Швеция НАТО-ға өтті: Түркияның талабы қандай?
Түркия Швецияның НАТО-ға қосылуын қолдады. Бірақ ерекше талап қойды.
Бұл туралы альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг «Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Швецияны НАТО-ға қабылдау туралы хаттаманы Парламентке ратификациялауға беруге келісті» деп хабарлады.
«Еуроатлантикалық аймақ қорғанысының маңызын ескере отырып, түрік тарапы Швецияның үлкен Ұлттық Ассамблеяға кіруі туралы хаттаманы тапсырады және ратификациялауды қамтамасыз ету үшін Ассамблеямен тығыз жұмыс істейді»,-делінген Альянс мәлімдемесінде.
Столтенберг бұл келісімді «тарихи келісім» деп атады, бірақ Швецияның НАТО-ға нақты қай күні мүше болатынын атамады.
Келіссөз жүргізуге дейін, Вильнюстегі НАТО көшбасшыларының кездесуіне аздаған уақыт қалғанда Ердоған «Швецияның НАТО-ға кіруін қолдасын десеңіз, Түркияны ЕО-ңа кіргізіңіз» деген талабын айтқан.
«Түркияны 50 жылдан бері ЕО-ның табалдырығынан аттатпағандарға айтарым: Сіздер Түркияға жол ашыңыздар, ал біз Швецияға жол ашамыз»,- деді Ердоған Литвада НАТО саммитіне барар алдында.
Ердоған осы сөзін Вильнюстегі саммитте де қайталайтынын ескертті және АҚШ президенті Джо Байденнің бұл туралы білетінін хабарлады.
Аяқ астынан жасаған түрік басшысының мәлімдемесі еуропалық саясаткерлердің қарсылығын туғызды.
Германия канцлері Олаф Шольц «Швеция НАТО-ның барлық талабына сай келеді, ал Түркияның ЕО-ға мүшелікке өтуі басқа мәселе»,-деді.
Еуропалық комиссияның өкілі Дана Спинант ЕО-ға мүше болғысы келетін елдердің істеуі керек нақты қадамдары бар екенін айтты.
ЕО-ның тағы бір өкілі Ердоғанның талабын «бопсалау» деп атады.
Түркия осы уақытқа дейін Анкарада 2016 жылы төңкеріс жасады деп айыптайтын «террористік ұйым» Күрдістан жұмысшы партиясының (КЖП) мүшелерін, сондай - ақ Фетхуллах Гүленнің ізбасарларын паналатты деп Швецияны айыптады.
Швеция Түркияның бетін бері қарату үшін әрекеттер жасады. Өткен жылы терроризмге қарсы заң қабылдаған. Бірақ Ердоған мұның жеткіліксіз екенін айтып, КЖП-ның митингтеріне шектеу қоюды талап етті.
КЖП Түркиядан басқа, ЕО, АҚШ және Ұлыбританияда «террористік ұйым» деп танылған.
Түркия мен Швеция бұл келісімге келу үшін «Швеция Конституциясын өзгертті, КЖП-ға қарсы терроризмге қарсы заңын күшейтті, Түркияға экспортын қайта бастамақ» - деді Столтенберг.
Айта кетейік, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Швеция мен Финляндия 200 жылдық бейтарап саясатынан бас тартып, НАТО-ға кіруге өтініш берген.
Ердоған екі елге де ерекше талаптар қойды, бірақ 2022 жылдың маусымында Мадридтегі НАТО саммитінде «Түркия бұдан былай Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруіне кедергі болмайды» деп мәлімдеді.
Финляндия президентінің айтуынша, үш ел қандай-да бір қауіп төнгенде бір-біріне көмек береді деген меморандумға қол қойғаннан кейін Түркия келісімін берген.
Финляндия 2023 жылдың сәуірінде НАТО-ға кіріп, 31 мүшесі болды. Бірақ Түркия Швецияның альянсқа қосылуын әлі де қолдамаған еді.
Ал Түркияның өзі ЕО-ға кіру туралы өтінішті 1987 жылы берген. Ресми келіссөздер 2005 жылы басталған. Қазір түрік елінің ЕО-ға кіру процесі тоқтатылып тұр.
2016 жылғы Анкарадағы төңкерістен кейін еуропалық саясаткерлер «Түркия авторитаризмге бет бұрды: баспасөз бостандығын шектеді, Ердоғанның саяси қарсыластары қуғын-сүргінге ұшырауда» деп мәлімдеп, келіссөзді тоқтата тұруға дауыс берген.
Abai.kz