Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2699 1 пікір 15 Шілде, 2023 сағат 16:18

Бүгін – ақын Табылды Досымовтың туған күні

Менің білуімше, Табылды Досымовтың көп кітабы шыққан жоқ. Ол кітап шығаруға да аса құлықты бола қоймаған тәрізді. Қайтыс болғаннан кейін барып «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты кітабы жарық көрді деп естідім...
Кітабы жарық көрмесе де, ол бір өңірге ғана емес, елімізге танымал ақын болды. Оған Табылдының өз өлеңіне өзі әуен шығарып, оны гитарамен өзі орындайтын әмбебаптығы, яғни бард стиліндегі ақын екені себеп болған шығар. Қазақтың сал-серілерінен соң мұндай бірнеше өнердің тізгінін қатар ұстаған тұлғалар көп емес-ті.
Табылды 2000-жылдардың орта шенінде Алматыға бір келгенінде «Жазушы» баспасына соқты. Редакцияда Есенбай Дүйсенбайұлы екеуіміз отыр едік. Студент кезінен жақсы танитын бауырымыз толысып, еңгезердей жігіт болыпты. «Сіздерге сәлем берейін деп арнайы келдім, ағалар! – деді ол бізбен амандасып жатып. – Басқа ешқандай шаруам жоқ». Аз-кем әңгімелесіп отырдық. «Елге сыймай жүрмін», – деді ол әңгімесінің арасында. «Мынадай тұлғаңмен қалай сыясың?» – деп қалжыңдаған болдым мен. «Е-е-ей, айналайын Табылжан-ай!» – деді Есағаң елжірей. Бір кездері Ақтөбе қаласындағы тоқмейіл ортадан қағажу көрген өз басындағы қиын халді еске түсіргендей күрсінді... Табылды Есенғали Раушановты сұрады. Өз кабинетінде екенін білген соң бізбен қоштасып, Есенғалиға сәлем бергелі кетті…
Бізге Табылды Досымов сияқты ешкімді қайталамайтын дара ақындар көп керек еді. Тағдырға шара бар ма, кейінірек естідім, 45 жасында қыршын кетіпті. Ақынның махаббат тақырыбындағы бір топ жырларын назарларыңызға ұсынайын.
Табылды ДОСЫМОВ
(1965–2010)
КЕЗІКТІМ САҒАН...
Кезіктім саған...
Аңсарым ауып мәңгілік жыр мен сезімге,
Ақ арманымды ән қылып жүрген кезімде.
Кезіктім саған...
Қалаға сыймай, қаңғырып жүрген кезімде,
Тамаша күнді,
Болашағымды дал қылып жүрген кезімде.
Кезіктім саған,
Адам біткеннен түңіліп жүрген шағымда,
Тағдырдың талай тайғанағынан сүрініп жүрген шағымда.
Жолықтық сонда..,
Өмірлік азап көңілді қажап ен бейнет,
Жүрген кездерде қайғымды басып бал шарап.
Жолықтың маған арнайы асқақ әндей боп,
Мұңды әуенімді паршалап...
Жолықтың маған оралтып қайта бұла күндерді,
Алдымнан аппақ атып таң.
Қайғыдан жылап көрмеген едім,
Жылағым келді бақыттан...
Қапыда қалып,
Қолымды созбай ақ таңға,
қолтығымнан кеп сүйедің мені, сүйіктім,
Талықсып бара жатқанда.
Сүйем деп саған айта алғаным жоқ
Сүйетінімді сезіне.
Сүйем десем де сенбеуші ең сонда сөзіме.
Сүйем деп саған айта алғаным жоқ.
Асық боп, құрбым, өзіңе,
Ғашық боп тұрдым көзіңе.
Бақытым менің жырақтап еді,
Жырақтап бәрің кетіп ең...
Бірақ та мені,
Құлатпа мені, жылатпа мені, өтінем.
Құласам егер құлармын, сірә, құлармын, сірә, тұра алмай,
Жыласам егер,
Жылармын, сірә, жылармын, сірә, жұбанбай.
АСТАНАНЫҢ АРУЫ
Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың,
Сезесің бе кеудемде от-күй барын,
Жүрегімді сен неге көп қинадың?
Қас-қабағың-ай сенің, қас қабағың,
Жанарыңа қарауға жасқанамын,
Ару қызы сен бе едің астананың?
Назды күлкің-ай, сенің назды күлкің,
Назды күлкің кеудемнің жазды бұлтын.
Сүйем деген айтармын сөзді бір күн.
Қыпша белің-ай сенің, қыпша белің,
Көжегіне қоянның ұқсап едің.
Екі тілек бір жерден шықса дедім.
Көз қарасың-ай сенің, көз қарасың-ай,
Көрмедің бе қазақтың бозбаласын,
Неге сонша жымиып назданасың,
Қайтем енді маңдайға жазбағасын, мәз боласың...
* * *
Сен де армансың,
Мен де арманмын, арманбыз,
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,
Аманбысың,
Алматыда қалған қыз?!
Мен де еркемін,
Сен де еркесің, еркеле,
Еркеліктің елік-күні келте ме?!
Күйіп-күйіп, күпті болған көңілді,
Өтінемін, екінші рет өртеме!
Сағыныштан жанарыма жас тола,
Өзің болып қол бұлғайды астана...
Лүпілдеген жүрегімсің сен менің,
Қалайша оны жұлып берем басқаға?!
* * *
Неліктен көзіңе жас толады,
Жан едің өнегелі.
Сеземін, қимайсың астананы,
Қимайсың және мені...
Әйтеуір қабағың түнерулі,
Қайғыдан шаршаған ба?
Қайтейін, бір ғана жүрегіңді,
Сыйларсың қанша жанға.
Мен сенсіз бақытқа бөленбедім,
Қал соңғы сөзіңді айтып.
Жанымды ұғынсаң егер менің,
Келерсің өзің қайтып...
КЕШІККЕНІҢ ҚАЙТКЕНІҢ?
Жүрегіміз егіз десін дедің бе,
Тілегіміз теңіз десін дедің бе,
Көп ішінен мені іздесін дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Күтсе күтсін, тұрса тұрсын дедің бе,
Жүрегінде жыр сабылсын дедің бе,
Әлде мықтап бір сағынсын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Басқа жанға тұрақтасын дедің бе,
Көңілімнен жырақтасын дедің бе,
Жүрегімді жылатпасын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Мәртебемді биіктетсін дедің бе,
Өзге қызды сүйікті етсін дедің бе,
Өкініштен күйіп кетсін дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?!
ӨКПЕЛЕМЕШІ
Өкпелемеші,
Өтірік мен де жұбатпан,
Өзегімді өртеп жазбайын хат та жырақтан.
Өкпелемеші,
Бақытыңды алдан күт бірақ,
Менен де гөрі мықтырақ,
Өзге бар сені ұнатқан.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші,
Өкіндірмеші құрбыңды,
Өлеңмен жуып тастармын мен де кірбіңді.
Өкпелемеші,
Өкпелемеші арманым,
Қалайша жігіт болғаным,
Өңгере алмасам бір мұңды.
Өкпелемеші, өкпелемеші...
Өкпелемеші,
Өткенде қаздар төбеңнен,
Өкінішіңді өлшерсің жырмен, өлеңмен.
Өкпелемеші,
От болып жанған жүрегің,
Өмірден таппай бір емін,
Өртенеріне сенем мен.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
ХАТ
Қарындасым-ай,
Ағаң боп сені сыйладым,
Арманнан аппақ, періштедей пәк ибалым.
Күндерім балдай өзіңмен қатар өткізген,
Күлгенің қандай бетінде жүзіп иманың?!.
Жақсылықтарға ғашық боп өткен жалған-ай,
Жанарыңды бұлт, кеудеңді қайғы торламай.
Алай да, дүлей адуын мына заманда,
Нәзіктігіңді сақтадың екен сен қалай?
Есесі қайтып ұйқысыз өткен таңдардың,
Жұмбағын кейде шешкендей болам жалғанның.
Ылайлы батпақ ұсқынсыз осы шаҺарда
Дәл сендей жандар бар екеніне таңдандым.
Тоғышар жалған кеудесін көкке тасытқан,
Сақтасын сені даңғойлар менен пасықтан.
Көрінесің сен көзіме менің кей кезде,
Гүлбаршын құсап Алпамысына асыққан.
Есерсоқ тағдыр етегін бәрі түргенде,
Лағнет айтып тұнжырап өткен күндерге.
Кезіктің маған осынау у-шу қаладан,
Мұңдасатұғын бір адам таппай жүргенде.
Адамдар алшақ, әркімнің жолы әрқалай,
Жастықтың оты жүрген бір кезде тарқамай.
Өмірдің мәнін енді ұқтым деген шағында,
Біреуге жар боп кетер ме екенсің, қалқам-ай?!
Кеудемді менің тербеген кезде тәтті арман,
Қарындасым-ай,
Менде де достар көп болған.
Бәрі де кетті болмыстың бұлдыр Заңымен,
Адамилықтан қорыққаннан.
Біз ақын едік таусылмас мәңгі арманы,
Ақыныңды да ақыры, тағдыр алдады.
Фариза қызға қайғысын шаққан өлеңмен,
Мұқағалидың ізбасары едім мен-дағы.
Қарындасым-ай,
Достықтың бұзбай белгісін,
Ағымнан саған ақтарылайын енді шын.
Ең болмағанда миллиондардың ішінен,
Фариза құсап мұңымды менің сен түсін.
Түсінсең егер мәртебем көкке биіктер,
Болашақ жырға боларсың онда кейіпкер.
Түсінсең мені, кеудеңе қызыл алаулы
Кәжекейіңді киіп кел!.
* * *
Жақсы көрген соң иемденіп ем сыртыңнан,
Бұйырмағайсың айыпқа.
Жүректі мынау өзіңе қарай бұлқынған
Лақтыра алмадым Жайыққа...
Қос құрлықта екенбіз біз толғансам,
Алыс та жақын екі ара...
Арғы беттесің – Азиядасың сен болсаң,
Мен болсам – Европада...
* * *
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.
Оянбай қалам,
Бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі.
Жүректе – ызғар, баста – мұң, көңілде – қырау,
Оңай ма, жаным, кеудеңді қайғы ауыртқасын?.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым?
Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған...
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам,
Бәлкім, оянып кетермін...
Байбота-Қошым Ноғай
Abai.kz
1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487