Сотталған Сатыбалды экс-президентке қалай үй сыйлады?
Олигарх Қайрат Сатыбалды өзіне сот үкімі шыға салысымен Алматы облысы Үшқоңыр жайлауындағы сәнді сарайын ағасы – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартты. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазады.
Басылымның хабарлауынша, Назарбаев әулетінің туып-өскен жері – Алматы маңындағы табиғаты тамылжыған Үшқоңыр жайлауында орналасқан салтанатты сарайдың иесі ауысты. Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды өзінің ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылжымайтын мүлік сыйлады. Бір қызығы, бұл Сатыбалдының мүлкі тәркіленіп, түрмеге қамалғаннан кейін болған.
Үшқоңырдағы резиденция 2023 жылдың сәуір айының ортасында «сыйға беру» келісім шарты бойынша «Елбасы қорына» өтті. Қордың жалғыз құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Бұл әрекеттің қалай жүзеге асқаны белгісіз, деп жазады басылым.
Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шыққан соң, оның мүлкін тәркілеу туралы үкім де шыққан болатын.
«Қылмыстық кодекс бойынша, егер сотталған адамның мүлкі - отбасының жалғыз тұрып жатқан үйі болса, тәркіленуге жатпайды. Алайда, Үшқоңыр жайлауындағы Сатыбалдының мүлкі «отбасының жалғыз баспасы, сондықтан тәркіленбеген» деп айтуға негіз жоқ. Астанада Қайрат Сатыбалдының ұлы Ысмаилдың атына жазылған зәулім үй бар. Ал Алматыда сәнді сарай мен 12 жарым гектар жерді алып жатқан бірнеше коттедж Сатыбалдының үш баланың анасы Әсел Бақтиярқызының атына тіркелген», - деп атап өтті басылым.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, мемлекетке экс-президенттің туыстарына тиесілі 4569 гектар аумақты алатын 12 жер учаскесі қайтарылған. Ол жерде кімдерден алынғаны аталмаған.
«Соған қарамастан, Үшқоңыр жайлауындағы зәулім сарай Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі, ал оның айналасындағы мыңдаған гектар жер оның туыстарының меншігінде. Биыл сәуір айында сәнді сарайдың иесі ауысқан кезде, Үшқоңырдағы жер учаскелеріне иелік ететін компаниялардың құрылтайшысы да өзгерді. 9412 гектар жердің иесі және 1300 гектарға жуық жерді жалға алушы төрт компания – Steppe AgroMeat (бұрын «Дүние Арго» деп аталған), Qaz Agro Centre («Айсам Ко. ЛТД»), Breeding company («Луна Трейд») және Prime Capital reKarasay.
Олардың түпкі иесі Болат Назарбаев болған. Қазір оларды Prime Capital Holding серіктестігі арқылы Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол иеленген. Үшқоңыр үстіртіндегі 9,5 мың гектарға жуық жер Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың компанияларына тиесілі. Соңғы бенефициардың ауысуына қарамастан, сарайдан тыс 10 мың гектар жерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен сот шектеу қойған. Оның мемлекетке қайтарылатыны не қайтарылмайтыны белгісіз», - деп жазды басылым.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қайрат Сатыбалды лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны және ұрлау фактілері бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір Сатыбалдының басқа да қылмыстарының бар, жоғы тексеріліп жатыр.
Abai.kz