Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3142 12 пікір 17 Шілде, 2023 сағат 12:28

Қазақстанға һәм Украинаға жасалған құқай. Затулин неден жаза басты?

ТМД бойынша істердің Ресей Думасындағы Комитетінің төрағасының бірінші орынбасары, «Единая Россия» партиясының мүшесі депутат Константин Затулин кезінде біздің Мемлекет басшысына қарата: «Мәскеу сенен әлі жер даулаған жоқ», - деп сес көрсеткені бар-тын.

Енді оның Ресейдің «Арнайы әскери операциясына» қатысты шындықты айтқаны үшін өз басы дауға қалды. Бұл туралы «Ридус» басылымының жорналшысы Максим Гольдштейн алғашқылардың бірі болып жазды. Сонымен, Қазақ пен Қазақстан десе, қасқырдай шабынатын депутат, арғы түбі татар Константин Затулин неден жаза басты?

Украина мультимедиялық басылымы Халықаралық «Россия сегодня» баспасөз орталығында тұрақты түрде «Бізге қандай Украина керек?» атты форсайт-форум өткізіп оған философ әм саясаттанушы Александр Дугин сияқты әсіре реваншистерді шақырып, орыс тілді әлемді дүрліктіреді. Және онда «Украина Ресей үшін аяқ астынан жон арқадан қадалатын қанжар» деген ой тамызық түрлі қырыннан ұсынылып, орыс адамының санасын улап жатыр.

«Ведомости» газетінің сөзіне сенсек, Халықаралық «Россия сегодня» баспасөз орталығындағы «Бізге қандай Украина керек?» форсайт-форумында  депутат Константин Затулин: «Арнайы әскери іс-әрекетті ресми бастаған кезде алдымызға қандай мақсат қойған едік? Бәріңіздің естеріңізде болар:  денацификация, демилитаризация, Украинаның бейтараптығы және осы уақытқа дейін зардап шегіп келген Донецк пен Луганск халықтық республикаларының тұрғындарын қорғау. Бүгінгі күні осы алға қойғандарымыздың қайсысы бойынша нәтижеге қол жеткіздік? Бірде-біріне де қол жеткізген жоқпыз. Оны айтасыздар олардың кейбірінің еш мәнісі де болмай қалды. Мысалы, Украинаның бейтараптығы. Ендігі жерде осы бір талапты қоюдың қандай мәнісі бар? Дәл қазір ешқандай да мәнісі жоқ. Егер ол өз өмір сүруін сақтап қала алса, ешқашан бейтарап бола алмайды. Ал, енді өз басым мына сауалды қоймақпын: осы арада Украина мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты деген сөздер айтылып қалды, Украина Зеленский және оның мұрагерлерінің басшылығымен өз өмір сүруін одан әрі жалғастыра ма, жоқ па? Сіздерге қадап айтарым, жалғастырады, әрине», - деген сөздерімен ғана қылдан тайған жоқ. Оған дейін Затулин Кремль бұлбұлының бағдарламасында «даулы жерлер туралы» өз ойын айтып, реваншистік Ресейді бір шулатқан еді.

Енді басына қара бұлт төніп, ТМД бойынша істердің Ресей Думасындағы Комитетінің төрағасының бірінші орынбасарлығы түгіл, «Единая Россия» партиясының мүшелігінен шығарылып, депутаттығынан айырылатын сәт туған шақта Константин Затулин АӘІ (СВО) дәл қазір ешнәрсеге қол жеткізбесе де, алға қойған мақсатын жүзеге асыруға мысықтабандап жылжып келеді деп ақталып әлекке түсті. Осы хабарды таратушылар «Бізге қандай Украина керек?» форсайт-форумында айтқан сөзімді бұрмалап жеткізіп отыр деп мәлімдеме жасады.

«Единая Россия» партиясының бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак Затулинді қатал сөгіп, оған: «Өз пікірің өз ішіңде болсын, бұдан былай жұрт алдына шыққан шақта «арандатушы» әм «әпербақандық»  түсініктеріңді сыртқа шығармай жайыңа жүр»,- дей келе: «Сосредоточиться на функциях своего комитета, важнейшей из которых, напротив, является укрепление союзнических и добрососедских отношений со странами бывшего СССР», - деп кеңес берді.

Осы форумда үнемі Украина шашылған улы зәрдің ар жағында бізге қатысты да реваншистік пікір жатқан жоқ па деген ойға қаласың?!

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485