S-Group қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды
Алматы қаласында «Sincere System Group» (S-Group) қаржы пирамидасының қызметі әшкереленді, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
«ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікпен «Sincere System Group» (S-Group) компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Департамент қызметкерлері белсенді азаматтардың қатысуымен компания қызметін ерте кезеңде тоқтатып, бұл алданған инвесторлардың санын азайтуға мүмкіндік берді.
S-Group компаниясының өкілдері салымшыларға айына 6-дан 8 пайызға дейін немесе жылына 70 пайыздан астам жоғары кірістілікке уәде берген.
Депозиттің ең төменгі сомасы 100 долларды құрады. Сондай-ақ өзге салымшыларды тартқан жағдайда соманың 5 пайызы көлемінде кепілдендірілген кіріс қарастырылған.
Бұл ретте клиенттерге ақшаны қабылдау фактісін растайтын құжаттар мен келісімдер ұсынылмаған, салым сомасы жеке кабинетте цифрлық түрде көрсетіліп, салынған қаражатты алу мүмкіндігі болмаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігі «S-Group» компаниясының қызметінен зардап шеккендерді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласуды сұрайды.
Abai.kz