Ресей тығырыққа тірелді. Белгородта не болып жатыр?
Кремль Белгород облысындағы «Азат Ресей» жасақтарының іс-қимылына қалай жауап қайтарарын білмей отыр. Бұл туралы соғысты зерттеу институты (ISW) жазады.
Сарапшылар аймақтың әскери және азаматтық органдары арасында байланыстың жоқтығын айтады.
«Ресей Қорғаныс министрлігі Украина аумағындағы «Орыс еріктілер корпусын» (ОРК) сәтті «талқандадық» деп есеп беріп жатқанда, жергілікті аймақтың губернаторы Гладков ОРК-мен жаңа шайқастар туралы, көтерілісшілермен келіссөзге келу туралы хабарлады», - дейді соғысты зерттеу институты.
Америкалық сарапшылар: «Ресей әзірге тек ақпараттық шабуыл жасап отыр. Ал шекаралас аумақтағы ОЕК рейдтеріне қарсы нақты жоспар құрып отырған жоқ», - дейді.
Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысына украиндар тарапы қарсы жауап қайтаруда. Украина жағында соғысып жатқан «Орыс еріктілер корпусы» Ресей Федерациясының шекаралас аумағына 22 мамырдан бастап тұрақты түрде рейдтер жүргізіп келеді. Қазір Ресейдің елді мекендерін басып ала бастады.
Осы айда Белгород облысының шекаралас елді мекендерінің (Шебекино, Новая Таволжанка, Муром) тынышы кеткен.
Соңғы уақытта Белгород, Брянск және Курск, Смоленск облыстарының губернаторлары Украинаның шабуылы күшейгенін хабарлаған болатын.
«Орыс еріктілері» Шебекино аймағына танкпен кірді. Қазір аталған аумақта ұрыс жүріп жатыр. Новая Таволжанкада «орыс еріктілері» Ресей армиясының екі сарбазын тұтқынға алған.
«Біз Новая Товалжанкадамыз. Біздің қолымызда тұтқынға түскен сарбаздар мен жараланған жауынгерлерің бар. Міне олар, видеодан көріп тұрсың. Губернатор Новая Товалжанкаға келсе, біз бұл тұтқындарды беруге дайынбыз. Тиіспейміз. Тек пікір алмасамыз, кешкі 17:00-ге дейін уақыт береміз», - деді «Орыс ерікті корпусы» өкілдері. Губернатор Гладков Новая Товалжанкада расымен украин диверсанттарымен ұрыс болып жатқанын мойындады, алайда «тұтқынға түскен сарбаздарды олар осы уақытқа дейін өлтіріп тастауы мүмкін» деген желеумен кездесуден бас тартты. «Кездесуді Шебекино қалашығында өткізейік» деген орындалмас ұсыныс айтып, қашқақтады.
3 маусымда ОРК сарбаздары Ресей армиясымен қақтығыс болып жатқандықтан Белгород облысына шекаралас елді мекендерінің тұрғындарына Украинаға эвакуациялау туралы ұсыныс айтқан.
Abai.kz