Сенбі, 23 Қараша 2024
1923 2 пікір 4 Тамыз, 2023 сағат 14:38

Қыз алып қашқандарды қатаң жаза күтіп тұр

Қазақстанда қыз алып қашу әрекетіне жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі мәліметінде айтылған.

Атап айтқанда, қазір уәкіл кеңсесі тұрмыстағы әрі отбасындағы зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізіп жатыр.

«Қазіргі кезде Омбудсмен кеңсесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуді пысықтап жатыр. Атап айтқанда, осыған қатысты жеке бапты енгізу ескерілген. Сондай-ақ жәбірленген адамды өз еркімен босатқан жағдайда, күдіктіні қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастау қарастырылып жатыр. Орталық Азия елдерінің тәжірибесіне қарасақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау қылмысына қатысты жеке бап бар. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды. Бұл бап әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Бас прокуратура Омбудсменнің Қылмыстық кодекске 125-1-баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдады», - делінген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі зерттеуінде.

Мәжбүрлі түрде некеге тұрған қыздарға күйеулері кейбір жағдайларда зорлық-зомбылық көрсетіп жатады.

«Көбінесе мәжбүрлеп неке құрғаннан кейін, бұл қыздар білім алу мен мамандық игеру мүмкіндігінен айырылады. Бұл өз кезегінде олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады. Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі елімізде әлі де сақталған, яғни оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға, өз-өзіне қол жұмсау сияқты қайғылы жағдайдарға әкеледі», - деп аталып өткен уәкіл кеңсесі мәліметінде.

Сарапшылардың пайымынша, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптар сынды стереотиптерді басшылыққа алып, жоғарыда аталған оқиғалар жайында әйелдер ешкімге хабарламай, жасырып жатады.

Көбіне жастар қылмыстық жауапкершілік туралы білмейді. Бұл - ауыр қылмыс, яғни адамның бостандық құқығын өрескел бұзу екенін түсінбейді. Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аталған санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл ретте некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистикалық деректер жоқ, өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген.

2019 жылдың шілдесінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі ерте және мәжбүрлі неке проблемасын талқылап, A/HRC/RES/41/8 қарарын қабылдады.

Адам ұрлау және мәжбүрлі неке тәжірибесін жою, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың назарында болуы керек. Биылғы 1-4 тамыз аралығында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілетін «Медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» жыл сайынғы акциясына қатысып жатыр. Омбудсмен өкілдері құқық қорғау мекемесі қызметінің негізгі бағыттарымен, сондай-ақ некеге мәжбүрлеп тарту мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сауалнама нәтижесінде ел азаматтарының 23,6 пайызы қыз алып қашуды қалыпты жағдай деп санайтыны анықталды.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364