Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 1573 7 пікір 8 Маусым, 2023 сағат 14:56

Нұржан Әлтаевтың Абылай Мырзахметовке қандай қатысы бар?

Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевтың үстінен қозғалған қылмыстың істің  «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың ісіне қатысы бар. Антикор осылай деп мәлімдеді.

«7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады. Н.Б. Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезінде жүйелі негізде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктеледі. 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесіне қызмет етіп, мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етті және жалпы қамқоршылық көрсетті», - деп хабарлады Антикор.

Әлтаев Астана полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

Кеше «пара алды» деген күдікпен ұсталған Нұржан Әлтаев 2017-2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін, 2018-2019 жылдары  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған. 2019-2020 жылдары Парламент мәжілісінің депутаты болды, 2020 жылы «El Tiregi» атты жаңа партияны құратынын айтқан соң, «Нұр Отан» партиясының құрамынан шығарылған. Алайда оның партиясы тіркеуден өтпеді. 2022 жылғы президент сайлауына да биылғы Парламент сайлауына да кандидат ретінде қатысуға өтініш берген. Бірақ екеуінде де өтпей қалды.

Биыл сәуір айында Әлтаев бейбіт митингілерді ұйымдастыру ережелерін бұзғаны 15 тәулікке қамалып шықты.

Ал оның қатысы бар делініп отырған «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 10 мамыр күні $30 млн (13,3 млрд теңге) «пара алды» деген күдікке ілініп, қамалған болатын. Кейіннен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ол туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектескен және кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермеледі» деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді. 13 мамырда ҰКП  бұрынғы басшысының екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Абылай Мырзахметов 2013 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келе жатқан  «Атамекен» ҰКП  басқарма төрағасы қызметінен 2022 жылы 18 ақпанда кеткен . Сонымен қатар, әр жылдары жеке секторда жұмыс істеген.  «Қазақстан темір жолын» басқарған жылдары атышулы сот ісінің қатысушысы болып, 2002 жылы тұтқындалған. Оның 2003 жылдың мамырында мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастырды деген айыппен мүлкі тәркіленді, осылайша бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.

 

Abai.kz

7 пікір