«Өлмеген құлға келді жаз...»
Ешкі секілді не суыққа, не ыстыққа шыдамайтын мына біз кез келген мезгілден әйтеуір кемшілік тауып ала қоямыз. Қара күздің ызғырық желін жақтырмаймыз, қақаған қыстың еш еріп бітпейтін қар-мұзына налимыз, көктемнің сорғалаған көп жаңбыры да көңілімізді онша көншіте бермейді. Ал жаз ше? Жарықтық адам баласы сырт көзге түк те «жазығы» жоқ жаймашуақ жаздан да өзін мазалайтын нәрселерді «көре біледі». Олар – қапырық ауа, қаталатқан шөл, шағатын маса және шақшиған күн. Бұлардан қалай қорғануға болады?
Қапырықтан қаша аламыз ба?
Қазір қаладағы мекемелердің көпшілігінде жаныңызды жай таптыратын, сырттағы ыстықты аса сездіре бермейтін кондиционерлер орнатылған. Қапырықтан құтқарушы «құдіреттің» бірі сол. Кейбіреулердің оны тіпті көлігіне де қойдырып, жайлы жағдай жасап алғаны қашан. Бірде көшеде кездейсоқ кездесе қалып, «аға, отырыңыз, барар жеріңізге апарып салайын» деп ілтипат білдірген бір інішектің мәшинесіне міне қойып едім... діттеген мекенжайыма жеткеннен кейін де түскім келмей, кідіре бергенім... Өйткені салонның іші – салқын самал, саф ауа. Нағыз жанның рахаты! Бірақ «рахат» екен деп, біреудің көлігінде күні бойы жүре бермейсіз ғой, амал жоқ, шықтым да, шыжыған күннің астында «шыжғырылып» кете бардым.
Алайда, «қызыл алманың да қышқылы болады» демекші, теріңізді құрғатып, тынысыңызды кеңейту мақсатында тынымсыз гүрілдеп тұратын сол кондиционері түскірдің, егер пайымдап қарасаңыз, пайдасымен қатар зиянды тұсы да жоқ емес. «Алапат ыстықтан айламды асырдым» деп, әлгі «гүрілдектің» астында азаннан ақшамға дейін отырған адамның ақырында ауру тауып алуы да ықтимал. Екпіні ебінің желіндей болмағанымен, күні бойғы үздіксіз желпи соғуымен-ақ желкеңізден бүріп ұстап, бүк түсірмесе неғылсын. Сөйтіп, шілде шықпай жатып суық тигізіп, түшкіріп-пысқырып, қол орамалыңыз мұрныңыз бен қалтаңыздың арасында қатынайды да жүреді.
Қапырықтан қашқандардың біразы қаланың ар жақ, бер жағындағы қоңыр салқын қоныстарды іздеп, тау асып, тас басып, қаңғып кетеді. Рас, тау бөктеріндегі температура – шаһардың ішкі бөліктеріне қарағанда біршама имантаразылау: табиғаты да тамаша, ауасы да таза. Демалыс сайын қалтасы қалыңырақ жұртшылық сол тарапқа қарай жол тартады. Кейде ондағы кафе-сафелерде көңіл көтерушілердің, жалпы сейіл құрып, серуендеушілердің қатары тіпті жұмыс күндері де селдіремейді.
Шөлді немен басқан жөн?
Қапырық ауаның қаталатпай қоймайтыны бесенеден белгілі. Тіліңіз аузыңызға сыймай, таңдайыңыз құрғаған сайын көшеде кездескен көп дүкеннің бірінен сусын алып ішесіз. Оның өзі шөл қандырып жарытса, қанеки. Бірін сыңқыта сіміріп тастап, сәлден соң бәрібір екіншісіне жүгіресіз. Себебі, әлгі сусындардың көпшілігі – тәтті. Ал тәтті су шөліңізді уақытша ғана қандырады. Яғни «шөлім басылды» деген алдамшы ойды малданасыз. Сосын сусындардың біраз бөлігі – газдалған. Бұлардың да ындыныңызды ылғалдап қарық қылары шамалы, ол аз болса, көп ұзамай кекіртетіні жаман.
Сонда қандай су ішкен дұрыс? Қайсысы кеберсіген ерніңізді жібітіп, шөліңізді толық баса алады? Мамандардың айтуынша, ең дұрысы – табиғи ауыз суы. Бұған жететін су жоқ. Сосын минералды, бірақ газдалмаған сулар.
«Балалық пен жастықтың ара-жігін жалғайтын өтпелі жас дегеніміз қай кезең өзі?» деген сауалға тіл мен жағына сүйенген біреу: «Әбден қаталаған кезіңде балмұздақ пен сыраның қайсысын таңдарыңды білмей, қатты сассаң, сол – өтпелі шақ!» – деп жауап берген екен. Сол айтқандай, шөлбасар ретінде осы екеуін де атап өтуге болады. Дегенмен тобылғы торы сыраны тапайдың тал түсінде, шыжыған күннің қаһарына мініп тұрған шағында емес, сол ми қайнатқан аптап қайтыңқырап, ыстық басыла бастаған кезде, яғни кешқұрым, жұмыстан соң ішкен жөн деседі, және оның өзінде де сілтей бермей, бірер саптыаяқпен шектелген абзал көрінеді.
Балмұздақ та – шөлбасардың нақ өзі. Сонымен қатар ол – денсаулыққа өте пайдалы. Тек оны ашқарақтана асамай, аз-аздан тістеп, асықпай бөліп жеген дұрыс. Сонда тамағыңыз да ауырмайды, тағамның сіңімділігі де артады. Жалпы, балмұздақтың негізі – қаймағы алынбаған қою сүт. Сондай-ақ оның құрамында адам ағзасына аса қажетті фосфор мен кальций, түрлі минералдар болады. Кей балмұздақтарға таза табиғи шырын, жеміс-жидек түрлері (жүзім, жаңғақ, т.б.), қант шәрбаты, сары май қосылады.
Ағылшын ғалымдары таяуда таңқаларлық мәлімдеме жасады: бақсақ, балмұздақтың адамның көңіл-күйін көтеретін де қасиеті бар екен! Біз балмұздақ жегенде, ағзамыз сератонин деп аталатын пайдалы зат бөліп шығаратын көрінеді. Ал бұл – жүйке жұмысын жақсартар нағыз құдірет!
Мазаң кеткір масадан қайтіп құтыламыз?
Баяғы бала кезімізде, масаханада ұйықтағалы жатқанымызда, әжеміз тымық тыныштықты бұзып, «Е, бәле!» дейтін өзінен-өзі. «Әже, кімге ұрсып жатырсыз?» деп сұрасақ, «Кімге болушы еді? Мына мазаң кеткірдің масасына да!» деуші еді. Шынында да, ымырт үйіріле-ақ ызыңы күшейіп, ызғып шыға келетін жағымсыз жәндік – жаздыгүнгі жайсыздықтардың бірі.
Әуелі қараңғыда пәлекеттің әлсіз ыңылы естіледі. Содан-ақ жаңа ғана көзге тығыла бастаған ұйқы шайдай ашылады да, дем шығармай, еріксіз әлгі «әнге» құлақ түресіз. «Қазір бетіме қонады, сол кезде жексұрынның желкесін қимасам ба...» деп күтіп жатасыз. Алайда албасты басқыр кейде аэродромынан адасқан айырплан құсап, айналшықтап, қонбай жүріп алады. Ақыры шыдамай, атып тұрасыз да, жарықты жағып жіберіп, майдан ашасыз. Ол жалғыз болса мейлі, жанын жаһаннамға жібересіз де, ұйықтайсыз, ал тұтас әскерімен әрекетке көшсе ше? Онда майданыңызда еш мән қалмайды.
Жалпы, адам баласы өз тарихында талай жеңіске жетсе де, осы мазаң кеткірлерден еш айласын асыра алмай-ақ келеді. Қайбір жылы, масадан әбден зәбір көргендер болса керек, бір топ қасқабас ғалымнан құралған арнайы мамандандырылған лаборатория жағымсыз жәндіктерді мүлде жойып жіберуге қабілетті құрал ойлап табуға тырысты. Білуімізше, одан түк те шықпаған. Амал жоқ, қолда бар қарумен ғана күресуге мәжбүрміз.
Шаһарда тұрған соң, оларды, әрине, ауылдағыдай, түтін салып, түре қууға мүмкіндік жоқ. Қалалық жердегі масаға қарсы майдан құралдары екі түрге бөлінеді. Біріншісі – репелленттер. Оларға «Комарэкс», «Офф», «Рефтамид» секілді денеге жағатын-себетін, сол арқылы масаны үркітетін кремдер, лосьондар, аэрозольдар жатады. Екіншісі – инсектицидтер. Бұлардың ең танымалы – «Райд», яғни кезінде әбден жарнамаланған, масаны аямай қыратын уландырушы зат. Сондай-ақ электр ажыратқышқа қосу арқылы бөлмеге әлгі жексұрындарды өлтіруші-үркітуші бу тарататын фумигаторларды да инсектицидтер қатарына жатқызуға болады.
Күнге қалай күймеуге болады?
Ми қайнатар аптаптан қашудың тағы бір амалын тапқандар қала маңындағы өзен-көлдерге тұра жүгіреді. Шынында да, ыстықтан құтылудың тамаша тәсілі – салқын суға шомылу емес пе? Суға түсудің жалғасы – күнге қыздырыну, денеге тартымды қоңырқай түс беру деген де мәселелер бар ғой.
Дегенмен шомылуға барған адамның мынаны есте ұстағаны жөн: күнге күюдің де шет-шегі, жөн-жобасы болады. Абайламаса, оның ультракүлгін сәулесі аптапта ұзақ отырған адамның терісінде түрлі зиянды түзілімдер қалдыруға қабілетті. Яғни мүмкіндігінше шақырайған күннің астында ең ыстық уақытта – күндізгі сағат 12 мен 16 арасында көп отырмауға тырысқан жөн. Егер денеңіздегі меңдер сіз күнге күйгеннен соң өз пішінін, көлемін әлде түсін өзгерте бастаса, дереу дәрігерге көрінген жөн.
Зерттеушілердің пікірінше, жирен шашты, аққұба өңді, тәні өте аппақ адамдардың терісі ыстыққа тым шыдамсыз келеді, сондықтан олар өзгелерге қарағанда шақшиған күннің астында азырақ жатқаны абзал. Бетінде, денесінде секпілі бар жандар туралы да осыны айтуға болады. Мұндай ақсары кісілер күнге тым артық күйіп қойса, кейін оның қайтуы да, яғни толық жазылуы да қиын болады. Ал қара шашты, қара немесе қоңыр көзді, тәні де қараторы адамдардың терісі күннің қызуына әлдеқайда төзімді келеді. Олардың денесі әлгі көпшілік қызығатын шоколад түстес қоңырқай түске тез боялады және күнге қатты күйіп кетпейді де.
Жалпы суға түсіп, күнге қыздырынғанда тері қатты күйіп кетпес үшін мамандардың бәрі дерлік денеге қорғаушы крем жағу керек деп есептейді. Кремдердің ерекшеліктері олардың қораптарындағы күннен қорғау дәрежесіне байланысты болады. Денеңіздің ыстық күн астында қанша минутта қызара бастайтынын алдын ала біліп алсаңыз, оны кремнің қорғаныс дәрежесіне көбейтіп, жағажайда қанша уақыт қыздырынып жатуыңызға болатынын анықтай аласыз. Мәселен, сіздің теріңіз шамамен 10 минутта қызара бастайтын болса, ал крем сыртында «7» деген сан тұрса, онда екеуін көбейтіп, суға шомылған соң, ыстық күн астында 70 минуттай қыздырынып жата аласыз. Одан артық жатсаңыз, теріңіз қатты күйіп кетуі мүмкін...
Жаз – қарбалас жұмысты, қауырт шаруаны қалт кідірте тұрып, тәнге де тыным берер, жанға да тыныс сыйлар керемет шақ қой. Дегенмен оның да адамға келтірер осындай кейбір жайсыздықтары бар...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz