Шоқан алғашқы қытайтанушы
Қытай тілі дүниедегі күрделі және көне тілдердің бірі екені даусыз және көбіміз ойлайтындай бірқалыпты, біртұтас ұлт емес екені де белгілі, тілінде де бір-бірін түсінбейтін диалектілер жеткілікті. Қазіргі күнде біздер «қытай» атасақ, өздерін «хань» атайтын халықтың тілі (путунхуа) басымдық алды (бұған қосымша көптеген ұлт пен ұлыстар барын ескеру керек). Бұл тіл болса, солтүстік Қытай тілі негізінде, қарапайым халықтың (байхуа) емес, «шенеуниктер тілі» (гуаньхуа) негізінде қалыптасты.
Ал жазуына келсек, әріптерге негізделген емес таңба-иероглифтер қолданылады. Қазіргі ғалымдардың зерттеуінше олардың саны 80 мыңнан асып жығылады (түгел білу мүмкін емес), алайда, олардың күнделікті, көбірек қолданылатын 500 дейін білген адам, мәтін-текст мағынасын да түсінеді.
Шыңғысхан заманында шетінен күйрей жеңілген Қытай княздіктері, кейінірек Құбылай заманынан бастап орталықтандырылған мемлекетке айналып, ендігі кезеңде өзі де біреулердің елін-жерін жаулайтын жыртқыш империяға айналғанын бәріміз де білеміз. Сондай көршіміз болған соң, біздің қазақ та ол империямен түрлі экономикалық-мәдени-әскери қарым-қатынаста болғаны сөзсіз. Ендігі кезекте ондай байланыстар қалай іске асырылғаны турасында айтсақ, мұсылман ұйғыр-дүнген, қытайға бағынышты монғол-қалмақ, манжур тектес т.б. халықтардың өкілдері, саудагер-тілмаштары, оқымыстылары арқылы жүзеге асқаны мәлім.
Бұндай байланыстар Жоңғар жойылып, қазақ ендігіде қытаймен жақын-іргелес көрші болған соң үдей түскені де анық. Мысал ретінде Абылай ханның Қытай билігіне қалмақ тілінде жазған хаттарын келтірсек болады (ханның өзі де қалмақ-жоңғар тілін, жазуын жақсы білген). Тарихшыларымыз «Абылай хан екі империяның да «көңілін» тауып, арасында өзіндік-қазақи дербес саясатын ұстана білді» дегенін өзінің кей балаларын Орысқа жіберіп, Уәли, Әділ сияқты ұлдарын Цинге (Манжу империясы) аманатқа жіберіп тұрғанынан да айқын көреміз. Әділ сұлтанның Жетісуға, Ұлы Жүзге тікелей қатысы болған себепті, бұрындар ауызекі әңгімелерден «сол жақтың билігі қосқандықтан, бір әйелі қытай қызы екен...» дегенді де естігенбіз...
Бұл үрдіс, Абылайұлы Уәли хан тұсында да жалғасын тапқан, атап айтсақ, Цин империясында оның ұлы Ғаббас сұлтан аманатта болған. Кейінірек Ғұбайдолланы (Кенесары тұтқынннан босатуды талап еткен) Орыс империясы мойындамағанда, Қытай империясы Көкшеге грамотасымен өкіл-делегация жібергені тағы бар.
Орыс империясы алдымен Кіші Жүз, сосын Орта Жүзді, кейінірек Ұлы Жүзді жаулап алу кезеңінде де қазақ-қытай қарым-қатынастары үзілмегені анық, жергілікті елдің жағдайымен санаспай, өз беттерінше көптеген келісімдерге келіп, шекара сызып алған екі империя біз сияқты ұсақ, артта қалған елдің бір бауырының анда, бір бауырының мұнда қалғанын ескерді деп ойлаудың өзі күлкілі. Олар тек өз мүдделерін ғана ойлады! Соның арқасында әлі күнге дейін қытай, Балқашқа дейінгі жерлер біздікі деп санайды.
Бұл оқиғалар тумысынан дарын, зерек Шоқанға бала күнінен қатты әсер еткені анық деген ойдамын. Мүмкін, ауыл молдасынан араб-парсы-шағатайды оқыған соң, қолындағы қытай, қалмақ жазбаларын да білімді жандармен талқылаған болар! Ал, 12 жасында Омбы кадет корпусына орысша оқуға барып, Потанин айтқандай азақ уақыттың ішінде қатарластарын басып озған болса (оның ішінде шет тілдерді үйрену жөнінен де), бұл әбден мүмкін екендігіне ешкім таласа қоймас!
Бұл жөнінде менікі ғана дұрыс дегеннен аулақпын, өйткені өзім қытайша тілін де, жазуын да мүлде білмеймін де, солай бола тұрып Шоқанның өз еңбектеріне (әсіресе бір белгілі күнделігіне) сүйене отырып, біраз қорытынды жасауыма ешкім қарсылық білдіре қоймайтын шығар.
Бұл мақаласын, яғни «Қытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы» еңбегін ерекше қарауыма себеп, ондағы оқиғалардың қызықтығы, Шоқанның тіптен жас (20-21 дегі кезі) екендігінің әсері болды. Бұл оқиғалар желісі, Шоқанның 1856 жылғы 1 тамыздан 15 қазан аралығындағы жазған жолсапар күнделігі және сонысымен де ерекше тартымды. Шоқан өзіне тән ұқыптылықпен көзіне көрінген бір нәрсені де тыс қалдырмай, кездескен оғаштау адамдарды, олардың тірліктерін қуақы-мысқылшылдықпен түгелдей баяндаған.
Сонымен, 1856 жылы Шоқанның ол кезде Қытайға қарап қалған Құлжа өңіріне, Орыс Өкіметінің дипломатиялық кездесуге барған топ қатарына аяқ-асты қосылып бірге барған сапары туралы айтар болсақ, бұл Империяның Сыртқы Істер Министрлігінің басқарушысы, Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған 1856.23.05. №1248 хатында, 1855 жылы Шәуешек қаласында наразы топтың орыс факторияларын өртеп еларалық сауда тоқтап қалғанына байланысты қайтадан ашу жолдарын шешу туралы нақты тапсырмалар берілгенінен басталады. Бұны басында Алатау округінің басқарушысы М.Д. Перемышльскийге тапсырылып, кейінірек миссияға Шоқанды қосу туралы шешім қабылданған. Осыған орай, Шоқан Хоментовскиймен бірге болған Ыстықкөл сапарынан (өзі айтқандай бұл жақтан «көрерімді көрдім, еститінімді естідім» деп) шұғыл түрде Верный (сол кездегі атаулармен айта берелік) арқылы, Қапалға келген. Жан-жақты қорқыта-үркіте жүргізу үшін қомақты, жақсы қаруланған отряд жасақталынып, осы жылы 1 тамызда Борохуджирдегі Қытайдың бекетіне жеткен. (Жол қазіргі Жетісу облысы Қапал-Талдықорған-Кербұлақ-Панфилов аудандары арқылы өткенін айта келкім келіп отыр).
Ол жерлердің (және кейін де) табиғатын, географиясын, жан-жануар-өсімдік әлемін, геология мен картографиясын т.б. зерттеп жазғандары еріксізден таңқалдырып, бас шайқатып, тәнті етеді.
Шоқанның сол күнделіктеріне мұқият қарасаңыз, ол жақта өзін тіпті еркін сезінген, ешкімді қажетсінбей базар да аралайды, барам деген жеріне барады, сөйлесем дегендерімен сөйлеседі, тісі ауырып, дәрі де іздейді, қала сыртына да шығып, балықшыларды көреді, елдің қонақ күту салттарын да бақылайды т.с.с.
Қазіргілердің осы оқиғаларды неліктен түрлі қарайтындықтары, сенсация қуатындары Шоқанның сол кезде қытай шенеуник-мандариндерін (т.б. басқаларды) салған әзілқой-қуақы суреттері тәрізді езу тартқызады. Неменесі түсініксіз, қазіргіше қарағанда әскери лейтенант полковникке аса бағынбай, өз жұмыстарымен айналысып жүрсе, ол дегеніміз Шоқанның қатардағы әскерилерге қарағанда бөлек міндеттері бар екендігі көзге ұрып тұр емес пе?! Ол Шоқанның қасындағыларға бағынышты емес, жоғары империялық қызметтер (мүмкін құпия, барлау) органдарына тікелей бағынғанын көрсетеді ғой. Жаңа ашылған елдердің этнографиясынан бастап, картографиясына дейін талдау жасай алатын Шоқан, әрине, қарадүрсін әскерилерден империя мүддесіне анағұрлым артық екендігі бесенеден белгілі ғой...
Шоқанның суретшілігіне келсек, қазіргілер былай бағалайды: «Шоқан суреттерін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреттері «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері (наброскілері) Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайды...», олай болса, мамандардың пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Тек, осы (Ыстықкөл, Құлжа) сапарларының бірінде салынған және мамандар «Сондай туындыларының бірі “Тезек төре” (портреті) кескіні. Мұңда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген» деп бағалаған Тезек Төренің суреті бар екенін айта кеткіміз келеді. Оған қосымша осы жолы салынған «Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – “1856-жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз” атты топтама портреттік шығарма. Мұнда суретші жай сызықты нобай суретпен-ақ қытай елшілігінің адамдарының түр-түсін, мінез-құлқын, көңіл-күйін дөп басып бейнелей білген. Сонымен қоса картинада қуақы күлкіге құрылған көңіл де байқалады...» дегендей суреттері осы күнге жетті...
Шоқанның бұл сапары алпауыт екі империя өзара бірде керісіп, бірде келісіп, жергілікті қазақтарды Төр Жетісуынан ысырып тастап «игеруге» кіріскен кезеңге дөп келіп тұр! Шоқан өзіне тән байқампаздықпен Қытай империясының «жаңа жерлерді» қалай басып алатынын дәл байқаған: онысы «Қытай титықтап, сыртқы саясатта қорғаншақ, құлдырап қалған көне Римді еске түсіргенмен де, келген жерінен ешқашан шықпайды, сол жерлерді өлермендікпен өздеріне қаратады. Бұл мемлекеттің қалайша жоқ болмай келе жатқанына таң қаласың: Рим сияқты мұны да жатжерлік жаулар талай рет талап, олжалап келді, бірақ соның бәрінде де тек патша әулеттері ғана құлап, өзі мемлекет ретінде мызғымай қала берді. Жаулаушылардың өздері сол елге сіңіп, қытайлық болып кете берген...» дегенге саяды.
...Кімдер жоқ десеңші бұл «жаңа жерлерде», Шоқан айтқандай «Мұнда халық деген, өзіме татар тілін оқытқан ұстазым айтқандай, құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнайды»! Шоқан олардың бірталайын атап, елі-тілі-түрі-кәсібі т.б. мәліметтер бере кеткен, мысалы:
- Сибо (қыт: сибоцзу) шекаралық әскер ретінде Солтүстік-Шығыс Қытайдан |Батыс өлкеге қоныс аударылған манжұр халқы; Солон (моң: атқыш) манжұр халқы, 20-ғасырдың басында Қытай Үкіметі Құлжа өңіріне әскери күш ретінде қоныс аудартқан; Әрбір сибо мен солон әскер қызметін атқаруға міндетті және ол қызметін қатардағы солдаттан бастайды. «Олар қазақша өте жақсы, еркін сөйлейді, көбінің бұл тілді өте жақсы білетіні сонша, тіпті өлеңді ойдан шығарып, қазақтарша суырып салып айта береді...». (Біздің ақсақалдар оларды сібе-қалмақ дейтінін айта кеткім келеді).
- «Хой-хой» қытай мұсылмандары, көбіне дүнгендер, Шоқан олардың шығу тегі, сол кездегі жағдайлары туралы да мәліметтер келтірген;
- Іленің қытайлары – не сауда үшін қоныс аударып келген көпестер, не уақытша келген қолөнершілер және чиновниктер. Олардан басқа Шанбань (шанпань, шампань) - жер аударылғандар, «бұлар бір дүниеден безгендер, көбіне жер өңдеу, кен өндіру т.б. ауыр жұмыстарға жегіледі...», яғни, Ішкі Қытайда заң бұзып, қылмыс жасап беттеріне таңба басылғандар, яғни, жер айдалған-каторожниктер);
- 1921 жылы Ташкентте өткен түркілер сьезінде нақтыланған «Ұйғыр» атауымен қалыптасқан Шығыс Түркістандық түркі халықтарының құрамдас бөліктерінен «Тараншы» (диханшы), Қашғардан шыққан, қытайлар «чанту» (сәлделілер) дейтін мұсылман-түркілер, түркіленген халықтар;
- Чахарлар – Ішкі Моңғолияның тайпасы, 18-ғасырда манжұрлар Шығыс Түркістанға әскер мен егін салушы ретінде қоныс аудартқан; Торғауыттар –Жоңғар мемлекетін құрушылардың қатарындағы моңғол тайпасы (қазіргі Еділ қалмақтары солардың тұқымы).
- Олоттар, даурлар, хошоут, дүрбет т.б. моңғолдан тараған тайпалар. Шыңжаңға келу тарихы алдыңғылардікіндей;
- Әндижандықтар – қытайлар Орта Азиядан келгендерді осылай атаған, яғни, сарттар, түркі халықтары; «Улус» - қытайша орыс атауы, Қазақты – Хасақ, Қырғызды – Бурут, Моңғолдары –Тойцзы, Османдарды –Хункар атайды.
...Әлдебір елді тану, білу үшін ең алдымен тілін білу-түсіну қажет, өйткені ол, табиғат-биология-зоология т.б. көріністері емес, өз біліміңді пайдалана беретін. Сондықтан ол мәселеге келсек, әрине, халықтар бірлесіп тұрған жерде тілдің адамдар бір-бірін жақсы түсінетіндей деңгейде қалыптасатындығы сөзсіз. Бұл жерде «қойыртпақ» (украин-орыс суржигіндей) тілдің орныққандығын да Шоқан ерекше атап өткен. Қытай шенеуник-саудагерлерінің (басқаларының да) көбі түркі тілін жақсы білген, оның үстіне араластырып сөйлеуге өздері де құмар сияқты.
Бұл жерде Шоқан Шығыс Түркістан халқының негізгі тілі түркі дей келе, қолданыста (әсіресе ресми және сауда) көбіне татар тілі екенін де анықтап көрсетеді. Сол кездегі қазақ-қырғызда жазба, ресми тіл татарлық екенін ескерсек, олай болатыны түсінікті де. Оның үстіне Орыс империясымен Орта Азияның (әрине Шығыс Түркістанның да) байланысы алдымен осы татар тілі арқылы орнағаны белгілі. Шоқанның барлық түркі тілдерін білгендігінде (бастысы Шағатай) күман жоқ (қалмақша да білгені еңбектерінен көрініп тұр), сондықтан қытай тілін қалай, қаншалықты меңгергеніне ой жүгіртсек. Жоғарыда бала кезінде ұстаздарымен бірлесіп, қытай материалдарын да талдаған болар деген пікір білдірдік, одан кейін Кадет корпусында Батыспен қоса Шығыс тілдерін де (оның ішінде қалмақша да бар) оқығаны белгілі. Олай болса бұл сапары барысында Шоқан, қытай грамматикасымен біршама таныс болды деп есептеуімізге болады.
Сапар кезеңінде ресми адамдармен қатар ғалымның жай, қарапайым жандармен де көбірек кездесіп, әңгімелескенін байқаймыз. Бірінші қытай бекетінде кездескен қарауыл басшысы «Чиляофан?» (ас іштіңіз бе?) деп... және тағы бірдемелерді «иіскелеп» сұрады...», яғни Шоқан бұлардың амандасу-аңдысу салтын біліп тұр! Бұдан әріде кездескен қытай заттарының т.б. дүниелердің атауларын анықтап, аударып отырғаны жазбалардан байқалады, өсімдік-жануар атауларына латынша түсініктемелер берілген (Латынша жетік білгенінің белгісі) және әскерилердің шендері нақтылап жазылған (Мысалы: Сибо-занги – Сибодан шыққан қытай офицері; Амбань – бастық, генерал; Голдай т.б. және оларды ресми белгілері, таққан шарлары, бас кімдеріне т.б. қарап, қалай ажырату туралы да түсініктер бар). Күнделікте 5-тамызда «...қолыма бір-екі шақпақ қант алып, қытайдың өзім білетін хауле (жақсы) деген бір ауыз сөзін қайталап, қыздарды қантпен арбап шақыра бастадым...», яғни, саяхат басында білетінім осы сөз ғана дейді. Алайда, осы тамыздың тоғызы күні «...Қытай тілі у, ау, дау, хау, мау, зау және тағысын тағылары сияқты бір сарынды дыбыстардан құралады. Бұл дыбыстардың бірнеше мағынасы болады. Бір өзінің 500 мағынасы бар сөздер де кездеседі. Мысалы, жиі кездесетін хой деген дыбыстың 214 мағынасы бар...214 түрлі жазуы бар. Сондықтан қытай кітабын тілін білмей-ақ оқи беруге болады...» деп жазады, яғни, жоғарыда айтқанымыздай қытай тілінің, жазуының емлесін сол кезде біршама білген.
25 тамызда қытай балықшысының лашығына бұрылып, онда іс тігіп отырған келіншектің өздеріне назар аудармағанына «Гүлстан» (жалпы Шоқан Қытайдың өздері әсірелеп қолданатын Аспан Асты елі, Орталық Патшалығы, Жуңго т.б. атауларын түгел келтірген) елі, сияқты дүниежүзілік ең мәдениетті елдің өкілінің жауап бермегені әдепсіздік қой дегенінде әйел «мамаде пфи» деп ұрса жөнелгенінде, бұл ұрыс сөздің мағынасын алғашқы кезден-ақ түсініп алған Шоқан: «...әлемде ділі артық елдің қызына лағнет сөз жараспайды, қытайлардың нюйжень (әйел), хао (жақсы), бу-хао (жаман) деген біраз сөздерін пайдаланып, әйел жақсы ғой, бірақ оның сөккені жаман дегенді түсіндірмек болдым... «хаоның» аты хао емес пе, ебін тауып көктемнің әсері фанзаны сездірмек болдым...» дейді. Бұл жердегі ішкі күлкі мен мысқылдың нағыз шебері екенін көрсеткен Шоқанның осы аз күнде бірталай сөздерді біліп қалғанын байқаймыз. Қытайлықтар қанша тырысса да «н...р... әріптеріне мүлде тілдері келмейді. Құлжада татар мен қытай сөздерінен құралған тіл бар, бірсыпыра татар сөздері қытай диалектісіне кірген» деп түйін жасай отырып, сөйлемдердің қалай құрылатыны туралы түйіндеме жасайды.
Осы еңбегінің соңында Шоқан «Қытай, моңғол және түркі сөздерінің сөздігін» құрастырған, Қазіргі ғалымдар бұл жазбаларды «...сөздік құрмақ болып ойға алған шығыс тіліндегі терминдер сөздігінің алғашқы жазбасы болуы ықтимал. Түркі тіліндегі сөздерді аудармасымен араб графикасында, ал қытай және моңғол сөздерін транцкрипциялап, содан кейін аудармасын береді» деп бағалайды (мамандар сөзіне алып-қосарымыз жоқ).
Қорытынды: Шоқанның қытайтанушы ретіндегі Абылай Ханға берілген Қытай грамоталарын талдаған және атақты Қашқария саяхаты т.б. туралы еңбектері жеткілікті болғанымен осы, өзі өте жас кезіндегі жазған еңбегін басшылыққа ала отырып біраз ойларымызды білдірдік. Бұл сапарындағы бір жарым-екі айдың ішінде Шоқан, басқа елдерге қарағанда қытайлықтарға көбірек көңіл бөліп, тілін, жазуын, салттарын, әскери-саяси-мәдени-экономикалық жағдайы туралы мәліметтерді жақсы меңгеріп алғанын көріп отырмыз. Сондықтан, Шоқанды барлық ғалымдығына қосымша қазақтың алғашы синолог-лингвист-ғалымы деп те білуіміз қажет деген ойдамын (Шоқанды қазаққа әкелген ардақты академик Ә. Марғұлан ағамыз да талай қырларын ашқанын ұмытпайық...)
Еңбек барысында ежелгі тарихи, латын, француз, араб-парсы тілдеріндегі әлемдік тіркестерді, оқиғаларды қолдана отырып тамаша білгірліктің үлгісін көрсеткен. Оған қосымша картография, топография, геология, минералогия, нумизматика т.б. сияқты ғылымдардан жоғары деңгейде хабардар екені бірден байқалып тұрады. Сөзі «мірдің оғындай» дейтіндей өткір, мысқылшыл, жұмбақтап сөйлеудің хас шебері болғаны да айдан анық. Міне, осының бәрін ескерсек, Шоқанның кейбіреулер айтатындай тек қана Империя мүддесіндегі барлаушы ғана емес, қазақтың ұлы ойшыл, ағартушы, ғалымы екенінің нақты дәлелдері екеніне нақты көз жеткіземіз...
Азкен Алтай,
Жетісулық
Abai.kz