Астана Халықаралық форумына мыңға жуық делегат қатыспақ
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 8-9 маусым күндері елордада өтетін Астана Халықаралық форумында қандай мәселелер талқылатыны туралы айтып берді.
«Жаңа форматтағы Астана Халықаралық форумы жаһандық сын-қатерлердің ортақ шешімдерін табуға бағытталған. Бұл шара тиімді әрі беделді және Еуразиядағы басты диалог алаңдарының бірі. Оның мәртебесі шақырылған спикерлер мен делегаттарының деңгейінен көрінеді. Мемлекет және үкімет басшылары, жетекші әлемдік сарапшылар мен ірі халықаралық ұйымдардың басшылары, сыртқы саясат пен халықаралық қауіпсіздік, даму мен тұрақтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы мәселелерін талқылайды. Форумның тақырыбы диалог арқылы сын-қатерлерді шешу, ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында. Біз түрлі елдерден мыңға жуық делегат қатысады деп күтудеміз. Мәртебелі қонақтар болады. Қатысушылар екі күн бойы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерін түбегейлі өзгеруіне байланысты сын-қатерлерге жауап іздейді»,-деді министр.
Форум алаңында әлем спикерлерінің қатысуымен 40-қа жуық іс-шара өтпек. Олар: панелдік сессиялар, бейресми пікірталастар, конференциялар.
Әлібек Қуантыров «Халықаралық форум Қазақстанға не береді?» деген сұраққа жауап берді.
«Бұл ең алдымен инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Елге тартылатын шетелдік инвестицияның экономиканың дамуына тигізер септігі мол болмақ. Сондай-ақ туристік әлеуетті арттырып, Қазақстан үшін тиімді экономикалық саясатты қалыптастырады»,-деді министр.
Қазақстан Үкіметі ұйымдастырған іс-шара EXPO Конгресс орталығында өтеді.
Abai.kz