Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 1755 0 пікір 8 Маусым, 2023 сағат 15:11

«Орталық Азия елдерімен әріптестік орнатуға баса назар аударамыз»

Бүгін елордада Астана Халықаралық форумының пленарлық отырысы өтіп жатыр. Шараға Қатар Әмірі, Қырғызстан Президенті, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы, Өзбекстан Премьер-министрі, сондай-ақ үкіметтердің, дипломатия, бизнес, ғылыми топтардың өкілдері жиналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында айтқан сөзін шақыртуды қабыл алғаны үшін жоғарыда аталған тұлғаларға ризашылығын жеткізумен бастады. Мемлекет Басшысының жиында айтқан сөздерінің үзіндісін назарларыңызға ұсынамыз.

«Жуырдағы COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі «жаңа дағдарыстар» біздің нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз.

Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды.

Еркін сауда, жаһандық инвестиция, инновация және адал бәсекелестік секілді факторлардың жиынтығы соңғы онжылдықтарда негізі қаланған әлемдік бейбітшілік пен дамудың іргетасын біртіндеп қирата бастады», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент жасанды интелектен бастап биотехнологияға дейінгі технологиялардың жер-жаһанға әсер ететін айтты.
«Олар шектеулі ұлттық шеңберде ғана енгізіліп жатыр. Осы факторлардың барлығы жаһандық әлемдік тәртіпті үлкен шиеленіске итермелейді. Бұл өзара сенімсіздікті арттырып, белгілі халықаралық форумдардың, қолданыстағы жүйенің, қауіпсіздік режимінің және ядролық қаруды таратпау саласындағы механизмдердің қызметіне кері әсер етеді» – деді Ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастыратынын және елімізде бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасайтынын атап өтті. Сондай-ақ шетелдік серіктестерде де осындай жауапкершілік сезімі болады деп үміттенетінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға артқан екен. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты бірқатар салада да алға жылжу байқалады.

Президент Қазақстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы туралы да сөз қозғады.
«Біз Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсене атсалысамыз. БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмек көрсетудің қажеттілігін атап өткім келеді. Бұл орайда Орталық Азия және Ауғанстан үшін Алматыда БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының аймақтық орталығын құру маңызды.

Қазақстан жаһандық және аймақтық серіктестерімен достық қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Біз қазіргі жағдайда Орталық Азиядағы бауырлас елдермен аймақтық әріптестік орнатуға баса назар аударамыз», – деді Ол.

Мемлекет басшысы форумға қатысушы қонақтарға Қазақстанның бүгінгі жай-күйі, ертеңгі мақсаты туралы да айтты.
«Қысқа уақыт ішінде біз саяси институттарды реформалап, Президенттің өкілеттігін шектедік. Конституцияға өзгерістер енгізіп, саяси және экономикалық жүйені қайта жаңғырттық. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Сондықтан қазіргі Қазақстанның осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстанмен салыстырғанда едәуір айырмашылығы бар.

Қолданыстағы жүйені өзгертуді көздейтін біздің жолымыз әлі біткен жоқ. Біз саяси реформалар мен адами капиталға инвестиция құю ортақ табыстың «қақпанынан» құтқарып, экономикамызды мейлінше тұрақты ететінін жақсы түсінеміз. Айтулы өзгерістерден өткенімізбен, әлі де көп нәрсе істеуіміз керек. Алайда біз өзіміз таңдаған жолды абыроймен жүріп өту үшін барлық сын-қатерге дайын болу керектігін де білеміз. Әрі біз бұған дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент климаттың өзгеруі жер-жаһанға төнген сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны екенін және Орталық Азия осынау қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болатынын айтты. Су ресурстарының жетіспеушілігі де әлемді алаңдаты. Бұл туралы ол: «Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5℃-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 ℃-қа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның траформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек.

Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады.

Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз», – деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл осы себепті аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394