей бодандығын қабылдау және орыс мемлекетін қамқоршысы ретінде тану арқылы  күшті хандық құрып алғанын көріп, хандығын тап сол секілдендіре  тұтастыру әм күшейту мүмкіндігі туды деп алданды. Екіншіден, боданының күшті мемлекеттік құрылым жасауына  орыс патшалығының ешқашан жол бермейтінін, бодан болуды біржола бағыну деп ұғатынын, бодандық сұраған елді өзіне түбегейлі бағындыру үшін қилы амалға баратынын білмей алданды. Үшіншіден, өзінің саяси өресі тайыз шыңғыстұқымдас бауырларының қазақ халқының елдігін емес, жеке бастарының игілігін күйттеуге бейім тұрғандығын, ханның сыртынан империя қолтығына тікелей кіруге құлшынып қана қоймай, қазақ елін бөлшектеуге мүдделі айтаққа оңай еріп, ханның көзін жоюға тырысатынын  білмей алданды.

Сөйтіп ол ақыры бітіспес жауы генерал Неплюевпен формальды түрде татуласып, хандығының мемлекеттік тұтастығына қолдау көрсетілуі ықтимал аса биік дәрежелі пәрмен берілуінен үміттеніп жүргенінде, жолын торыған дұшпанының қанды қанжарына түсті. Саяз да өресіз, мансапқұмар,  бақталас сұлтандармен және  орынборлық губернатормен кескілескен саяси күреске түскен қазақтың ең белгілі, ең әйгілі, ең басты ханын Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы ордасынан елдегі ішкі мәселелерді қарауға шыққан шағында бас дұшпаны Барақ сұлтан көп жігітімен 1748 жылғы 1 тамызда шабуылдап, өлтіріп кетті. Халық үшін, қазақтың белгілі тұлғалары үшін, жауынгер баһадүрдің талай шайқасты бірге өткізген үзеңгілес батырлары үшін бұл орны толмас қаза еді. Ал Неплюев үшін – өте жағымды жаңалық болды. Өйткені Әбілқайыр ханның өлімінен соң орын алуға тиіс биік мәртебелі ауысымдар құпия кеңесшіге аса қажет саяси-құқықтық құрал беріп тұр еді. Ресей бодандығын мойындаған қазақ әміршілерін бастарын біріктірмей, іс жүзінде жеке-жеке біржолата бағындырып алуға қолайлы жағдай туған. Қазақ  элитасы арасына өзара бақталастық пен бірін бірі мойындамаушылық уын сәтімен шашып жүрген губернатор әм құпия кеңесші Неплюев 1748 жылдың қазанында, Әбілқайыр ханның қазасынан айдан сәл-ақ астам уақыт өткеннен  кейін, орталыққа: «Әбілқайыр сияқты әккі адамдар таққа жіберілмесе, Қазақ хандығы дегеніміз түк те емес», – деп хабарлады...

Онысы рас еді, Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін қазақ басқарушы элитасы ішінен орыс империясымен елінің тұтастығы үшін айқасатын ол сияқты тұлға шықпады. Қазақ елі үстінде Ресей патшалығының нақты мемлекеттік-саяси протекциясын еркін жүзеге асыратын дәуір туды. «Жеке дұшпаны» Әбілқайыр ханнан құтылған құпия кеңесші генерал Неплюев орыс-қазақ қатынастары тарихының шын мәніндегі жаңа кезеңін бастауға жол салды. Ол Әбілқайыр ханның сүйікті зайыбы Бопай ханша мен ұлдарын мынаған: билер кеңесінде әкесінің орнына хан боп сайланған Нұралының хандық мәртебесін орыс императрицасына бекіткізіп алу өте тиімді болады деген ойға сендірді...

Орыс империясы протектораты мәртебесіндегі Қазақ елін басыбайлы отары ету шараларын батыл жүзеге асыра бастады...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364