Бейсенбі, 24 Шілде 2025
Білгенге маржан 837 0 пікір 23 Шілде, 2025 сағат 13:50

Ұлы қорған еліндегі ұлттардың жоғалуы...

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Әрбір ұлттың өмір сүруінің, тарихта сақталуының ең басты алғы шарты – оның тілі мен дәстүрі. Халықтың рухани болмысы, дүние танымы, өмір сүру салты дәл осы екі ірге тасқа сүйенеді. Тілі мен дәстүрінен айырылған халық өзінің тарихи жадынан, өзіндік қалпынан ажырап, басқа ұлттың мәдениетіне жұтылып кетуі әбден мүмкін. Бұл тұрғыда қазіргі күндері Қытай еліндегі саны кем ұлттарға үлкен қауып тууда.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдары бұл процесті «мәдени геноцид» деп бағалап отыр. Ал біз, тарихтан сабақ ала білсек, мұндай ассимиляциялық саясаттың салдары бұрын-соңды көптеген халықтардың  жойылуына әкелгенің білеміз.

Маньчжур халқының жойылуы

Мұндай жағдайдың алдын-ала болжауға мүмкіндік беретін тарихи мысал – Қытайды билеген маньчжур ұлтының тағдыры. XVII ғасырда Цин әулетін құрған маньчжурлар бірнеше ғасыр бойы Қытайды биледі. Олар өз тілі мен мәдениетін мемлекет деңгейінде енгізгенімен, уақыт өте келе қытай мәдениетіне жұтылып кетті.

XX ғасырдың ортасына қарай маньчжур тілінде сөйлейтін адам саны күрт кеміді. Қазіргі кезде Қытайда 10 миллионнан астам маньчжур ұрпағы бар деп есептеледі, бірақ олардың 99 пайызы өз тілін білмейді, дәстүрін ұстанбайды. Олар қытай мәдениетінің тұтас бөлшегіне айналған.

Сол секілді, осы елдегі Тибеттіктер мен Ұйғырлар да осындай қауіптің  алдында тұр. Егер мемлекеттік саясат дәл осы бағытта жалғаса берсе, тибет және  ұйғыр халқы да он-он бес жылдан кейін тек статистикада ғана қалған, ал іс жүзінде тілінен, дінінен, дәстүрінен айырылған этникалық топ ретінде  тіркелуі мүмкін.

Атап  айтқанда:

Тілдік қысым: Осы елдегі ұлт тіліндегі білім мекемелері жабылып, мектептерде оқыту тек қытай тілінде ғана жүргізілуде. Балалар өз ұлты тілінде сөйлеуден тыйылып, ата-аналарына қытай тілінде жауап беруге үйретілуде.

Мәдениет пен дінге шектеу: Ислам дінін ұстануға кедергі келтірілуде – мешіттер жабылып, діни мейрамдарды атап өтуге тыйым салынуда. Балаларға діни тәрбие беруге рұқсат жоқ, ал қажылыққа бару да аса күрделі әрі шектеулі шараға айналған.

Бұл жағдайлар тибет, ұйғыр, дұңған өзге де халықтардың, табиғи жолмен дамуына, ұрпақ сабақтастығы арқылы ұлттық ерекшеліктерін сақтауына үлкен қауіп төндіріп отыр. Ең қорқыныштысы – қазіргі ұрпақ ана тілінде сөйлемей, өз дәстүрін ұмытып өссе, келер ұрпақ бұл құндылықтарды мүлде  танымауы мүмкін.

Жойылу қаупі: Қытайландыру саясаты толық жүзеге асса, тибет, ұйғыр  секілді халықтар, алдыңғы маньчжурлар сияқты тарих қойнауына сіңіп кетуі ықтимал. Бұл – тілден, дәстүрден, діни сенімнен толық айырылған ұлттың болашағы.

Әр ұлтты сақтаудың жалғыз жолы – тіл мен рухани мұраны сақтау. Маньчжур халқының тағдыры – әрбір халыққа сабақ болуы керек. Ұлт ретінде  жоғалмау үшін күресу – тек қарумен ғана емес, ең  алдымен мәдени, тілдік, рухани күрес екенін түсінуіміз қажет. Бұл тек Ұлы елдегі ұсақ ұлттардың  ғана демейік, кез келген халықтың алдында тұрған ортақ міндет.

Бейсенғазы Ұлықбек, 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір