Жұма, 20 Қыркүйек 2024
2644 0 пікір 25 Маусым, 2023 сағат 15:57

Қазақ елі өнертапқыш жас дарындардан кенде емес!

Ел Үкіметі «Цифрлы Қазақстан» атты тамаша жобаны қолға алып, «Компьютерлік сауаттылық» пәнін мектепке енгізіп, қазақ қоғамын өркениетке бір табан жақындастыра түсті. Жалпы, 17 қаңтар күні бүкіл әлем бойынша Өнертапқыш-балалар күні де атап өтіліп келеді. Адамзат тарихында жас өнертапқыштардың өмірімізді ыңғайлы етуге қосқан үлесі аз емес. Математика-физикалық жаңа формуланы  парақ бетіне түсіріп, жұртқа қажет белгілі бір құрылғы ойлап табудан балалар мен жасөспірімдер әсте тыс қалған емес, ержетіп ақылы толыспаса да, білімі мен өзінің табиғи дарынына сүйеніп әлем технологиясында төңкеріс жасағандары жетіп артылады десек ақиқаттан алшақ кетпейміз. Қазақ елі де осындай өнертапқыш жас дарындардан кенде емес. Мақаламыз тап сондай өнертапқыштығы тек адалдық пен кіршіксіз тазалықтан тұратын отандық жас ғалымдарды қолдауға қатысты деректерді оқырмандар назарына ұсынбақпыз.

Отандық жас өнертапқыштар робототехника, 3D принтинг, STEM бойынша өз өнертабыстарын жұрт назарына ұсынып келеді. Осы бағытта түрлі жобалар ұсынылған көрмелер еліміз бойынша тұрақты өткізіліп келеді. Олардың арасында “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қорының орны ерекше

Аталған ХҚҚ қашанда жас өнертапқыштардың өз жобаларын жұртқа таныстырып, шәкірттік тәжірибе алмасулардың басы-қасынан табылады. Мысалы өткен 2022 жылы Астанады Қазмедиа орталығында  “Білім және денсаулық – 2022” көрмесін өткізді. Оған  жас өнертапқыштардың жаратылыстану, ғылым, денсаулық тақырыптарын қамтыған 50-ге жуық туындысы қойылды.

“Білім-инновация” ХҚҚ-ның бірінші вице-президенті Мұхаммедәли Ибрагимов ашылу салтанатында: “Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осы үндеудің аясында оқушылардың білімге, ғылымға қызығушылығын арттырып инновациялық жобаларын демеу үшін “Білім және денсаулық” көрмесі ұйымдастырылып отыр. Көрмеде оқушылар өзі ойлап тапқан, жасаған туындыларын таныстырып жатыр. Бұл жиынның мақсаты мектепте оқушыларды тек теориямен шектемей идеяларын іс жүзінде көрсетуіне мүмкіндік беру әрі басқа оқушылармен идея алмасуына жағдай жасау. Еліміздің әр аймағынан келіп көрмені аралап жүрген білімпаздарға да берері мол деп ойлаймын. Нақтырақ айтсақ, оқушылар осы көрме негізінде тәжірибе алмасады. Тек мұғалімнің ғана емес, оқушының оқушыға түсіндіруіне жағдай жасау қажет”, – деді.

NURORDA мектебінің 5-сынып оқушылары Ернар Талғат пен Балайым Тұрғанбек бір аптада “LEGO Домбыра” құрастырып, бағдарлама жазып адам әрекетінсіз “Еркем ай” халық әнін домбырада тартатын робот жасап шығарды. Бұл ұлттық аспабымызды үйренгісі келетіндерге таптырмас көмекші.

Жас өнертапқыштар бұдан бөлек робототехника, 3D принтинг, STEM жобалары бойынша да жұмыстарын еліміздегі түрлі көрмелерде жұрт назарына ұсынып келеді. Кезінде түркістандық оқушы Дүйсеков Нұрболат ПВХ материалынан жасалған электр қуатымен істейтін кәдімгі қазақы күбі жасап шығып, оның негізінде елімізде осы бағытта қымыз ашытатын күбінің түрлеріне қатысты көптеген соны жаңалықтар ашылған болатын.

Жалпы робототехника, 3D принтинг, STEM-дерден бөлек әр облыста авто, әуе, зымыран үлгілері бойынша балалар өнертапқыштығының сайыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Осындай сайыстарды өткізуден қазағы мол өңір Жамбыл облысы тыс қалған емес. Осы турасында облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеев:

"Балалардың техникалық өнертапқыштыққа қызығушылығын ояту болып табылады. Көптеген ірі жобалардың барлығы осы балалардан бастау алып жатады", - дейді.

Бұл өз ішіміздегі жас өнертапқыштарды қолдау болса, енді атағы жер жарған отандық жас өнертапқыштардан да кенде емеспіз. Солардың ішінде Тимурдың орны бөлек. 72 өнертабыстың авторы, оның 28-ін паттентеген 16 жасында жылдам есептеу формуласын ойлап тапқан жас дарын, Қазақстанның "100 жаңа есімі" тізіміне енген тұңғыш оқушы Тимур Рысбековті жұрттың бәрі біледі. Оның өнертабысына NASA өзі қызығып, әріптестік байланыс орнатуға ұсыныс білдірді.

Жас өнертапқыштың тағы бір жұмысы қоршаған ортаны талдауға арналған робот екен. Аталған робот тұтастай бір метеорологиялық стансаның қызметін жасайды. Сондықтан оған тек отандық ғалымдар ғана емес шетелдік сарапшылардың ерекше қызығушылығын туған болатын.

Дарынды оқушы білім алатын Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің директоры Айсұлу Медетбекова "Тимур үлкен ақпарат орталығын ашуды армандайды. Оның бұл ойы жүзеге асады деп ойлаймын. Өйткені ол өте білімді және ақылды. Кез келген адаммен тіл табыса алады. Біздің мектепте робот техникалық үйірме бар. Бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сыныптардың оқушылары Тимурға қарап еліктейді. Ол білгенін өзгелерге де үйретіп жүр", – дейді.

Тимур Рысбековтің: "Болашақта отандық өнім шығаратын компания құрып, әлемдік нарыққа Қазақстанның атын шығаруды армандаймын. Ал жалпы адамзат тарихында ғалым, өнертапқыш ретінде өз есімімді қалдырғым келеді", – деп өз арманын ағынан жарыла жұртқа жария етті.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев мектебінде білім алатын Бәйдібек Мұсаев адамның көмегінсіз алты минутта ағаш егетін жаңа жобаны жасап шықты. Өз жобасы туралы Бәйдібек: «Екі қанаттан тұратын құрылғыда екі үлкен цилиндр орналасқан. Оның үлкенінде көшеттер мен ағаш отырғызуға арналған сұйықтықтар бар. Сондай-ақ, мұнда бұрғылау қондырғысы және топырақ пен тыңайтқыш қоймасы орналастырылған. Құрылғы негізінен Tesla Semi жүк көлігімен бірге жұмыс істейді. Соған байланысты пайдаланушыға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, бұрғылау қондырғысы ағашты отырғызу алдында топырақты қопсытып дайындай алады. Ал тыңайтқышы бар сұйықтық багы бір уақытта топырақ құнарын жақсартуды жеңілдетеді. Топырақтағы оттегі концентрациясы, ылғалдылығы мен көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер тыңайтқыштар мен су мөлшерін дұрыс таңдауға көмектеседі» дейді.

Бұдан қызылордалық жас өнертапқыштар «ақылды» жылыжай құрастырып, фермелердің ықласын өзіне аударғандығын ерекше айта кеткіміз келеді. Біз тек жас дарындардың кейбіріне ғана тоқталып өттік.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір